«Тұрғындар зардап шекпеуі тиіс»

Қарағанды облысында энергетика саласының сенімділігіне қатысты мәселелер талқыланды. Тозығы жеткен жабдықтар мен жиі болатын апаттар өңір әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен кеңестің негізгі тақырыбына айналды.

– Тұрғындар жарық пен жылусыз қалмауы тиіс, – деп өңір басшысы өз ұстанымын білдіріп, энергетиктерден нақты шешімдер қабылдауды талап етті.

Қазір ерекше назар Теміртауда орналасқан, жекеменшік NovaNovatis Ltd компаниясына тиесілі ҚарМАЭС-1 нысанына аударылып отыр. Бұл станция Ескі қаланы жылумен қамтамасыз етеді. Жағдай біртіндеп жақсарып келе жатқанына қарамастан, тұрақты жұмысқа әлі қол жеткізілген жоқ.

Станция директоры Сергей Кривов «қызыл аймақтан» шығуға бағытталған кешенді шаралар әзірленгенін хабарлады.

– №10 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жоспарланған. Биыл ауқымды жұмыс атқарылады – бу қыздырғыштың қаңқасын, су экономайзерін ауыстыру, №11 қазандық барабанын, сорғы жабдықтарын және арматураны жөндеу көзделген. Бұл апаттық іркілістерді айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді, – деді Сергей Кривов.

Энергетикалық қадағалау органдары бұл жоспар талаптарға сай екенін растағанымен, нақты нәтижеге жету үшін бірнеше жыл қажет болатынын айтады.

– Қалпына келтіруге кемінде 2–3 жыл және қомақты инвестиция қажет, әсіресе электрлік бөлігін жаңғыртуда, – деп атап өтті ҚР Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментінің басшысы Айрат Қарамұрзин. – Бір жарым жыл ішінде ғимараттарды жөндеп, №10 қазандық бойынша жұмыстарды аяқтау қажет. Тек содан кейін ғана электрлік бөлікті жаңғыртуға көшуге болады.

Ермағанбет Бөлекпаев компания жүктелген міндеттердің маңызын толық түсінуі тиіс екенін атап өтті.

– Қандай да бір уәждер сіздерді жауапкершіліктен босатпайды. Басымдықтар мен нақты мерзімдерді айқындау қажет. Олар орындалмайынша, станцияның тұрақты жұмысы туралы айту мүмкін емес, – деді өңір басшысы.

Сондай-ақ Қарағанды өңірлік энергетикалық компаниясы да ерекше бақылауда. Ұзындығы 6,5 мың шақырымды құрайтын желілер Абай, Қарқаралы, Осакаров және Нұра аудандарын электр энергиясымен қамтамасыз етеді, алайда олардың тозу деңгейі жоғары. Әсіресе қосалқы станциялар алаңдаушылық туғызады.

Мамандардың бағалауынша, апаттылық деңгейін кемінде үштен бірге төмендету үшін желілерді жөндеуге шамамен 5 млрд теңге және қосалқы станцияларды жаңартуға тағы 500 млн теңге қажет.

– Екі апта ішінде осы жағдайдан шығудың нақты жоспарын күтеміз. Егер ондай жоспар ұсынылмаса, мәселе Энергетика министрлігі деңгейінде қаралады және біз басқа сценарий бойынша әрекет етеміз. Бірақ тұрғындар зардап шекпеуі тиіс, – деп түйіндеді Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.