Қарағандыда мемлекеттік және сервистік қызмет көрсету орталығы іске қосылды, онда өңір тұрғындары түрлі мәселелер бойынша кеңес ала алады. Кесте бойынша онда облыс әкімі мен оның орынбасарлары, сондай-ақ басқармалар мен департаменттердің басшылары халықты қабылдайтын болады.
Орталық Арнайы ХҚКО-мен бір ғимаратта, Тәттімбет көшесі, 709 мекенжайында орналасқан. Оның жұмысы туралы аппараттық кеңесте Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев айтып берді.
– Біз тұрғындарға түрлі мәселелер бойынша кеңес беретін мемлекеттік және сервистік қызмет көрсету орталығын ашамыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев. – Осы алаңның негізінде біздің тұрғындармен өз диалог орталығымыз жұмыс істейтін болады. Халықпен барлық кездесулерді енді осында өткізетін боламыз, басқармалардың, аумақтық департаменттердің басшылары және менің орынбасарларым тұрғындармен тұрақты негізде кездесу өткізіп отырулары тиіс.
Кесте құрылды. Халықпен алғашқы кездесулерді Қарағанды облысының білім, кәсіпкерлік, энергетика және ТКШ, сондай-ақ өнеркәсіп және индустриялық-инновациялық даму басқармаларының басшылары өткізеді. Кездесулер 13, 20 наурызда сағат 11.00-ден 13.00-ге дейін және 16.00-ден 18.00-ге дейін өтеді.