Артыңда атың қалды жақсы деген

Менің өмірім үнемі жол үстінде өтіп келеді.

Сеніңіз замандас,жол үстінде тағдыр бар.

(Ағаның қойын дәптерінен)

Баяғы балауса шақтардың,

Есігін көңілім қақты әр күн.

Мен-Мәдина жақтанмын,

Сен-көзісің сақтардың. 

Абзал БӨКЕН

 

Оралбек ағаны да Қараөткелдегі жер қойнына табыстағалы жыл толыпты. Көңіл құлазып, іштегі шемен қоздайды. Оқырмандарының  жандарын жайдарлы жаз, көңілдерін  думанды жайлау еткен, қайран аға! Сіз көкке ұшып кеткелі жайдарлы жаз бен думанды жайлаудың базары да, ажары да тоналғандай. Сұм ажал төтеден килікті. Жаны жайсаң, көңілі көпшіл  Оралбек Жүнісұлының  қазағына берері көп болатын. Ар-ұяттың есігін күзеткен Оралбек ағамның  бойынан күллі ізет көрініп тұрушы еді.

Өтпелі күн естеліктерді еске салады. Жаза бергісі келетін жақсы ағам жайлы ердің жасы 50-ге келгенде  «Сөзіңізді тыңдап, өзіңізді сыйлап, жақсы ағаның жақсылығын естіген сайын біздің де мерейіміз қоса тасысын» деп жазыппыз, оғанда 22 жыл өтіпті.  «Таудың үлкендігін тау ішінде жүріп білмейсің»  деген халық даналығы бар. Тірісінде аға еңбегінің ортаға, қоғамға тигізіп жатқан пайдасын аса бағамдамаппыз. Бірақ орталық өңір бойынша жұртына жаққан, жақын болған жалғыз  журналист  — марқұм Орекең еді. Ақтоғай журналистикасының қара нарлары: Смағұл Ыбыраев, Қасжан Ағеділов, Қасымхан Қаленов, Қасым Орынбетов, Рымбек Мәмбетов, Балтабек Әбеуов, Төкен Оразбековтер жас журналистің тұсауын кесіп жол сілтесе, Алты алашқа танымал ақиық ақындарымыз Дәуітәлы Стамбеков, Абзал Бөкен, Серік Ақсңқарұлы, Үмітай Жармағанбетовтармен иық тіресе жүріп, халқына қызмет жасады. Кейіннен жас буынға өзі қамқоршы атанды. Ұлы  Абай  айтқандай бар ғұмырын «Ақырын жүріп анық басып өткен» аяулы аға  бойына Алла дарытқан  қабілетпен артында өлмейтін жаңа толқын жас буындармен табысатын көкейкесті журналистік жазбаларын, суреттеме, сыр-сұхбаттарын қалдырды.

«Балқаш өңірі» газетіне басшылық жасап жүрген кезде сөз өнеріне бейімі бар бір топ жастардың газет төңірегіне топтасуына зор ықпал жасады. Орекең өзін бірнеше буын қаламгерлердің шоғырын шығарып, қанаттандырған қара шаңырақ «Арқа еңбеккері» газетін аяғынан тік тұрғызып, ұлы көшке қосқан, көреген басшы «Смекеңнің шинелінен шыққандармыз» дейтін.

Еңбек жолын 1974 жылы басылымда тілшіліктен бастапты. Біз онда 7-ші сыныпта оқиды екенбіз. Мен қарындасы Күлғайшамен бірге оқыдым. Есейе келе араластығымыз басталды. Туған жердің қадір- қасиетін сезіну, сұлулықты тану, тарихыңа үңілу, адамдарын құрметтеу – осынау қыры-сыры көп тәлім-тәрбиенің бастауында біз үшін Оралбек аға тұрды. Аңсары ауылға ауатын да тұратын. Оралбек ағалар сияқты бізде ашығанды аңсап, уызды сағынатынбыз, көре салып қуа жөнелетін қозы мен бұзауды сағынатынбыз. Ай астында, алтыбақан қасында ән шырқап тұрған ағаның дауысын естіп өстік. Жұрты  қарымды қаламгер деп таныған ағаның маған ең бірінші қарапайымдылығы ұнайтын. Ішкі жан дүниесі ғана емес, жүріс-тұрысы, киім киісі, сәнді сәлемінің өзі алдыңғы аға буынның қандай болу керек екенінен хабар беріп тұратын. Жанына жанаса кеткен жанды  «айналайын» деген сөзінің кіріспесімен бірден өзінің  бауырына тартып алатын. Қолына қазақтың қара домбырасын алғанда кез келген әнді ерекше нақышпен, нәзік сезім, жүрекпен шырқайтын. Үнінде, әнді орындау шеберлігінде өзіне ғана тән әдемілік үйлесім тауып жататын.

Үйреніп қалған тілім сайрапта кіл,

«Осы әндей ән шырқалмас, аймақта бұл.

Гүлдариға-деймін мен, бар ма өмірде,

Бар болса айтшы ағатай, қай жақта жүр?» – деп ақын Ілияс бауырымыз «А-хау, Гүлдерайым» жырында  сөзіміздің ақиқаттығына көз жеткізгендей.

Осындай жақсы ағалардың шарапаты тиді ме бізде редакцияның табалдырығынан имене аттап, бүгінде журналист атандық. Өмір, бейімділік журналист атандырды. Жазумен айналысатын адамдардың мінез-құлқын былайғы жұрт онша түсіне бермейді. Журналист ой адамы, ойсыз бір күнін өткізбейді, араласпайтын саласы жоқ шығар, сірә. Жаманнан жеріп, жақсысыны көрсе жаһанға жар салатын журналистік жолда сүрінсек сүйеп, жаңылсақ түзеген аяулы ағалар осы саладағы апайларымыз арқа сүйер тіреу болды. «Айлас аналар мұңдас» дегендей бізде аудандық газетті басқардық, Әріптес ретінде байланысымыз бұрынғыданда нығая түсті. Орекеңнің қара шаңыраққа соғуы құда қарсы алып, қыз шығарып салғандай әсерге бөлейтін. Жақсы ағаның жолына қарап тілекші болып отыратын қыздарымызда бір жасап қалатын.

Орекеңнің жары, ҚР Журналистер одағының мүшесі Асыл Әбілқайырқызы да осы қара шаңырақтың түлегі. Сондықтан да болар қос жұпқа деген ұжымның ілтипат ықыластары ерекше көрініс табатын. Қызмет бабымен Көкше көлдің жағасына ойыстық, қос ағам қарсы алды. Бүгінде екеуі де бақилық болыпты. Бірі Орағаң, екіншісі Қараман Айтжанұлы. Оқырманымен ойы ортақ Оралбек аға жайлы талай шәкірті әлі де тебірене жазар. Әрине, ол уақыт еншісінде. Қазақы қағидаға сүйенсек сөзі тірі адамның — өзі тірі. «Смекеңнің шинелінен шыққандармыз» деп өзіңіз айтпақшы, тонның ішкі бауындай бауырларыңыз барда сіз жайлы жазылары һақ.

Сіз өзі көпшіл едіңіз ғой, Ораға, қазағыңызға береке, мереке тілеп жатқан боларсыз. Ләйім, солай болғай.