Ертеде бір ғұлама айтқан екен: «Адам өмірге ұйықтап келеді, кетерінде ұйықтап кетеді» деп. Шындығында солай екен. Арқаның ақмылтық журналисі, қарымды қаламгер — Оралбек Жүнісұлының ұйықтап кеткеніне де бір жылдың жүзі болды. Сол күні түнде қонақтан кештеу келген менің сырлас досым, һәм құрдасым, Орекең:
– Мен теледидар көріп, сәл-пәл отыра тұрайын! – деп жайлы диванға жайғаса кетіпті.
Арада сүт пісірім уақыт өткенде:
– Ореке тұр, төсегіңді салып қойдым. Орныңа жатып, жақсылап демалшы, шаршадың ғой! – деп Асыл жеңгем қасына барса үнсіз дейді…
– Құдай – ау, сол күнгі үнсіздік… көңілге бірден көлеңке түсірді. Тіпті, үміт жібін үзіп алдық! Қайта-қайта қолын ұстап, бетін сыйпаласам да Орекең оянар емес! Сөйтіп, қас пен көздің арасында «ажал» келіп, арамыздан алып кетті ғой! Ең болмаса, бір ауыз «қоштасу» сөзін естімей қалдым! – деп еске алады Аскең.
Иә, осылайша аяқ астынан әрдайым «айналайын» деп айналасына шапағат нұрын шашып жүретін абзал досымыз қайырылмастан кете барды.
Өкінішті-ақ! Өзекті өртеген сол қайғы-мұңнан қабырғамыз сөгілгендей болды! Көңіл шіркін, әлі күнге дейін сенер емес! Амал қанша, ажалға араша тұра алмадық! Бірақ, оның есімі — есімізде, жылы жүзі – жүрегімізде сақтаулы.
Қайтыс боларынан бір апта бұрын Орекең телефон соқты.
– Әлеке, Арқаның шашасына шаң жұқпас шайыры Балтабай Батталғазин 20 маусым күні Ақтоғай ауданында авторлық кешін өткізгелі жатыр екен. Сол мерекелік шараға сізді, Төрехан, Серғазы және мені шақырып жатыр. Не істейміз? – деді.
Біздер ақылдаса келіп, төрт құрдас бір ауыздан барамыз, жолымыздан жығылмай төрге шығып, төбе көрсетеміз деп уәде байластық. Өкінішке орай, оған төрт көзіміз түгел бара алмадық. Өйткені, Орекең бізді тастап, жербесігіне бет түзеген еді…
Өмір, неткен өктем еді! Аталмыш кеште асыл досымыздан айырлып қалғанымызды естігенде, жерлестері жанарына қимастықпен жас алды.
Баяғыда Жүсіп Баласағұн: «…Тірі өледі, жер қойнауы жатағы. Ізі қалады, болса жақсы атағы!» деген еді. Сол айтқандай Орекеңдей алтын азаматтың артында ұрпағы мен ауыз толтырып айтар атағы қалды. Асылдай сүйікті жары, «Жұлдыздар із тастап ағады», «Сағынатын күн туар», «Алма ағашы гүлдегенде», «Алтын аймақтың адамдары», «Қыстың ұзақ таңы атты», «Мені есіңе ала жүр», т.б.. — тамаша кітаптары қалды. Оқырманнан оң бағасын алған бұл кітаптардың ішінде құнды дүниелер жетерлік.
Ол әрдайым туған жерінің тарихын түгендеп, Ақсораңы мен Қызыларайын, Қараталын, Бегазысы мен Бектауатасын аралап, тың деректерге тіл бітірді. Мысты қаланың мырышын, өндірісті өңірдің ырысын, сол салада еңбек еткен азаматтардың толағай табысын, киелі Ақтоғайдың үш арысын, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің рухани құндылығын – үнемі баспасөз бен кітаптарында жариялап отырды. Өмірінің соңына дейін қолынан қаламын тастаған жоқ. Осы орайда ақын Серғазы Қабылдаұлының Орекеңдей құрдасы қайтыс болғанда:
Көтеріп көкке Балқашыңның бағасын,
Жағалап жүрдің Есілдің ерте жағасын.
Көзмоншақтай кітаптарыңды қалдырып,
«Айналайын!» деп бақиға маңып барасың! – деуі шынайы шындықтан туған шумақ еді.
Орекең бұл өмірде біреудің ала жібін аттаған емес. Қайсы біреулер сияқты қол жайып, тіленшілікке барған жоқ. Марапат пен байлыққа мүлде қызықпады. Тек:
«Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,
Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген ұлы Абайдың ұлағатты сөзін өмір бойы берік ұстанып өтті. Бойындағы бар қажыр-қайраты мен шабытын халқына арнады. Тынбай тер төгіп, сол адал еңбегінің жемісін де, жеңісін де көрді. Қарымды қаламгер, Сарыарқа баспасөзінің саңлағы, Қазақстан Республикасы Ақпарат және Мәдениет саласының үздігі атанды. «Ұлт мақтанышы» медалі мен Білім және ғылым Министрлігінің «Ыбырай Алтынсарин» атындағы төсбелгісін омырауына тағып, Қазақстанның Құрметті журналисі деген жоғары атаққа ие болды. Сондай-ақ «Алтын Сұңқар» сыйлығын жеңіп алып, бірнеше байқаудың дипломымен марапатталды.
Орекең тек қарасөздің қаймағын қалқып алған, қарымды журналист ғана емес, ол мәдениет пен әдебиеттің тұнығынан қанып ішкен, талантты жан еді. Бойына өнер қонған, сегіз қырлы, бір сырлы болатын. Домбырамен ән айтып, күмбірлете күй тартқанда, дастарқан басында отырғандар ерекше сезімге бөленетін. Әсіресе, рухани болмысы мол, дәстүрлі әндерімізді керемет орындайтын.
Қайсыбір жылы біздің үйге соңғы рет келгенде сондай тамаша сәттің куәсі болдық. Төрде отырған Төр-ағам (Төрехан Майбас):
– Ореке, Мүслиманың дастарқан мәзірінен дәм татып отырмыз. Керемет дәмді дайындаған екен, кербез келіншекке арнап, «жігіттердің» атынан бір ән айтып берсеңізші, риза болсын! – деп қолқа салғаны бар.
Төкеңнің әдемі әзіліне жымия күлді де:
– Айналайын, қолың дерт көрмесін! – деп Орекең қоңыр домбыраны қолына алып, әуелете жөнелді…
Бәріміз дастарқан басында «Гүлдәурен» әнін рахаттана тыңдап, риза болдық. Мүслима, тіпті қол шапалақтап жіберді. Шіркін, ән құдіреті ғажап қой!.
Байқап тұрсаңыз: «..Адам өмірі де із тастап ағатын жұлдызға ұқсас. Соңында айта жүрерліктей игілікті ісің, ізгілікті ізің қалғанға не жетсін! Оны уақыт өте келе «Сағынатын күн туар»… (Оралбек Жүнісұлы.) Осындайда атақты Шал ақынның бір шумақ өлеңі еске оралады:
Өлімнен құтылмайсың қашсаңдағы,
Атадан арыстан туып ассаңдағы.
Алладан шыныменен бұйрық келсе,
Жұлдыз да жерге түсер аспандағы!
Иә, Арқа журналистерінің алтын жұлдызы болған менің құрдасым Оралбек, 2025 жылдың 16 маусым күні — тал бесіктен жер бесікке түсіп, мәңгілік мекеніне аттанып кете барды… Алла, алдынан жарылқасын! Артында қалған ұрпақтарына ұзақ ғұмыр берсін! Жатқан жері жұмақ, рухы шат, тәні рахатта болсын!
Кезінде қазақтың дауылпаз ақыны Қасым Аманжолов қайтыс болғанда, әдебиетіміздің көрнекті өкілі, Қазақ поэзиясының абызы Әбділда Тәжібаев:
«Жыл толды үлкен жүрек тоқтағалы,
Біз оны көп айтамыз жоқтап әлі…» – деген екен.
Сол айтпақшы, қарымды қаламгер, белгілі журналист, халқым деп қолынан қаламын тастамаған, еліміздің ерекше мейірім шуағына бөленген, Орекеңнің арамыздан кеткеніне де бір жылдың жүзі болды.
Біз оны әлі талай жоқтаймыз! Сағынып, еске аламыз!.. Есте жүрген естеліктерді жазамыз!
Әли ТОЙЖІГІТ,
ҚР Құрметті журналисі
