Header Banner

Спортқа баулитын жаңа алаң

Ақадыр кентінде бұқаралық спортты дамытуға, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған игі бастамалар жалғасын табуда. Соның тағы бір жарқын көрінісі – кент тұрғындары үшін заманауи талаптарға сай жабдықталған жаңа футбол алаңының пайдалануға берілуі.

Жаңа спорт нысаны Абай даңғылы мен Ж.Қыздарбеков атындағы көшенің қиылысында бой көтерді. Орналасқан жері де көпшілікке қолайлы. Кенттің аталған бөлігінде балалар мен жасөспірімдер көп шоғырланғандықтан, алаңның ашылуы олардың спортпен тұрақты айналысуына, бос уақытын пайдалы өткізуіне кең мүмкіндік береді.

Заманауи талаптарға сай жабдықталған футбол алаңы жас спортшылардың қауіпсіз әрі қолайлы жағдайда жаттығуына арналған. Енді балалар мен жасөспірімдер алаңға жиналып, доп теуіп, шеберліктерін шыңдап, түрлі жарысқа дайындала алады. Спорт арқылы достық қарым-қатынастарын нығайтып, ұйымшылдыққа үйренеді.

Спорт – денсаулық кепілі, жас ұрпақты тәртіпке, жауапкершілікке, табандылыққа тәрбиелейтін үлкен мектеп. Әсіресе футбол секілді командалық ойындар баланы бір-бірін қолдауға, ортақ мақсатқа ұмтылуға және жеңіске бірге жетуге баулиды. Алаңдағы әрбір ойын баланың физикалық тұрғыдан шынығуымен қатар, мінезінің қалыптасуына да оң әсер етеді.

Жаңа футбол алаңының ел игілігіне берілуі – елді мекеніміздегі спорт инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам. Осындай спорт нысандарының қатары көбейген сайын тұрғындардың дене шынықтыру мен спортқа деген қызығушылығы да арта түсері анық.

Қазіргі таңда ауылдар мен кенттерде спорт инфрақұрылымын дамытуға ерекше мән берілуде. Өйткені дені сау, рухы мықты, белсенді әрі отансүйгіш ұрпақ қалыптастыру үшін жасөспірімдерге қолайлы орта қалыптастыру қажет. Жаңа футбол алаңы осы мақсатқа қызмет ететін маңызды нысан болмақ.

Алдағы уақытта мұнда балалардың қызу ойындары өтіп, спорттық жарыстар ұйымдастырылып, жас футболшылардың талай тартысты додасы өтетіні сөзсіз. Кент жастарының басын біріктіретін, спортқа қызығушылығын арттыратын сүйікті орынға айналсын деген тілек бар.

Жаңа алаңның шамдары жарқырап, доптың дүбірі үзілмесін! Спортты серік еткен ұрпақ – дені сау, рухы биік, ел болашағына сеніммен қарайтын ұрпақ. Ендеше, жас спортшыларға жаңа жеңістер мен биік белестер тілейміз!

Қалижан БЕКҚОЖА,

Ақадыр кенті