Дидарғайып дүние-ай…

Да-а, теперь артерелия смерти бьют

по нашим позициям.

 Б.Момышұлы

Бірінші сыр.

Бала шақтан болашаққа…

1970 жылдардың бас кезі болатын. Мектепке келсем, бірге оқитын балалар шулап жүр. Қолдарында – аудандық «Арқа еңбеккері» газеті. Бір-біріне сөз берер емес.

– Керемет! Қатырып жазыпты!

– Мені де мақтапты!

– Кімді, нені жазыпты?

– Кім жазыпты?

Бағамдасам, тоғызыншы сыныпта оқитын Оралбек деген қысық көз, сары бозбаланың жоғары сынып оқушыларының қатыстырылуымен дайындалып, ауыл клубында қойылған әдеби-сазды кеші туралы етектей мақаласы басылған екен. Таласа-тармаса оқып шықтық. Жас тілші осы кеш туралы өз көзқарасын ой мен сезімді қатар ала отырып жазған екен. Мақала барша оқушылар қауымына кереметтей әсер етті. Бірге асық атып, сөреден құрт ұрлап, волейбол ойнап жүрген Оралбектің біздің қатарымызда ғана емес, бүкіл мектептегі беделі бірден жүз пайызға көтерілді. Өз ортасының осындай қолдауы жас талапкерді ерекше қанаттандырды. Шағын хабарламалар біртіндеп сұқбат, репортажға жалғасып, келелі мәселелерді сөз ететін очерк, мақалаларға ұласты. Ауылда «тілші бала», «жас журналист»  атанды.

Бүгінде талантымен танылған Оралбек Жүнісұлының журналистика аталатын әрі қызық, әрі қиын, қуанышы мен азабы қатар жүретін, бүкіл өмірлік серігіне айналған қастерлі мамандыққа алғашқы қадамы осылай басталған еді. 10 сыныпта оқып жүргенінде аудандық комсомол комитеті ұйымдастырған жас тілшілердің слётіне бірге келдік. Ол кезде менің де «шимай-шатпақ» өлеңдерім мен шағын мақалаларым аудандық газетте жарық көріп жүретін. Ол шақта көтерме жол жоқ, қыстың боранында ДТ тракторымен «Қасабай» бөлімшесіне ара қонып әрең жеткенбіз. Осы бас қосу Орекеңе қатты әсер етті, қайтар жолда «өзінің бар өмірін журналистикаға арнайтыны, болашақ мамандығы туралы көп ізденіп жүргені, Оралхан Бөкеевтей жорналшы болса, еш арманы болмайтыны туралы» сыр шертті. Ол рас та еді, «Жұлдыз» журналынан бастап «Үгітші блокнотына» дейін оқып жүретініне куәлік бере аламын.

Рас, біздің ұрпақтың өкілдері өз замандас, тағдырластарымыздан бөлек бола алғамыз жоқ. Тотолитарлық-әкімшілік жүйе жүргізген саясат зардаптары әрқайсымыздың бойымыздан табылары анық. Ең бастысы ол бізді еркін ойлау мүмкіндігінен айырды, қарапайым жұрт ортасында айтылып қалатын шындықты мектепте, басқа қоғамдық орындарда айтуға тыйым болатынын ерте ұғындық. Жаманы да сол – октябрят, пионер, комсомол болып тәрбиелеген кеңестік идеология біздерді құлдық санаға бейімдеді. Біздерді мәңгүрт болудан аман сақтап қалған да ауылдағы қарапайым қазақтың салт-дәстүрі, бекем ұсталатын әдет-ғұрпы, өнері мен  сыншылдық көзқарасы еді. Олардың бұзылмас тұғыры болған ауылдың данагөй қариялары, соғыс ардагерлері және зиялы қауым өкілдері болатын. Міне, осылардың арқасында ашаршылық зардаптарын, елдің одан шұбырып Балқаштың балығына барып жан сақтауы, «халық жаулары» болғандар және оларды «ұстатқандар», аш отырған балаларына масақ теріп, екі уыс бидай әкеле жатқан әйелді 25 жылға соттатқандар, Отан соғысының айтыла бермес ащы шындығы және «еңбек армиясы мен ФЗО-дан қашқандар», ұлт көсемі Ә.Бөкейхан мен Алаш Арыстары тағдырының ақиқатын біздер жас кезден көкірегімізге түйіп өстік. Әсіресе, Орағаң дәл осыны жақсы білді. Себебі Бөкейхан шыққан төрелер әулеті туған нағашылары болатын. Айғайлап айтуға болмайтын ащы да анық ақиқат болатынын санамызға ертерек сіңіріп ер жеткеніміз анық.

