Header Banner

Есбай би асы несімен есте қалды?

( шежіретанымдық мағлұмат)

2 бөлім

Сайын Сарыарқа төсінде  қос қапталын Балқаш пен Бетпақдалаға бере жасыл аралдай болып,  бұлағы кәусар, жері ну  Бұғылы тау жатыр көсіліп. Алыстан алап кемедей көлбеп алдыңды орайды. Маң дала. Маңғаз тау жоталары. Қос бұрымдай жарыса аққан Нұра мен Талды. «Құсмұрын, Сымбыл менен Егіз биік,Тұрады бұлтты айналып көкті сүйіп!» деп жырламады ма, Ермек Мұстафин ағамыз («Бұғылы» атты әні де бар).

Аты аңызға айналған Күнбөпе сұлу («Сұрша қыз» әнінің кейіпкері) бой түзеген жер. Бөде мен Серік серілік құрып, Есбай мен Жарыбай «қоңырдан қой» өргізген құт мекен осы. Атақты Қақпан, Нармамбет, Маясар т.б. ақындар жырлап тауыса алмай кеткен қасиетті атақоныс  осы!

Бұғылы тау! Бұландар жүрген, құландар жүрген деседі.

Бұландай ерлер, сал-серің қайда кешегі?!

Құлаған зират, құлазыған жұртқа тау жақтан,

Сағыныш ән боп, күрсіне самал еседі…

Қызғалдақ ғұмыр, Сұршақыз ба екен ақмаңдай.

«Сұршақыз» әнге таулар да мойын бұрғандай.

Атажұртқа анау айналып қарай беремін, «Күн астындағы Күнікейдей» ару-Күнбөпе апам жаутаңдай қарап тұрғандай…».

Сонау бағзы бабалар заманы, марғау тыныштықты бұза бұйдалы көш-көне тарих керуені өтіп бара жатқандай күй кешесің. Сол жағымызда «атыңнан айналайын Қарқаралы» (Мәди), оң жағымызда  атақты Дала серісі Иманжүсіп «… бүркіт салған» Бұғылы мен Тағылы.

– Көз ұшында мұнартқан анау Байдәулет жоталарын көріп тұрсың ба, содан бергі ұлан жазық ылия Есбай бабамыз асында аламан бәйге жіберілген алқап. Наршөккенді басып Үш қарасуға келіп тіреледі. Ас өткен жер осы.  Жолдан ат қосылмасын, шапқандар бағыттан жаңылмасын деп жол бойы қатаң тәртіппен қаптаған жолбаққан (атайдаушы) жігіттер тұрады.

– Бәйге Шөладырдан Сайлаутасқа қарай жіберілді, –  деп те жүр ғой?

– Жоқ. Ол жақ ондай қалың нөпір ат шабатын жер емес. Ат тұяғына  жайсыз. Құмдауыт. Ойлы-жыралы.Шапса құнан жарыс, дөнен жарыс өтуі мүмкін, – деп түйінеді бізді бастап жүрген шежіреші қариялар тобы.

Иә, Есбайдың асы туралы айтылып та , жазылып та жүр. Оның бәрін  бұл жерде  тәптіштеп қайталау артық.

Жазып алынған шежірелік деректер мен  көне мұрағат құжаттарына сүйенер болсақ, біз пайымдаған Есбай асының қысқаша ұзын-ырғасы, шындық мағлұматы мынадай.

Есімі елге мәлім Сазанбай батыр ұрпағының бір айта қаларлықтай   ісі – үш  жүзге  (17 дуанға деп те айтылады,1838ж. мәлімет бойынша бір дуанда 38-40 болыстық болған), арғысы қырғыз,өзбек ағайындарға  сауын айтып  «Есбайдың асын» беруі.  Арғы-бергіден көзі қарақты зертеушілердің айтуынша, бұл Арқа төсінде берілген ең соңғы ірі Ас.

«Әй, мынау Есбайдың асындай болды ғой», –  деген сөз қалдырған Ас.

Есбайдың асына  арғысы өзбектің Беглербегі бастаған, қырғыздың Шәбден манабы (қырғыздар хан деп те атаған)  бастаған,  бергісі – Жетісу , Ақмешіт, батысы –  Ақ Жайық пен Омбы, Қызылжар, Кереку, Ақмола, шығысы – Семей, Өскеменнен бергі ат аяғы жетер жерден  меймандар келді деген сөз әлі де айтылады.

Атақты Қанжығалы  қарт Бөгенбай  батырлардың заманында  бір жақсы дәстүр болыпты. Елді шауып кеткен жауды  жеңіп, талауда кеткен мал мен жанды қайтарып әкеле жатқан батырлар  ауыл-ауылды аралап, жетім-жесірді жинап мал таратып,  қосатынды қосып, жығылған шаңырақты түзеп, ел қылып кетеді екен. Тағы бір нәубет –«ақсирақ» ауыр жұт жылы сол батырдың  ұрпағы  атақты Бопан би сол дәстүрмен сапарда  ел аралап  жүргенде, алдына екі бала келеді:

–   Қай ауылдан, кімнің баласы боласыңдар, қарақтарым?

–  Сазанбай батырдың  шөбересіміз.  Менің  атым Есбай, мынау інім  Жарыбай.

