Қарағандыда ALGA! жобасына қатысатын үшінші және төртінші сынып оқушылары арасында алғашқы Alimkhan Yermekov Cup футбол турнирі өтті. Қарағанды облысының сегіз мектеп командасы республикалық «Балдәурен» турниріне берілетін жолдама үшін бақ сынады.
Жарыс ALGA! жобасы аясында Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицей базасында ұйымдастырылып, 5×5 форматында өтті.
Топтық кезеңнен кейін командалар плей-офф сатысында жарысты жалғастырды. Турнирге қатысудың міндетті шарттарының бірі — команда құрамында кем дегенде бір қыз баланың болуы. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл талап мектеп және әйелдер футболын дамытуға бағытталған.
Турнирге дайындық шамамен үш айға созылған. Осы уақыт аралығында мектептер арасында 12 жолдастық матч өткізілді, ал қатысушылар дене шынықтыру сабақтарында Қазақстан футбол федерациясы әдістемесі бойынша тұрақты түрде футболмен шұғылданған.
Алғашқы Alimkhan Yermekov Cup турнирінің жеңімпазы №19 мектеп атанды. Команда жартылай финалда БТКЛ құрамасын 2:0 есебімен жеңсе, финалда Үштөбе тірек мектебінен 3:1 есебімен басым түсті.
Жеңімпаз команданың капитаны Абылай Рымбек турнирдің ең нәтижелі ойыншыларының бірі болды. Ол жарыс барысында сегіз гол соқты.
— Мен шабуылшы болып ойнаймын. Турнирде сегіз гол соқтым, оның екеуі финалда болды. Футболды жақсы көремін. Жеңіске жеткенімізге қуаныштымын, — дейді оқушы.
Жас спортшыларды қолдауға қатысушылардың ата-аналары да келді. Абай қаласының тұрғыны Дәмелі Көпбаева қақпашы болып ойнайтын ұлына жанкүйер болды.
— Қазір көптеген бала смартфонға көп уақыт жұмсайды. Сондықтан баланың одан бөлек қызығушылығы мен айналысатын ісі болғаны маңызды. Ұлым футболды жақсы көреді әрі мұндай жаттығуларға үлкен ықыласпен қатысады, — деді ол.
Жеңімпаз команданың жаттықтырушысы Қали Қуанған мұндай нәтижеге ALGA! жобасы аясындағы жүйелі жұмыстың арқасында қол жеткізілгенін айтты.
— Мектепте тұрақты жаттығуға барлық жағдай жасалған. ALGA! жобасы аясында біз қажетті спорттық құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етілдік, ал бастауыш сыныптарда аптасына бір рет футбол сабағы өткізіледі. Мұндай жұмыс балалардың ойынға деген қызығушылығын арттырып, командалық рух пен спорттық шеберлікті қалыптастырады, — деді жаттықтырушы.
Турнирдің ерекшелігі — ол кәсіби клуб тәрбиеленушілеріне ғана емес, қарапайым мектеп оқушыларына да мүмкіндік береді. Матчтарды Шахтёр футбол академиясының скауттары бақылап, болашағынан үміт күттіретін бірнеше ойыншыны атап өтті.
Турнир жеңімпаздары жазда Астана қаласында өтетін республикалық «Балдәурен» турниріне жолдама алды. Сапар шығындарын QOFA ұйымы мен жобаның бас серіктесі Freedom Holding Corp. өз мойнына алады.
Қазір ALGA! жобасы Қарағанды, Теміртау, Саран, Абай қалалары мен Үштөбе ауылындағы он мектепте жүзеге асырылып жатыр.
Жоба екі мыңға жуық баланы және 61 педагогті қамтиды. Келесі оқу жылында ұйымдастырушылар жобаны өңірдегі 40 мектепке дейін кеңейтуді жоспарлап отыр.
Өмір БАЙБОСЫН
