Header Banner

Ел есінде қалған Есбай бидің асы

(Ежелгі билер тағылымы. Аңыз бен ақиқат. Абайдың төбе билігі)

«Байлықтан көше алмаған Есбай-Жарыбай,

                                                                          Салтанаты олардың айтарға сай»

                                                                       Есбайдың замандасы Исабек  ақын

 

Арқа   жұртында әлі күнге  « әй, мынау Есбайдың асындай болды ғой!» деген сөз бар. Кемерінен асқан ағыл-төгіл  молшылықтың, жарастықты сән-салтанаттың үлгісі ретінде айтылатын сөз.

Әлбетте, «тарихи ұлттық сана оралмай, ұлт тұғырына қона алмайды» деген тәмсіл тегін айтылмаған. Бұл шындық. Байды мақтадың, батырды дәріптедің де күстәналайды деп ұзақ жыл ұлтқа ұйытқы, елге тұтқа болған бабаларымыз жәйлы ауыз толтырып айта да алмай келдік. Сонау бағзыдан бергіге байыптай қарасаңыз, жер ыңғайы  негізінен қуаң, шөлейт болса да осынау байтақ далада ғасырлар бойы төрт түлік мал өсірудің қыры мен сырын  жетік меңгерген халқымыз ешқашан кедей болып көрмеген екен! Кеңес өкіметіне дейін. Байтағынан байлық кетпеген. Билері ауызынан ынтымақ-бірлік түспеген. Жесірін қаңғытпаған, жетімін жылатпаған. Бір кездері еңселі ел болғанымызды енді аңғарғандаймыз.  Сауын айтып берілетін қазақтың Асы да соның  айқын  дәлелі. Ұлтты ұйыстыратын, әлеуметтік-этнографиялық мәні зор, сонау көнетүркіден тамыр тартқан ұлағатты дәстүр.

Ел аузында қалған Есбай бидің асы да Арқа жерінде үш жүзге сауын айтып берілген ең соңғы ірі астың бірі.  Заманы өтіп бара жатқан  қазақы дәстүрдің  қош-қош айтқан соңғы көш-керуеніндей есте қалған  еді деседі зертеушілер.

… Әлқиссамызды қолымызда сақталған, сарғыш тартып көне жәдігерге айналған мына бір  фотосуреттен бастайық (1-сурет). Шамамен, 1858-1860-ші жылдары түсірілген. Астыңғы тұсында  «Есбай Баймұрзин би, Қояншытағай руының болысы» деп  тұр.

Фотосурет өнері қазақ даласына 1850 жылдардан келе бастаған. Ресейде 1839 жылдардан бар. Арқа өңірінде сол тұстағы бірен-саран ғана беделді адамдар суреттері сақталған. Құнанбай, Абай (Жидебайда отбасымен түскен), Сандыбайдың  Ердені, Шорманның Мұсасы тәрізді. Атақты К.П.Шаховтың уезд орталығы Ақмоладан ат арытып, кемі 300 км жол жүріп, қазіргі Қарағанды облысы, Шет ауданы  Бұғылы тауының шығыс жақ тұмсығындағы Бұзаутөбе, Қызылқой атақонысында, қыстауда отырған Есекеңді суретке түсіріп қайтуының өзі-ақ  атамыздың оңай кісі болмағанының дәлелі. «Аты да аңыз, берілген Асы да аңыз Есбай кім?» — дегізеді!..

Қармыс өзені бойындағы дөңесте Есбайдың еңселі күмбезді мазары тұр мен мұндалап. Ересек адамның жайған құлашы  жетерлік қабырғасын қалың етіп, жылқы мен ешкі қылын қосып, асқан шеберлікпен қамшыдай өріп  қалаған ерекше сәулет өнері табиғат пен замана дауылына бой бермей, ерлік пен елдіктің нышанындай болып  150  жыл  бойы қасқайып әлі тұр! (2-сурет). Күмбезге  биыл алғаш рет жөндеу жүргізілуде.

Иә, осынау отаршылдық орда құрған алмағайып замана тауқыметінеқарамай Сарыарқаны дүбірлетіп Ас беру,басына еңселі мазар орнату  оңай іс емес. Мұндай құрмет тек халықтың айырықша риясыз ықыласына бөленген, қадірі асқан адамға ғана көрсетілетіні мәлім.

Қазақтың  небір ұлтты ұйытқан ұлы тұлғалары,  ұлағатты билері мен ел қорғаған  баһдүр бабаларымыз есімдері Тәуелсіздік алғаннан беріде ғана кеңінен атала бастады. Әр өңірде ұлықталып жатқан қазіргі  осы ұлы дүрмекте  Есбай би есімі  атала қоймауы да көзі қарақты көпшілікті алаңдата бастағандай еді. Осыған орай қолымызда бар кейбір  тың деректерді, ежелгі билер тағылымы, сондай-ақ қазақтың бұрынғы және қазіргі Ас беру рәсімі жәйлы кейбір жеке ой -пікірімізді ортаға сала кетуді жөн көрдік.

1-бөлім

«Үш жүзге мәлім болған атам Есбай!..» — үш жүзге (17 дуанға деп те айтылады, бір дуанда 38-40 болыстық болған), арғысы өзбек, қырғыз ағайындарға сауын айтып берілген  Есбайдың асында кіші келіні Рысжан айтқан жоқтау осылай  басталады. Есбай үш жүзге  қалай мәлім болған?  Жылнама беттерін аударып көрелік.

Іргелі ру  Қаракесектің  Бесатасына жататын Қояншытағайдың (Қояншы-Дәулет-Таңай) Таңайынан (Тағай деп те жазылып жүр, біз ел аузындағы нұсқасын алдық. Автор) тарайтын атақты Жетес биден (Қызылорданың Арал өңірінен шыққан  Жетес бимен шатастырмау керек, кейбір  авторлардың мұндайға  жол беріп жүргені үлкен әбестік)  бәйбішесінен – Тәстемір, Тілеп, екінші әйелінен – Сазанбай, Төлеміс, Кешубай, Өміртай туады.  Төлемістен туған Қараменде (Сазанбайдан мүшел жас кіші) белгілі би, батыр болған, Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген. Сазанбайдан туған төрт ұлының үлкені Атабайдан Телібай, одан Баймырза,Баймырзадан Есбай мен Жарыбай туады. Сазанбай ұрыста бетқаратпас жаужүректіген қоса, жылқы баласының тілін білетін атсейіс те болғаны мәлім.

Есбай  би   және оның заманы

Есбай би әулеті жанды-жақты, өскен әулет. Ресейдің отарлау қысым-қиянатына қарсы бас көтеріп, Арқаны  дүбірлеткен  «қос тарлан»  Есбайдың Бөдесі мен немересі Серік, сондай-ақ  «Қаракесек түгілі,бүкіл бес мейрамда  жоқ ару»  (жазушы Зейтін Ақышевтың суреттеуі), сол отарлық  тар заманда,зар заманда  өзінің атаға тартқан өжеттігі мен сауаттылығы арқасына уезд басшысына, Омбыға дейін қуына жүріп жеке басына әйел теңдігі-бостандық алған тұңғыш қазақ қыздарының бірі де бірегейі  Күнбөпе Бөдеқызы  (қазаққа мәлім «Сұрша қыз» әнінің кейіпкері) есімдері елге мәлім. Бұлар жөнінде  «Шаңды жорық»-Мойынты шайқасында қол бастаған (1771ж) Ер Сазанбай,сондай-ақ рулы елге ұран болған  Қарқабат Ана туралы көркем-деректі, тарихнамалық зерттеу еңбектерімде  біршама жазған едім  («Дала дастаны»,-Астана, 2016ж., «Көкжайдақ»-Жұлдыз журн.2015.,2017. т.б.).Басқа да авторлар еңбегі баршылық. Бұл жерде қайталап жату артық та болар. Сондықтан негізгі тақырып Есбайдың асы туралы айтпас бұрын,ең әуелі Есбайдың  өзі жөніндегі тарихи мәліметтерді аз-кем сөйлетуден бастайық.