–  Қолдарыңды жайыңдаршы… Ойпыр-ай, саусақтарыңнан  май ағып тұр ғой, қарақтарым! –  депті сонда би. –  Осы өңірдің ең бай адамдары болады екенсіңдер. Бұларға 5-6 ұсақ мал, екі-үш жабағы-тай берсеңдер де жетіліп кеткелі тұр, – деп батасын беріп кеткен екен дейді. Қарт би қалпы айтпапты. Ұқыпты, аса шаруақор екі бала  шынында да біраз жылда бай да беделді  адамдар қатарына ілігіпті. Бірақ байлыққа мастанбапты, қолы  ашық, мейірімді жандар болып өтіпті.

Есбай дүниеден озып, үш жүзге сауын айтқан  Есбайдың асын інісі Жарыбай, Есбайдың баласы Бөде мен оның ұлы Серік береді, Сазанбай батырдың төрт ұлы: Атабай, Әтембек, Сарықұл, Жомарттан тараған  ұрпақтары бір ксідей жұмыла атқарады. Асты Қояншытағайдың болысы Жаужанның Мұқыры мен кернейден Қырбастың Бәйсейіті басқарған.  Есбайға құдандал болып келетін Кәрсөннің  Көпбай болысы ат салысқан. Ас беру оңай іс емес,арғысы бес мейрам Қаракесек, бергісі Бесата болып бірлесе атқарған.

Мәлімет үшін. Шын риза болса тіпті, ақиқаттың өзін  аңызға айналдырып жіберетін қазақ емеспіз пе, Есбай   асының ұлан-асыр  болғанын  мақтаймын деп кейбір «жазғыштардың»  артық кетіп, бөтен әңгімелер қосқанына  қынжылатын  еді қариялар. Осыны ескеріп, 1980 жылдың күзінде Қарағанды, Шет, Ағадыр өңірлерінде тұратын  беделді-беделді  көнекөздермен арнайы жүздесіп, біраз деректерді магнитафон таспасына жазып алған едік. Араларында елге беделді Бәкен (Балмағанбет), Жәмкен, Көкіжан, Жәми, Дуанбектің Сүлеймені, Бәкеннің  Оразбегі, Сырымбеттің Қасымы ,т.б. шежірекеуде көнекөздер,  беріректе қайтқан Тұрымтай Бәкенов, Амантай Жақсыбеков, Рысқұл Жақанов, т.б.   сияқты ел ағалары бар.

Енді сол деректерге жүгінелік.

Сазанбай батырдың  Тәшкент бегдербегінің қолынан қапыда  қаза табарда: «Мендей бір ұл туар, Көкжайдақтай ат тумас! Айғырды бермеңдер», –  деуі  әулиелік сөз екен. Көкжайдақтың  дәл өзіндей болмаса да, одан осы төңірек абыройын асырған небір сәйгүліктер тарапты. Сазанбай батыр  Көкжайдақ үшін  мерт болса, ал  сол тұлпардан тараған  желтұяқтың    бірі кешегі 1931-32 жылдардағы «қызыл қырғын» алапат ашаршылық тұсында  Сазекеңнің  ұрпағы біздің әкейдің отбасын  ажалдан аман алып қалғанын  да осы қариялардан білдік. Біздің әкей  Бұшық  әулетінен тірі қалған  жалғыз еді…

Ас үлкенді-кішілі төрт өзен – Нұра мен Талды, Қызылқой,Туматай  өзендеріне таяу Үш қарасу (аралары бір-бірінен едәуір алшақ үш бөлек  айдынды қарасу болған, қазір тартылған ) бойында  беріледі.  Ең суы мол, нулы  жерлерді әдейі таңдаған ғой. Бесата жігіттері қонақ күтуді міндетіне алып, Қояншы-Дәулет-Таңайдан, Сазанбай батырдың  өз кіндігінен Атабай, Әтембек, Сарқұл, Жомарттан тараған ұрпақтары Ас иелері ретінде алыстан ат арытып келген меймандарды  дәстүр бойынша «төрт құбылаға» (төрт тарапқа) бөлініп қозыкөш жерден күтіп алып, арнайы  әзірленген киіз үйлерге жайғастырған. Ол  көбіне Қармыс пен Шопадан  бергі Қызылқойға қарай.

Ас беру дәстүрін көп  зерттеген И.В.Аничков, М. Шорманов,  Е.Смағұловтың еңбектерінде айтылғандай, Асқа шақырылған жақ та мұқият даярланып келген. Сәнді киініп, ерекше салтанатпен барған.  Өз әнші-күйші, балуандарын, бәйгеге қосар аттарын, ежелгі салтпен көбіне «азаға қосар» сойыс малдарын, тігетін үйлерін  да ала келетіні болған.  Әуелі ас иелеріне  қайырлы болсын деп, қазақы жолмен көңіл айтудан бастау парыз.

