Бруцеллезден сақ болайық!

Бруцеллез – жеңіл қарауға болмайтын, адам денсаулығына қатер төндіретін қауіпті дерт. Ол адам мен жануарға ортақ таралатын аса қауіпті жұқпалы аурулардың бірі. Бруцеллезді сарып немесе сал ауруы деп те атайды. Адамдарға ауру малдан жұғады, адам денесінің буын, жүйке, жыныс мүшелерінің зақымдануына әкеледі.

Бұл дерт мал шаруашылығы дамыған аймақтарда жиі кездеседі және халық денсаулығына, ауылшаруашылығына үлкен зиян келтіреді. Мамандардың мәліметінше, бруцеллезбен ауырған адам ұзақ уақыт ем қабылдауға мәжбүр, ал ауру асқынған жағдайда еңбекке қабілеттілігін де жоғалтуы мүмкін. Бұл әсіресе балаларда, уақытылы емделмесе, жыныс мүшелерін зақымдап, кейін ұрпақсыз қалдыру қаупін тудыруы мүмкін. Ал жүкті аналарда – уақытынан бұрын босануға әкеп соқтырады.

Бруцеллез қауіпті, өйткені көп жағдайда ауырған адамдарда инфекцияның созылмалы түрін дамытады, егер медициналық көмекке уақытылы қаралмай және емделмесе мүгедектікке әкеліп соқтыруы мүмкін. Бұл аурудың ерекшелігі – инфекциядан кейін адамда аурудың өткір кезеңі болмай, клиника бірнеше айдан, тіпті бірнеше жылдан кейін пайда болуы мүмкін.

Аурудың негізгі қоздырғышы бруцелла деп аталатын бактериялар, бұл микробтар сыртқы ортада ұзақ уақыт сақталады, мал өнімдері арқылы адам ағзасына оңай жұға алады, әрине сақтық шараларын сақтамасаңыз.

Адам тез шаршап, тамаққа зауқы соқпай, басы ауырып, делсал болады. Емделмеген жағдайда ауру күшейіп, науқастың дене қызуы 38-39 градусқа дейін көтеріліп, қол-аяғы сырқырап, белі ауырып, түнге қарай малшынып терлеп, ұйқысы бұзылып, мойын, қолтық асты, шабының бездері ісіп ауырады. Дәрігерлерге көрінбей, өз бетінше емделген жағдайда ауру созылмалы түрге айналып, науқас адамның белі шойырылып, қол-аяқ буындары ісіп, қозғалтпай, ауырып, әрең бүгіледі. Буын-буындарға сары су толып, буындардың қалыпты түрі өзгереді. Ауру 2-3 жылдан көп жылға дейін созылып, кейбіреулер жұмысқа жарамай сал, мүгедек болып қалуы ықтимал.

Ауру қоздырғыштары адам денесіне әсіресе мал төлдету, оны бағып-қағу, ауру малды сою, жіліктеу, немесе жүнін қырқу кезінде тері арқылы енеді. Ал күнделікті тұрмыста ауырған малдың қайнатылмаған сүтін ішкенде, сол сүттен дайындалған қаймақ, сарымай, ірімшік, шала пісірілген ет тағамдарын пайдаланғанда жұғады. Сол сияқты, ауылды жерлерде отын ретінде мал тезегін дайындау кезінде жұғуы мүмкін.

Ауру малдардың ішіндегі ең қауіптісі ұсақ мал (қой, ешкі). Ауру қоздырғыштары сыртқы ортаға ауырған малдардың тезегі, қиы, зәрі, шуы, тағы басқалар арқылы бөлініп тарайды.

Ауруды жұқтырмау үшін не істеген жөн, ең алдымен: сүт және сүт өнімдерін тек ветеринарлық бақылауы бар дүкендерден немесе базарлардан сатып алу. Ауылшаруашылық малдарынан алынатын өнімдерді термиялық өңдеуден кейін тұтыну, яғни етті мұқият қуыру, сүтті толық қайнату. Ауылшаруашылығы жануарларын асырау, күту, бағу кезінде гигиенаны толығымен сақтау, қолды сабынмен жуу, қорғаныс құралдарын (қолғаптарды) пайдалану, әсіресе ауру жануарлармен байланыста болған кезде жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау қажет.

Егер Сіз, ауылшаруашылығы жануарларында аурудың қандай да бір белгілерін байқасаңыз, дереу ветеринариялық қызметтің көмегіне жүгінуіңіз керек, ал өзіңізде немесе жақындарыңызда бруцеллезге тән клиникалық белгілер пайда болған жағдайда тез арада медициналық көмекке жүгінгеніңіз жөн. Ертерек аурудың асқынбай тұрған кезінде анықтау, уақытылы ем қабылдау арқылы, аталған дерттен тез айығып, келеңсіз жағдайлардың алдын аласыз. Дәрігерлердің айтуынша, бруцеллез дер кезінде анықталса, толық емдеуге болады. Алайда өз бетінше емделу қауіпті. Сондықтан алғашқы белгілер байқалғанда бірден медициналық мекемеге қаралу қажет.

Сондықтан бруцеллезге бейжай қарауға болмайтын қатерлі дерт. Оның алдын алу үшін әр адам санитариялық талаптарды сақтап, сапалы тағам тұтынуға және мал өнімдеріне мұқият болуға тиіс. Денсаулыққа жауапкершілікпен қарау арқылы ғана бұл індеттің таралуына тосқауыл қоюға болады. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, бруцеллездің алдын алу – баршамызға ортақ міндет.

Сабыржан ҚЫРҒЫЗАЛИ,

Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан ауданының

санитариялық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы