Адамзат өркениетінің алтын арқауына айналған музыка – жүректің тілі, жанның үні. Ал сол ұлы өнердің биік шыңына көтеріліп, өз заманының ғана емес, ғасырлар көшінің рухани айнасына айналған композиторлар – уақыттан озған тұлғалар. Олардың әрбір әуені – тағдырдың тамырына бойлаған терең сыр, әрбір шығармасы – ұлттың жадында мәңгі сақталатын асыл мұра.
Композиторлық дарын – жүректің нәзік қылын шертіп, адам жанын тербете алатын құдірет. Ол – үнсіз сезімді әуенге айналдырып, тыңдарманның жүрегіне жол табатын тылсым күш.
Бүгінгі әңгімеміздің арқауы осыдан бірнеше жыл бұрын өмірден өткен белгілі сазгер, Қазақстан және Моңғолия Республикаларының Композиторлар одақтарының мүшесі болған Ысқақ Тәукейұлы туралы болмақ.
Дарынды композитор 1938 жылы 4 наурызда Моңғолия елінің Бай-Өлке аймағында дүниеге келген. Бұл өлке сол елдің батыс бөлігінде орналасқан және қазақтардың ең көп шоғырланған жері. Аймақ Алтай тауларының бөктерінде орын тепкен, табиғаты өте көркем. Ол жақтағы қандастарымыз дәстүрлі мал шаруашылығымен – қой, жылқы, түйе өсірумен шұғылданады. Қазақтың салт-дәстүрі, ұлттық киімдер, аңшылық өнері (әсіресе бүркітпен аң аулау) жақсы сақталған.
1943 жылы Ысекеңнің әкесі Тәукей, үлкен әкесі Мәмәділ бай – құлақтың тұқымы деген жаламен сталиндік репрессия құрбандығына шалынып, ату жазасына кесіледі. Олар тек 1990 жылы ғана толығымен ақталады. Әкесі Тәукейден қалған жалғыз мұра, қалың екі дәптер ғана. Бірақ ол дәптерлерде мол дүние – он екі ата тарихы, өзінің жазған бірнеше жыр-дастандары сақталған.
Анасы Миуа үлкен әулет ұрпағы, Әмірелі қажының жалғыз қызы. Төрт жасынан медресеге дін оқуына беріліп, он үш жасқа келгенше, тоғыз жыл медреседе оқыған. Парсыша, арабша жазылған құран-кәрім сүрелерін жатқа білген. Қазақша мүдірмей, сөзбе-сөз тәржімалап беретін, ескіше-жаңашаға бірдей сауатты, суырып-салма ақындығы бар, сөзге шешен, әжептәуір әнші болған. 1990 жылы 85 жасында дүниеден озады, алайда туған елінің топырағы бұйырмайды. Ысекеңнің өнерге деген құштарлығы осы анасынан дарығаны анық.
Ысқақ Тәукейұлы алты ағайынның ортасында туып-өскен. Уақыт өте келе өнер қонған шаңырақта өскен ағамыздың бауыры Сұлтан белгілі саясаткер, қоғам қайраткері болады. Моңғолияның Венгрия мен Швециядағы төтенше өкілетті елшісі қызметтерін абыроймен атқарады. Ғылым мен әдебиетті ұштастырып, моңғол еліне танымал романшы, жазушы болып қалыптасады.
Тәйіп інісі – актер. Қалған бауырлары да өнерден құралақан болмаған.
Кейіпкеріміз 1945 жылы Ақкөл елдімекеніндегі бастауыш сыныбына барып, Бай-Өлке аймақ орталығындағы онбіржылдық мектебін тамамдап шығады.
Білім ошағында оқи жүре, сегіз жасынан қолынан домбырасын түсірмеген талантты жас дарын ел ішіндегі айтулы домбырашылардан дәріс алады. Мектеп бітірген жылы сол жерде алғаш рет құрылған қазақ ұлттық аспаптар оркестріне домбырашы болып қабылданады.
Ұлттық аспаптар оркестрінің құрамында 48 адам болған. 1959 жылдың 31 желтоқсанында оркестрдің тұсаукесері өтіп, аймақ жұртшылығы үшін үлкен салтанатты мерекеге айналады. Екі жылдан кейін осы оркестрдің концертмейстерлігіне ауысып, онда 6 жыл қатарынан еңбек етеді.