Қаралы туды  түсіру рәсімі

Бас Қарасу  төріндегі Есбай бидің он екі қанат ақ ордасы босағасына өткен жылы тігілген  Қаралы туды түсіру құрметі Ағыбай батырға тиген (қайғы осымен кетсін деп ту сындырылады). Марқұмның былтыр тұл етіп жіберген аты қара мақпал жабылып, күміс ер-тұрманымен келтіріледі. Адал бақанда киген киімдері.  Сол-ақ екен әр үйден әйелдер жағының сай-сүйекті сырқырата қаралы жоқтау айтуы басталған. Есекеңнің үлкен келіндері Қалды, Әжім, Құтыны бастап, Серіктің жұбайы Рысжан айтты деген: «Үш жүзге мәлім болған атам Еспай, Барады үріккен тайлақ бір жанаспай…» деп келетін ұзақ жоқтау-жыр күні-бүгін сақталып, бізге жетіп отыр. Басы осылай  ауыр еске алу, мынау бескүндік пәни жалғанға деген  өкініш-мұң, күйінумен басталғанымен  одан әрі Астың ұлан-асыр сән-салтанатымен ұласқан.

Жаңылып, жаңсақ кетпеуіміз үшін сөзді жоғарыда аттары  аталған шежіреші қариялардың өздеріне берейік.

Ел естілері, қариялар  не дейді?

–  Ас өткен ғасырдың басында берілді  деп  жүргендері  қате. Себебі, Асқа кезінде Кенесары ханның бас қолбасшысы болған атақты Ағыбай батыр (1802-1885 ж.)  қатысқан. Оған дәлел, Бөде: –  Ақке қол басқарған адамсыз ғой, қараңызшы, қанша адам жиналды екен? – дегенде, Ағыбай батыр түйеге мініп, көз жіберіп тұрып: – Он екі мыңнан асады екен! – депті.  Он екі мың ол заман үшін өте көп жиын.

– Дәстүр бойынша бірінші күн ошақ қазу, мал сою күні, одан соң құнан бәйге, дөнен бәйге. Астың соңғы күні аламан бәйге. Бәйге аттарын Тектұрмастан асып, Шерубайға жақын Бәйдәулеттен қайырады. Арасы 60 шақырымнан  кем болмас. 370 тұлпар қосылады. Жалпы, елу атқа бәйге берілген, –  деп қостаған ел арасы шежіре-әңгімелеріне жетік Жәмкей Бұшықұлы, Сырымбеттің Қасымы бастаған қариялар.

– Бас бәйге жүлдесі 50 жылқы, тайтұяқ алтын, тоғанақты түйе, одан кейінгілері де рет-ретімен 45 жылқы, тайтұяқ алтын жамбы, жасаулы 8 қанат ақорда киіз үй, одан кйінгілер рет-ретімен 40 жылқы, қалы кілем, масаты кілем жабылған нар түйе  бастатқан тоғыз, осылай жалғаса береді. Оның қайсібірін айтарсың.

Руы Қуандық ішінде Тоқа, Орақтың   Кетпентұяқ  тұлпары  қара үзіп өтті дейді.  Екінші  боп,  өскен тұқым-анау Сармантайдың Мұсатайының Тайқасқасы, одан кейін Қырбастың Бәйсейітінің Қарабуырылы, атақты Түйтенің көкшағырларының тұқымы  Баубектің Көгі, кәрсөннің  Сарбасының (Боранқұл батырдың әкесі) Сараласы, Жарыбайдың Доспайының Қаракөгі…

Кетпентұяқ әйгілі Сазанбай батырдан қалған  Көкжайдақ  тұлпар мен  жергілікті ұзаққа шабатын қазанат тұқымды биеден тараған будан  тұқымдас, денесі сидам, теңбілкөк арғымақ еді дейді. Тұлпар әуелде Көкшағыр деп те аталған.  Жалпы, қазақ жирен қылшық аралас боз жылқыны қызыл атайды ғой. Кетпентұяқты  қызыл теңбіл деп те айтады. Жаясының ұштығы  мылтық ілгендей, апсағай жылқы екен. Кедір-бұдыр жерден екі бүктетіліп қарғығанда, тұяғы ошақтай жерді ойып кетеді екен. Кетпентұяқ атануы содан.

Айта кетсек, Есбай бидің асында екі жағдай есте қалған. Оның бірі – аста  ат жарысы бас бәйгесін аты озса да Орта жүз өзі алмай, қонақтарға берген екен. Бұған Бесатада ішіндегі  әлтеке  жақсы Жанқұтты һәм Кәдір  билер  мұрындық болған  ( «Жанғұтты бас бәйгені өзі берген, Екіншіні жетелеп Кәдір келген. Орта жүз «той біздікі, алмаймыз» деп, Үлгі еткен өнегені былайғы елге» дегенді Шортанбай айтты деп, Ескей жыршы қалдырған дерек).

Екінші есте қалғаны:  « Есбай асына қатынасқан   Шортанбаймен еш ақын айтыспаған. «Бұл оны елдің ерекше құрметтеу  белгісі еді деседі шежіреші қариялар.- Шортекеңнің  жасы егде тартып,дінге, абыздыққа бетбұрған тұсы болса керек».