Қазіргімен салыстыра қарағанда, біз өсіп-тәрбиеленген ұлттық орта, заман бөлекше еді. Ол ортадағы адами болмыс-бітім мен тағылым табиғатының өзі неге тұрады десеңізші. Жоғарғы кернеулі электр қуаты жоқ, жарық түнгі 23.00-ге дейін ғана берілетін трактор моторы арқылы жүзеге асырылады. Теледидар біз мектеп бітірген соң ғана пайда болды. Компьютер, интернет, ұялы телефон деген түсімізге де кірген емес. Бары – қабырғада тұратын радио желісі мен кітап қана. Аудан орталығынан аптасына екі рет әкеліп қойылатын кешкі киноға оқушылардың кіруіне рұқсат мүлде жоқ. Мұғалімдер клуб есігінің алдында кезектесіп тұрып алып, мүлде жолатпайды. Тек өздері көрген соң ол фильмде эротикалық, парнографиялық эпизодтар болмаса ғана, ертеңіне көруге рұқсат ететін.  Бойымыз сорайып төменгі сынып балаларымен «детский» киноға баруға намыстанамыз. Бозбалалық шақ өз әсерін тигізбей қойсын ба, жоғарғы сыныпта өзімізше сылқылдаған «жігітпіз». Құрт ұрлауды қойдық, оның орнына жасырып «вечер» жасаймыз, көктем шыға алтыбақан құрамыз. Қыздарға хат жазамыз. Талай сыныптасымызға ұнатқан қызына арнап, өлең жазып бергеніміз бар. Оқу-білімге ұмтылған біздің ұрпақты рухани ашаршылықтан аман сақтап қалған баспасөздегі газет-журналдар мен кітаптар әлемі еді. Біздің ауыл әдебиет пен өнер әлеміне жақын тұратын, кітап оқитын жұртшылық еді. Өріске қой шығарып бара жатқан шопанның қойнында бір кітап, болмаса қонышында «Жұлдыз» секілді журнал кетіп бара жататын. Соның әсері болар, кітапқұмар ғана емес, фанатик болып оқыдық. Ауылға келген жаңа бір кітап болса, кезекке тұрып оқитынымыз таусылмайтын әңгіме.

І. Есенберлиннің «Қаһары» мен А.Нұрмановтың «Құланның ажалы». Ә.Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» романын бір түнге деп, басқалардан жалынып-жалпайып әрең сұрап алып, ондық шамның жарығымен түнімен оқыдық. Бұны айтып отырғанымның басты себебі де Орағаң «осындай кітап шығыпты, қайдан тауып оқимыз» деп оны қолға түсіргенше тыным таппайтын. Кейде өзі тауып алады, кейде мен Алматыда оқитын студент апайыма звондап тапсырып, поштамен алдырамын. Ұмытпасам, К.Оразалиннің «Абайдан соң» атты романын осылай алдырттық. Екеумізді де Абайдан соң не болғаны қатты қызықтырып еді.  Кезектесіп оқып шыққан соң кітап туралы өз көзқарасымызды қадір-халімізше бөлісіп, өзімізше талқылайтынбыз.  Әрине, ол әдеби теориялық талдаудан алыс, тек мазмұндық желі бойынша қабылдаған ішкі әсерімізден мүлде аспай жататын. Сөз өнеріне бағыт алған талабымыз аудандық газеттен басталған, бір таудың екі құлжасындай болған Оркең екеуміздің өмір жолымыз  әдебиеттің екі саласына түсті, ол журналистикаға  нық қадам басты, мен ғылым қуып кеттім. Жасы үлкендерді айтпағанда, өз қатарластары мен жасы кішілердің көбіне «Сіз» және «Айналайын» деп еміреніп тұрушы еді. Немерелес туыстығымызды былай қойғанда, екі жас кіші болсам да, үнемі сіз деп сөйлесуші еді. Алғашқыда әжептәуір қысылып, «сіз демей-ақ қойыңызшы» дегенімде, «айналайын, сіз халықтың адамысыз ғой» деген уәж айтатын.

