Header Banner

Болат жолдың батырлары

Ел экономикасының күретамыры саналатын теміржол саласы – мемлекет дамуының маңызды тіректерінің бірі. Мыңдаған шақырымға созылған болат жол арқылы өндіріс пен кәсіпкерлік өркендеп, жолаушылар діттеген жеріне аман жетіп, ел мен ел, өңір мен өңір арасындағы байланыс нығая түседі. Осындай жауапкершілігі мол саланың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген теміржолшылардың еңбегі қашанда құрметке лайық.

Осыған орай кәсіби мереке қарсаңында Ақадыр кентіндегі Теміржолшылар саябағында «Болат жолдың батырлары» атты салтанатты мерекелік кеш ұйымдастырылып, теміржол саласының ардагерлері мен еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсетілді.

Теміржол – рельс пен жүйткіген пойыз ғана емес. Ол – мыңдаған адамның маңдай тері, темірдей тәртіп, асқан жауапкершілік пен адал еңбектің көрінісі. Әрбір қауіпсіз сапардың, уақытында жеткізілген жүктің, аман-есен қауышқан жолаушының артында күн-түн демей еңбек етіп жүрген теміржолшылардың қажырлы қызметі жатыр. Сондықтан бұл салада еңбек ету – үлкен абырой ғана емес, зор жауапкершілік.

Мерекелік шара барысында жиналған көпшілікті Шет ауданы әкімінің орынбасары Стыбаев Орал Зәмірбекұлы құттықтап, теміржолшылардың ел экономикасын дамытудағы және халыққа сапалы қызмет көрсетудегі еңбегіне жоғары баға берді. Ол өз сөзінде теміржолшылардың кәсіби біліктілігі мен жауапкершілігінің арқасында еліміздің көлік жүйесі тұрақты дамып келе жатқанын атап өтіп, барша сала қызметкерлеріне зор денсаулық, отбасыларына амандық, еңбектеріне табыс тіледі.

Салтанатты жиында Ақадыр кентінің әкімі Қойшыбаев Мерей Жасұланұлы теміржол саласында жемісті еңбек етіп жүрген азаматтарды, еңбек ұжымдарын құттықтаған Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарын теміржол торабындағы мекеме басшыларына табыстап, олардың ел игілігі жолындағы адал еңбегіне ризашылығын білдірді.

Мерекелік кештің сәнін Қарағанды қаласынан арнайы келген өнерпаздар мен жергілікті өнер иелері кіргізді. Аккордеон шебері Тұрсын Өмірбекұлы халықтың сүйікті «Ассалаумағалейкум, ағайын» әнін ерекше нақышпен орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Жерлесіміз Яхия Демеу қазақтың дәстүрлі ән өнерінің жауһары «Ата жауабы» әнін шебер орындап, ұлттық өнердің асқақ рухын сезіндірді.

Теміржол саласының қызметкері, «Үздік дауыс – 2023» байқауының жеңімпазы, талантты әнші Талғат Мұқашев «Сағыныш» әнін жүрекке жеткізе орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды. Ал Қарағанды қаласынан келген дәстүрлі әнші Жақсылық Ахметов ақын Кәмел Жүністегінің «Тағылым» әнін орындап, кештің мазмұнын тереңдете түсті.

Концерттік бағдарлама одан әрі жалғасып, «Замандастар» ансамблі мен оның солисі Данияр Мадин «Бара алмадым қасыңа» әнін орындаса, «Бақыт мекені» дуэті «Кел, жаным» және «Сен керексің» әндерімен көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Тұрсын Өмірбекұлы халықтың сүйікті «Гәкку» әнін орындап, кештің көркін қыздырды.

Сонымен қатар «Замандастар» ансамблі мен Талғат Мұқашевтың орындауындағы «Мен саған барсам деймін» әні ерекше әсер қалдырса, «Самғау» дуэті шырқаған «Ар ма, халқым» және «Жылдар» әндері мерекелік кештің көркін одан әрі аша түсті. Әрбір ән көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, саябақтағы думанды кештің сәнін кіргізді.

Мерекелік концерт жергілікті жезтаңдай әнші Айзада Рыспекованың орындауындағы «Қазақ елі» әнімен аяқталды.

Теміржолшылар күніне арналған бұл мерекелік кеш еңбек адамын ұлықтаудың жарқын үлгісіне айналды. Сала ардагерлері мен бүгінгі буын теміржолшылардың бір сахнада бас қосуы – еңбек сабақтастығының, кәсіпке деген құрметтің және бірліктің айқын көрінісі болды.

Шара соңында жиналған жұртшылық өнерпаздарға ыстық ықыластарын білдіріп, теміржолшылардың адал еңбегіне тағы бір мәрте алғыстарын жеткізді. Өйткені елдің дамуы мен халықтың әл-ауқаты жолында үнсіз еңбек етіп жүрген болат жолдың батырлары қандай құрметке де әбден лайық.

Қалижан БЕКҚОЖА,

 Ақадыр кенті