«Еңбек – бәрін де жеңбек!». Осыбір аталы сөздің астарын терең түсіне білген Тұңғышбай ағамыз «еңбектің» қадірін ерекше бағалады. Өзі еңбек ете жүріп, ел мүддесін бәрінен жоғары қоя білді. Тіпті, оны өмірлік ұстанымына айналдырды десек артық айтпаған болар едік. Бұл салада қол жеткен жетістіктері мен ілкімді іс-әрекеттері жетерлік. Әсіресе, облыстық Мәслихатқа депутат болған жылдары Ақтоғай ауданынындағы күрмеуі қиын күрделі мәселелердің оң шешілуіне аянбай атсалысты.
Тәуелсіз еліміздің тоқсаншы жылдардағы қиындықтары – Ақтоғайды да айналып өткен жоқ. Нарықтық экономиканың салқыны – ауыл мен білім, мәдениет пен денсаулық саласын шайқалтып кетті. Бұрын соңды болмаған бұл құбылысты – қарапайым халық бірден түсінбей қалды. Одан шығудың оңтайлы жолдарын әкім-қаралар мен басшылар қарастырып бақты. Бірақ, дауылдай соққан дағдарыстың бұлты, тез арады сейіле қоймады. Осы тұста халық қалаулылары да қарап қалған жоқ.
Депутат Тұңғышбай Мұқан 2000 жылдың басында облыс әкімі Камалтин Мұхамеджановтың қабылдауында болып, Ауылды сақтап қалудың проблемаларын тілге тиек етті. Басшымен кең отырып кеңесті. Оған құрықол барған жоқ, 20 түрлі бағыттағы реформалық бастамалар мен Нарыққа өтудің тиімді талаптарын нақты ұсыныс ретінде жеткізді. Нәтижесінде облыс әкімі іскер азаматтардан комиссия құрып, арнайы жасақталған жұмыс тобын Ақтоғайға жіберді. Олар ауданда бірнеше күн болып, айтылған жағдайлармен жан – жақты танысып, нақты шараларға кірісті. Депутат ағамыз осылайша Ауыл тағдырына араша түскен еді.
Әлі есімде, 2002 жылдың 15 қыркүйек күні облыстық Мәслихаттың кезекті сессиясы өтті. Облыс әкімінің тапсырысы бойынша алқалы жиыннан арнайы телехабар дайындау маған жүктелген болатын. Сол күні сессияға Білім және ғылым Министрі Шәмшә Беркімбаева қатысып, мектепте сапалы білім берудің басты міндеттері жайлы баяндама жасады. Соңынан депутаттар мәртебелі мейманға сұрақтарын қойып, жауаптарын тыңдады. Кезек Тұңғышбай ағамызға келгенде:
– Қымбатты Шәмшә Көпбайқызы! Сіздің Білім Министрі болғаныңызға көп болған жоқ. Соған қарамастан, біраз игілікті шараларды атқарып жатқаныңыздан хабардармыз. …Біздің Ақтоғай ауданындағы шалғай ауылда орналасқан мектептердің жағдайы аса мәз емес! Оларды сақтап қалу, білім ордасын қосымша қаржыландыру, бастауыш сыныптарды тәжірибелі кадрлармен қамтамасыз ету, мұғалімдер жалақысын көбейту – мені депутат ретінде қатты толғандыруда. Қазіргі кезде аудандағы орталықтандырылған итернат үйі жұмысын тоқтатқан, жасөспірімдер спорт мектебі жабылған. Осы мемлекеттік мекемелердің қайта ашылуына көмегіңіз қажет! – деп мәселені төтесінен бірақ қойды.
Иә, депутат өтініші аяқсыз қалмады. Көп кешікпей аталмыш мекемелері пайдалануға берілді.