Бүкіл совхоз аумағында «Социалистік Қазақстан» газетінде істейтін  журналист С.Шиманбаевтан басқа, руханият әлемінен гөрі мал шаруашылығы туралы қалам тербейтін аудандық газеттің штаттан тыс тілшісі саналатын екі-үш адамнан басқа үлгіге тұтатын ешкім болмағаны да ақиқат. Орағаң алғаш қолына қалам алып, өз жазу мәнерін қалыптастыру жолында

О.Бөкеевті ерекше ұстаз тұтты. Оның «Лениншіл жас» газетіне жарияланған «Ақша қардан Аққала жасап өскен досым-ау» атты эссесі жарық көргенде, әр сөйлемін қайта-қайта тамсана оқып:

Ғажап, не деген керемет! Оралханда арман жоқ шығар, осылайша жаза алудың өзі таланттылық қой! Ол өзін ғана емес, мына бізді де жазып отыр ғой. Бізге Оралханша жазу қайда, арман ғой. Ең құрығанда ол сияқты әкеміздің есімін әйгілей алсақ та жетер еді, — деп ерекше тебіреніп еді. Бұл сөзіме дәлелге Орағаңның «Сағынатын күн туар» кітабының 169-бетіндегі мына пікірін келтірсем де жеткілікті болар.

«Менің пірім – Сүйінбай» деп Жамбыл бабамыз айтқандай, мен – «Оралханшылмын». Журналистикада, жалпы өмірде, өнерде темірқазығым – Оралхан, Мұқағали, Жәнібек. Мектепте оқушы кезімде «Лениншіл жастан»  Оралханның «Ақша қардан Аққала жасап өскен досым-ау» атты очеркін оқыдым. Тұнып тұрған сағыныш, іңкәрлік, құрметтеу. Қатар жүрген досыңызды бағалай білгіңіз келсе, тауып алып оқыңыз. Қалам ұстауға жетелеген де осы талантты шығарма болатын» деп жазды да. Осы жерде менің есіме Оралхан жазған:

– Публицистика мен көркем шығарма жазуда дәл менше жазуға еліктегендер де, ұмтылғандар да, қайталағандар да көп болды. Бірақ, көбі менің жазу стилімнен шыға алмай қалып, қияли болып жындыханаға түсті, – деген сөзі түсіп отыр. Орағаң Оралханша жазамын деп жүріп, ол айтқан осы «қиялилыққа» ұшырамай, өзіне тән жол таба білді, өзіндік жазу мәнерін қалыптастырды.

Арабтың бір данышпаны «бала әкесіне де, шешесіне де тартпайды, бала заманына тартады» деген екен. Ақтоғай ауданындағы №3 «Қаратал» орта мектебінде ер мұғалімдер көп болды. Олардың ән-күй, әдебиет пен өнер саласындағы талғамы жоғары болды. Содан да болар, біз олардан үлгі алдық, еліктедік, өнеге тұттық. Ж.Аймауытов: «Қандай мамандыққа арналып туылсаң, сонымен айналыс» деген екен. Орағаң бар өмірін арнаған осы журналистика мамандығына арналып туылған жан болатын. Конфуцийдің: «Менің ақылдылығым сонда: мен өзімді өзім тани алдым» деген сөзі бойынша алсақ, Орағаң өзін өзі тани алған және басқаларға таныта алды, босқа өмір сүріп жүрмегенін  бекем білді.

 

Екінші сыр.

Арман алға жетелегенде…

Білікті журналист, шамам келсе, жазушы болсам деген асқақ арман жас талапкерді бүкіл республикадағы жалғыз ғана ҚазМУ-дегі журналистика факультетіне баруға жетеледі. Үш жыл бойы аудандық, облыстық газетте жариялаған бар туындысына, алтын ұя мектебі берген білім нәріне сенген болатын. Тағдыр шығар, «таудай талап пен бармақтай бақтың» бір нүктеде кездеспегендігінен болар, жолы болмады. Азаматтық борышын өтеуге әскерге аттанды, сол кездегі дәстүр бойынша қимастықпен шығарып салдық.  Алманияда (ГДР) болған екі жылда Оркең керемет есейіп, өмір көріп, алып ұшқан романтикадан арылып оралды. Ә.Бөкейхан бастаған Алаш арыстары тағдырын, колхоз құруды, 1931-32 жылғы ашаршылықтың, соғыс кезіндегі тыл өмірінің ақиқатын жастайынан зердесіне тоқып өскен жас өрен қатал өмірге кеңестік идеология саясаты тұрғысынан емес, халықтық таныммен қарай бастады.