Астың сән-салтанаты

«Той тондынікі, ас аттынікі»деген бар. Аста шалғай жырақтан келген меймандарға ерекше құрмет көрсетіледі. Табиғаты әсем Бұғылы шоқылары баурайы. Алдыңыздан ашылған алып сахнадай қызылды-жасылды көк шалғынға қатар-қатар  тігілген  8-12 қанат ақшаңқан үйлер. Келістіріп құлпырытып кілем,сырмақ, текемет,алаша төселген. Әудем  жердегі қатар-қатар қалың ас ошақтары. Киіз үйлердегі меймандарға  әсем киінген өрімдей қыз-жігіттер бірыңғай тайпалған көк не кер  жорғалармен, бірыңғай торы  немесе сүліктей қарагер  сәйгүліктермен  табақ тартып таң қалдырған деседі. Әрине, бұған да үлкен машықтану, дайындық керек.

Мұхтар Әуезов  өзі  куә болған Арқа жеріндегі басқа бір Асты былай суреттейді: «…Барлық ат күміс ер-тоқыммен ерттелген. Күтуші жігіттер бастарына тегіс жібек орамал байлапты. Едәуір жердегі  ас ошағымен екі арада бұлар қос табақтан алып, қатар ызғытып жөнелгенде, өлке бойы ғажайып  жайнап кеткендей болды!».

Иә, «ғажайып жайнап кеткендей болды!» дейді жазушы. Айтса айтқандай.

Сіз осынау қалың нөпір көпшілік арасынан көркем киінген сұңғыла өнерпаздардың әр тұстан  суырыла шығып, әуелете, желпіндіре аспан күмбезін түрген ғажайып ән, күмбірлеген күй толқынын елестетіп көріңізші!

Шетел этнографтарына «Дала олимпиадасы»! деп таңдай қақтырған басқа да сан-алуан өнер сайыстарын айтып жеткізу қиын.

Қазақтың қанын қыздыратын аламан бәйге! Осынау сайын сахараның  шаңын аспанға шығарып, қиқуға бөлеп,өрімдей өндір ұландар қосыла әруақтап аспан астын күңіренте  ұран тастағанда шыдап көріңіз! Әруақтап, жайыла  шапқан 370 дүлдүл  тұлпардың  жер қайыстырған дүрмекті  дүбірін көз алдыңызға келтіріп көріңіз!..

Әр дуаннан келген   меймандар өздері ерте келген, немесе  Асқа қос атпен арнайы алдырған  атан балуандар, қазақ даласына аты шыққан  әнші-серілер мен күйшілерді   көрудің өзі  бір ғанибет болған. Астың  сән-салтанаты туралы жазылған дүниелер аз емес. Бірақ әртүрлі  нұсқада (жазушы Кәмел Жүнісов,т.б.). Асқа келген  Кемпірбай, Шөже, Орынбай, Біржан салдың өзі құрметтеген «есті тентек» ерекше пошымда киінген Ақтентек сері тобы, Шортанбай, Қақпан, Әсет  бастаған ақын-жыраулар, Жетісу мен Қызылорда, Семей, Көкше, Өскемен-Аякөз, т.б. өңірлерден келген ақын-жыраулар есімдері аталады.

«Елдің есерсоғы  болмаса, ес тұтқан үлкені өстір болар, қуандық түгіл, Ақмола дуаны бетке ұстаған Шоң би бірінші боп келді! – деп бір желпініп қалды көпшілік», – дегенді келтіреді шет шежірелерінің бірі.  Беделді ел ағалары  сырттан келетін меймандарды құрметпен қарсы алатыны тағы бар. Олардың өзі 40-50-дей… Ақмоладан Телқозының Шоңы, Баянауылдан  Шоң-Шорман тұқымдары, Құнанбай-Абай ауылдарынан, Қарқаралы өңірінен кімдер келді – әр  шежіреде әртүрлі айтылады. Орыс жандарал, ояздарың да мұндайда өз төңірегінделерін ілестіре қарап қалмайтыны белгілі.

– Он екі мың адамға табақ тарту, риза ету оңай ма. Есбай бидің  ұзатылған қызы жағынан құдасы  Кіші жүз тамаларының өзі 60 киіз үй тіккен екен.  Той иесі өз ағайындарымыз олардан кем қала ма, жалпы саны  460 ақшаңқан үйлер тіккен, саба-саба қымызын, сойыс малын әкеліп, бір кісідей тік тұрып қызмет еткен деседі.  Бас табақшы (Бас төреші) керней Қырбастың Бәйсейітінің басқаруымен мыңдаған  мейманды лайықты қарсы алып, абыройлы шығарып салу үшін  100  табақшы,сондай-ақ хабарлаушы-жаршылар, Ас шырқының бұзылмауын қадағалаушы беделді қариялар  тобы және бар.

Есбай би асына  қанша  мал сойылды?

…Осындай болып жатты ұлы жиын,

Жиынның мыңнан бірін айту қиын.

Еті тау, қымызы көл деуге болар,

Айтқанда тартыңқырап астың сыйын.

І. Жансүгіров,   «Құлагер».

Жер ыңғайы  көбіне қуаң, шөлейт болып келетін осынау ұланбайтақ қазақ даласында ғасырлар бойы төрт түлік мал өсірудің қыры мен сырын  жетік меңгерген халқымыз ешқашан кедей болып көрмеген екен! Кеңес өкіметіне дейін солай болған. Біз әңгіме етіп отырған Арқаның Бетпақдалаға қарай көсілген жартылай шөлейт қазіргі Шет, Ақтоғай, Жаңаарқа, Ұлытау-Жезді өңірлерінің өзінде  он-он бес мың айдаған жылқылы байлар аз болмаған. Көбінің есімі әлі де ел есінде. Соның дәлелі  сауын айтып берілген  ірі Астар.

