Анда-санда бір қыңқыл-сыңқылы болмаса, Оралбектің жүрегі соншалықты осал деп ойламаппын. Орекем дүниеден қайтты деген хабар келгенде есімізден танып қала жаздадым.
«Япыр-ау, бұл қалай болды?» деген ой көкірегімді қарып өтті.
Жасы кіші болса да мен оның атын толық атаған емеспін. Әрқашан «Орекем», «Оркенім» деуші едім. Ол да мені қашан көрсе де «ағалап» алдымнан шығып, қарсы алып тұратын. Сондай мәдениетті жан еді.
Ақтоғайдың Жезқазған облысы болып, одан соң өзіміздің облысқа қайтадан қосылған кезі ғой. Сол уақытта әуелі Жанболат Башар, одан кейін Оралбектің біздің «Орталықтың» Балқаш қаласы және Ақтоғай ауданы бойынша меншікті тілшісі болды. Ақтоғай облысқа қайта қосылғанда өшкеніміз жанғандай, жоғалғанымыз табылғандай қуанышты бір күй кештік.
Бұрын Ақтоғайдың аудандық «Арқа еңбеккері» газетінде қызмет атқарған Оралбегім ол кезде «Балқаш өңірі» газетінде қызмет істеп жүрген болатын. Біздің меншікті тілшіміз болуға қуана келісті.
Алғашқы күннен-ақ жастық жігермен араласты. Мақаласы газеттің әр санында жарық көріп тұрды десем артық айтқандық емес. Оның қалам қайратын сол кездің өзінде байқағанбыз. Қандай тақырыпқа болсын қалам сілтесе, нысанаға дәл тиіп, одан ауытқымай, алған тақырыбын ашып беретін. Оның кейіпкерлері де әр түрлі болды. Бірде еңбек адамы туралы жазса, бірде өнер адамының бейнесін жасап, бірде мұғалім-ұстаздың тәрбие берудегі еңбегін көрсетсе, бірде заң қызметкерінің қыр-сыры мол жұмысындағы қызықты сәттерді оқырманның алдына көлденең тартатын. Ол жазғандарының барлығы да тартымды, оқырманын қызықтыратын, ойландырып тастайтын, мол мағлұмат беретін дүниелер болып шығушы еді.
Біздің «Орталықтың» сол кездегі бас редакторы Мағауия Сембай марқұм: «Балқаш пен Ақтоғайдағы тілшіміз сенімді. Ол жаққа алаңдамаймыз» деп лездемелерде мағмұрланып отырушы еді.
Сол айтқандай әрбір мерекелерге байланысты біздің күткен материалдарымыз сапалы жазылып, уақытымен келіп жататын.
Орекең тек қызметінде ғана емес, күнделікті өмірде де ақ көңіл пейілі мен аңқылдаған мінезінен айныған емес. Жердің шалғайлығына қарамастан, редакцияда өтетін әр түрлі шаралардың бір шетіне ие болып, бел ортасында жүретін. Мерекелік басқосуларда тартынып жатпайтын, домбырасын ала салып, өзінің жағымды майда дауысымен шырқап кеткенде мейірлене тыңдайтынбыз. Сондай сәттерде «мен сөйтіп едім, мен бүйтіп едім» деп өзінің еңбегін бұлдаған кезін, маңғазданған сәтін көрген емеспін. Қашан да аңқылдаған ақжарқын бейнесімен көз алдымда қалыпты. Сол аңқылдаған ақжүрек қалпында дүниеден өтті.
Тағы бір айта кететін жағдай – Орекеңнің жары біздің ауыл Ыстыбұлақтағы Рақымбекұлы Әбілқайыр молланың қызы Асыл еді. Өзінің аты айтып тұрғандай, асыл десе асыл, көрік десе көркі бар Асыл қарындасымыздың шыққан жері де осал емес. Әкесі бүкіл ауылды, тіпті бүкіл ауданды аузына қаратқан, діннен де, қазіргі білім мен ғылымнан да мол хабары бар, сауатты және өте мәдениетті адам еді. Ол кісі талай ескі қиссаларды жатқа айтқанда ешқашан мүдірмей төгіп отыратын. Қойма меңгерушісі қызметін атқара жүріп, діни басылымдарды жаздырып алып оқып жүретін. Асыл аудандық баспаханада қызмет атқарып, кейін әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген соң журналистік қызметті «Арқа еңбеккері» газетінде тілші болып бастады. Кейін Балқаш қаласына қоныс аударған соң да журналистика саласында қызмет атқарды. Асылдың ағасы Қапас екеуміз ауылда бір класта оқыған болатынбыз. Қазір ол Нұрлығайша екеуі Қарағанды қаласында тұрып жатыр.
Орекең журналистика саласында 45 жыл тер төккен екен. Осы еңбегі далаға кеткен жоқ. Уақытында өзінің лайықты бағасын алды. Өзі мүше болған Қазақстан Журналистер одағының арнайы Дипломымен, Қарағанды облысы әкімінің бірнеше рет Құрмет грамотасымен марапатталды. Облыс әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері болды. Қазақстанның Құрметті журналисі атанды. «ҚР Ақпарат саласының үздігі», «ҚР Мәдениет саласының үздігі», «Ұлт мақтанышы» медалі иегері атақтарын алды.
Оралбек бауырымыз газеттің қара жұмысын атқарып, мақала жазумен ғана шектеліп қалған жоқ. Өзінің қолы тиген сәттерде кітап жазумен де айналысты. Ол кітаптарын Алматы мен Қарағандының беделді баспаларынан бастырып шығарды. Мемлекеттік тапсырыспен де шығарған кітаптары бар. Сондай туындылардың қатарынан «Сағынатын күн туар», «Бұғылы мен Тағылының текті ұлы», «Қыстың ұзақ таңы атты», «Мені есіңе ала жүр», «Шаңқай түс», «Алма ағашы гүлдегенде», «Жұлдыздар із тастап ағады», «Алтын аймақтың адамдары», «Ел мен жер» деп аталатын туындыларын атауға болады. Тілі орамды, көркем жазылған мұндай туындыларын оқырман жұртшылық жылы қабылдаған болатын. Қазір олардың қолынан түспейтін дүниелерге айналды.
Қос қаламгердің отбасында Торғын, Арғын, Тоғжан атты үш баласы дүниеге келді. Үшеуі де жоғары білім алып, үлкендері заңгерлік мамандықты таңдаған болса, ортаншылары мемлекеттік қызметте, кішілері есепшілік қызметті игерген. Үшеуі де отбасылы. Орекең ол балаларынан немерелерін көріп, мейірлене иіскеп кетті.
«Аңдыған жау алмай қоймайды» деп дана халқымыз тегін айтпаған болар. Астана қаласына қоныс аударып, Елордада тұрып жатқан шағында сұм ажал қапысын тапты, арамыздан алып кетті. Енді Оралбек бауырымның жатқан жері жайлы болсын, бір Алланың жарылқауында болсын деймін. Артындағы жары Асыл, балалары мен немерелері аман-есен болсын. Орекеңнің көрмеген қызығын солар көрсін.
Сүйіндік ЖАНЫСБАЙ,
жазушы,
Қазақстанның Құрметті журналисі
