Қарағанды облысының әкімі
Е.Қ. Бөлекпаевқа
Сізге Қарағанды қаласының тұрғындары мен қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасына бейжай қарамайтын азаматтардың атынан маңызды қоғамдық мәселе бойынша өтініш білдіреміз.
2026 жылдың 29 шілдесінде Қазақстанның тұңғыш ғарышкері, Халық қаһарманы, КСРО Батыры Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің 80 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шараның Қаз дауысты Қазыбек би ескерткішінің жанында басталуы көпшіліктің көңілінен шықты. Бұл – ұлттық құндылықтарды дәріптеудің, тарихи сабақтастықты көрсетудің жарқын көрінісі болды.
Сонымен бірге, осы іс-шара барысында көптен бері көтеріліп келе жатқан маңызды мәселе тағы да айқын көрінді. Бүгінде Қаз дауысты Қазыбек би ескерткіші көлік қозғалысы аса қарқынды айналма жолдың бойында орналасқандықтан, тұрғындардың, әсіресе балалардың, жастардың, қарттардың және қала қонақтарының оған қауіпсіз барып, тағзым етуіне мүмкіндік шектеулі. Мұндай орналасу ескерткіштің тарихи, тәрбиелік және рухани маңызын толыққанды ашуға мүмкіндік бермей отыр.
Қаз дауысты Қазыбек би (Қазыбек Келдібекұлы) – қазақ халқының XVII–XVIII ғасырлардағы ұлы үш биінің бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, қазақ дипломатиясының көрнекті өкілі, ел бірлігі мен әділдіктің символына айналған әйгілі шешен. Ол 1667 жылы дүниеге келген, алдымыздағы 2027 жылы Қаз дауысты Қазыбек бидің туғанына 360 жыл толады. Осы мерейтой қарсаңында ұлы тұлғаның есімін ұлықтауға бағытталған нақты істерді жүзеге асырудың маңызы ерекше деп санаймыз.
Осыған байланысты Қаз дауысты Қазыбек би ескерткішін халық еркін келіп тағзым ететін, жастардың тарихи-танымдық іс-шаралары, ресми рәсімдер мен мерекелік жиындар өткізілетін қоғамдық кеңістікке көшіру мәселесін қарастыруыңызды сұраймыз. Атап айтқанда, Қарағанды қаласы әкімдігі алдындағы алаң орны осы мақсатқа лайық деп есептейміз.
Бұл бастама:
– Қаз дауысты Қазыбек бидің тарихи тұлғасын лайықты дәріптеуге;
– 2027 жылғы 360 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде ұйымдастыруға;
– тұрғындар мен қала қонақтарының ескерткішке қауіпсіз әрі қолайлы келуіне;
– жастардың тарихи санасы мен отансүйгіштік тәрбиесін нығайтуға;
– Қарағанды қаласының рухани және сәулеттік келбетін дамытуға мүмкіндік береді.
Еліміздің өзге өңірлерінде ұлттық тарихи тұлғалардың ескерткіштері қаланың орталық алаңдары мен қоғамдық кеңістіктерінде орналасып, халықтық тағзым орындарына айналған. Осындай игі тәжірибені Қарағанды қаласында да жүзеге асыру өңірдің рухани өміріне серпін береді деп сенеміз.
Құрметті Ермағанбет Қабдулаұлы Қаз дауысты Қазыбек бидің 360 жылдық мерейтойы қарсаңында осы мәселені жан-жақты қарастырып, тиісті мемлекеттік органдарға ғылыми, тарихи және сәулеттік тұрғыдан зерделеу жұмыстарын жүргізуді және ескерткіштің орналасқан орнын қайта қарау мүмкіндігін қарастыру жөнінде тапсырма беруіңізді сұраймыз.
Бұл бастама Қарағанды қаласының ғана емес, бүкіл қазақ халқының тарихи жадын жаңғыртуға және ұлттық құндылықтарды ұлықтауға бағытталған маңызды қадам болады деп сенеміз.
Құрметпен, бастамашыл топ мүшелері