Әйтседе, Есбай асына сойылған мал, тігілген  киіз үйлер, бәйгеге қосылған аттар саны…  Бүгінгі асфальтта өскен ұрпаққа тым көп, рабайсыз асыра мақтау болып көрінуі бек мүмкін. Сондықтан сөзіміз дәлелді болуы үшін әрі Арқа жерінда Ас беру дәстүрінің сол кездердегі шама-шарқын аңдату үшін шежіретанымдық деректерді салыстыра  ұсына кетуді жөн көрдік. 

Арқа астарының есте қалар ерекшеліктері

Мәлімет үшін:   ХІХ ғасырдың   екінші жартысында Арқада үш жүзге сауын айтқан 4 астың бірі – іргелі ру исі керей  болып атсалысқан Сағынайдың асы.

Оған жұмсалған байлықтың өзі Үндістандағы атақты Тәж-Махал кесенесін салуға жұмсалған қаржымен бірдей  болған! (жазушы Сейіт Кенжахметов дерегі). Асқа 500  үй тігіліп, оған 500 бұқар кілемі ілінген,10 мың көрпе-жастық, 5 тонна шай, жаңа ыдыс-аяқтар Ташкент пен Қазан қалаларынан алынған. Қонақтарға сыйлауға 500 бұқар шапаны, сібірден 500 аң терісі алынған. 20 мың қой, 1 000 жылқы сойылған. 500 жігіт атпен табақ тартып, 300 қыз дастарқан жайып, қызмет еткен. Бəйгеге 500 тұлпар қосылған (әттең-ай, Ақанның Құлагері  осы аста мерт болмағанда ғой, қазақтың қабырғасы қайыспағанда ғой!-дейсің).

1860 жылы Ұлытау-Жезді жеріндегі «Ерден көлінде» Бағаналы найман,аға сұлтан  Ерден Сандыбайұлының асында 500 үй тігіліп, ат бəйгесі 100 жылқы болған. Ерден байға осындай дəрежеде үш рет ас берілді. Үш аста барлығы 1860 жылқы, 600 қой сойылған, 1000 саба қымыз берілген.

1874 жылы Лабақ Қуатұлы асына 300 жылқы, 500 қой сойылған, 700 үй тігілген. (С.Шарипов. 295 б. 1982 ж).  Міне, Арқа астары осындай болған.         

Тағы да Есбай асына оралалық. Ел естілері,  қариялар не деп еді?

Жарыбай ұрпағы Жәмкей: –  Сән-салтанаты жөнінен  Есбай бабамыздың асы да  олардан еш кем болмаған! Ол кезде намыс деген болады. Бүкіл Арқаны алып жатқан Бес мейрам (Қуандық, Бегендік, Шегендік, Қаракесек (Болатқожа) намысқа салған, жан-жақтан қолдап әкеткен ғой! Есекеңнің өзі де сондай құрметке лайық адам болған ғой. Малдың көп сойылғандығы, Астың ұлан-асыр болғаны сонша, Қызылқой мен Нұра,Талды, Шопа, Қармыс  өзендері  бір ай  бойы малдың қаны мен жыны болып ақты дейді. Балығы дем ала алмай сыртқа шоршып жатты дейді. Ағыбай батырдың «жиналғандар он екі  мыңдай» дегенін естіген соң-ақ лапылдаған албырт, әрі заманының  «Наурызбайы» атанған   Серік  Бөдеұлы  Бөрте айғырдың үйірін әкеп сойдыра бастаған дейді. Осы Асты басқарып  жүрген ел ағалары,ішінде Бас табақшы (басқарушы) Бәйсейіт бар:

– Қарағым, Серік, тоқтат! Артық ас-рәсуа. Әруақ артық асқа емес,  ақ ниет-дұғаға семіреді! Жау жағадан алып жатқанда, елдің ырзығына таласқандай болмайық. Мынау  Бөрте айғыр – малдың  киесі, басы еді, тоқтат! – деп, қойдырған ғой. Өйткені, Бөрте  айғырдың үйірі күзде семіздіктен шәйлап, желі басында жүре алмай тұрып қалады екен. Қойдың шәйлағанын көрдік, ал жылқы баласының шәйлағанын көргеніміз осы, –  деп таңқалысып отырады екен үлкендер.

Оразбек Бәкенов, Рысқұл Жақанов ұсынған дерек: – Асқа ағайындар қосқан мал Қармыс пен Шопаның бойына сыймай кетті деп отыратын ілгерідегілер. Сазанбай ұрпақтарының өзі де  малға кенде емес. Жалпы, 1500 жылқы, 3 мың қой сойылған, ру шежірелерінде  де солай. Біраз бөлігі  түрлі жүлделерге, меймандар үшін сый-сияпат, жол-жоралғыларға жаратылуы да мүмкін. (Ескерте кетсек, сойылған мал саны «Шет ауданы энциклопедиясында» (2013ж.162- бет.), Қояншы-Дәулет-Таңай» шежіресінде (2008ж.251-бет.) сол мөлшерде көрсетілген.-Автор).

Мәлімет үшін: Иә, айтса айтқандай. Ежелден ырыс дарып, құт қонған ел емеспіз бе, Д..Путинцев,  Е.Смағұлов, А.С.Плотников, т.б. зерттеулерінде қазақ Кеңеске дейінгі дәуірде құндыз, кәмшат, аю, жолбарыс терілері,тб.қымбат аң терісінен жағалы киімдер, сан түрлі қалы кілемдер мол болғаны айтылды. 20-30 жылқы беріп күіміс ер-тұрман, ат әбзелдерін жасатқан. Қыз сәукелесінің өзі бір үйір жылқы құнына пара-пар болған.

Ол  қазақтың әлі де әлді, дәулетті кезі. «Бай бір жұттық» дегенді білетін ақылды байлар  тайтұяқ алтын, күміс бұйымдар сақтаған. Мысалы, «Кенесары көтерілісіне қатыстың деп Қырбастың Бәйсейітінің елге қадірлі жалғыз баласы Нұрлан мырзаны абақтыға жапқанда, кепілдікке босатып  алу және ояздың аузын майлау үшін атақты Тарпаң болыс  «түйемойын» қоржынынан алып көмекке ұсынған құйма алтынның өзі қырық қысырақтың құнындай еді», – деген  сөз бізге жетіп отыр.

Асқа шақырылғандар сән-салтанатпен барған. Мәселен, Қарқаралыдан Есбай асына келген Өтебай сал осы асқа киіп баруға ерекше бөрік тіктіріп, ол және тоқа Сапаққызының сəукелесінен жəне алтай Алдажұманқызының сəукелесінен де артық болсын деп, тіккен ісмерге бір үйір жылқы бергені  де жазылып жүр.

Кәдімгі, «Қыз Жібекті ойласаң нең кетеді, Орамалы тұрады бес жүз жорға,әгугай!», – деп әндететін, қайран,  дәулетті дәуір!  Орыс отаршылдығы   ортайтар, ойрандар деп кім ойлаған… Қазақ аспанына қасіреттің қара бұлты үйіріліп, тарихта болмаған зобалаң күндер жақындап қалғанын  кім білген?! Соны сезді ме, Арқа жұрты әйтеуір  аталарына ас беріп қалуға асыққандай ….

– Анау керей Сағынайдың асындағыдай керегіңді Түркия, Қазаннан алдырмаса да,  бұл өлкеде Тәшкен-Ақмола-Омбы-Қазан аралығында  өзбек, татар, орыс сауда керуені үзбей жүріп тұрған кез. Есекең асында  бағалы асыл бұйымдар да мол болған. Тағы бір есте қаларлығы – Бес  мейрам, тіпті,орта жүз болып  көбіне өз жеңіп алған бағалы жүлделерін Ұлы жүз, Кіші жүзден келген сыйлы  меймандарға ұсынғаны.  Құрметпен, ән-жырмен келіп тарту етіп,таратып беріп таң қалдырған. Алыс-жақыннан келген ағайынның жол-жоралғы, кәде  алмай құр қол қайтқаны аз шығар.  Әйтпесе, артында «Есбайдың асындай болды!» деген сөз қала ма?! – деп түйндейді Шеттің шежірекеуде көнекөздері.

Ел естілеріне ескерту :  Жоғарыда есімдері аталған шежіреші  қариялар Есбайдың асы тақырыбына  жазатындарға төмендегі үш нәрсені ескертуді өтініп еді.

Не айтса кесіп айтатын Рысқұл Жақанов: «Бәйгеге жолдан қосылған ұры аттай әркім ойына келгенін қоса бермеу керек. Жұртты шатастырмау керек. Мына Оразбектің, басқа да кейбіріміздің қолымызда кешегі Сымтыбайдан, бертінде, кеңес заманында 92 жасында қайтқан  соңғы  би Ақтай Бөдеұлынан жазып алған шежіре-кітапшалар  бар. Кәмел айтты, Сырымбеттің  Қасымы айтты деп  бөтен әңгіме  қоса беру ұят нәрсе», – дегені де есімізде.

Екінші. Асқа қырғыздың  Шәбден  манабы (өздері хан деп те атаған)  келді дейді. Бірақ 1847 жылы қырғыздың Кекілік тауында  Кенесары-Нурызбай бастаған аз ғана қол сатқындықтың құрбаны болып, қазақтың соңғы ханы Кенесары  ажал құшты. Бұл төңіректен де біраз боздақтар кетті. Сол жағдай ел есінен өшпей жатып  Шәбден шалқиып Арқадағы асқа келді дегенге кім сенеді? – деген сауалға:

– Әйтсе де, араға біраз жыл салып Арқаның беделді биі Телқозының Шоңы  1912ж. Алатау асып, Шәбденнің асына барған жоқ па? «Қырғыздар әбден сынап көріп, «әй, Шоң десе Шоң екенсің»»деп құрметтемеді ме?!  Олай болса, былайғы қырғыздың бәрін бірдей кінәлауға болмас, – деген тоқтам айтқан  еді қаиялар.