Арман алға жетеледі. Өз шығармашылығына жол ашып, сәт сапар тілеген «Арқа еңбеккері» газетіне жұмысқа орналасты. «Менің де айтарым бар» деп қолына қалам алған жас тілші жолы қай қиырды шарламады, кіммен сыр бөліспеді!? Аптап ыстықта, қыстың қырауында шопан еңбегін жазсам деп кыстаққа жем-шөп тасыған ДТ тракторының кабинасында селкілдеген, озат еңбеккерден сұхбат алам деп қара суықта фермаға жүрген жүк машинасының үстінде талай дірдектеген. Сонау «Ақдалада» мал азығын дайындап жатқан шөпшілер бригадасының қосында да түнеген. «Редакцияның тапсырмасымен келдім» деп кекіреймеген тілшіні қарапайым еңбек адамы да жанына жақын тұтты. Сондықтан да партияның жалаулатқан қызыл сөзін емес, өмір, заман, еңбек, келешек  туралы ой бөлісті, сыр ақтарды.

Елдегі құйма құлақ қариялардан ел тарихы мен өмір заңдылығын үйренген. Редакциядағы алдыңғы толқын ағаларынан бұқаралық ақпарат құралдарының барлық болмыс-бітімін ұққан, қалай жазудың қыр-сырын меңгерген.  Журналист болу дегеннің  қайда табыс, қайда кемшілік  болса, қалт жібермей қадағалап, жар сала жарқырата  жазу, әділін айтам деп атақ шығару  ғана емес екенін ұқты. Әр мақала, очерк, фельетон соңында адам тағдыры тұратынын түсіну бар да, оны азаматтықпен түйсіну бар. Ол кезде тілшілер арасында көп сынасам мықты журналист атанып, билік басындағыларға жағам деген көзқарас та болғаны жалған емес. Басынан-ақ ондайдан аулақ жүрді. Партия сьезіне делегат болу үшін қарапайым халықтың малын қамап, ет жоспарын орындап, орден таққандарды жазудан гөрі, сөмкесін арқалап-ап жол тосып барып, шөп шауып жатқан бригададағы қолының қарамайы қанша жуса да бір кетпейтін қарапайым механизатордың образын жазуға аттануды дұрыс санады.

Жазғанда жүрек қалауын, өмірдің талабын жырлауды мақсат етіп қойған журналист болуға ұмтылды, бала кезден үкілеген  үмітінің үддесіне  шығуға талпынды. Дәлел керек болса, осы салада қырық бес жыл қалам тербеп, тер төккен тәжірибелі журналист О.Жүнісұлының ғұмыр жолы мен кітаптарына зер салыңыз. 1974 жылы Ақтоғай аудандық «Арқа еңбеккері» газетінің тілшісі болып бастаған ол кейіннен Қарағанды және Жезқазған облыстық газеттерінің меншікті тілшісі, Приозерск аудандық «Ленинский путь» газетінің бөлім меңгерушісі, Балқаш қаласындағы «Балқаш өңірі» және «Сырлас» газеттерінің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды. Әдебиетте де өзіндік қолтаңбасы бар қаламгер ретінде танылды. «Сағынатын күн туар», «Бұғылы мен Тағылының текті ұлы», «Қыстың ұзақ таңы атты», «Мені есіңе ала жүр», «Шаңқай түс», «Алма ағашы гүлдегенде», «Алтын аймақтың адамдары», «Жұлдыздар із тастап ағады», «Ел мен жер» және тағы басқа кітаптары жарық көріп, оқырман қауым тарапынан жоғары бағаға ие болды. Олардан кез келген оқырман кешегі кеңестік кезеңдегі дәуір шындығын, ел өмірінің шежіресін ғана емес, жеке адам тағдырын, олардың өмір баспалдақтарын оқып білері анық.

Сонда қолына қалам ұстағаннан бері «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақылды өз қаламгерлік еңбегінің кредосына айналдырған О.Жүнісұлының «жаныңда жүр жақсы адам» деп жар салуға ғана құштар жан екеніне көз жеткізер едіңіз. Ұлттық журналистикада өзі ұстаз санайтын, үлгі алатын О.Бөкейдің «Адамдардың жан-дүниесі қатпар-қатпар… үңіле біл, түсіне біл» деген ұлағатын қай мақаласының кейіпкерін жазса да назарда ұстағанына куә боласыз. Қандай да болсын тақырыпқа қалам тартпасын, өз кейіпкері туралы жалаң деректер мен жалпақ шешейлік мақтаулардан алыс тұруға деген ынта-жігер сезіліп отырады. Ел мен жер шежіресіндегі тарихи деректерді көп білуімен қатар, оны сол мақаласында айтайын деген идеясына тығыз қиюластырып отыру шеберлігіне еріксіз тәнті боласыз. Бұл пікірді партиялық ұйымдар мен әкімшіліктер тарапынан берілген тапсырмамен жазылған мақалаларын алып тастап айтып отырмыз. Дауылпаз ақын Қ.Аманжолов «Жаман өлеңдерім жақсы өлеңдерімді асырады» деп  айтқанындай, науқандық мақалалары тамаша туындыларына азық болды.

Кешегі кеңес дәуірі дегенде, сол «өткеннің бәрі жаман» деген нигилистік ұғымда сөйлеп-жазуға тым құмар болып барамыз. Тарих – қашанда тарих. Жақсысы мен жаманы қатар түсіп отырған сол дәуір – Тоқырауын арнасындағы Ақтоғай, Балқаш аймағын мекендеген қалың елдің заман талабына сай бастан кешкен  ғұмырнамасы. Мысалы, 1970-80 жылдардағы ауылдағы өмір жолын бастаған жалындаған жас ұрпақтың арманы мен қиялы, сыры мен мұңы бүгінде О.Жүнісұлы жазған көсемсөздерде сайрап жатыр. Жазда ыстыққа, қыста аязға тотыққан еңбек адамынан «қой сұрамай, ой сұраған» журналистің көсемсөздеріндегі әрбір кейіпкер ел игілігі үшін еңбек жасамады дегенге кім сенер!? Бір ғана мысал. «Өркенді түлікті өрге тартқан өрендер», мақаласындағы «Арай»,  «Үркер ауып барадыдағы» «Екпін», «Өмірдің жолы сан тараудағы» «Дархан» аталатын комсомол жастар қой өсіруші бригадаларында еңбек еткен сол ұл-қыздар бүгінде немере сүйіп отыр.  Журналист жазғандай өмірдің сан тарау жолына түскен солар асқақ романтикаға толы жастық шағын іздесе, осы мақалалардан тауып алып, еріксізден біресе күліп, біресе жылары сөзсіз. «Шұбартаулықтардың» бастамасымен «бүкіл қазақ жастарын қойшы жасау керек» деген безбүйрек заманның ақиқаты да осында жатыр. Кітаптарындағы әр мақала, сұқбат, очерк, көсемсөздеріне жанрлық тұрғыда ғылыми талдау жасалса, қаламгерлік және журналистік шеберлігін тануға болады.

 

Үшінші сыр.

Тұлғалық тұтастық…

О.Жүнісұлы – өмірді сол қалпында боямасыз ұғуға және түсінуге бар жанын салатын журналист болды. Сол себептен де шығар, ол жазған кейіпкерлердің көбі – қарапайым еңбек адамдары. Оларды жанына жақын тұтты, құрметтеді, мәртебесін көтеруге бар шеберлігін сала жазады. Республикада демей-ақ қоялық, барша облыс көлемінде мақалаларына поэтикалық сарында тақырып  беретін екі-ақ журналист бар. Бірі – осы О.Жүнісұлы екіншісі – Т.Майбас. Мысалы, «Мен сені сүйемін, өмір», «Жалғасын сен айт, сол әннің», «Сіздерді сағынамын, ағалар», «Жүрегіңнің жылуын бер, адамдар», «Біз жүретін жол ұзақ, замандас», «Адамдарға сену керек, бауырым», «Мерейің биік болсын, құлыным» деген тақырып атауын алғаш оқыған адам «мынау бір новелла, естелік-эссе шығар» деп ынтасын бірден аударады. Сонда автор кейіпкерлері болып отырған қарапайым ғана білікті дәрігер, механизатор, заңгер, экономист, шопан туралы ғана емес, осы мамандықтардың қыр-сырының барлық болмыс-бітімімен танысады да тамсанады. Жазушы Флобер «Мадам Вовари» романындағы осы әйел кейіпкерді  «менің өзім» деген екен. Олай болса әр кейіпкерінің адами болмысы журналист-автордың да азаматтық тұлғасын биіктетіп тұрғанына дау болмаса керек.

Сан қырлы публицистикалық жанрлардың өзіндік ерекшеліктеріне сай, кез келген қалам иесі журналистің өз стилін қалыптастыруы өте қиын шаруа. Ал стиль дегеніміз – адам. О.Бөкей, М.Қабанбай, М.Сембай, Т.Майбас секілді көсемсөз шеберлерінің мақаласының тақырып қоюы мен алғашқы азат жолынан-ақ авторы кім екенін біле қоясың. Осы тұрғыдан алғанда, О.Жүнісұлы да өз тұрғыластары қатарында төл стилін берік қалыптастыра білгендігімен ерекшеленеді. Қай жанрда жазса да мазмұндық желісінде ой мен сезімнің қатар өріліп отыруын қаламгерлік шеберлік деп тануға болады. Осы екеуі сабақтаса келіп, табиғат құбылыстарымен астасқан паралелизммен өрнектелгенде, оқырман мақала емес, көркем туынды оқып отырғандай әсерге бөленеді. «Ақсораң – асқарым, Ақтоғай – алтын бесігім» аталатын шағын эссесінен бастап,  «Кеш қайтқан тырналар», «Қараша қаздар қайтпаса екен», «Көкше теңіз, жағаңа көктем кеп тұр» т.б. мақалаларына дейін жалғасқан  авторлық жан толғаныстары оған айқын дәлел.

Францияда Сорбонна университетінің қақ маңдайшасына «Құдай бермеген талантты саған университет бере алмайды» деп жазып қойған екен. Дау тудырмайтын аксиомалық даналық та осы. Арқа журналистикасының ардагері дәрежесіне дейін көтерілген, осы мамандақтың қыр-сырын үйретіп, ізбасар шәкірт тәрбиелеген Орағаңның  бойындағы көсемсөз шебері ретіндегі қалам құдіретін танытқан таланттылық табиғи  жаратылыстан еді. Ол қаншама пассионар тұлғаларды тудырған Ақтоғайдың қасиетті топырағы болатын. Бұған тау баласы асқар шыңдарға құмартып өсетініне орай, «Қызыларай» тауының әсем табиғатын  қосып қойсақ та болады. Содан да болар ол ғұмыр бойы сұлулық әлеміне іңкәр болып ғұмыр кешті. Жай адамдардан да, кейіпкерлерінен де жан жылуын, өмірге құштарлық пен әсемдік әлеміне іңкәрлік пен сағыныш іздеді. Ф.М.Достоевскийдің «Сұлулық әлемді құтқарады» деген сөзін ретті жерінде үнемі айтып отыратын.

Бір кезде «Арқа еңбеккері» атанған аудандық газеттен бастап сан түрлі БАҚ-да  жұмыс атқарған О.Жүнісұлы қандай да болсын ұжым арасында азаматтық тұлғасымен және дарынды журналист ретінде таныла білді. Әр редакцияда айлар, жылдар бойы төгілген маңдай тердің өтеуі – бүгінгі қол жеткізген абырой-беделі. Оған Қазақстан Журналистер Одағының арнайы дипломы мен Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасы дәлел.  Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері, ҚР-сы Білім және ғылым министрлігінің «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгімен марапатталуы айғақ. Орағаңның газет редакторы болғанда қаншама ұлтқа қызмет жасасам деген талапкерге журналистика атты кең сарайдың есігінен именбей аттауына жасаған қомқорлығын шәкірттері әрдайым айтып та, жазып та жүр.

 

Түйін

«Тораңғы бүршік жарған» кезде «Қайрылып құстар келгенін» күткен «Жағасына көктем кеп тұрған Көкше теңіз» – енді «Көктемде келген қарлығаштары» мен «Кеш қайтқан тырналарын»  оғлан перзенті Орағаңсыз қарсы алуға мәжбүр. Өзі жазғандай, міне, енді Орағаңсыз да «Күн батып барады», сәл уақыттан соң «Шұғыладағы жұлдыздар туады», одан соң «Үркер ауып бара жатады» да «Қыстың ұзақ таңы атады». Ол «Жүрегінің жылуын берген адамдарға» бүгінде «Сағынатын күн де туды», енді «Сағыныш ғұмырға» айналып,  біз әрдайым кездескенде осы сөзбен бастап, қоштасарда да айтатын  «Айналайынын» аңсап та үлгердік. «Қараша қаздар қайтпаса екен» дегенімізбен, «Өмір жыры» кенеттен үзілді. «Біз жүретін жол ұзақ, замандас!» деп аманаттап кеткен қалам киесіне адал болған аруағы «Тіл-көзден аман бол, бауырым!» деп айналамызда ұшып жүр. Бұлданып келіп, ұрланып кеткен ғұмыр-ай…

Жандос ҚОЖАХМЕТҰЛЫ,

филология ғылымдарының докторы, профессор