Шығыс халқының ұлы перзенті Баласағұн айтқан екен: «Мейірімділік – ізгіліктің шамшырағы. Ізгілік – адами құндылықтың алтын сандығы» деп. Сол айтқандай Тұңғышбай Мұқанның жүрегі – мейірімділік пен ізгілік нұрына тұнып тұр. Осыдан екі жыл бұрын Майқұдық Мәдениет үйінде ағамыздың киелі Ақтоғай өңірінің тамаша тарихынан сыр шерткен деректі фильмінің тұсаукесері болды. Сол жолы көпшілік арасында Бекарыс деген бейтаныс жігітпен кездесіп, біраз әңгімелескен едім…
– Тұңғышбай Өміртайұлының бізге жасаған жақсылығын ешқашан ұмытпаймыз. Осыдан 20 жыл бұрын біз Теміртау қаласындағы Жетім балалар үйінде тәрбиеленіп жүрген едік. Бір күні депутат ағамен кездесу кеші өтті. Сол жолы сөзге шешен, нағыз білікті ұстаз, алты Алаштың ардақтылары шыққан Ақтоғай туралы және өнер мәдениетінің рухани байлығы жайында көптеген дүниелерді айтты. Сөз соңында, жастарды аудан орталығында қайта ашылған кәсіптік училишеге оқуға түсіп, жаңа мамандық алуға шақырды. Біз бірден келістік. Бір аптадан соң, өзі қайта келіп 17 «қазақ баласын» арнайы машинамен алып кетті. Бәрімізді жайлы жатақханаға жайғастырып, екі жыл оқытып, қолымызға диплом алып берді. Үнемі бізді бақылап, туған әкеміздей қамқорлық танытып жүрді. Қазір бәріміз ер жетіп, үйлендік, бір-бірімізбен хабарласып тұрамыз. Ағамыздың бүгінгі мерекелік кешіне арнайы келдік, – деп ағынан жарылды.
Тұңғышбай Мұқан – халық қалаулысы болған жылдары облыстық Мәслихаттың сессиялары мен тұрақты комиссияларының отырысында тек «қазақ тілінде» сөйлейтін, жалғыз депутат еді. Ол – ойын еркін жеткізетін, ешкімнен қаймықпайтын, ұсыныс-пікірлерін ашық айтатын! Оған өзіміз талай рет куә болғанбыз. Кейде облыстық Мәслихаттың хатшысы, мемлекет қайраткері, танымалы тұлға – Қасымбек Медиевтің өзі:
– Қымбатты әріптестер! Сессияда қазақша сөйлеуді Тұңғышбай Өміртайұлынан үйреніңдер. Сол сияқты белесенді, әрі аса іскер депутат болыңдар! – деген ескертпесін талай рет естігенбіз…
2003 жылы қазіргі облыстық «Сарыарқа» телеарнасында жұмыс істеп жүргенімде 3 рет «Депутат және өмір» деп аталатын бағдарламаны жүргізген едім. Соның бір хабары — тұтастай Тұңғышбай ағамызға арналған болатын. Сындарлы сұхбат барысында ел аманаты қалай атқарылып жатқаны туралы бүкпесіз сыр бөлістік. Өңіріндегі қоғамдық әлеуметтік мәселелердің бірі – денсаулық саласына қатысты еді. Әсіресе, аудан орталығындағы аурухананың жабылу алдындағы мүшкіл халі, ауылдық окургтердегі амбулаториялардың сын көтермейтін тағдыры — депутаттың араласуымен реттелгеніне сүйсіндік. Сондай-ақ Ақтоғайда облыстық «Сарыарқа» ауыл спартакиядасының ойдағыдай өтуіне ұйытқы болып, аудан әкімі Рысқали Әбдікеровке және кәсіптік училище жанынан тері өңдеу цехының жаңадан ашылуына көмектескенін естіп, білдік.
Қорыта айтқанда халықтың ерекше құрметіне бөленген, қарымды қаламгер, атақты өлкетанушы, ұлт көсемінің шырақшысы, ұлағатты ұстаз Тұңғышбай Өміртайұлының бір ғана депутаттық қызметтегі ерен еңбегі осындай! Мерейтой құтты болсын, аға!
Әли ТОЙЖІГІТ
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Ақпарат саласының үздігі,
ҚР Мәдениет қайраткері,
«Алтын Сұңқар» сыйлығының жеңімпазы
