Оқытушылардың кәсіби біліктілігі артады

Жақында  Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы  жанындағы Ресурстық тіл орталығы өзара ынтымақтастық байланыс аясында Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетімен  бірлесіп «Мемлекеттік тілді оқыту үдерісі және сандық технология»  тақырыбында облыстық семинар өткізді.

Семинардың мақсаты: мемлекеттік тілді оқытудың әдістемесін жетілдіріп, оқыту үдерісінде сандық технология мүмкіндігін пайдалану жолдарын насихаттау болды. Семинарда ЖОО оқытушылары, Облыстық және қалалық тілдерді оқыту орталықтарының оқытушы-әдіскерлері қатысып, өзара тәжірибе алмасты. Бұл  оқытушылардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында қолға алынған іс-шара болды.

Семинар барысында  «Сандық технология: мемлекеттік тілді оқытудағы жаңа серпін»;  «Жаппай ашық оқу курсы  – қашықтықтан оқыту үдерісін тиімді ұйымдастыру тәсілі»; «ТBL (Team Based Learning) әдісін қолданудың тиімділігі»; «Қазақ тілін IT арқылы меңгертудің тиімділігі»; «Сандық технология аясында қазақ тілін үйретуде веб-оқулықты қолдану» тақырыптарында баяндамалар тыңдалды.

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының меңгерушісі м.а., ф.ғ.к., доцент Қарлығаш Мәуенқызы Хамзина және аға оқытушы, п.ғ.м. Нұржанова Қарлығаш  Қанағатқызы университеттің электронды порталында 30.06.2023 жылы әзірленген сертификат №9401 «Қазақ тілі» В1 деңгейі бойынша «Жаппай ашық онлайн курсы» туралы баяндама жасады.  Аталмыш курс оқу құралы ретінде баспадан жарық көрген және  авторлық құқыққа иеленген (29.05.2023 ж.сертификат №36331).

Жаппай ашық онлайн курстары қашықтықтан оқытуға тиімді  технологиялардың бірі болып саналады. Ол білім алушы мен оқытушы арасындағы өзара байланыс негізінде ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды қолдану арқылы жүзеге асырылатын білім беру түрі. Қазіргі уақытта әлемде төртінші технологиялық революция орын алуда. Яғни, ақпараттың жедел ағындары, жоғары технологиялық жаңалықтар мен әзірлемелер біздің өміріміздің барлық салаларында қолданылады.

Біздің ұсынған «Қазақ тілі» В1 деңгейі бойынша «Жаппай ашық онлайн курсы» туралы баяндамамызда курстың артықшылықтары қарастырылған. Олар: білім беру сапасын арттырады; тіл үйренуші жаңа технология тілін түсінеді; бағалауды бәріне түсінікті етеді; тіл үйренушісі өз еңбегіне жауапты болуға тәрбиелейді; тіл үйренушісінің оқуға деген ынтасын қалыптастырады. «Жаппай ашық онлайн курсы»  кезінде  тіл үйренуші қазақ тілінің төрт дағдысы (тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым) меңгерілетінін айтуға болады.

«Мемлекеттік тілді оқыту үдерісі және сандық технология» тақырыбында облыстық семинар барысында әріптестер арасында ынтымақтастық орнап, ұтымды ұсыныс-пікірлер айтылды.

Семинар соңында Ресурстық тіл орталығының директоры Бибігүл Сәдуқызы мен Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің қазақ тілі және мәдениеті кафедрасы меңгерушісінің міндетін атқарушы, ф.ғ.к., доцент Қарлығаш Мәуенқызы семинарды қорытындылап,  мазмұнды баяндама жасаған спикерлерге ризашылықтарын білдіріп, еңбектеріне жеміс тіледі. Семинар соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.

Қарлығаш НҰРЖАНОВА,

Гүлмира САҒАТОВА,

Әбілқас Сағынов атындағы

Қарағанды техникалық университетінің  

Қазақ тілі және мәдениеті кафедрасының

 аға оқытушылары

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *