Сексен жастың сеңгіріне көтерілген ағамыздың ғұмыр жолына көз жіберсек ол бір мақала емес, үлкен бір шығармаға жүк болар еді деп ойлайсың.
Иә, оның бүкіл саналы ғұмыры қоғамға, елге қызмет істеуге арналған. Егер «қоғамшыл, ұлтжанды адам қандай болу керек», десе бөгелместен осы Тұңғышбай Өміртайұлын көрсетер едік. Ол ес біліп етек жапқаннан бастап әуелі ұстаздық, одан соң аудандық комсомол комитетінде, аудандық мәдениет бөлімінде, басшылық қызметте болды. «Ақтоғай аудандық халық театрының» және «Тоқырауын толқындары» ансамблінің өсіп өркендеуіне айырқша үлес қосып Бүкілодақтық және Республикалық байқаулардың лауреаты атанды. Ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ол аудан әкімінің орынбасары, кәсіптік техникалық училище директоры қызметтерін абыроймен атқар білді. Қарағанды облыстық мәслихатқа депутат болған жылдарда атқарған істері өз алдына бір төбе.
Жалпы Тұңғышбай ағамыз бір нәрсені қолға алса соны діттеген жеріне жеткізбей байыз таппайтын тынымсыз жан. Осы орайда оның өлкетану саласындағы атқарған айшықты істеріне тоқталсақ.
Көпшілік ел жақсы біледі, Ақтоғай ауданы ежелден тарихы бай, табиғаты сұлу, ғажайып өлке. Бұл ауданның әр тасы, әр тауы тиіп кетсең, күмбірлеп көне тарихтан сыр шерте жөнеледі. Ақтоғай – қазақ тарихына есімі әйгілі болған небір алып тұлғалардың кіндік қаны тамған, басқан ізі қалған қасиетті өлке. Міне осы байтақ өңірді зерттеп, зерделеп көне заманның тастағы таңбаларын, ежелгі жер-су аттарын, қыстақатары мен қорымдарын, өзен-бұлағын, тал терегін, ру тайпаларын олардан шыққан тарихи тұлғаларды жібек жіпке тізгендей көз алдыңнан өткізіп, тасқа басып, қағазға түсіріп келер ұрпақтың игілігіне айналдырып отыр. Тұңғышбай Өміртайұлы «Ақтоғай археологиялық-этнографиялық мұражайы», «Ел тарихы – рухани қазына», «Ақтоғай жер-су атаулары», «Ақтоғай энциклопедиясы» атты сүбелі танымдық кітаптарды жарыққа әкелді. Осының бәрі туған өлкеге деген, ел мен жерге деген риясыз сүйспеншілікпен жасалған.
Мысалы «Ақтоғай тарихтың тас сандығы» Т.Мұқан 2020 жыл» осы кітапты қолға алсаңыз қасиетті Ақтоғай аймағының арғы бергісінен хабардар боласыз.
Тұңғышбай Мұқанның өлке танушы ретінде жасаған жұмысы орасан зор. Ол тұтас Ақтоғай ауданының тарихын, мәдениетін, географисын халықының дәстүрін, табиғатын, тіпті тау-тастағы таңбаларына дейін хатқа түсірген. Бұл тұтас бір иниститут істейтін жұмыс десек тіпті де артық емес. Мысалы үшін Тұқаң аудан өңіріндегі киелі жерлердің табиғатын, елдімекендерді, архиологиялық кешендерді, ел аузындағы аңыз әңгімелермен сабақтастыра отырып деректі фильм түсірді. Осы деректі фильм облысымыздың кинотетрларында, Астана қаласында, оқу орындарында көрсетіліп көрермен қошеметіне бөленді. Мұны халқымыздың өткен тарихын жадымызда жаңғыртуға, бүгінгі ұрпақтың туған өлкеге деген сүйспеншілікті артыруға бағытталған құнда мұра деуге болады.
Енді осы «Ақтоғай – тарихтың тас сандығы» атты деректі фильм туралы бірер сөз. Бұл фильм «Ежелгі Ақтоғай» деп басталып, Қазақстанның тәуелсіздік кезеңіне жетіп табан тірейді. Яғни, ежелгі Ақтоғайдан бүгінгі Ақтоғай, дәлірек айтқанда тәуелсіздік күніне дейінгі Ақтоғай аймағының жүріп өткен тарихтағы іздерінен сыр шертетін танымдық дүние болып шыққан. Бұл фильм үлкен ізденіспен және бір күнде, немесе бір жылда жасалған жұмыс емес, автордың жылдар бойғы осы бағыттағы тоқтаусыз, тынымсыз шығармашылық еңбегінің нәтижесінде мүмкін болған.
Аталмыш фильм аудан тарихының шежіресі спеттес, оны көріп отырып өлкенің өткенін көз алдыңнан өткізіп, сол дәуірде ғұмыр кешкен ата бабаларымыздың тұрмыс тіршілігін, әдет ғұрпынан хабардар боласыз. Түйіп айтқанда, деректі фильм – тарихи, танымдық туынды болып шыққан. Бұл еңбек сонысымен құнды.
Тұңғышбай Өміртайұлы қайда, қандай қызмет істеседе өз ісіне жан- тәнімен беріліп, ел игілігі жолында аянбай тер төккен бірегей тұлға. Ол өзінің ұзақ жылғы жемісті еңбегінің арқасында: «Құрмет белгісі» орденінің иегері, «Ақтоғай ауданының құрметті азаматы» атанып, «ҚР Білім беру саласының озық озық қызыметкері» Ы.Алтынсарин төс белгісімен марапатталды. Осының бәрі оның табанды да ізденімпаз, адал еңбегіне берілгшен әділ баға болса керек.
Тұңғышбай ағаның тағы бір ерекшелігі – қара сөзге дес бермес шешендігі, үлкенге де, кішіге де ақ жарқын кішпейілдігі. «Ұлық болсаң кішік бол» деген тәмсіл текке айтылмаған. Ол қандай лауазымда қызмет істеседе қарапайым мінезінен жазған емес. Халықшылдығы, қоғамшылдығы, үнемі ат үстінде асығып жүретіні өзіне жарасып тұратындай.
Кейбір алқалы жиында Тұңғыш ағаның тасыған Тоқырауын өзені секілді төгіле сөйлеп тұрғанын көргенде: Шешен де өзің, Көсем де өзің, Би де өзің, Жүрегіме шуақ сыйлап тұрады, Әлихан деп, Алаш деп тебіренген әр сөзің! – дегім келеді.
Шынында да, Тұңғышбай Өміртайұлының Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның өмірін бір кісідей зерделеп, Алаш арыстарының еңбегін, олардың руханй мұрасын тынымсыз насихаттап, жастардың санасына сіңіріп жүргені де көпке аян. Тіпті оны Әлиханның шырақшысы деп те бекер айтып жүрген жоқ.
Алаш арыстарының кіндік қаны тамған киелі Ақтоғай топырағында туған Тұңғышбай Мұқан ағамыз сексен жастың сеңгіріне көтерілді. Ағамызға ұзақ ғұмыр, шығармашылық табысты, жанұясына бірлік, береке тілейміз.
Жанболат БАШАР,
жазушы,
Балқаш қаласының «Құрметті азаматы»