Ұлы даланың отарлану дәуірі

«Абылай аспас Арқаның сары беліне» орыс отаршылары табан тіреп, орныға бастаған кез. Әсіресе, Кенесары-Наурызбай бастаған ұлт-азаттық күресі жеңіліс тапқаннан соң-ақ  қазақтың шұрайлы деген  жерлерін  тартып алу кең  қарқын алған. Елден ес кете бастаған тұс.

Қолымызда бар мұрағаттық көне құжаттарда Есбай Баймырзаұлы 1858 жылғы  28 қарашада Қояншытағай еліне болыс сайланғаны көрсетіледі  (ҚР.ОММ. Қор-345. Тізім-2. Іс-95.-78қп.). Бұдан бұрынырақта,аумалы-төкпелі 1838 жылдары Есбай інісі Жарыбай екеуі  бірқатар руластарын бастап Қаратау жағына көшіп кетіп,1841 жылы  қайта оралғаны туралы мәліметтер бар. Сірә, патша өкіметінің мал басына, жерге шамадан тыс салық салуынан, басқа да қысымдарынан ығысқан дүрмектің ішінде болған болуы керек. Себебі, дуан ашылған 1824 жылы 8 жыл жеңілдік берілген, ол мерзім 1832 жылы аяқталып, орыс үкіметі салық жинау үшін  қайыра санаққа  кірісе бастаған.

Құжаттарда 1833-1835  жылдарда оңтүстікке қарай көшу тіркелсе, ал 1837-1838 жылдары Қарқаралы дуанының қаракесектері жаппай Қаратауға көшіп, дуанда тек  кейбір сұлтандар қалғаны  көрсетіледі.

Мал салығын төлеушілер тізімінде Жарыбай, Доспай, Шағырай, Қадыр, т.б. Баймұрзиндер де жүр. Сол кездің әдетімен, салықты аз төлеу үшін бәрінің де малының басы әдейі кемітіліп көрсетілген. Қояншытағайға Есбайдан бұрын Қармысқа құятын Ақбұлақты мекендейтін ағайыны Мәмбетқұлдың  кенжесі, әйгілі жылқылы бай  Мамайдың Жәпелінің баласы Ақжол болыс болған.

Кейіпкеріміздің кейпін кеңірек танып-білу үшін сәл Ұлы  Дала тірлігіне үңілейік.

1822 жылдың басында Ресей Әкімшілігінің Бас министрі Сперанский Орта жүз қазақтарын он округке (дуанға) бөліп билеуді жоспарлағанымен, мұны  орындай алмаған.Тек Батыс-Сібір генарал-губернаторы П.М.Канцеевич Солтүстік Сарыарқадан Құсмұрын  (кейін Амантоғай атанған) және Көкшетау дуандарын, ал, 1824 жылы Қарқаралы дуанын ашқан. Осыдан бастап болыстықтар (волостной)  қызу құрыла бастаған.

Кейінгі 39 болыс Ақмола дуанындағы  елге сыйлы алты би мен болыстардың тізімінде Еспай Баймырзаұлы да аталады.  Есбайдың танымал би атануы небәрі орда бұзар 30-дағы кезі. Ел таныған Тұлғаға айналар шағы әлі алда  болатын.

***

Ел басына күн туған, отаршылдық  қарқын алған кез. Осыған орай Есбай Баймырзаұлы ел ішіндегі «ырыс алды ынтымақ», берекені сақтаумен бірге, жалпы қазақ мүддесін, ұлт тағдырын шешетін келелі кеңестерге де аянбай араласқанын көреміз. Көбіне беделді би ретінде араласқан.

Қазақтың соңғы ханы Кенесары Қасымұлы  әуелі Айыртау – Ортауда  орта жүздің,  ал, Ұлытауда – барша  қазақ елінің ханы сайланғанында Бесатаның  жақсылары қатарында Есбай Баймырзаұлы да болған. Оны  Шортанбай жыраудың мына жыр жолдарынан көреміз:

Ортауда Кенесары хан көтерген,

Орта жүз соңына ерген тым ертеден.

Бесата баласынан Жанқұтты бар,

Бәйсейіт, Дүйсенбай мен Есбай, Қара,

Бір қол боп көрінетін жеке дара  ( Анарбек жыршыдан жазып алынған).

Иә, хан сайлауына қатысу, оның ішінде қазақың соңғы  ханы Кенесарыны  сайлаушылар қатарында болу ілуде-шалу адамның пешенесіне бұйыратын  жағдай. Сол жиынға елге сыйлы Есбай би  Шортанбай жырауды да ала барған. Бұлар кейінірек  құдандалы да болған.

Шортанбай Қанайұлы Ағадыр маңын мекендейтін өз  аулы Ешкіөлмес- Айыртаудан оңтүстікке діни оқу іздеп аттанып,  Шаяндағы медіресені тәмамдап, одан соң Бұхарадан діни оқу бітіріп, шамамен, 1835 жылы елге оралады.    Оның бұл елге жасаған үлкен бір шарапаты мынау. Сол жолы  Қаратау қожаларымен бірлесе ізденіп,  есімі іргелі  Қаракесек руының ұранына айналған Қарқабат ана туралы бұрын да айтылып қап жүретін осы ұлы анамыздың «бабтардың бабы» қасиетті Арыстан Баб ұрпағынан екенін анықтап келгені және кейін өзінің «Қаракесек» дастанына қосуы еді (Киіктіде 80-жылдары 90-ға келіп бақилық болған  Қази ақын сол қасиетті діни орыннан арабша бәтуа — жазбасын да ала келген дейді екен).

Шортанбайдың алғаш ел танып, ақындық ұстанымын ұштауына ертеден ауылы іргелес,ол кезде беделі биіктеп тұрған Есбай бидің қамқорлық көмегі аз болмаған.Бұл кәрсөн-керней арасында әлі де айтылады.  Белді ақын һәм беделді дін өкілі  Шортакең құдай қосқан құда болып, бір ұлы Алдабергенді Есбайдың немересіне,екіншісі  Аязбайды Жанғұттының Қасенінің қызына үйлендірген.  Кәрсөн-қозыбақпен де құндандал болып, жасы ұлғайғанда өрісі кеңейе түскен.

Арада көп уақыт өткеннен де болар, Есбайдың  ірі дауларды шешіп, билік айтқаны  туралы мұрағаттық деректер онша көп те емес. Кейбір шешендік сөздері, тіпті, басқа билер атына телініп жүргені де байқалады. Қолда бары әлі де зерттеп жинақталып, ғылыми жүйеленуде. Бұлар жөнінде зерттеу еңбегіміздің «Қояншытағай руынан  шыққан белгілі билер мен шешендер» бөлімінде арнайы тоқталатын боламыз. Ал, республикалық деңгейдегі (шешендік өнер,билер мектебі т.б.) зерттеулерге келсек, көбіне «белгілі би», «Арқадағы атақты шешен Есбайға берілген Ас» деп  көрсетіліп отырылған.

Болыстығы туралы көне архив дерекері бірсыпыра. Солардың айналып келгенде ұзын-ырғасы мынау. Есбай Баймырзаұлы Абай айтқан «болыс болдым мінекей, бар малымды шығындап» дейтін арзан мансап қуған болыс емес. Заманында «ел қамын жеген Есбай» атанған болыс. Ресейдің отарлау саясатына ашық қарсы шығуға шарасыз болса да, ағайын арасын ауызбірлікке шақырып, әркез халық жағында болған болыс.

Әйтседе, бай-шонжарды, би-болысты мақтадың деп күстаналайтын кешегі кеңестік «қызыл идеология» қаһарынан сескенген  небір жазғыштардың өзі Асы туралы біршама көсілгенімен Есекеңнің өз өміріне келгенде кібіртіктеп, мандырымды мәлімет бере алмаған. Інісі Жарыбайды, тіпті, бір қарт әріптесіміз кезінде «Есбайдың атқосшысы, ұсқынсыз адам еді» деп жзып жібергеніне не дерсіз?

Есбай қолы ашық  мырза,оған қоса пірәдар да адам екен. Атақты Жетес би атасынан жалғасқан билік дәрежесі Есбай ұрпағынан үзілмей келіп, 1914 жылы немересі Ақтай Бөдеұлы би сайлануымен аяқталған. Бұл болыстық жойылып, олардың міндеті халық билеріне жүктеле бастаған кез (кейбір ауызша деректерде Ақтай төбе би де болған, 1960 жыы 92 жасқа келіп  дүниеден өткен. 1931-33жылдардағы алапат ашаршылықта біраз ағайынды Омбы жаққа алып кетіп аман алып қалған деп те айтылады).

Иә, болыс болу үшін «бар малыңды шығындау» аз, айналаңдағы ағайының да іргесі мықты болуы  шарт. Сазанбай кіндігінен тараған төрт ұлының Атабайдан кейінгі Әтембек, Сарқұл, Жомартынан да  небір жақсы- жайсаңдар  шыққан, би,старшын болған.  Есбайдың әділ би, әлді болыс болуына олардың  бір кісідей қолдау көрсеткені туралы мағлұматтарға  енді-енді ғана  қолымыз жете бастап отыр.

Ал, сол ұрпақтары  берген Есбайдың асы тарихта қалды.

Ауыз әдебиеті алыптарының бірі Шортанбай жыраудың жаңағы  «Бір қол боп көрінетін жеке дара» деуі тегін емес.

Есенқұлұлы Исабек (Исатай) сегіз  ата кәрсөннің (шын аты Тәңірберді) Бекназарынан шыққан ақын. Бесата балаларының сол тұста қаншалықты ауызбірлікті болғанын  оның  қуандық-алтай Құлтума ақынмен айтысқанда исі қаракесектің, соның ішінде Бораншы-Бәйімбеттен тарайтын Бес ата игі жақсыларын бөліп жармай бірдей атауынан да көруге болды.

«Сиынам аруақты Қазыбекке, Қарадан хан боп туған асыл текке..   кернейде Қырбас,Баубек, Ер Жарылғап,  Ұрысын қунандықтың итке сатқан»-дей келе, Ер Сазанбай, жақсы Жанқұтты, Ер Ағыбай,Орман батыр,Қашқынбай, Мәжі,  әлтеке-сарым батыры Жалаңтөс, Шағырлы сынды ел қорғаған батырлардың ерлік істерін жырға қосады. Солардың қатарында Баймырза балаларына  айырықша тоқталады.

  …Шашбауын жомарттықтың көтерелік,

Әйтпесе неге керек құр Қарабай.

Байлықтан көше алмаған Есбай-Жарыбай,

Салтанаты олардың айтарға сай.

Артынан Бөде-Серік қоса шығып,

Көтерген Қаптың тауын қаһармандай.

….Елімнің не керемет кемеңгері.

Жері бай, адамдары жауынгер ел,

Қалайша тұра аламын етпей мақтан?!          

(С.Негимов.(«Ақын Сәрінжіп Әзбергенұлы және оның заманы».193 б.)

Бес ата, соның ішінде Сазанбай батырдың  ұрпақтары да  Ресей патшалығының отаршылдығына қарсы Кенесары-Наурызбай бастаған Ұлт-азаттық күресіне қолдау көрсеткені  белгілі. Абылай ханның балалары ішінде  Қасым төренің ұлдарынан Есенкелді мен Саржан Қояншытағай руының  жері Қармыс өзенінің Бұғылы жақ қабағындағы  боз дөңге орда-шатыр тігіп, жүйрік  ат пен  сарбаз жинағанда, Есбай мен Жарыбай көмек берсе, ал кейін Есбайдың ұлы Бөде мен немересі Серік батырлар  бастап,өздері тікелей Кенесары қол астында соғыспаса да, олар бастаған азаттық күресін қолдап, әр кез қол ұшын беріп  отырған.

«Кенесарының ағасы Саржанмен достық қарым-қатынаста болған. Саржан Ақмола,Қарқаралыға бекінген орыстарға үнемі жортуыл жасап тұрған.Сол тұста Саржанға елден тірек болған Есбай мырза»-деп жазады Қояныштағай шежіресі (2008ж.251 б).

Кейін Кенасарыға қатысты Баймырза балалары жергілікті патша әкімшілігі мен олардың жандайшаптары тарапынан  қатты қысым, қысастық  та көрген. Жоғарыда  Исабек ақынның «Артынан Бөде-Серік қоса шығып, Көтерген Қаптың тауын қаһармандай» деуін де  терең  мән бар.

Қазақ үшін ежелден даудың үлкені жер дауы,жесір дауы. Осыны жақсы пайдаланған патша әкімшілігі жерге қатысты дауды бұрынғыдай  ел ішінде өздеріне шештірмей, ағайынды бес Мейрамның үлкені қалың Қуандықтың кейбір алтай-қарпық рулары болыстарын астыртын айдап сап, ежелден Қояншытағайдың атамекені Бұғылы мен Тағылыны, керней, әлтеке-сарым қоса жайлайтын Қызылтауды соларға алып беретін болып сырттай кесіп-пішіп,  ағайын арасын қырқыстырып қояды. Екі жақтан әрілі- берілі мал қуған барымташылар Х1Х ғасырда  сауда жолы болады деп үміттенген кішкентай ғана тар кезең  Ботамойнақтың «мойнын талдырған». Одан да сорақысы, Ресейдің ішкі аймақтарынан ағылған орыс қарашекпенділері келе сала Есіл мен  Нұра, Ботақара сияқты ең сулы да нулы  жерлеріне қол салып, 41 орыс селениесі келіп ірге теуіп, Бесата рулары Балқаштың шөлейтіне, Бетпақдалаға қарай ығыстырып тасталған…. Бұл нағыз қорлық, кемсіту еді.