Оркестрде жүргенде Қазақстаннан Бай-Өлкеге барған саз өнерінің білгірлері Тастанов Қабидолланың, Мырзабеков Алдабергеннің, Әубәкіров Мәлғаждардың алдын көріп, өнерін шыңдай түседі.
Сол кездегі Қазақстанның халық әртісі, дирижер, профессор Мырзабеков Алдаберген шәкіртінің жетістіктеріне бағасын беріп:
– Домбырада ойнауда шеберлігін көрсете білген Ысқақ Тәукейұлы оркестрлік шығармаларды талдауда алдына жан салмайды. Туындылардың аккордтары мен гармониясының кемшін тұстарын тап басып айтып бере алады. Оның тыңдау қабілеті, көп дауысты айыра білуде құлағының өткірлігі елден ерекше. Келешекте тамаша дирижер бола алатын қабілеті де жоқ емес, – деген екен.
Уақыт өте келе Ұлан-Батыр қаласының консерваториясына түсіп, моңғол сазгерлерінен сабақ алып, «теория және шығармашылық класын» бітіреді. 1973 жылы сол жерден музыкалық жоғары білім алып шығады.
Консерваторияда оқып жүргенде қолынан «Фортепиано үйрену мектебі» деген үлкен оқулық түспей жүрген. Оның мақсаты жақсы дайындық жасай жүріп, консерваторияның шығармашылық бөлімінде білімін жетілдіріп, келешекте үлкен композитор болуды мақсат тұтқан. Жас болса да адамгершілік қасиеті, қазақи бауырмалдық мінезі кез келген жанды өзіне тартып тұрған. Қатардағы музыкант бола тұра, жора-жолдастарының алдында сыйлы болған. Жолдастары оның қарым-қабілетін мойындай отырып, сол кездің өзінде өздерінің ұстазына балаған.
Дарынды музыка маманы қасиетті саз өнерінің әр жанрында сүбелі туындыларын дүниеге әкеле бастайды. Бас кезінде әндерге әуен жазып, одан кейін күй шығарумен шұғылданады. Бірте-бірте халық күйлерін, өзі шығарған туындыларын, басқа да шығармаларды оркестрге түсіре бастайды.
Әубәкіров Мәлғаждар ұстазымен бірігіп «Ана – Жер-Ана», «Қозы-Көрпеш – Баян сұлу» қойылымдарына музыка жазады. Композитор Мұқан Төлебаевтың әйгілі «Біржан-Сара» операсының актісіндегі ән-би композициясын оркестрге лайықтап жасайды.
Ысекең отбасымен бірге бабаларының тарихи отанына қайтып келуді армандайды. Оның сәті 1992 жылғы тамыз айында түседі. Торғай облысына ұшақпен жеткен қандастарды жергілікті халық шынайы ыстық сезіммен құшағын ашып, шашуын шашып, ақындары шырқаған ән-жырымен қарсы алады. Ата-жұртқа аман-есен табанын тіреген олардың төбелері көкке жеткендей қуаныштарында шек болмайды.
Қарсы алу рәсімінен кейін қандастарымыз Қима ауданына қарасты «Балталы» шаруашылығына орналастырылады. Ысекең баласы екеуі шаруашылықтың бір табын сиырын алып бағады. Бір жылдан кейін бір отар қойға ие болады. Бұл жұмысты олар 1996 жылға дейін жалғастырады. Сол жылы елімізде қабылданған бағдарламаға сәйкес «Балталы» кеңшары мемлекет иелігінен кетіп, жекешелендіруге жатады. Қолданыстағы Заңға сәйкес жергілікті халық өздерінің мүліктік үлестерін алып шаруа қожалықтарын құра бастайды. Алайда, еңбек өтілдері болмаған соң, алыстан келген отандастарымызға үлес бұйырмайды. Абырой болғанда, ол кезде Ысекең зейнеткерлікке шығып үлгерген екен. Амалсыздан отбасы мүшелері жұмыссыз қалуға мәжбүр болады.
Жұмыссыз қалған отбасы жер ауыстыруды көздей бастайды. Жан-жақты пайымдай келе 1998 жылы құдаларының шақыруымен үш отау бірігіп Қарағанды облысы, Шет ауданы, Ақадыр кентіне көш аударады.
