Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани тұғыры. Мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтіп, оның қоғамдық қолданысын арттыру жолында еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегін дәріптеу – ұлттық құндылыққа көрсетілген құрметтің бір көрінісі. Осы мақсаттағы игі бастамалардың бірі – Ахмет Байтұрсынұлы атындағы облыстық «Үздік оқытушы» байқауы. Биылғы сайыста Қарағанды облысының ең үздік қазақ тілі оқытушысы анықталып, жеңімпаз республикалық кезеңге жолдама алды.
Қарағанды облысында өткен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы облыстық «Үздік оқытушы» байқауының бас жүлдесін Балқаш қалалық Тілдер орталығының әдіскері Айнұр Байымбетова иеленді. Енді ол өңір намысын республикалық кезеңде қорғайды.
Байқауға мемлекеттік және жекеменшік тіл орталықтарынан жеті оқытушы мен әдіскер қатысып, өзара бақ сынасты. Қатысушылар кәсіби портфолиоларын таныстырып, ашық сабақтар өткізіп, оқыту әдістемесі бойынша теориялық білімдерін ортаға салды.
Сайыстың негізгі кезеңдерінің бірі – практикалық тапсырмалар болды. Қазылар алқасы әсіресе осы кезеңге басымдық берді. Қатысушылар В2 деңгейіндегі тыңдаушыларға сабақ өткізіп, тіл үйретудің заманауи әдістерін, тілдік дағдыларды дамыту тетіктерін және цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін көрсетті.
Бас жүлде иегері Айнұр Байымбетова қазақ тілін оқыту саласында сегіз жылдан бері еңбек етіп келеді. Оның айтуынша, байқауға дайындық айтарлықтай ізденіс пен жауапкершілікті талап еткен.
– Жоғары нәтиже көрсету үшін көп нәрсені қайта еске түсіріп, тыңғылықты дайындалуға тура келді. Дайындық шамамен екі айға созылды. Жеңімпаз атанғаныма өте қуаныштымын. Байқау қызықты әрі шын мәнінде тартысты өтті. Біз жаңа әдістемелермен танысып, құнды тәжірибе алмастық. Алда республикалық кезең күтіп тұр, сондықтан оған дайындықты жақын күндері-ақ бастаймын, – дейді бас жүлде иегері.
Байқау қорытындысы бойынша бірінші орын Шахтинск қаласындағы «Бастау» оқу-әдістемелік орталығының оқытушысы Әлия Еппаеваға бұйырды. Екінші орынды Балқаш қалалық Тілдер орталығының әдіскері Мөлдір Балғабаева иеленсе, үшінші орын Теміртау қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің оқытушысы Досжан Нұрсейітовке берілді.
Білім бәйгесі аясында қатысушылар үшін арнайы оқыту тренингі де ұйымдастырылды. Тренингті «Отандастар» республикалық қорының оқытушысы Әсия Смықова жүргізді. Оның пікірінше, байқауға қатысушылардың кәсіби дайындық деңгейі жоғары.
Оның айтуынша, педагогтер мемлекеттік тілді оқыту барысында кешенді тәсілді тиімді пайдаланып, оқу материалдарын әзірлеу мен сабақ өткізу кезінде жасанды интеллект құралдарын да еркін меңгергендерін көрсетті.
Айта кетейік, байқау қазақ тілін оқыту саласындағы үздік тәжірибелерді насихаттауға, педагогтердің кәсіби шеберлігін арттыруға және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге бағытталған. Мұндай игі шаралар тіл жанашырларының еңбегін бағалап қана қоймай, қазақ тілінің қоғамдағы беделін арттыруға да қызмет етеді.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ
