Ұлттық ұланның 5451 әскери бөлімінің жайдарман құрамасы «Магнитка» лигасының финалдық кезеңінде топ жарып, 1 миллион теңге көлеміндегі ақшалай жүлденің иегері атанды.
Шешуші ойынға барлығы 6 құрама команда қатысып, өзара әзіл мен тапқырлықты, сахналық шеберлік пен шығармашылықты сынға салды. Финалдық сайыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылар көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.
Жарыс үш кезеңнен тұрды. Әр кезеңде командалар өздерінің әзіл-қалжыңға бейімділігін ғана емес, сахна мәдениетін, импровизациялық қабілетін және көрерменмен жұмыс істеу шеберлігін көрсетті. Ұтымды әзілдер мен қызықты қойылымдар көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
5451 әскери бөлімінің Ұлттық ұлан жайдарман құрамасы финал барысында ұйымшылдық пен жоғары дайындық деңгейін танытып, қарсыластарының арасынан оза шауып, «Магнитка» лигасының жеңімпазы атанды.
Бұл жеңіс – әскери қызметшілердің тек қызметтік міндеттерді жоғары деңгейде атқарып қана қоймай, шығармашылық бағытта да өздерін жан-жақты көрсете алатынының айқын дәлелі.
ҚР ІІМ ҰҰ “Орталық” ӨңҚ Баспасөз қызметі