Кешегі Кенесары-Наурызбай азаттық көтерілісінің жауынгерлік рухы бойларынан өше қоймаған Бұғылы жігіттері үшін «малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» дегізер тығырыққа тіреу еді. Осыған шыдай алмаған Бөде мен Серік 100 жітітті іріктеп, соңына ертіп  атқа қонады…

Сол алынған жер, салынған 70 қоныс-қыстауды (кейбір дерек көзінде, 90) өртегенін өртеп, өртемегенін күшпен қайта тартып алып, анау шөлейтті сағалап, Бетпақдалаға дейін босқын болған ағайын жұртты бір айдың ішінде қайта әкеп орналастырады. Қояншытағайдың сұлтаны, 1837-1840 жылдары болыс болған Шаңқай Есімов те көп көмек көрсетеді. Исабек ақын «…Көтерген Қаптың тауын қаһармандай!» деп жырға қосатыны осы тұс. Ақ патшаның жергілікті әкімшіліктері Бөдені «Степной разбойник- Дала қарақшысы», ал жерін қорғайым деп соңына ергендерді «разбойническая шайка» деп жариялайтыны да осы кез. Арқа ақындарының тағы бір «от ауыз,орақ тілді» айтулыларының бірі Шөженің:

«Қаракесек кәрсөннен шықты Көпбай,

Шықты да сөне қалды жанған оттай.

Қос тарлан қояншытағай Бөде-Серік,

Дабысы мұзға салған пароходтай!.» деп жырға қосатыны осы тұс.

Арқа жеріндегі бұл айтулы оқиға жөнінде бұрынғы зерттеу еңбегімізде («Дала дастаны»,Фолиант-2016,132-154б.) кеңірек тоқталған едік. Бұл жерде мақала көлеміне қарай, өлкетанушы, жазушы Кәмел Жүнісовтің мына бір пікірімен  ғана шектелуді жөн көрдік:

«Текті ата Есбай бидің ол тұста өзі жоқ болса да ата жолын қуған ұлы Бөде мен немересі Серіктің  көзсіз ерлікке барып, халықты көтеруі елдің есін жидырды, рухын көтерді. Жеңбесе де састырды. Генерал-губернаторлар мен ояздар кешегі Кенесеры көтерілісі қайра жалғасып кете ме деп қорықты…Орыс отаршылдық қарашекпенділерінің қиянат-зорлығына қарсы Арқа жерінде сол тұста  Бөде мен Серіктей қайрат көрсеткен адам аз».

Иә, айтса айтқандай, атақты  Шортанбай мен Шөже жырға қосуы, дала данагөйі Мәшһр Жүсіптің назарына ілігуінің өзі тегін бе?!  Ақмола мен Көкше өңірінен   Иманжүсіп, Балуан Шолақ, Қарқаралыдан Мәди Бәпиұлы, Семейден Саптаяқтың Тәукесі,Қауменнің Базаралысы сияқты ондаған  ер жігіттер жер-жерде қазақтың күнкөріс көзі, туған жердің туырлықтай пұшпағы үшін  күреске шыққан, «аттың жақсысын кермеден көр, жігіттің жақсысын түрмеден көр» дейтін кер заман кереге жайған кезең болатын.

***

Есбай  би һәм оның төңірегіндегі билер мектебі.

Абайдың төбе билігі.

Есбай заманы  орыс отаршылдығы жымысқылап кіріп, жыландай арбап, ғасырлар бойғы ел  ұйытқысы   билер билігін біржола ығыстыра бастаған кез.

Билер  билігі дегенміз не? Би болу үшін жастайыңнан  шешендік өнерге бейім, шежіреге жетік, ойың ұшқыр, аңғарымпаз – ең  бастысы, тоқсан ауыз даудың тобықтай түйінін тауып айта білуің керек. Ол үшін мақал-мәтел, ділмарлық аздық етеді.  Абай айтқан «қиядан шауып, қисынын тауып» айтар астарлы сөз, терең  философиялық ой- өріс, тапқыр суырып салмалық керек.

Абай атжалын тартып мінген бала кезінде нағашы жұртына барады, атақты Алшынбай бидің  аулына. Абай сәлем беріп кіріп келгенде Қоңырбике-шаншардың үш шалы төрде шалқасынан түсіп  жатыр екен дейді,бастарын да көтерместен,біреуі:

– Пай-пай,мына бала көмекейі суырылған шешендей сәлемнің өзін әндетіп баптауын-ай! – дейді. Екіншісі:

Құдай оңдағанда көзінің Құнанбайға тартпауын-ай! – дейді.

Үшіншісі: – Әлден жүндес қошқар секілді үстіне түктің қаптауын-ай! – дегенде бала Абай жұлып алғандай:

– Шаншарлар қызын ұзатқанда жабылып «түкті бала таппа» деп айтпауын-ай!-деген екен. Ана үшеуі жеңілгенін мойындап қарқылдай күліп бастарын көтереді. Сонда жоғарырақ отырған Алшынбай би:

– Міне, үшеуіңе бір сыбаға! Болатын бала екенсің, төрлет, қарағым! – деп, батасын берген екен.

Сонау Сырым батыр би болуы үшін абыз-билерден бата сұраған. Арал, Арқа жұртындағы  бірнеше Жетес, Қараменде (қояншытағай Қараменде де бар)  т.б. билер ең әуелі адалдығымен  қадірі асқан атақты  билерден бата алған. Кәдімгі қазіргі ақ қалатты дәрігерлердің Гиппократқа ант бергені сияқты. Адалдық анты. Ұстаным  біреу:

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ!».

«Қара қылды қақ жарған» Тура биге қазақ алыстан ат арытып келген. Тек соған жүгінген. Мыс. 1852 жылы Қарқаралыда Құнанбай Өскенбайұлы аға сұлтандыққа сайланарда жақ-жақ боп айтысқан  жұрт алыстан қос жорғамен алдырған  әйгілі би Күдеріқожаның бір ауыз  сөзіне тоқтаған.

Ал, туғанын жақтаған әділетсіз  биге, жемқор биге  ешкім жоламаған, олар қатардан шығып қалатын болған. Міне, дала – даналығы, ғасыралар бойы қазақты қазақ етіп келген ұлы ұстын – Дала  демократиясы деген осы! Билер билігі деген осы.

Ш.Уәлихнов қазақтың  би-шешендік өнеріне, олардың  небір күрмеуі қиын дау-шарды  жанжалсыз, қантөгісіз  шешкен сөз шеберлігіне, ой даналығына  жоғары  баға берген.  Ел арасында әділдік,бірлік,тәлім-тәрбие тірегі болған бірқатар билер жөнінде қалдырған зерттеу-жазбалары да бізге жетіп отыр.

***

Орыс осал жерден ұрды. Оңтайлы жолын тапты. Ресей империясының отарлау саятының басты құралы қазақты  іштен іріту, азғындату болды. Ұлт мүддесін ұмыттыру болды. Бұл үшін Патша әкімшілігі өздерін қолдайтын болыс, старшиндарды көбейтіп, ел іші береке-бірлігін ұстаған әділ билерді   түрлі сылтаумен шеттетуге көшті.  Бұрын қазаққа жат  парақорлық, кісі ақысын жеу, екіжүзділік  етек алды.  Жер дауын, жесір дауын ұлғайтты. Анау Американы жаулап алушылар үндістерге жасаған тәсілі қандай болса бұлардікі солай. Басшыларының ауызын алып,бір атаны бір атаға, бір руды, бір руға  айдап салу арқылы қырқыстырып қойып, Кенесары ұлт-азаттық күресі жеңіліс тапқан соң-ақ, жаппай жерді тартып алу басталды (1862ж.,1868 ж.ж. реформалар,т.б.)

