Қарағандыда 5957 үйге табиғи газ тартылды. Газ желілерінің жалпы ұзындығы 238,7 км құрайды. Қаланы газдандыру жұмыстары жалғасуда. Биыл Кирзавод-3-4-ке, Нефтебаза ауданына, сондай-ақ «Таугүл» және «Күнгей» шағынауданына желілер тартыла бастайды деп жоспарлануда. Жұмыс екі жылға есептелген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі платформасында өткен брифингте Қарағанды құрылыс бөлімінің басшысы Мұрат Камалиев айтты.
– Қарағанды газдандыру жобасы 4 кезекті және 16 іске қосу кешенін қамтиды. 2021 жылдан бастап біз желілерді Михайловкаға, Березка ауданына және теміржолға дейін жеткіздік. Бұл секторлар толығымен газдандырылды, желілер 6 мыңға жуық үйге жеткізілді, – деді Мұрат Камалиев. – Әрі қарай біз Кирзавод-3-4-ке апарамыз. Бұл Осевая көшесі, Федоровка және Үлкен Михайловка аудандары. Содан кейін Нефтебаза, «Таугүл» және «Күнгей» аудандарын қамтимыз. Қаржыландыруға қарай бұл аудандар 2024-2025 жылдар аралығында пысықталатын болады.
Үшінші және төртінші кезектер аясында ЖБИ, Пришахтинск және Майқұдық аудандарын газдандырамыз. Кейіннен желілер Сұрыптау тұрғындарының үйлеріне жеткізіледі, деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ, брифингте тұрғындарды газ жабдықтарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауға шақырды. Атап айтқанда, газ баллондарын пайдаланғанда.
– Екі қабаттан жоғары тұрғын үйлерде газ баллондарын пайдалануға тыйым салынады. Газ баллондарын АГҚС-қа құюға болмайды, – деді Қарағанды ТЖБ бастығы Бауыржан Хабдулин брифингте. – Сатып алу кезінде дәнекерлеу орындарындағы газ баллонының тұтастығын, газ баллоны клапанының тұтастығын және тығыздағыш сақинаның күйін тексеру қажет. Мұны газ баллондарын сататын фирманың қызметкері жасауы керек. Сонымен қоса газ плитасын қараусыз қалдыруға, плитаны балаларға қолдануға беруге, пеште жанғыш сұйықтықтарды қыздыруға болмайды.
Көпқабатты үйлерде тұрмыстық газ баллондарын пайдалану ҚР ӘҚБтК 306-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауаптылыққа әкеп соғады. Жеке тұлғаларға салынатын айыппұл мөлшері 7 АЕК, шағын бизнес өкілдеріне – 10 АЕК, орта бизнес өкілдеріне – 15 АЕК, ірі бизнес өкілдеріне – 20 АЕК құрайды. Бір АЕК биыл 3692 теңгені құрайды.
Көпқабатты үйлердің пәтерлерінде газ баллондарын пайдалану анықталған жағдайда тұрғындар Қарағанды тұрғын үй инспекциясы бөліміне Н.Назарбаев даңғылы, 39, тел.: 42-11-05 мекенжайы бойынша бұзушылық фактісін растай отырып (өтініш, фото- және бейнетіркеу) жүгіне алады.