Арқаның бел ортасында орналасқан Ақадыр өңірінде Ысқақ Тәукейдің музыка әлеміндегі екінші дәуірі басталғанын айта кетуіміз керек. Өйткені, бұл киелі өңір Сайдалы Сары Тоқа, Тәттімбет, Мәди, Қыздарбек, Әбди, Сембек, Әбікен сияқты шертпе күйдің шеберлері, қазақтың ақиық ақындары Сәкен, Қасым, аттары аңызға айналған Көкбөрі Керней Жарылғап, Ағыбай, Байғозы батырлардың ата-қонысы. Өз ұлтын шексіз сүйетін, ұлыларды ұлықтай білетін, көкірегі ояу, көзі ашық ағамыздың шабыты осы жақта жаңа серпін алады.
Дүниеге «Сарыарқа сазы», «Сәкен» поэмалары, Мәди туралы фантазия, «Тәттімбетке тағзым» күйі келеді. Арқаның шертпе күй мектебі өз иіріміне тартқаны соншалық, бірыңғай осы дәстүрде жиырма шақты күй жазып тастайды. Олардың ішінде «Тайқасқа» атты күйін дүниеге әкелгенін ерекше мақтан тұтып жүрген. Күйдің шығу тарихына үңілсек, сазгер бір адамдардан мына әңгімені естіп қалады: «Жаңаарқа өңірінде өткен үлкен бір дүбірлі тойда болыс болған, композитор, күйші Сайдалы Сары Тоқаның сәйгүлігі жекедара озып, аламан бәйгені жеңіп алады. Тайқасқа шапқанда ешбір жан баласы бас бәйгеден дәмеленіп көрмеген. Жалғыз қарайып, маңдайы жарқырап келе жатқанда Сайдалы руының үлкен-кішісі: «Сары Тоқа, Сары Тоқа» деп айғайға басып, ұрандатады екен. Тайқасқаның негізгі иесі жақын ағайыны Бөстек есімді азамат болғанымен, өзара келісімдері бойынша еліне сыйлы аруақты би Сайдалы Сары Тоқаның атынан шауып жүрген».
Осы әңгіменің арқауының негізінде Ысқақ сазгерде шабыт оянып, «Тайқасқа» күйін жазып шығады. Күй мазмұнында аламан бәйгеде сәйгүліктердің төрт тұяғы жер қыртысын көшіріп, шаң тозаңын қарша боратып, қара жердің апшысын қуырып келе жатса, үстіндегі баласы торғайдай шырылдап қиқуға басып, екі аяғымен сәйгүліктің екі өкпесін тепкілеп, қамшысын бұлғап-бұлғап сауырынан сарт еткізіп отырады. Былайғы жұрт: бір-біріне есе бермей, «бәленбайдың торысы, түгеншенің қасқасы» деген у-шу, айтыс-тартыс сәйгүліктің дүбіріне қосылғаны құлақ тұндырады. Бұл күй жоғарыдағы сипаттаманы көз алдыңызға алып келеді. Күйді тыңдағанда делебең қозып, қаның тасып, сол сәйгүліктің үстінде тура өзің шауып келе жатқандай керемет әсерге бөленесің.
Ысқақ Тәукейұлының 2009 жылы Қарағанды қаласында шыққан «Арқада туған әуендер» атты кітабы шығады. Шығармашылық туындысына атажұртқа келгеннен кейін жазылған шығармалары, күйлер мен әндер жинағы енген. Жинақта ел мен жердің шежірелі сыры, азаматтардың асқақ арман-мұраты күй болып төгіліп, ән болып әуелеген.
Ақадыр шаһарында Ысекең көрнекті прозаик, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, қазіргі кезде Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Өмір Кәріпұлымен жақын танысады. Бірі сөзден сәулет тұрғызған жазушы, жырдан жан тербеген ақын; екіншісі – әуеннен әдемі саз өрген композитор, үнсіздіктің өзіне жан бітірген шебер. Екеуін табыстырған – өнерге деген шексіз махаббат, рухани үндестік, жан дүниенің тұнық тазалығы. Олардың әңгімесі қарапайым сөз алмасу емес, тұтас бір шығармашылық симфония секілді еді. Бірі айтқан ойды бірі іліп әкетіп, жырмен жалғап, әуенмен әрлейтін. Жазушы-ақынның қаламынан туған бейнелер сазгердің пернесінде тіріліп, әуезге айналса, сазгердің жүрегінен төгілген әуен ақынның өлеңіне айналып, мәңгілікке жол тартатын. Олар үшін өнер – жай ғана кәсіп емес, тағдырдың сыйы, жүректің тілі, жанның шындығы еді. Сондықтан да бірін-бірі сөзсіз түсінетін, үнсіз ұғынатын. Бірінің жан толқынысы екіншісінің жүрегінде жаңғырып жататын.