Ол үшін Кенесары көтерілісін жақтады деген сылтаумен ел жақсыларын,  ру ұйытқысы билерді  әбден тұқыртып алу,жазаға тарту   таптырмас амал еді.

Беделді би Қырбастың Бәйсейіті Абылай  ханның сенімді үзеңгілес серігі болған атақты Жарылғап батырдың немересі. Қанжығалы Бөгенбай батырдың  жиені. Қырғи  есімді (денесінің молдығына қарап Борсылдақ атанған) қызынан туады.  Кенесары  қолының сарбазы Жәмші мен Шөмішбай батырын паналатты,қашқындарды жасырды деп Бәйсейіт бидің өзі де қудаланады, елге сыйлы    жалғыз баласы Нұрлан абақтыға жабылып,ел арасын әуре-сарсаңға салады. Ақыры «Мұсажан, жақсылығыңды Баянауылға алып кетпе!» деп алдына барған соң Нұрланды генерал-губернатордың өкілі  Шорманның Мұсасы құтқарып қалады.

«Кенесарының ағасы Саржан тәуелсіздік күресін бастап, Бұғылы жотасына ту тіккенде Бесатаның бетке ұстарлары  малмен, адаммен, қаражатпен де барынша көмек еткен»-дейді шежіре (Шет энциклопедиясы, 2013.-34б).

Ел арасы бүлінген осындай алашапқын,аласапыран тұста амалсыз халық Есбай тәрізді елім деген ерен тұлғарды пана тұтты. Ел сөзін айтқан  ақын-жырауларды тапты. «Зар заман» ақындары атанған солардың қатарында біз зерттеп отырған өңірде Шортанбай мен Нарманбеттей отаршылыққа батыл қарсы шыққан ақын аз.  Нарманбет «Сарыарқа менің жерім-ай, сағындым шалқар көлім-ай!», деп зар төксе, ел ағаларына еріп  Ұлытауға хан сайлауына барған жолы Шортанбай:

«Ұлары шулап Ұлытау, Орыс, қазақ қылған дау. Алаша хан, Жошы хан, Қазақтың басы қосылған. Жалаң кеуде жауға шап, Қолдаса құдай келер сау» – деп жырға қосты.     Бұл да қамкөңіл халыққа демеу.

Шортанбайдың ақындық,азаматтық  ұстанымы қалаптасуына кезінде  Есбай, Бәйсейіт Қырбасұлы, Дүйсенбай Шуақбайұлы,Қара Бәйтікұлы тәрізді Бесата түізгінін ұстаған бетке ұстар билер  ықпалы зор болса, кейін ол Құнанбайдың өзі аттан түсіп сәлем беретін әлтеке-сарымның биі Жанқұттымен құдандалы болған соң, Құнанбай  ауылымен де жиі араласқан. Жас Абайдың  өлең өрісіне де оң әсері болған деуге де негіз бар.

Әйтсе де,ел арасында Абай тек ақын ғана емес, білікті би ғана емес,сол тұста білімдар ойшылдығы, ақыл-парасатымен де ұлттық деңгейдегі Тұлға ретінде  таныла бастан еді.

Абай отаршылдыққа ашық қарсы шыға алмаса да, бірақ ұлылығы солорыс отаршылдығының ең басты улы қаруы – қазақты  іштен ірітіп, ұлттық рухани азғындату болса,соған қарсы шықты.«Мыңмен жалғыз» алысты. Халқын ағартушылыққа үндеді. «Ескі бише бос мақалдап» отыра бермеуге,  ұлттың санасын, көзін ашуға шақырды. Хакім атанды. Еуропалық өркениеттен шалғай жырақ Ақшоқы ауылында отырып-ақ  араб,шағатай,орыс,татар тіліндегі кітаптар алдырып оқыды. Абай Құнанбайұлы  3 рет болыс, 2 рет би,1 рет төбе би (1885 ж) сайланған.

Қарсыластары төбе би болуына барқадар таптырмаса да, «сөз патшасы» әлемінде «өлең сөздің» төбе билік төрін берген жоқ. Әлі күнге. Даналық деген осы. Қалың қытай мен жаһанға көз салған жапондар Конфуцийді пір тұтып,ілімін жаттаса, қазақ Абайды жиі ауызға алады.

Билер мектебінің отаршылық кезеңде қазақтың тарихи ұлттық санасын сақтап қалудағы рөлі

«Абылай заманы-батырлар заманы». «Абай заманы (шамамен, ХІХ ғасырдың бас кезінен бастап) «зар заман» ақындары заманы,би -шешендік өнер дәуірлеген заман деп те тегін айтылып жүрген жоқ.

«Өнер алды қызыл тіл»дейді қазақ. «Қазақтың әулиелігі-тілінде» дейді  Мәшһүр Жүсіп данагөй. Мәселе мынада.

Әдебиетші-ғалым Бақыт Кәрібаева Арқада «Билер мектебі» қалыптасып Абылай тұсында да, одан кейінгі ел билігін де осылар ұстағанын айта келіп: «Еуропаның білімдар өкілі Адольф Янушкевич Барақ сұлтан мен тобықтыдан аға сұлтан сайланған Құнанбайды тыңдап «дала Цицероны мен Толейрандарын көрдім» деп, әйгілі  көне грек заманында әлемдік шешендік өнердің негізін қалаған ұлы классиктерге теңегеніне тоқталады («Қаз.әдебиеті», 17. 08. 2007).

Енді бірде Қаз дауысты Қазыбек би немересі Алшынбай, Шоңның Шорманы, Сандыбайдың Ердені, Естеместің Есенейі, тобықтының Құнанбайы сияқты әр өңірдің  небір интеллектуал тұлғалар дәрежесіне көтерілген данагөйлердің ел басқару тәжірибесін зерттеп, тәнті болған  А. Янушкевич: «қазақ цивилизацияның төрінде отыруға әбден лайық ел!» деп баға бергені мәлім.  Бұл еуропалықтар көзімен  қазақтың дүниетанымы,ой-өрісі, ұлттық санасы қаншалық жоғары деңгейде болғанына  берілген баға.

Иә, қазақта билер мен шешендер аз болмаған. Әсіресе, біз әңгіме етіп отырған Орталық Қазақстан топырағында. Шетел этнографтарының өзін қайран қалдырған әйгілі билер шоғыры: жаңағы Құнанбай-Абай,Бекболат- Алшынбай, Шоң-Шорман (Арқа жерінде атақты бес  Шоң би өткенін жоғарыда айттық), Қояншытағай Есбай, тобықты Қарменде,тоқа Байдалы, кезінде әйгілі Шабан биден бата алған «жақсы Жәкең» атанған Жанқұтты билер. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі Қарқаралы-Шет-Ақтоғай-Жаңаарқа өңірлеріндегі шоғыр-шоғыр би-шешендік мектептерінен аяқ алып жүре алмайсыз.    Абайдың нағашы жұрты Қоңырбике-шаншарлардың өзі бір таусылмайтын әңгіме.

Мынадай сұрақ туады: ал, осыншама билер арасынан неге Есбай бидің суырылып  аты озды, үш жүзге сауын айтып Асы беріліп,есімі ел есінде қалды?

Жауап біреу:   Қазақты дербес ел еткен хан билігі жойылды. Енді  ұлтты ұйытқан билерден билік, ел ішінен береке-бірлік кетсе нең қалады?.

