Қарқаралының қасиетті топырағы тағы бір тарихи сәттің куәсіне айналды. Биыл қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойы туған жерінде кең көлемде аталып өтті. Бұл – бір адамның ғана мерейтойы емес, күллі қазақ жұртының мақтанышына айналған тұлғаға көрсетілген елдің шынайы құрметі, ұлт рухын ұлықтаған тағылымды мереке болды.
Таң шапағы Қарқаралының қарт шыңдарын алтын сәулеге бөлеген сәттен-ақ мерекелік думанның тынысы сезілді. Қасиетті өлкенің баурайында бой көтерген «Qarqaraly Go» этноауылы ұлттық дәстүр мен рухани құндылықтарды дәріптеген үлкен мәдени алаңға айналды. Елуге жуық ақшаңқан киіз үй тігіліп, әр шаңырақта ақ дастарқан жайылып, қазан көтерілді. Келген қонақтарға қымыз ұсынылып, қазақы қонақжайлықтың үздік үлгісі көрсетілді. Бір тұста күмбірлеген күй төгілсе, екінші бір алаңда ұлттық спорт сайыстарының қызуы байқалып жатты. Сал-серілік дәстүр мен ұлттық ойындар тоғысқан этноауыл күні бойы мерекенің басты ордасына айналды.
Мерейтойлық шараның ресми салтанаты бас сахнада жалғасты. Таңертеңнен жиналған жұртшылықтың қарасы күн өткен сайын көбейіп, сахна маңын халыққа лық толтырды. Салтанатты рәсім Қарқаралы ауданының «Салтанат» халықтық ән-би ансамблінің театрландырылған композициясымен ашылды. Өнер ұжымы қазақ халқының ерлік тарихын, елдік рухын және ғарышты бағындырған ұлт перзентінің өнегелі өмір жолын көркем бейнелеп, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Көп ұзамай сахна төріне мерейтой иесі – Тоқтар Әубәкіров көтерілді. Елдің ыстық ықыласын ерекше сезінген батыр туған жерлестеріне қайта-қайта қол бұлғап, ризашылықпен тағзым етті. Қалың жұртшылық «Тоқтар аға!» деп қошемет көрсетіп, ұзақ қол соқты. Бұл – халқының сүйікті ұлына деген шынайы құрметтің көрінісі еді.
Салтанатты жиында алғашқы болып Қарағанды облыстық мәслихатының депутаты Нұркен Кобжанов сөз сөйлеп, мерейтой иесіне облыс жұртшылығының ыстық лебізін жеткізді.
– Тоқтар Әубәкіров – бір әулеттің немесе бір өңірдің ғана емес, тұтас қазақ халқының мақтанышы. Оның ғарышқа самғаған сәті халқымыздың тарихындағы ең жарқын белестердің бірі болып қалды. Бүгінгі мерейтойдың туған жерінде аталып өтуі – елдің перзентіне деген ерекше құрметінің белгісі. Батыр ағамыздың өмір жолы жас ұрпаққа әрдайым үлгі болып қала береді, – деді Нұркен Кобжанов.
Одан кейін сөз алған Қарқаралы ауданының әкімі Саят Мусин мерейтойдың тарихи әрі тәрбиелік мәніне тоқталды.
– Бүгін біз қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойын туған жерінде атап өтіп отырмыз. Бұл – Қарқаралы үшін ғана емес, күллі қазақ елі үшін айтулы күн. Тоқтар ағамыз аспан әлемін бағындыру арқылы халқымыздың абыройын асқақтатты. Ол қазақ жастарының арманына қанат бітіріп, тәуелсіз елдің рухын биіктеткен тарихи тұлға. Осындай азаматтың кіндік қаны тамған қасиетті өлкеде бас қосып отырғанымыз – біз үшін үлкен мәртебе, – деді аудан басшысы.
Мерейтойға Қазақстанның Халық Қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетовтің арнайы келуі шараның маңызын одан әрі арттыра түсті. Тоқтар Әубәкіров салған сара жолды жалғаған қазақ ғарышкерін Қарқаралы жұртшылығы зор қошеметпен қарсы алып, қазақы дәстүрге сай иығына шапан жауып, сәйгүлік мінгізді. Бұл – елдің ерге деген ықыласы мен құрметінің айқын көрінісі болды.
Құрметті қонақтар қатарында белгілі алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай, академик Зарқын Тайшыбай, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, облыс пен ауданның ардагерлері, еңбек адамдары және еліміздің әр өңірінен келген қонақтар болды.
Айта кету керек, мерейтойлық шаралар негізгі думаннан бір күн бұрын басталған еді. Қарқаралыдағы Шолпан Жандарбекова атындағы мәдениет үйінде сахналанған «Ғасыр саңлағы» атты театрландырылған қойылым көрерменге Тоқтар Әубәкіровтің өмір жолын, азаматтық ұстанымын, қайсар мінезін көркем тілмен жеткізді. Батырдың балалық шағынан бастап ғарышқа дейінгі тағдырлы жолы сахнада әсерлі көрініс тауып, көрерменнің зор ықыласына ие болды.
Мерейтой аясында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Алқа» әдеби ұйымы дайындаған «Ұлт рухын асқақтатқан қаһарман» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Жинаққа Тоқтар Әубәкіровтің өмірі мен ерлік жолына арналған ғылыми мақалалар, естеліктер және жастардың танымдық ой-толғамдары енгізілген.
Сонымен қатар салтанатты рәсім барысында жерлес өнерпаздар – әнші Қазыбек Әдікей мен ақын Мирас Асанның шығармашылығынан туған «Тоқтар аға» әні алғаш рет көпшілік назарына ұсынылды. Ал «Алтын домбыра» иегері Мақсат Аханов жүрекжарды жыр арнап, әнші Гүлбаршын Тергеубекова мерейтой көрігін қыздыра түсті.
Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген мерейтой иесі Тоқтар Әубәкіров те туған жерлестеріне шынайы алғысын жеткізді.
– Туған жердің төрінде өз халқымның ықыласына бөленіп отырғаным – мен үшін зор бақыт. Осындай құрмет көрсетіп жатқан барша ағайынға, жерлестеріме, халқымның әрбір азаматына жүрекжарды алғысымды білдіремін. Менің барлық еңбегім – өз елім үшін жасалған еңбек. Халқымның сенімі мен қолдауы маған әрдайым күш-қуат берді. Елдің амандығы мен бірлігі мәңгі болсын, – деді Халық Қаһарманы.
Осылайша Қарқаралы төрінде өткен салтанатты жиын батырды ұлықтау ғана емес, елдің бірлігі мен рухани тұтастығын айшықтаған тағылымды басқосу болды. Ғарыш көгін бағындырған қайсар тұлғаға көрсетілген құрмет туған жердің перзентіне деген халық сүйіспеншілігінің айқын көрінісіне айналды.
Дәстүр салтанат құрған дүбірлі дода
Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойы тек салтанатты жиынмен ғана шектелген жоқ. Ұлт рухын көтерген думан қазақтың байырғы спорт түрлерін дәріптеген үлкен мерекеге ұласты. Таң сәріден басталған ұлттық спорт жарыстары этноауылдың әр алаңында қатар өтіп, Қарқаралы төрі күні бойы балуанның белдесуі мен сәйгүліктің дүбіріне, мергендердің тартысына толды.
Боз кілемде мықтылар анықталды
Мерейтой аясында ұйымдастырылған қазақ күресіне еліміздің әр өңірінен келген кіл мықты балуандар қатысты. Екі салмақ дәрежесінде өткен белдесулер көрерменнің ерекше қызығушылығын тудырды. Әрбір балуан үшін бұл жарыс – жай ғана жүлде емес, қазақтың тұңғыш ғарышкерінің мерейтойында топ жарып, ел алдында мерейін асыру болатын.
74 келі салмақ дәрежесінде тартыс өте қызу өтті. Ақтоғай ауданынан келген Бекислам Сатыбалдин үшінші орынға тұрақтаса, Шет ауданының намысын қорғаған Жансай Смағұлов күміс жүлдені еншіледі. Финалдық белдесуде қарсыластарына дес бермеген Солтүстік Қазақстан облысының балуаны Нұрғали Тұрсынғазиев жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтеріліп, бас жүлдеге тігілген автокөліктің иесі атанды.