Үшінші.  Тағы бір сорақысы –  бертінде,  кеңестік заманда қайтқан мына  кәрсөннің Боранқұл батырын  (1877-1929ж.ж. «Боранқұл батыр». Ж.Н Шөженов) кейір жазғыштар қолына «тұқыл найза» беріп, осы Асқа қатыстырып,  Ағыбаймен сайысқа түсіріп  қоятынын қайтерсің?! Егер Ас 1873ж, берілді десек, Боранқұл ол  кезде  4-5  жастағы ойнап жүрген бала емес пе?

Иә, Боранқұл да кәрсөннің белгілі адамы. Әлихан Бөкейхановтың: «Әттең, оқымай қалғансың, оқысаң бір елге көсем болғандай екенсің»! –  деуі тегін емес. Бірақ бұл кейініректе болған.

Жалпы, қырғыздың да Ас беруі қазаққа ұқсас. Зерттеуші С.Е.Дмитриев 1912 ж. күзінде берілген Шәбденнің асында тұқыл найзамен сайыста бірнеше батыр мерт болды, бірнешеуі ауыр жарақат алды деп қынжыла жазады. Ендеше  Есбайдың асында  қадірменді қарт батыр Ағыбайды сайысқа түсті деудің өзі үлкен әбестік.

Атақты Иманжүсіп Өскеменге жер ауып барғанда, жұрт болмай  найман батырымен сайысқа шығарғанда бірін-бірі мерт қылар деп, өгіз терісін тарттырумен ғана шектелген ғой. Тұқыл найза ұстатпаған.

Төртінші. Кейбіреулер жазып жүрген  жылап аққан мына Қармыс өзені үш жүзге арнап  ұлан-асыр ас өткізетіндей ыңғайлы жер емес. Шын зерттейім дегендер Астың айдынды Үш қарасу (Бұзаутөбе-Шопа аралығында, қазіргі күні айдыны тартылып қалған) аумағында өтті дегенді түпқазық қылғаны жөн. 

Есбайдың  асы қай жылы берілген?

Үш түрлі  болжам бар.

1). Ас өткен ғасырдың басында берілді  деу  қате екенін жоғарыда  айттық.

2). Ас 1861ж., сондай-ақ 1864 ж. берілді  деп жазу  (К.Жүнісов,т.б.)  да жаңсақтық. Себебі, бұл Есбай  болыс болып тұрған жылдар.

3) Шындыққа келетін нұсқасы мынау.

Мұрағаттан алынған  «№159. 1862 год-формулярный список о службе управителя Куянчи-Тагаевской волости Каркаралинского округа бия Еспая Баймурзина» атты құжаттағы Есекеңнен тараған ұрпақ туралы  мәліметте:  Бөде 33 жаста, Есбай Баймұрзиннің жасы 53-те деп көрсетілген.Ендеше туған жылы 1809ж.  (ЦГА РК. ф.и.-345.оп.1.д.1616.л.259-260.Подлинник.).

1858 жылы 28 қарашада болыс болып сайланған.  Мұны өлке тарихының білгірі,  профессор Гүлшат  Жұмаділова  да растайды.

Есбай Баймырзаұлы ауызекі деректе 63 жасында қайтыс болды делінеді.  Олай болса, 1872 жылы қайтыс болған, Асы бір жыл өткенде, яғни 1873 жылы берілген болып шығады.  Демек, 1809 жылы туып, 1872 бақилық болған. Құжат бойынша қисынды. Бірақ 63 жаста қайтыс болғанын нақты айту қиын.  Әлі де қосымша зерттеуді қажет етеді.

***

–  Е-е,одан бері не заман өтті. Бұл ел денесі сидам, тұрқы келісті, қылаң жылқы қылт етіп  ауызға  іліксе-ақ «жарықтық сол Көкжайдақтың тұқымы болар-ау» деп отырушы еді (Көкджайдақ ақалтеке тұқымдас тұлпар.-автор).  Сазанбай бабамызды еске алып отырушы еді.  Есбайдың інісі  Жарыбай баласы Доспайға 100  қаракөк сәйкүлік жылқы біткен. Бұлар  біріне бірі жетпесе, анау мынауға  шалдыра қоймайтын кілең жүйріктер болған.  Бертінде  мына өзіміздің  іргелес  кернейдің Түйтесіне де сол шамалас көкшағыр жылқы бітті ғой… Анау Адамбай-Тұрсынға он алты мың жылқы біткен.  Сол Адамбай мен Тұрсын айтады екен: «Түйтенің 100 көкшағырын  бізге берсе, біз мына  он алты мың жылқыны берер едік» деп.  Қазір солардан тұқым жоқ!.  Әй, дүние-ай, десеңші!.. –  деп жер шұқығандай төмен қарап, үнсіз отырып қалып еді қайран қариялар.

Анау алыстарда, Ай нұрымен жарысып, келмеске кетіп бара жатқан  арғымақтарға аза тұтып отырғандай болып көрінген…  Бұл күнде өздері де  келмеске кеткен қайран, иманды болғыр, шежіре кеуде асыл қарияларымыз!..

Түйін

Жұршылық ат арытып Асқа не үшін асыққан? Мәлімет үшін: Әлбетте, қазақ көбіне  ортақ басқыншы жауға қарсы тұрар  майдан даласында немесе осындай ірі Астарда ғана бас қосқан ғой.

