Румынияның бас шаһары – әсем де еңселі Бухарест қаласы төрінде тоғызқұмалақтан өткен VIII әлем чемпионаты ел қоржынына кезекті заңғар жеңісті сыйлады. Әлемнің 43 мемлекетінен келген сен тұр ешкімге жол бермейтін 100-ден астам мықты шеберлік байқасқан бұл дүбірлі додада жерлесіміз, Ақадыр жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушысы Қожанәсіп Аңсаған Азаматқызы тағы да топ жарып, дара шапты. Ол ойынның ең тартысты да шапшаң түрі – блицтен қарсыластарының бәрін шаң қаптырып, алтын медальды қанжығасына байласа, рапид бағдарламасы бойынша күміс жүлдені еншілеп, ел мерейін үстем етті.
Шын мәнінде, бұл жыл Аңсаған үшін берекелі де жемісті асуларға толы болды. Осыдан бірер ай бұрын ғана бауырлас Қырғызстан жерінде жалауы желбіреген Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында тоғызқұмалақтың батыс-африкалық баламасы – овари ойынынан қола жүлдеге ие болса, іле-шала тоғызқұмалақтан өткен Қазақстанның командалық чемпионатында облыс құрамасының сапында өнер көрсетіп, үздік үштікке енді. Бұл толағай табыстар кезінде жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының басты тақырыбына айналып, қалың бұқараның ыстық ықыласына бөленген еді.
Кеше ғана Аңсағанды өз ауданымыз бен облысымыздың ғана мақтанышы санайтын болсақ, бүгінде ол – бүкіл алаш жұртының төбесіне көтерер мақтанышы, ұлттық спорттың жұлдызы. Қазақтың қарапайым тақтасында бастау алған бабалардың ұлы зияткерлік мұрасын әлемдік деңгейге көтеріп, тоғызқұмалақтың халықаралық аренадағы беделін арттырып жүрген спортшының бұл еңбегі – бәріміз үшін зор мәртебе.
Жуырда туған жері – Ақадыр кентінің теміржол вокзалында Әлем чемпионын ауылдастары, спорт жанашырлары, туған-туыстары мен құрбы-құрдастары ерекше ықыласпен, салтанатты түрде қарсы алды. Көңіл толқытқан ақжолтай сәтте кенттік қоғамдастықтың төрағасы Н.А.Сейітов, мемлекеттік қызмет саласының ардагері Қ.Қ.Бекқожин және спорт мектебінің директоры Б.С.Жанасылов сөз сөйлеп, саңлақ спортшыға жүрекжарды ақ тілектерін арнады. Қазақы жолмен шашу шашылып, әсем ән қалықтаған бұл жүздесу шынайы қуаныш пен мақтанышқа ұласты.
Байырғы интеллектуалдық ойынымыздың даңқын асырып, көк байрағымызды әлем аспанында биіктен желбіреткен Аңсағанға тек жеңісті күндер тілейміз! Қазақ спортының мерейін өсірген айтулы жеңіс құтты болсын!
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