Аса ауыр салмақтағы «Түйе балуан» бәсекесі де тартысқа толы болды. Қола жүлде Шет ауданының балуаны Олжас Шымкеевке бұйырды. Қызылжардан келген Әділет Мурзали екінші орын иеленсе, Түркістан облысының өкілі Қайсар Шамшидинов өз шеберлігі мен қайратын дәлелдеп, жеңімпаз атанып, екінші автокөлікті қанжығасына байлады.
Қазақ күресінің жеңімпаздарына автокөлік, жүлдегерлерге ақшалай сыйақылар табысталды. Бұл ұлттық спортқа көрсетілген зор қолдаудың айқын көрінісі болды.
Қол күресінде Қарқаралылық жеңіс тойлады
Күш пен төзімділікті талап ететін қол күресі сайысы да жанкүйерлердің назарынан тыс қалған жоқ. Білекті жігіттер екі салмақ дәрежесінде бақ сынады.
70 келіге дейінгі салмақта семейлік Ерсұлтан Қыздарбеков үшінші орыннан көрінсе, Шет ауданының өкілі Бақдәулет Серікбаев екінші орынды иеленді. Ал Қарқаралы ауданының намысын қорғаған Нияз Қойлыбайұлы барлық қарсыласынан басым түсіп, чемпион атанды.
74 келіден жоғары салмақта Шардарадан келген Бекет Айтбек қола жүлдені жеңіп алды. Еркебұлан Еркеш күміс жүлдеге ие болса, Қанат Мырзабеков бірінші орынды иеленіп, сайыстың жеңімпазы атанды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Мергендер мерейі
Этноауылдың тағы бір алаңында садақ ату жарысы өтті. Ерлер мен әйелдер арасында ұйымдастырылған сайысқа еліміздің әр өңірінен келген мергендер қатысып, ұлттық спорттың бұл түріне деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті.
Ерлер арасындағы жарыста шымкенттік Мақсат Әбдікәрімов үшінші орын иеленді. Алматы қаласының өкілі Ахмад Саутбаев күміс жүлдеге қол жеткізсе, Ұлытау облысынан келген Назар Көпбаев нысананы дәл көздеп, жарыстың жеңімпазы атанды.
Әйелдер арасында Қарқаралы ауданы Теректі ауылының тұрғыны Ақбота Серік үшінші орыннан көрінді. Қарағандылық Қарақат Дүйсенбек екінші орынға ие болса, Жанар Сархытхан мергендігін дәлелдеп, бірінші орынды жеңіп алды.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Ат дүбірі даланы тербеді
Түстен кейін мерекелік думанның қызуы Жаңанегіз ауылы маңындағы атшабарға ойысты. Мыңдаған көрермен көкжиектен көрінер тұлпарларды тағатсыздана күтіп, бәйгенің басталуын асыға күтті.
Биылғы бәйгенің жүлде қоры да ауқымды болды. Құнан бәйге, топ бәйге және аламан бәйгенің әрқайсысының жеңімпазына автокөлік, екінші орынға екі миллион теңге, үшінші орынға бір миллион теңге көлемінде сыйақы белгіленді. Осындай қомақты жүлде еліміздің түкпір-түкпірінен белгілі атбегілер мен жүйріктердің Қарқаралыға жиналуына себеп болды. Тіпті Қырғызстаннан арнайы келген шабандоздар да дүбірлі додаға қатысты.
Алғаш болып 11 шақырымдық құнан бәйге өтті. Тартысты жарыстың қорытындысында Жамбыл облысы Қордай ауданынан келген Сырымбектің Тауқасқасы үшінші болып көмбеге жетті. Меркі ауданынан келген Нұрхаттың Абыройы екінші орын алды. Ал Алматы облысы Ұзынағаш өңірінен келген Оңдасын Әбілқайырдың Нұршашуы қарсыластарына дес бермей, мәреге бірінші жетіп, бас жүлдені жеңіп алды.
Одан кейінгі 18 шақырымдық топ бәйгеде барлық жүлделі орындарды Алматы облысының атбегілері иеленді. Талғар қаласынан келген Асхат Майданбектің Қарлығашы үшінші орынға тұрақтады. Жамбыл ауданынан Ерсұлтан Серіктің Лашыны екінші болып келсе, Ұзынағаштық Оңдасын Әбілқайырдың Қасқыры көмбеге қара үзіп жетіп, жеңімпаз атанды. Осылайша Оңдасын Әбілқайыр бір күнде екі бірдей автокөлікті иеленіп, мерейтой бәйгесінің басты жеңімпаздарының біріне айналды.
Күннің ең басты жарысы – 30 шақырымдық аламан бәйге болды. Ұзақ қашықтыққа 33 сәйгүлік қосылып, олардың тек алтауы ғана мәреге жетті. Аламанда тұлпардың да, шабандоздың да төзімі сыналды.
Қорытындысында Алматыдан келген Айбатыр тұлпары үшінші орын иеленді. Бұқар жырау ауданынан Бейімбеттің Керіқұланы күміс жүлдеге қол жеткізді. Ал Алматы өңірінен келген Секенайдың Көкбастауы ұзақ қашықтықта өзінің жүйріктігін дәлелдеп, аламан бәйгенің бас жүлдесін қанжығалады.
Ұлттық мұраны ұлықтаған мереке
Ұлттық спорт бәсекелерінің жоғары деңгейде өтуіне ауданның шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлері демеушілік жасап, елдік іске қолдау көрсетті. Бес бірдей автокөліктің тігілуі, қомақты ақшалай жүлделердің тағайындалуы қатысушылардың да, көрермендердің де қызығушылығын арттыра түсті.
Балуанның күші, мергеннің дәлдігі, атбегінің еңбегі сыналған дүбірлі дода Тоқтар Әубәкіровтің мерейтойын мазмұнды әрі тағылымды етіп, ұлттық спорттың мәртебесін тағы бір мәрте биіктетті. Қарқаралы төрінде өткен бұл мереке елдік дәстүрдің үзілмегенін, қазақтың ұлттық ойындары мен салт-дәстүрінің өміршеңдігін айқын көрсетті.
Думан әнге ұласып, ел рухы асқақтады
Жаңанегіз ауылы маңындағы атшабарда өткен аламаннан кейін мерекелік думан қайтадан этноауылдағы бас сахна маңына ойысты. Күн еңкейген сайын Қарқаралының көркем табиғаты өзгеше бір сәнге бөленіп, ал сахна алдындағы жұрттың қарасы бұрынғыдан да көбейді. Ұлттық спорт жарыстарының қызу әсерімен оралған көрермендерді енді өнер думаны қарсы алды.
Мерейтойға арналған концерттік бағдарламада Қарағанды өңірінің және еліміздің әр түкпірінен келген өнер ұжымдары өз өнерлерін ортаға салды. Алғашқылардың бірі болып сахнаға Қарқаралы ауданының «Салтанат» халықтық ән-би ансамблі көтеріліп, туған жерге, елдік пен ерлікке арналған шығармаларды орындады. Ансамбльдің орындауындағы халық әндері мен би қойылымдары көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Кеш барысында Қарағанды қаласынан келген «Арқа сазы» ансамблі ұлттық музыкадан шашу шашса, Баянауылдың өнерпаздары, Ақтоғай ауданындағы «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблі, сондай-ақ Балқаш, Осакаров, Теміртау, Саран, Шет, Бұқар жырау, Нұра, Шахтинск және Абай аудандарының шығармашылық ұжымдары кезекпен сахна төріне шығып, мерекенің сәнін келтірді.
Әр өңірдің өнерпаздары өздерінің үздік концерттік бағдарламаларын ұсынып, қазақ әні мен күйінің, ұлттық бидің бай мұрасын дәріптеді. Сахнада шырқалған патриоттық әндер мен халық композиторларының туындылары мерейтойдың мазмұнын тереңдете түсті. Әсіресе туған жерге, елге деген сүйіспеншілікті арқау еткен шығармалар көрерменнің көңілінен шықты.
