Шуағын шашқан жан

Қадірлі, өз елінің сүйіктісі болған,  басқаға да мейірім шуағын шашып тұратын Оралбек бауырымыз жөнінде шағын да болса жұрт көңіліне әсер беретіндей сөз айтқым келеді.

Шын аты Қабылбек болатын. Менен он жастай кіші. Кезінде өмірден ерте кеткен ағасы Ғафумен жолдас болып едім. Кейіннен екеуміздің тым жақсы араласып кетуімізге осы жай да себеп болды ма деймін.

Оралбектің адами қасиеттері, ерекшеліктері көп болатын. Ең басты қасиеті – біреудің мұқтаждығына тым жаны ашып тұрушы еді. Әсіресе, біреу жұмысқа орналаса алмай жүрсе, соған көмектесуге тырысушы еді, онысы сәтті болып жататын. Себебі Оркең Ақтоғай, Балқаш өңірінде газет жұмысында, яғни қаламы қарымды журналист бола жүріп, көп адамдармен сыйлас, істес болған… Халық та, басшылар да адам көңілін таниды ғой, сондықтан да Оралбектің ара түскен жағдайларына олар оң көзбен қарайтын. Ол өтініш етсе, шешіп беруге тырысатын. Өйткені, Оралбектің салмағы сол жылдарда өтімді болды, кейіннен Балқаштағы қалалық газетте бас  редактор болған кездері Оралбектің аты асқақтап тұрды десем артық айтқандығым емес.

Өзінің шығармашылық қарымы да, таланты да әлеуетті еді. Сөз сиқырын, шеберлікті бірдей игерген оның қаламынан жақсы адамдар туралы, еңбек адамдары жайлы очерк, суреттемелер басқа да көлемді туындылар, кітаптар шықты. Өте әсерлі, жүректен шыққан мәтіндері жұрт жүрегінен орын алып жататын. Өнерге жақын болғандықтан өнер адамдары туралы да көп жазды, газет беттеріне солардың шығармашылығын әйгіледі. Оның бәрін қазір санап тауыспаспыз, бірнеше томға жүк боларлық дүниелер жатыр мұрағатында.

Оралбек ғажап әнші болатын. Халық әндерін, қазіргі әндерді  кәсіпқой әншілерден артық орындайтын. Алланың берген  табиғи тамаша дауысы бар еді. Ең соңғы рет Жұлдыз Тойбек қарындасымыздың баласы үйленген тойында бірге болдық. Қосшы қаласында өткен тойға құдалар Атыраудан келген екен, баршасы Оркеңнің өнеріне тамсана қол соғып, риза болысты. Оркең үнемі «Адамдарға қуаныш, шаттық сыйлағанға не жетсін!» деп айта жүретін. Әрқашан да жан-жағына, адамдарға қуаныш сыйлап, содан өзі шаттанушы еді. Сол жолы «Гүлдариға» әнін айтты, жастарға тілегін жеткізіп, фотоға түсіп, жарқылдаған көңілмен жүрді. Екі күннен кейін суық хабар естідік.

Жалпы қазақ «жақсыда жаттық жоқ» дейді ғой. Қарапайым, көпшілдігімен жүрген ортасын баурап алатын көркем мінезді Оралбек бауырым қай ортаға барса да сыйлы, құрметті болды, сондықтан  әрқашан төрден орын бұйыратын. Әсіресе өз ортасын тапқан кезде ақсары жүзі күреңітіп, ойын тойдың сәніне айналып кете беретін. Бұл тұрғыда ол нағыз сегіз қырлы, бір сырлы жан болғанын сағынышпен еске аламын.

Кейінгі жылдары жүрегінен зардап шекті сәтті ота жасатты, сонда Қарағанды қаласында  осы ота кезеңінде жанында болып едім. Ондаған жылдар тамаша келе жатыр еді, ақыры жұрт қамын көп жеген Орекең сол салмақты қанша көтергенімен де ақыры кетіп тынды.

Мұхамедқали БАЙМҰХАНОВ,

гуманитарлық ғылымдар профессоры,

шығыстанушы