Есбай ел қолынан сусып  бара жатқан Еркіндікке, сол Тәуелсіз қазақы дәуір шоқтығына жармасқанда,не үшін жармасты? Ел бірлігі сөгілмесе екен,іштен іріп ырыс -берекесі кетпесе екен деп жармасты. Қарақан басы үшін емес. Қаймана қазақ қамы үшін. Керекті жерде малын да, жанынын да аямаған.

Сол отаршылдық зобалаңда  Есбай сияқты ел жақсысы көпке тірек, нашарға қамқор  болып,біліктілігі мен  ақыл-парасаты арқасында  беделді  би ғана емес, ел  таныған Тұлғаға айналды. Сол үшін қадірі асты.

«Есекең  асына  сол тұста қалың қуандық түгіл, мұқым Ақмола дуанына сөзі жүріп тұрған Шоң би  ертерек келді. «Біріміз әкеден, біріміз ағадан айырылғанда,ел қадір тұтқан ағайыннан айырылғанда,Қуандық-Қаракесек құнан-тайдай қатар өскен бауыр едік.Соның ішінде екі бауыр біз түгілі атын естіген үш жүздің баласы сыйлар Есбай емес пе? Енді менің алдымда кім қалды? Кімді үлгі тұтам, кімге назым жеткендей? Осындай бауырдан айырылған мен жетім емес пе, маған неге көңіл айтпайсыдар ?-деп өзі де босады, көптің көзіне жас үйірілтті»-дап жазады Шет шежіресі.

Патша отаршыларының мақсаты  ежелгі «бөліп алда билей бер» тәсілі. Қазақты бөлшектеп, ұлтық рухынан, дәстүрінен, діні мен еркінен айырып үстемдік құру еді. Түптеп келгенде, бұлардың да,одан ілгерідегі  жоңғар қалмақтарының да түпкі ойы- қазақты ұлт ретінде жойып жіберіп, өздері  көз тіккен ұланбайтақ жер байлығын басы-байлы иемдену еді.

Ханның да, қараның да басына  күн туған, тағдыршешті  қысылшаң кезеңде ағайын ауызбірлігін, елдің елдігін ұстап қалуға  жан салған өз замандастары арасында көпшілігінен ел қамын жеген Есбай бидің еңбегі ерен, беделі зор болып суырылып көзге тұскені кәміл.

Әйтпесе, осынау қарапайым қазақ шалына Сарыарқаны алып жатқан арғысы Бес мейрам, бергісі Бес ата  бетке ұстар жақсы-жайсаңдары жиылып  кеп Үш жүзге сауын айтып ас берер ме еді?  Артына өлмейтұғын «Есбайдың асындай» дегізіп ат қалдырар ма еді?

Мұндай да ой келеді. Бүгінгі мынау тәуелсіз  қоғамымызға қараңыз:

«Қалды ма сондай  қадірі асқан текті, қасиетті қариялар?

Қалса қайда?».

Ат төбеліндей  қазақты жүзге, руға, алақандай ауылды атаға бөліп, іштен іріту де сол отаршылдықтан қалған жат әдет. Жамандық нышан. Бүгінгі егеменді ел, дербес ұлт ретінде  өркениетті дамуымызға үлкен  залал да содан. (Баһадүр бабаларымыз қалмаққа қарсы шапқанда ру сұрасып па еді, ата,жүз үшін соғысып  па еді?!)

Мына бір жайды да айта кетейін:  Бірер жыл бұрын Шет ауданында  Сазанбай батырға ескерткіш орнатылды. Ас берілді. Ел қуанды. Жұмыссыз, қоңторғай отырғандардың өзі аузындағысын жырып, көмек берді. Бірақ ағайын тағы шатасты. «Асты неге басқа атаның жігіті   басқарады?» – деп.

– Әу, қарақтарым-ау, атаң Есбайдың асын керней Бәйсейіт басқармап па еді? Бес атаның бетке ұстар билері тік тұрып қызмет қылмап па еді. Сонда атаға бөлініп па еді? – дейтін ешкім болмады. Өй деуге өресі жетпеді. Осындай кикілжіңдер  салдарынан 60 үйден аспайтын Үңірек деген (аты да онша  оңып тұрмаған) ауылға «ауыл белсенділері» қарсы деген желеумен  Сазанбай атын бере алмай бір-біріне үрпиісе  қарап әлі отыр!… «Әй,ағайындар-ау, Сазанбай бір атаның  ғана баласы емес, елі мен жері үшін қалмақпен қан төгісіп, аты аңызға айналған қазаққа ортақ (оның ішінде  Бесатаға ортақ ) халық батыры  емес пе еді, дейтін біреу болса, қанеки?». Бірақ ағайынға кінә артудан аулақпыз, әрине.

Мүмкін, Сазакеңді тереңірек зерттеп, алдын ала жете таныстыра алмауымыздан да болар. Ұлттық тәрбие мен идологиямыздың әлсіздігінен де болар. Әйтсе де,тым құрыса  сонау Есбай би аталарымыз аманат еткен ауызбірлік пен сыйластық тағылымды  ұрпақ бойына дарыта алмауымыз өкінішті…

Құралай құшқан өңір

Сайын Сарыарқаның Бетпақдалаға тірелер тұсы белдеу-белдеу құмдауыт,  алдыңды ораған адырлы  ұсақ шоқылар.  Көктем бастала адам танымастай құлпырып шыға келеді. Бірақ ұзаққа бармайды. Шөлейттің шөліркеу шағы, аптап ыстығы басталғанша үлгеріп қалайық дегендей  әр тұста қолдауыт, сайлауытты  паналай өскен шоқ-шоқ қараған,терек-тал, тобылғысына дейін гүл атып, баялыш, көкпек, жусан  исі қоюлана, сағымдана самал боп тербеп, ғажайып жұпар ауасы бойыңды балқытады.

Анау  Ақдала,теңіздей толқыған  күміс реңді ақселеулі өңір. Әр тұста балықтай шоршып жарқ етіп қалатын жер шолған ақ бауыр жезкиік-бөкендер. Тобылғы түбі жанары мөлдіреп, томпиған жас құралай лақтары !..

Бозтоғай арқан бойы  көкте ән бастайды.   «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деп жазады Г.Потанин (Шоқанның досы). «Сірә, сол айтқаны осы мезгіл, осы дала болса керек-ау!» – дегендейсің.

Арқа тұсымызда Қалмаққырған. Мойынты өзеніне таяу. 1771 жылдың мамыр айында атақты «Шаңды жорық» шешуші шайқасы өткен жер… Алдымызда атақты Иманжүсіп «бүркіт салған» Бұғылы  мен Тағылы…

Бабамыз Есбай мен Жарыбай билік құрып,«қоңырдан қой өргізген» жерлер…

Иә,не көрмеді, неге куә болмады дейсіз осынау Ұлы дала?! Тоғыз ұрпақ бойы қырғын жорытуылдан танбаған жоңғарды көрді.