Кешкі бағдарлама барысында мерейтой аясында өткен ұлттық спорт жарыстарының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Бір күн бойы боз кілемде белдескен балуандар, қол күресі мен садақ атудан, сондай-ақ үш бірдей бәйгеден топ жарған жеңімпаздар сахна төріне шақырылып, лайықты құрметке ие болды.
Қазақ күресінің екі салмақ дәрежесінің жеңімпаздары – Нұрғали Тұрсынғазиев пен Қайсар Шамшидиновке бас жүлдеге тігілген автокөліктердің кілттері салтанатты жағдайда табыс етілді.
Құнан бәйгенің жеңімпазы Оңдасын Әбілқайырдың «Нұршашуы», топ бәйгенің жеңімпазы Оңдасын Әбілқайырдың «Қасқыры» және аламан бәйгенің жеңімпазы Секенайдың «Көкбастауы» иелеріне де автокөлік кілттері тапсырылды. Сонымен қатар барлық спорт түрлері бойынша жүлделі орын алған қатысушыларға ақшалай сертификаттар, дипломдар мен арнайы сыйлықтар берілді.
Жеңімпаздардың қуанышын бөлісуге сахна алдына жиналған көрермендер әрбір марапатты зор қошеметпен қарсы алып отырды. Әсіресе автокөлік кілттері тапсырылған сәтте мереке көрігі қыза түсіп, сахна маңы ұзақ уақыт қол шапалаққа бөленді.
Марапаттау рәсімінен кейін мерейтой гала-концертке ұласты. Көпшілік асыға күткен кеште танымал «Үш жүз» тобы өнер көрсетіп, халықтың көңілін бір серпілтті. Одан кейін сахнаға қазақ эстрадасының белгілі әншілері Жандос Қаржаубай мен Әділет Жаушағар көтеріліп, көпшілікке сүйікті әндерін тарту етті. Мыңдаған көрермен әншілермен бірге қосылып ән айтып, мерекелік кештің ерекше атмосферасын қалыптастырды.
Күн ұясына қонып, Қарқаралының қарт тауларына кешкі ымырт түскенімен, этноауылдағы думанның қызуы басылған жоқ. Ән мен күйге бөленген жұртшылық ұзақ уақыт тарқамай, туған жерден түлеп ұшқан арда азаматқа деген құрметін тағы бір мәрте білдірді.
Тоқтар Әубәкіров үшін бұл күн туған халқының шынайы ықыласын сезінген ерекше сәт болды. Ел азаматтары, ақсақалдар, жастар мен балалар батырмен жүздесіп, естелік суретке түсіп, ақ тілектерін арнады. Ғарышты бағындырған қаһарманды елдің өз перзентіндей ардақтауы – мерейтойдың ең үлкен мәніне айналды.
Қарқаралы төрінде өткен бұл мерейтой өткенге тағзым жасап қана қойған жоқ. Ол елдік пен ерліктің, бірлік пен берекенің, ұлттық рухтың салтанат құрған күні болды. Батырдың ғұмыр жолы арқылы жас ұрпаққа Отанға адал қызмет етудің, биік мақсатқа ұмтылудың жарқын үлгісі насихатталды.
Туған жері өз перзентін төбесіне көтеріп, құрметтің ең биік үлгісін көрсетті. Ел ықыласына бөленген Тоқтар Әубәкіровтің мерейтойы Қарқаралы тарихындағы тағылымы терең, мазмұны бай, халық жадында ұзақ сақталатын айтулы оқиғалардың біріне айналды.
Ғарыш көгіне қазақтың туын алғаш көтерген қайсар тұлғаға көрсетілген бұл құрмет – бір азаматқа ғана емес, елдің асқақ рухына, ұлттық мақтанышына көрсетілген тағзым еді. Осындай ұлықтау ұлттың ұлы тұлғаларын қадірлеудің, олардың өнегесін кейінгі буынға жеткізудің жарқын көрінісі болып қала беретіні сөзсіз.
Баршын ЕРТІСҚЫЗЫ
