Бұл өмірде әр ортаның үлгі тұтар, өнеге алар, алға жетелер, елге қызмет етіп, халықтың құрметіне бөленген тұлғалары болады. Олар – сөзімен де, ісімен де көпшілікке бағыт-бағдар беріп, жұлдыздай жарқырап тұратын, қоғамда ерекше орны бар жандар. Олар бірен-саран, көп болса Үркер санындай ғана… Ондай адамдар қай уақытта да – серкелер, топ жарған тұлғалар. Айтқан сөзі өтімді, ісі жарасымды, көпшілікті соңынан ерте білетін, жұртты жігерлендіретін азаматтар. Осындай жандар елдің рухани тірегіне айналып, кейінгі ұрпаққа үлгі болады. Сондай бірегей тұлғалардың бірі – Ақтоғай өңірінің мәдениеті мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ардақты азамат, қоғам қайраткері Тұңғышбай Мұқан ағамыз.
Осы мақаламда Ақтоғай ауданының «Құрметті азаматы» аталған, «Ақтоғай энциклопедиясының» атасы, Әлиханның шырақшысы, өлкетанушы, бүгінде Қарағанды шаһарында аузы дуалы аңыз ақсақалға айналған Тұңғышбай ағамыз жайлы сыр шертпекпін.
Тұңғышбай ағамыздың көпжылдық еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағасын алған. Ол – Қазақстан Республикасының мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісінің иегері. Сонымен қатар «Алаш» естелік медальдарымен және өзге де бірқатар марапаттардың иегері.
Туған өлкесінің тарихы мен өнерін зерттеп, оны кейінгі ұрпаққа насихаттауды өмірлік мақсатына айналдырған Тұқаң Ақтоғай халық театры мен «Тоқырауын толқындары» ансамблінің қалыптасуына ерекше еңбек сіңірген өнер жанашыры. Ұзақ жылдар бойы бас режиссер қызметін атқарып, өңір өнерінің өркендеуіне зор үлес қосты. Ол – бүкілодақтық және республикалық байқаулардың бірнеше дүркін лауреаты. Өнер мен мәдениет саласындағы жемісті еңбегі үшін жастайынан-ақ жоғары бағаланып, небәрі отыз жасында «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанды.
Тұңғышбай ағамыз – сегіз кітаптың авторы. Оның «Ел тарихы – рухани қазына», «Ақтоғай өнерінің шамшырақтары», «Алаштың Әлиханы», «Ақтоғай жер-су атаулары», «Ақтоғай – тарихтың тас сандығы», «Тынымсыз ғұмырым», т.б. еңбектерінде туған жер тарихы, ел тағдыры, ұлт руханияты кеңінен қамтылады. Бұл еңбектері туған өлкенің өткенін танып-білуге бағытталған құнды дүниелердің қатарында. Сондай-ақ, «Ақтоғай энциклопедиясын» жинақтап жазып, бас авторы болды. Тұқаңның «Таста сақталған тарих», Әлихан Бөкейхан жайлы фильмдері Ақтоғай өңіріндегі тұңғыш деректі фильмдер екені анық. Ал «Тынымсыз ғұмырым» атты кітабында автор өз өмір жолын, тағдыр талқысына толы кезеңдерін шынайы баяндайды. Бұл еңбекте өмірдің қиындықтарына мойымай, білімге ұмтылып, табандылық пен еңбек арқылы мақсатқа жетудің жарқын үлгісі көрсетілген. Кітаптың өн бойынан жас ұрпаққа оқыңдар, ізденіңдер, алға ұмтылыңдар, асау армандарыңа қол жеткізіңдер деп, бағдаршамдай болып, бағыт беріп тұрғанын сезінесің.
«Үш арыстың ауылынанбыз» кітабын баға жетпес еңбектердің бірі деп санаймыз. Әрбір жазбасында шығармашылық мазмұнмен қатар ерекше бір мейірім мен ағалық алғыстың лебі есіп тұрады, оны жан-тәніңмен сезесің. Тұңғаңның әріптестері, достары, ауылдастары, әсіресе, өнер жолындағы азаматтардың өркендеу өмірі мен еңбек жолдары, желкенді жетістіктері жайлы аудан, облыс, республика көлеміндегі баспа беттерінде жарияланған мақалалары мен очерктері, эсселері – өз алдына бір төбе.
Тұңғышбай ағама ел азаматтарының «Әлиханның шырақшысы» деп берген бағасы бекер емес. Себебі Әлихан Бөкейханмен қатар Әлімхан Ермеков, Ақпайдың Жақыбы сияқты ұлт зиялыларының өмір жолын зерттеп, олардың тарихи тұлғасын кейінгі ұрпаққа кеңінен таныстырудағы еңбегі орасан зор. Ол Ақтоғай өңірін Алаш қайраткерлерінің кіндік қаны тамған қасиетті мекені ретінде сипаттап, туған өлкенің тарихи маңызын төрткүл әлемге паш етуде. Осы тұрғыдан алғанда, Тұңғышбай ағамыздың еңбектері – өңір тарихын зерттеуде маңызды тарихи дереккөз. Әсіресе, 2021 жылы Қарағанды облысындағы Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның есімінің берілуіне ұлтжанды тұлғалардың бірі Құдайберген Бексұлтановпен бірге бастамашыл топтың белсенді мүшелерінің бірі болғандағы еңбегі өлшеусіз екенін әркім білмейді.
Сондай-ақ, Шоқан Уәлиханов пен Әлихан Бөкейхан тұлғаларының тағдырындағы ұқсастықтарды салыстыра зерттеп, ғылыми-танымдық тұрғыдан құнды пікірлер ұсынуы да Тұңқаңның аса бір дарындылығы мен зерттеушілік қырын аңғартады.
Тұңғышбай Мұхан тек мәдениет пен әдебиет саласында ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенділігімен танылған азамат.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы күрделі кезеңде елдің әлеуметтік жағдайына қолдау көрсетіп, халыққа көмектесуді басты мақсаттардың бірі ретінде қарастырды. СПТУ мекемесін басқарған жылдары ұжымның техникалық мүмкіндіктерін пайдаланып, қыста боранды күндері жол аштыру жұмыстарын ұйымдастырды. Жаз мезгілінде мұқтаж жандарға арзан бағамен шөп шауып беруге жағдай жасап, егін егіп, кейбір отбасыларға тегін бидай тарату сияқты игі істердің басы-қасында жүрді. Бұл игілікті жұмыстар ел ішінде үлкен ризашылықпен қабылданды.
Зейнеткерлікке шыққаннан кейін де Тұңғышбай ағамыз қоғамдық қызметтен қол үзген жоқ. Ол аудандық өлкетану мұражайын ұзақ жыл басқарып, өңір тарихына қатысты құнды жәдігерлерді жинақтап, сақтауға айрықша еңбек сіңірді. Өмірлік серігі Торғай апамызбен бірге мұражай ісіне жиырма жылдан астам уақытын арнап, туған өлкенің рухани мұрасын толықтыруға үлкен үлес қосты.
Тұңғаң ағамыз бабалар рухына тағзым ете отырып, қаншама іс-шараларды ұйымдастырғаны мәлім. Атап айтқанда, 2021 жылдың қазан айында «Орталық Қазақстан» газетінде «Соқыр батыр кім?» деген мақаласы шықты. Құлықұлы Жалаңтөс бабамыздың елін-жерін жаудан қорғаған баһадүр батырлығы ел аузында лақап атпен аталып келе жатқандығы ағамызды қатты алаңдатты. Қазіргі таңда батыр бабаның жатқан жерін «Соқыр» деген лақап атпен емес, азан шақырып қойған «Жалаңтөс қорымы» деп атауға ерекше атсалысты, ағамыздың ұйымдастыруымен бірнеше телеарналарда сұхбат берілді. Ағамыздың «Жалаңтөс қорымында» арнайы салынған қақпаның ашылуына да белсенді араласып, ақ батасын бергенін дүйім жұрт жақсы біледі.
Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан Тұңғышбай ағамыз – Қарағанды қаласының қадірлі ақсақалдарының бірі. Оның өмірлік тәжірибесі, ойлау қабілеті, парасат пайымы, шешендігі мен азаматтық ұстанымы, өмір сүру қағидасы мен зердесіне жинаған әлемдік үрдістердің нәрі – кейінгі буын үшін үлкен өнеге. Ағамыздың сана тұңғиығынан жарып шыққан ойтолғауы мен сөз саптауы өр мінезі мен өлшем жетпейтін ардақ көңілімен ұштасып, кең құшағы бүкіл әлемдегі жанам деген жүрекке ұшқын беріп тұрады.
Адамға берілген ең үлкен сыйлық мына жарық дүниеде қадірлі болу. Қолдан келгенше жақсылық жасап, сыйласа білгенге, адал еңбек еткенге не жетсін! Тұңғаң ағамыз туралықтың туын ұстап, кісіліктің жолынан таймай, жол айрықта жол көрсетіп, ақыл беріп, тағылым таныта жүріп, Жаратқанның жарлығы мен жебеп-желеуімен, игі жақсылардың ақ тілеуімен мына киелі жылқы жылына аман-есен жетіп отыр. Ол қай ортада болсын қарапайымдылығымен, адамдарға деген құрметімен, даналыққа толы ой-пікірлерімен ерекшеленеді. Ел ішінде шешендігімен де танылып, республикалық «Батагөй» байқауында Қарағанды облысының намысын қорғап, жеңімпаз атануы да – соның айқын дәлелі.
Тұңғаң жатты жатырқамай, жайшылықта жұмсақ болғанымен, істе жігерлі, жаны жомарт, ортада қызық-қуаныштың күбісін пісіп, қымызын ішкізіп, ойын-сауықтың көрігін қыздыра білетін, қазақты көргің келсе, міне осы деп көрсететін, өмірін өнер мен руханиятқа, туған елінің тарихын танытуға арнаған біртуар абыз ағамыз. Бүгінде отбасының тірегі, әулеттің ақылшысы, Қарағанды щаһарының абыз ақсақалы.
Мынау жақсылығы мол жарық дүниеде, мәңгі елде, мәңгі жерде елімен, ұрпағымен ұзақ жасай берсін деген тілектеміз.
Айтбай Бекен Айтанұлы,
қарт ұстаз, еңбек ардагері,
«Ел ардақтысы» медалінің иегері