Аш қасқырдай ағылған орыс отаршылдары оспадарлығын көрді. Ең ауыры – қазақты жартысынан астамынан айырған өткен  ғасырдағы алапат ашаршылық, саяси қуғын-сүргін қасіреті… «Мезгілсіз, мерекесіз өткендердің, жандары мені де айт деп сыбырлайды!» деп Иса Байзақов ақын тегін егілген бе?.. Туған өлкенің тауы, тасы, сай-саласы тұнған шежіре. Біз әңгімелеп отырған алақандай Шет-Ағадыр өңірінің өзінде  қаншама Қазақ тарихнамасының ашылмаған беттері жатыр!  Көрмесең, ашпасаң әруаққа шет болғаның…

***

Есбай  бидің мазары. Қамшыдай өріп  қалаған ерекше сәулет өнері табиғат пен замана дауылына бой бермей, ерлік пен елдіктің нышанындай болып  150  жыл  бойы қасқайып әлі тұр!
Есбай  бидің мазары. Қамшыдай өріп  қалаған ерекше сәулет өнері табиғат пен замана дауылына бой бермей, ерлік пен елдіктің нышанындай болып  150  жыл  бойы қасқайып әлі тұр!

 

Ел жақсыларының бірі Жарыбай туралы бірер сөз

«…Байлықтан көше алмаған Есбай, Жарыбай…

Салтанаты бұлардың айтарға сай…

«Алқакөл,сұламада» берген екен,

Бір күнде алпыс ат, тоқсан тайлақ,

Бабаң менен кешегі Байдәулет бай…».

кәрсөн Исабек ақын.

«Он тоғызыншы ғасырдың жетпісінші жылдарында болыстықты Жетестің Сазанбай- Кешубай балалары  уысында ұстады. Соның басында Жаужанның Мұқыры тұрды. Есбайдың Асында басшылық жасағандардың бірі де осы Мұқыр», – деп жазады  шежірешілер.   Бұл  Есбайдан кейінгі кезең.

Әлбетте, бұдан екі ғасыр бұрын ғұмыр кешкен бабалар туралы жазу оңай іс емес. Ауызекі шежіре, өлең-жыр, аңыз-әбсаналарға сүйенуге тура келеді.

Міне, сондай дерек көздерінде көбіне Есбай-Жарыбай деп ағалы-інілі екеуінің есімдері қатар аталып отырады. Жарыбай анау Мұқыр сияқты суырылып шығып болыс болмаса да, билікке ұмтылмаса да ағайын арасында ауызбірлік, «ырыс алды ынтымақ» дегенді жоғары қойған,жұрт қамын жеген  ел жақсыларының бірі. Сол үшін беделі артқан. Ағасы Есбайдың сол аласапыран тұста билер кеңесі, болыстықпен еркін айналысуына  қолдау көрсеткені, тірек бола  білгені айтылады. Ел арасындағы кейбір дау-дамайды шешуге, кейбіркелелі жиындарға Жарыбай Баймырзаұлы да  қатысып отырған. Оған дәлел  боларлық  дерек бірсыпыра (Қарқаралыда аға сұлтан Құнанбай, Қырбастың Бәйсейіті бар бір бас қосуда  түйінді тоқтам айтқаны туралы жазғамыз).

«Ақыл тозбайтын тон,білім тусылмайтын кен».  Немересі Мыржық Бөде-Серік ісін Омбыға дейін қуып барып, ақтатып қайтқанына қарағанда, Жарыбай атамыз ұрпақ тәрбиесіне, оларды орысша оқытуға да мән бергені  байқалады.

Баймырзадан тараған ұрпақ дәулетті болған. Бірақ қарынбай сараң болмаған.Батыр болған, бірақ «ұзын сойыл, ұр да жық» болмаған. Тектілік сақтаған.   Бірде Бес атаның  бір асында  Асқа басшылық жасап жүрген кәрсөннің болысы Көпбай Баймырза балаларының бәйгеден келіп тұрған Қоянкөз деген тұлпарының бәйгесін алыстан келген  әрі жолы үлкен деп ұлы жүз ішінде ысты Бөлтірік бидің қанжығасына  байлап берсе керек.

Сазанбай ұрпағы тізеге салайын десе, Көпбай өзінің де бәйгеден келіп тұрған Құсқанатын ауызға алмапты. Әйтсе де, бұл әділетсіз іске  Есбай  сабыр сақтағанымен, әшейінде сөзге сараңдау, көзге де көп түсе бермейтін, бірақ намысын қолдан бермейтін інісі Жарыбай шыдай алмайды. Шаршы топ алдында: «әй, Көпбай,тоқта! Аман болсам, не атыңды алармын не аруыңды ат артына салармын!» деп салады. Ашу дұшпан,ағайынға  артықтау кетеді. Бірақ былайғы жұрттың онда шаруасы қанша, айттың ба-орында,әйтпесе атыңа сын.

Ол жөнінде  «Үшінші ауыл (Сазанбай шежіресі)» кітапшасында (Қарағанды Аймақтық оқу-баспа орталығы, 2008ж.) былай баяндалады: «Содан уақыт өте береді. Көпбай болса Жарыбай мінбек тұрсын Құсқанатының басынан құс ұшырмайды. Сөйтіп, Жарыбайдың амалы таусылып, дымы құрып жүреді. Бір күні есе қайтарудың сәті түсе кетеді.

Жарыбай кәрсөннің Босаға-Айыртау маңындағы Баймұрат атасы ауылдарында қонақ болады. Оның ішінде Қанқараша батыр ұрпағының үйінде жатып төрелік айтады. (Аманай Зейнелов шежірешінің айтуынша Қанқараша найманның атақты Көкжал Барақ батырымен жорықта досжар болып, қыз алысқан). Әлгі үйдің тете өскен екі баласы көрші  ауылға сәлем-сауқатпен жүрмек екен. Алайда екеуі ат тізгінін бір-біріне қимайды.Амалы құрыған үй иесі билік айтуды қонағынан сұрайды. Сонда Жарыбай айтыпты:

– Барғанда тізгін біріңде болсын, қайтқанда тізгін екіншіңде болсын, – деп. Жарыбайдың билігіне риза болған үй иесі қонағының  бұйымтайын сұрапты. Сонда ойына баяғы Көпбайға берген серті түседі. Әлгі үйдің ай десе аузы, күн десе  көзі бар Айса есімді қызы бар екен. Көпбай бір жақынының баласына айттырмақ. Ел құлақтанып қалған. Жарыбай сол қызды Есбайдың Бөдесіне айттырады. Үй иесі  көнбейін десе, дүмді жерден келген, әрі текті ата қонағы меселін қайтара алмайды. Мұны естіген Есбай қатты қапаланып:

– Қап, тұқымымды бүлдірер ме екен! Атадан қалған дәулетті осыдан туған бала құртпаса не ғылсын! – деп, қисая кеткен дейді. Олай дейтін себебі бар. Баймұраттар кәрсөннің Әліқұлынан тарайды. Ал ел аузында әзіл үшін айтылса да: «Әліқұлдың алтынына сенбе» деген сөз  бар-тын. Мұнан басқа өзара отырғанда кейбір құрдастар  «Баймұраттан бала туады,  туар-тумастан  бәле қуады» деп те қалжыңдасатын. Рас, бұлардан шыққан небір жақсы-жайсаңдар да аз емес. Әйтсе де телісі мен тентегі басымдау.

Жарыбай ағасына: – Саспа аға, әлі аты  да  келіп қалар, – депті.

Сөйтсе Жарыбайдың ішкі есебі бар екен. Оның білгені Көпбай болыс әлгі Айса сұлудың өкіл әкесі екен. Содан Жарыбай қайтып келіп әлі түспеген келінін үгіттейді.

Өкіл әкеңнің алдынан өтіп, қалауыңа Құсқанатты ата, – деп.

