«Жақсының жақсылығын айт» – қазақ халқының мақал-мәтелі. Оның терең мағынасы мен даналығы бар. Бұл сөздің астарында адамгершілік, ізгілік, жомарттық, және ризашылық сынды қасиеттерді дәріптеу жатыр. Жақсы адамдардың жақсы іс-әрекеттері мен ізгіліктерін ұмытпай, оларды басқаларға үлгі етіп айту қоғамдағы игі істерді көбейтуге ықпал етеді.
Жақсылық жасау — әр адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Біреуге қол ұшын беру, жәрдемдесу, жақсылық жасау бұл адамның жан дүниесінің байлығын көрсетеді. Қазақ халқында «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген де мақал бар. Бұл мақал жақсылық жасаған адамды мақтап, оның жақсы ісі мен ізгілігін елге жария етіп, басқаларға өнеге ету дегенді білдіреді. Өйткені, жақсылықты айту арқылы біз тек қана алғыс білдіріп қоймай, өзгелерді де жақсылық жасауға шақырамыз. Жақсылықтың бастауы – батадан.
«Жылататын да, жұбататын да сөз» деген екен Б.Момышұлы. Көсемдік пен кемеңгерліктің бәрі сыйған киелі сөз бата десек, жақсылықтың ең үлкені – бата беру. Бата сөзінің бір ұғымы алғыс деген атаумен астасып жатады. Қазақ халқында бата берудің жоралғысы ертеден қалыптасқан және бұл құрметті іс деп есептелінеді.
«Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген екен Алаш қайраткері, ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан. Әлихантанушы, Әлихан идеясымен қаруланған, Алаш жолында жүрген Тұңғышбай Мұқан ағаның төмендегі батасын халқына деген сүйіспеншіліктен туындаған, елінің адал ұлы бола білген қайраткердің жүрегінен жарып шыққан ізгі тілегі, асыл ойы деп қабылдадық. Мұның әр жағында Ә.Бөкейханның «қазақ осындай болсыншы» деген көре алмай кеткен, орындалмай қалған арманының жалғасы жатқанын аңғармау мүмкін емес.
Ең жақсы батаны халық «ақ бата» деп қастерлеген, үлгі етіп жаттап, кез келген жерде айта бермеген. Ақ бата — шынайы көңілден шыққан жүрек сөзі, қазақ баласының тұмарындай елді бірлікке, ынтымаққа, татулыққа үндейтін ғибратты, қуат-күші кереметтей өсиет сөздермен көмкерілген аталы сөздер жиынтығы. Т.Мұқан нағашымның Әлихан рухынан бастау алған, халқына арнаған батасын назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Мейрамкүл СЕЙСЕКҚЫЗЫ,
Педагогика ғылымдарының кандидаты,
Ресейдің жаратылыстану академиясының профессоры