Алыс-жақын ағайнның өзі «торқалы тойда, топырақты өлімде» жиналған.

Зерттеуші ғалымдардың пайымынша, сауын айтқан Астар жүгірген тұлпардың тұяғы,  ұшқан құстың қанаты талған осынау ұланғайыр даламыздың әр қиырында тіршілік кешкен үш жүз руларын, ауыл-аймақтарын  бір-бірімен жалғап-жақындастырып, тіпті, кейін  құда-жегжат, қияметтік дос болып кетуіне таптырмас себепкер болған.   Қазақтың ұлт болып ұйысуына өлшеусіз  үлес қосқан, әлеуметтік-этнографиялық мәні зор ежелден келе жатқан  ерекше ұлағатты дәстүр болып саналады.

Екінші. Билер кеңесі жиналып, ел тағдырына қатысты мәселелер шешкен. Мысалы, осы Есбайдың асында  Бәйсейіт Қырбасұлы бастаған билер алқасы қуандық пен қаракесек арасындағы жер дауына оң шешім айтқан. Сандыбайдың Ердені асында  руаралық даулар    қаралып, жақсы бәтуамен аяқталған. 1882 жылғы Абылайдың асында Цин елшілдігі өкілдері мен қазақ сұлтандары қатысуымен Уәли Абылайұлы хан сайланған.

Үшінші.  Небір сыналмаған талантты әнші мен балуанның, көпті аузына қаратқан  шешеннің, бауырын жазбаған  тұлпар аттың  бағы осындай   нөпірлі жиында ашылған. Атағы алыстарды адақтаған дала дүлділін көргің келсе-аламан бәйгені көр!

Қазақтың небір  алып мықтысын көргің келе ме? Атан түйе балуандар күресін, атүсті аударыспақ сайыстарын, көңіл құрышын қандырған көкпарын көр!

Қазақта дәл өзіндей болмаса да  Қажымұқан, Балуан Шолақ, Иманжүсіптер әр кезде де болған. Ақан сері, Біржандар… Көкжайдақ пен Құлагерлер  қай кезде де қазақтың қанын қыздырып, ұлттың рухын көтерген!

Мұндай ірі  Астар  өзіндік бір  ірі Ұлттық өнер байқауы, тіпті, зерттеушілер,кейбір шетел этнографтары  жазып жүргендей Дала олимпиадасы  іспетті де  болған!  Соның  бәрі Есбай  асында жарасымды орын алған деуге негіз бар. Астың күні бүгін ұмытылмай есте қалуы, үлгі боп ауздан ауызға тарап келгені де содан ба дейміз.

Тәуелсіздігіміз арқасында кешегі ұлтым деп өткен ұлыларымызды ұлықтау қазір де жалғасуда. Ескеткіш орнату, Ас беру жөнінде сын-ескетпелер де аз емес. Кейде,тіпті, бүгінгінің кейбір пысықай оқығандарынан гөрі сонау оқымаған бабаларымыз әлде қайда парасатты, ауызбірлікті болған ба деп қаласыз.

Бірақ қалай десек те, ұлыларымызды ұлықтау- ұзақ жылғы отаршылдық пен кеңестік тоталитарлық жүйе жоюға айналған ұлттық рухымызды, тарихи ұлттық санамызды қайта оралту, өзіміздің кім екенімізді танып-білу үшін қажет екенін  ұмытпаған жөн.Міне, заманында рулы елге тірек, көпке ұйытқы  болған, біз  білетін Есбай Баймырзаұлы есімі аталған жерде   ойымызға оралғаны осылар еді.

Болат ЖӘМКЕНОВ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

ҚР Мәдениет қайраткері

 

Пайдаланылған негізгі әдебиеттер мен архив құжаттары:

    1. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық мұражайының басшысы Н. Әлімбайдың жетекшілігімен 2010-2014 жылдары жарық көрген «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты бес томдық ғылыми энциклопедия. Алматы-Астана мұрағаттар қоры.
    2. Қазақтың  Ас беру дәстүрлерін көп  зерттегенИ.В.Аничков, М. Шорманов,  Е.Смағұлов, С.Плотников, А. Путинцев т.б. еңбектері.
    3. Тарақты Ақселеу. Күй-шежіре.Алматы,Крамдс-Яссауи-1992.
    4. Архив деректрі:

1. Ведомости  о кличестве кзахского населения, откочевавшего в глубь степи из волостей Внешних Окружных Приказов за 1837-1844г.-28 об.-34 л./ҚР ОММ. Қор-374.Тізім-1.іс-1465).
2.(Дело о спорных урочищах Бугулу,Тагалы, Кызылтау между казахами Сарымовской, Куянчи-Тагаевской волостей и казахами Алтаевской и Карпыковской волостей. – 23. 01. 1830-11. 02. 1832. /ҚРОММ. Қор-338. Тізім-1, іс-522. 214 п).
3.(ЦГА РК. ф.и.-345.оп.1.д.1616.л.259-260.Подлинник. «№159. 1862 год-формулярный список о службе управителя Куянчи-Тагаевской волости Каркаралинского округа бия Еспая Баймурзина».т.б.