Көпбай да мәрт адам екен, екі сөзге келмепті. Өйткені өкіл ұлдың, не қыздың меселі қайтарылмайды екен. Көп ұзатпай Жарыбай қалыңмалын келтіріп, Айсаны келін қылып түсіреді…».

Иә, сөйтіп, баймұрат-кәрсөнмен  бұрынғы Бесатадан тараған ағайындығы  бір басқа, енді  арақатынас «мыңжылдық құда» боп та жалғасады. Шүкір, әлі күнге  солай.

«Айса өкіл қызы болған соң Көпбай болыс   құдалар жағын өзі  бастап келіп, құдай қосқан құда боп төс қағысып, көңілде кір қалмай, кірбіңсіз қайта  жарасқан екен. Өйтпесе, «жақсы Көпбай» атана ма?» – деп отырушы еді арғы-бергі шежіреге жетік, кезінде «Босаға» кеңшарын басқарған  Кәріғұл Айқынбеков  қария, жаңағы айтылған әңгіме барысын құптай отырып.

Бұғылы-Тағылы таулары ішінде Айса, Құсқанат деген жер атаулары бар. Ол атаулардың шығу төркіні  әлгіндей. Бұл әңгімені айтушы атақты Маясар Жапақов ақынның баласы Әбдіқұл ақсақал екен деседі.

Атақты Серік Бөдеұлы сол Айса келіннен туады. 41-жасында бақилық болған. Серік қолы ашық, аса мәрт мінезді жігіт екен. Бағанағы  Есекең болжамы да теріс кетпепті, «атадан қалған дәулетті» біраз шайқаса керек…

…Жарыбай Баймырзаұлы жөнінде тарихи, мұрағаттық деректер көп болмағанымен жаңағы шағын әңгіменің өзінен-ақ,  оның уәдеге берік, әрқашан әділдікті бәрінен жоғары қоятын, ағайын көңлінде қалайда кірбің қалмауын қалайтын адам болғанын, биік парасаттылық, кісілік келбетін пайымдаймыз.

Көнеден жеткен сөз төркіні мынаған саяды. Жарыбай қапсағай келген  ер тұлғалы, көрікті кісі екен. Айтылатын әңгімелерге қарағанда көп сөйлемесе де, дөп сөйлейтін, мақтан-даңғазадан  аулақ жүретін, істің адамы болған. Ағайын арасына қамқор болып жүретін мейрімділігіне қарап қариялар: «кешегі марқұм Кешубай батыр  көкесіне тартқан» деп отырады екен. Себебі,  қолға түскен Сазанбай ағасын құтқарам деп басын соншама қатерге тігіп Арқадан  сонау Тәшкен, Хиуаға дейін іздеп барған Кешубай батыр, әшейінде  ауыл-арасында жүргенде баладай бауырмал, жүрегі мейірімге толы жан болған деседі…

– Жарыбай атамыз да игі жақсылардың бірі, беделді елағасы болған. Есбайдың ел тізгінін ұстап дүрілдеп тұрған кезінде қалай оған сүйеу, тірек болса, кейін оған анау менмұндалап тұрған зәулім күмбезді-мазар салу, үш жүзге сауын айтып Ас берілуінің өзі ең алдымен, артында қалған інісі Жарыбайдың арқасы, оның ел ішінде беделді болуының арқасы. Уақыт өте  көмескіленеді, ұмытылады ғой, – дейді ауыл қариялары.

– Өкініштісі,сол Жарыбай атамыздың артында белгі болар зират та қалмаған. Бұғылының Бұзаутөбе жағында «Жарыбай қорасы» деген қыстауының орны болушы еді. Аумалы- төкпелі заман оны да ұмыттырған. Іздеп жатқан да ешкім  жоқ. Қайтесіз, заман солай», –деп ақырын күрсінеді, өз атақонысында өңір шежіресіне ендігі ес  болып отырған Есбай би ұрпағы Асылбек Мұсаұлы баурымыз.

***

Өлкетанушы Кәмел Жүнісов.    Соңғы сұхбат.

Өлке тарихын зертеуде  өлшеусіз үлес қосқан белгілі жазушы Кәмел Жүнісовпен ол кісі қайтыс боларынан аз ғана уақыт бұрын қарағандылық кинооператор Қаршыға екеуміз арнайы барып сұхбат алған едік. Науқасы меңдеп жатса да, баяғы Кемпірбай ақынның «Көңілді Әсет сұрай келгенінде, басымды жастықпенен көтер бері» дегеніндей, біз келген соң Кәмекең  оңдалып отырды. Арғы-бергіден  бірқатар шежіре шертілді.

Бүйімтайымыз  Жарыбай Баймырзаұлы жөнінде мәліметтер білу десек те, әңгіме ауаны Есбай би, Сазанбай батыр тақырыбына ауыса берді.

Жоғарыда аталған Есекеңнің фотосуретін көргенде қарап-қарап отырып, жұлып алғандай: – Әу, бұл қасындағы екеу Бөде мен Серік болмасын! Шахов жай адамды суретке түсімейді. Бөдені ерте үйлендірген ғой, екеунің жас айырмашылығы 16-17 жас. Әкелі-балалы екеуінің аттары қосарлана аталатыны содан, – деп қалды. Сәл ойлана отырып:

– Мен  «Шаңды жорық» – Мойынты  өзені шайқасына Бес ата қолын Сазанбай бастап барды, қол басқарды. Абылай-Бөгенбай тұсында жүзбасы болды деп жүргенім де  бала кезден көнекөз  қариялардан құлақта қалғаны, елден жинаған дерек қой. Ал, Сазекеңнің тағы бір атын шығарған Көкжайдақ тұлпар ғой.

– Кәмеке, зерттеуімізше, үздік-создық 9 ұрпаққа созылған Қазақ-жоңғар соғысында қазақта аяқ артар жақсы ат қалмаған да кездер болған екен. «Ертеден шапсаң кешке озып» ұзаққа сілтер – қазанат, жауда қалдырмас хас тұлпар, сайысқа мықты белді ат арман болған ғой. Сазекең Хиуа, Ташкенге жеке басының атқұмарлығынан барған жоқ, түркіменнен, өзбектен   жылқы сатып әкелем, елде  жорыққа мінер жақсы ат  тұқымын көбейтсем деп барған ғой.

– Сонау Абылай хан, Бөгенбай батырлардың тапсыруымен  барған. Басқа да көрші елдерден алдырған. Мына кітабыңда дұрыс жазғансың. Соны баса айту керек… Иә, Жарыбай жөнінде біраз жаңсақтық айтылып келді. Тіпті, Сазекең жөнінде де. Әлі де   зерттей  түсу  парыз…

– Сазанбай  аңыз емес, шын болған тарихи тұлға екенін дәлелдей түсу үшін біздің шағын киноэкспедициямыз сол «Шаңды жорық» шайқасы өткен Қалмаққырғанға, сол шайқаста қапылыста мерт болған атақты Баян батыр жатқан Ақшатау-Ақжалға жол тартып барамыз, шама келсе, көпшілікпен ғылыми конференцияны да сол баһадүр бабаларымыз қан төккен  майдан алаңы болған жерде өткіземіз» – дегенімізде Кәмекең  қатты толқыды. «Қап, мен де баратын едім, науқастың жібермей жатқаны-ай!» -дей берді…

Кәмекең өзі бара алмаса да оның айтқан ақыл-кеңестері сол сапарда үнемі есімізде болды. Бұл Кәмел ағамыздың соңғы сұхбаты еді…

 

Жалғасы бар