Header Banner

Тарихи Отандағы ұмытылмас демалыс

Ақмола облысындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында 7-21 шілде аралығында өткен «Атамекен: қазақ ДНҚ-сын ашу» халықаралық балалар құрылтайы шетелдегі этникалық қазақ балалары үшін үлкен рухани оқиға болды.

Биылғы құрылтайға әлемнің сегіз елінен 288 қазақ баласы қатысса, соның ішінде Өзбекстан Республикасынан келген 53 дарынды, оқу озаты бала Қазақстанға арнайы бөлінген тегін квота арқылы жолдама алды. Олар Көкшетау өңірінің көркем табиғатында орналасқан «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығында 15 күн бойы демалып, тарихи Отанның тарихымен, мәдениетімен, салт-дәстүрімен және ұлттық құндылықтарымен жақынырақ танысты.

Балалар бұл сапар барысында танымдық және шығармашылық бағдарламаларға қатысып, қазақ тілінде еркін сөйлесетін ортаға еніп, әлемнің әр түкпірінен келген қандастарымен достық байланыс орнатты. Сонымен қатар ұлттық өнерді дәріптейтін түрлі мәдени шараға қатысып, туған елдің рухын сезінді.

Өзбекстаннан келген балалар тобын білім саласындағы жастар жұмысы жөніндегі жетекшісі, Өзбекстан қазақ ұлттық мәдени орталығы Білім және ғылым, жастар бойынша төраға орынбасары Клара Садырбаева бастап келіп, олардың қауіпсіздігі мен ұйымдастырылуына жауапты болды. Балалардың сапары жоғары деңгейде ұйымдастырылып, әр күн мазмұнды әрі әсерлі өтті.

Осындай игі бастаманың жүзеге асуына қолдау көрсеткен Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігіне, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына және құрылтайды ұйымдастыруға атсалысқан барша азаматқа Өзбекстандағы қазақ ата-аналары шынайы ризашылықтарын білдіреді.

Әсіресе, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбековке, сондай-ақ қауымдастықтың ұйымдастыру бөлімінің басшысы Қарлығаш Бекпатшақызына шетелдегі дарынды қазақ балаларына ерекше қамқорлық танытып, тегін квота бөліп, тарихи Отанмен қауышуына мүмкіндік жасағаны үшін зор алғыс айтамыз.

Сонымен қатар, Ақмола облысындағы «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының ұжымына, Бурабай өңірінде балаларға жайлы жағдай жасап, сапалы демалыс ұйымдастырған барлық қызметкерге де ерекше ризашылық білдіреміз.

Өзбекстаннан келген балалар тобының жетекшісі Клара Садырбаева балалардың демалысын жоғары деңгейде ұйымдастыруға ерекше үлес қосқан медицина кешенінің директоры Гүлнар Мұхамеджановаға, балаларды қабылдау менеджері Толқын Жүнісоваға және тәрбие кешенінің директоры Рауан Асанға шынайы алғысын білдіріп, олардың кәсібилігі, қамқорлығы мен жауапкершілігінің арқасында балалардың әр күні қауіпсіз, мазмұнды әрі әсерлі өткенін атап өтті.

Мұндай жобалар – шетелде өмір сүріп жатқан қазақ балаларының ұлттық болмысын сақтап, ана тілін, мәдениетін және тарихи Отанымен байланысын нығайтатын маңызды бастама. Бүгінгі жас ұрпақтың жүрегінде Қазақстанға деген сүйіспеншілікті арттырып, олардың болашақта елмен байланысын бекемдей түсетіні сөзсіз.

Өзбекстандағы қазақ ата-аналарының атынан ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Осындай тағылымды жобалар жалғасын тауып, әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақ балаларына тарихи Отанмен қауышуға мүмкіндік бере берсін деген тілек білдіреміз.

Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