Бүгінгі таңда 86 жасқа келіп қалған қарт қаламгер Өмір Кәріпұлы өзінің досы болған Ысқақ Тәукейұлын сағынышпен еске алып:
– Ысекең екеуміздің достығымыз ерекше еді. Кездесе қалсақ, қай тақырыпты болсын тереңнен қозғап, әңгімеміз таусылмайтын. Кейде бір-бірімізді қағытып, зілсіз қалжыңға орын беретінбіз. Онымызға ешуақытта ренжіп көрмеппіз. Шығармашылықта да қанаттасып, жүрек үнін біріктіріп, оннан астам әнді дүниеге әкелдік. Олардың ішінде «Аңсайды елі, Сәкенін», «Туған жерім», «Оян қазақ, туды күнің», «Алаштың Ақселеуі», «Ақадыр вальсі», «Жаңаарқа вальсі» әндер республика көлемінде айтылып жүр. Әндеріміздің біразын өмірден ерте кеткен дәстүрлі әнші, облысымыздың Абай қаласында тұрған Ноғаева Бота да орындап жүрді, — деп сөзін аяқтады.
Бір күні Ысқақ ағамыз әдеттегідей кабинетіме келе қалсын. Мен телефонмен шаруаларымды жасап отырғанмын. Ол кісі қарсы алдымдағы үстел үстінде жатқан өлеңдерді жайлап парақтап отырды. Кенет көзі ақын Свет Оразаевтың ұлым Есенкелдінің мезгілсіз қазасына арнап жазған жырына түсіпті.
– Қалижан, сенің балаң өмірден ерте өткен бе? – деді жүрегі шым еткендей үнмен.
– Иә, Ысеке… он алты жасында Есенкелдімнен айрылдым. Бұл – Свет Оразаев ағамыздың жазған өлеңі, – дедім.
Ол кісі бір сәт үнсіз отырып қалды да, әлгі параққа қайта үңілді.
– Өлеңді маған бере тұрасың ба? – деді баяу ғана.
– Әрине, алыңыз, – деп ойланбастан рұқсат еттім.
Ертеңгі таңда жұмысым басталған бетте ағамыз кабинетіме тағы келіп тұр. Көздері қызарып кеткен, түн ұйқысын төрт бөлгені бірден аңғарылады.
– Қалижан, кешегі өлеңге жаңа ән жазып әкелдім, – дегенде алғашында тосырқап қалғаным рас.
– Әә, көп рахмет сізге. Мен сізден ән жазып бер деп сұрап па едім? – деп іштей именіп жауап қаттым.
Сол кезде Ысқақ ағамның жанарынан терең мұңның табы байқалғандай болды.
– Осыдан бірнеше жыл бұрын менің де балам өмірден өткен. Мына Свет ақынның өлеңі жүрегімді қозғап кетті. Үйге бара сала, сол сезімнің жетегімен ән жазуға отырдым, – деген сөздері жүрекке шоқ тастағандай әсер етті.
Сөйтіп, тағдырдың ащы зары мен өнердің мәңгілік үні тоғысқан «Өнеріңмен өмірлісің» атты ән дүниеге келді. Сазын Ысқақ ағамыз жазып, сөзін Свет Оразаев өрген бұл туынды кейін кент сахнасында мәдениет саласының майталманы, күміс көмей әнші Күлән Мұсанованың орындауында шырқалып, көптің жүрегіне жол тапты.
Кейін сазгер ағамыз екеуміз шығармашылық байланысымызды жалғап, тағы да бірнеше әнді жарыққа шығардық. Әуені Ысқақ ағамыздікі, ал сөзі – менікі.
Жалпы елу жылға жуық ғұмырын өнерге арнаған музыка маманы, дарынды сазгер Ысқақ Тәукейұлы ұлттық музыка әлемінде өшпес із қалдырды. Ол оркестрге арнап 10 поэма, 6 увертюра, 4 сюита жазып, жүзге жуық ән-романс пен көптеген күй әуенін дүниеге әкелді. Сазгердің оркестрлік туындылары Қарағанды қаласындағы Сәкен Сейфуллин атындағы қазақ драма театры сахнасында қойылған спектакльдердің ажарын ашып, көрерменнің көңілінен шыға білді.
Саз өнерінің саңлағының 75 жылдық мерейтойына орай Астана қаласында өткен кеш – оның өнердегі орны мен беделінің айқын көрінісі болды. Бұл кеште Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі мен елге танымал әншілер сазгердің туындыларын асқан шеберлікпен орындап, тыңдарманға рухани ләззат сыйлады.
Сазгердің осы шығармашылық кешіне Ақадыр кентінен бір топ делегация болып аттандық. Ортамызда Ысекең, жанында жан досы Өмір Кәріпұлы, өзге де жерлестеріміз болды. Барып қайтқан сапарымыз жай ғана жол жүру емес, өнерге деген құрмет пен сағыныштың, рухани байланыстың көрінісі еді. Жүріп-тұруымызды, жол шығынымызды жергілікті меценат Бидайбеков Айбол Жасұйымы көтеріп, сыйлы ағаларының, делегация мүшелерінің ыстық ықыласына, алғысына бөленген еді.
Тағы бірде Ысқақ Тәукейұлы, Өмір Кәріпұлы үшеуіміз Абай қаласына барып, белгілі әнші Бота Ноғаеваның шығармашылық кешіне барып қайтқан болатынбыз.
Ысқақ Тәукейұлының шығармашылық еңбегі қашанда жоғары бағаланды. 2003 жылы Қарағанды облысында «Үздік сазгер» атанса, 2010 жылы «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» құрметті атағына ие болды. Ол Моңғолия және Қазақстан Композиторлар одақтарының мүшесі ретінде де ұлттық өнердің өркендеуіне сүбелі үлес қосты.
Өнерге адал ғұмыр кешкен көрнекті сазгер 2013 жылы 76 жасқа қараған шағында жарық дүниеден озды.
Марқұм сазгердің өмірлік жары Тахау Шолпан апа бүгінде Ақадыр кентінде ғұмыр кешіп жатыр. 82 жасқа келген аяулы ана – отбасының ғана емес, бүтіндей бір әулеттің ұйытқысы, берекесі. Ысқақ ағамен бірге тағдырдың талай белесін еңсеріп, өмірдің ыстығы мен суығына төтеп бере жүріп, жеті ұл, екі қызды дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірді. Бүгінде сол ұрпағы тамырын кеңге жайып, үлкен әулетке айналды. Қазіргі таңда ұлдары Болат, Шәдет, Ержан, Бауыржаннан, келіндері Гүлден, Баршагүл, Шәрбат, Күлизадан 13 немере, 5 шөбере сүйіп отыр. Ал қыздары Калимат, күйеу балалары Бисолдан, тағы бір қызы Кәмшаттан 5 жиен немерелері бар.
Бұл дегеніміз – әулеттің берекелі ғұмырының, ұлағатты тәрбиесінің айқын көрінісі. Ана жүрегінен тараған мейірім мен тағылым ұрпақтарға жалғасып, әулеттің шамшырағы болып қала бермек.
Әңгімемізді қорытындылай келе, композитор Ысқақ Тәукейұлының өмір жолы – тек ноталар тізбегі емес, жүрек дүрсілінің әуенге айналған сырлы шежіресі дер едім. Ол уақыттың үніне құлақ түріп, халықтың мұңын да, қуанышын да сазға қосып, мәңгілікке аманат етті. Әрбір шығармасы – жанның тереңінен тамыр тартқан толғаныс, әрбір әуені өмірдің өзіндей сан қырлы. Себебі бұл – әуенге айналған тағдыр. Тағдырдың талайлы жолдары, жүректің нәзік қылын тербеген сәттері, бәрі-бәрі саз тілінде сөйлеп тұр.
Осындай дарын иесінің шығармашылығы өзі кетсе де, уақыт өткен сайын қайта жаңғырып, тыңдарман жүрегінен орын таба беретіні анық. Өйткені шынайы өнер – өлмейді, ол тек жаңа буынмен қайта түлеп, мәңгілік әуенге айналады…
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
