Қарағанды облыстық футбол қауымдастығы (QOFA) ұйымдастырған екі күндік жарысқа өңірдің 16 әуесқой командасы қатысып, спорт пен ізгілікті ұштастырған игі бастаманың бір бөлшегіне айналды. Турнир барысында жиналған барлық қаражат «Сенсорика Плюс» ерекше балаларды дамыту орталығының қажеттілігіне бағытталады.
Жарысқа «Қармет», «Биосфера», «Стар Тим», «Майқұдық», «Прогресс» сынды үздік ұжымдар қатысты. Қатысушылар бұл жолы тек жеңіс тұғыры үшін емес, қоғамдағы қайырымдылық мәдениетін қолдап, ерекше балаларға қол ұшын созу мақсатында алаңға шықты.
Турнирдің негізгі мақсаты – қайырымдылық арқылы қоғамның назарын ерекше балалардың мәселесіне аудару. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай бастамаға қолдау білдірушілердің қатары жылдан-жылға артып келеді.
– Турнирге қатысуға ниет білдірген командалардың саны көп болды. Бұл бастаманың қоғам тарапынан қолдау тапқанын көрсетеді. Қайырымдылық турниріне қатысып, игі іске үлес қосқан барлық командаларға шынайы алғысымызды білдіреміз. Осындай әлеуметтік жобаларды алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отырмыз, – деді QOFA ұйымдастыру комитетінің өкілі Мәди Кәрібаев.
Алғашқы күні командалар топтық кезеңде бақ сынап, үздіктер плей-офф кезеңіне жолдама алды. Ал финалда «Майқұдық» пен «Прогресс» командалары кездесіп, тартысқа толы ойында «Майқұдық» 1:0 есебімен жеңіске жетіп, турнир чемпионы атанды.
– Қайырымдылық турнирге алғаш рет қатысып отырмыз. Ұйымдастыру деңгейі өте жоғары болды. Қарсыластардың бәрі мықты екен. Финал да тартысты өтті. Осындай игі бастаманың бір бөлігі болғанымызға қуаныштымыз, – дейді «Майқұдық» командасының ойыншысы Нұрслан Сабиров.
Турнирдің тартымды сәттерінің бірі – финал алдындағы шоу-матч болды. Алаңға «Шахтер» футбол клубының бас бапкері Андрей Финонченко, клуб ардагерлері, футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары Дәурен Нұрғожин мен Михаил Першин, сондай-ақ блогерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шықты. Көрермендер арасында ерекше қызығушылық тудырған кездесуде Андрей Финонченко да гол соғып көпшілік қошеметіне бөленді.
– Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Мұндай кездесулер футбол жанкүйерлерін біріктіріп, жақсы көңіл күй сыйлайды. Ең бастысы – ерекше балаларды қолдауға бағытталған игі іске атсалысу біз үшін маңызды, – деді «Шахтер» футбол клубының бас бапкері Андрей Финонченко.
Турнир барысында командалардың жарналары есебінен жиналған қаражат толықтай «Сенсорика Плюс» ерекше балаларды дамыту орталығына табысталады. Орталық директоры Рустам Медеубаев мұндай қолдау ерекше балалардың жан-жақты дамуына жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты.
– Бұл турнир біздің орталық үшін үлкен қолдау болды. Ерекше балаларға көрсетілген әрбір көмек олардың дамуына серпін береді. Осындай қайырымдылық бастамасын қолға алған ұйымдастырушылар мен қатысушыларға шынайы алғысымызды білдіреміз, – деді Рустам Медеубаев.
Айта кетейік, бұл – QOFA ұйымдастырған биылғы екінші қайырымдылық турнирі. Ұйымдастырушылар осындай жобалар арқылы спорттың әлеуметтік маңызын арттырып қана қоймай, қоғамда жанашырлық пен қайырымдылық құндылықтарын кеңінен дәріптеуді көздейді. Өйткені жеңістің ең үлкені – таблодағы есеп емес, өзгеге жасалған жақсылық.
Ботабек ТІЛЕГЕН,
журналист
