Таңсәуле ӘГЕНҚЫЗЫ: «ҚАЗДАР ҚАЙТЫП БАРАДЫ САРЫ КҮЗГЕ ЕРІП»

 

 

КҮЗГІ ЭЛЕГИЯ

 

Қауырсын-күз, күміс-көл құс түнеген,

Көңіліме қобалжу түсті неден?

Құстар қайтып барады, ұша ма олар,

Мені өсірген өлкенің үстіменен?

 

Аққу сазы сіңіріп санаға сыр,

Ауыл әнін есіңе салады ақыр.

Көлдің бетін толқытып қанатымен,

Құстар сіңіп ауаға бара жатыр…

 

Сағыныштың маусымы-ай, күз дегенің,

Туған жерге түсімде жүз келемін.

Текеметтей түрленіп жота-жондар,

Құс жолының астында іздегенім.

 

Сағындырған сары алқап, құла ала бел,

Жаңбырыңмен жанымды суара бер.

Қауырсынын қалқытып құстар өтсе,

«Менен хабар келді» деп қуана бер…

 

P.S. Қуана бер…

 

ЖАЛҒЫЗ АТТЫ ЖОЛАУШЫ…

 

Ақталды ма,

Білмеймін ата арманы.

Таусылғанша

Жырлармын татар дәмім.

Екінтіде

Аттанған ауылынан,

Жалғыз атты

Жолаушы ем сапардағы.

 

Жолаушының

Қашан да жолдасы үміт.

Шұбалаңдап

Жол жатыр жарға асылып.

Қоңыр желдей

Есетін қара өлеңнің,

Қалмасын деп

Келемін жалғасы ұмыт.

 

Қиыр жайлап,

Шет қонған елден едім.

Қазыналы

Қара өлең теңдегенім.

Бар қазаққа

Шапағын шашар жырым,

Тас төбеге

Келмей ме, өрлеген күн.

Жолаушымын

Жол кешкен жолым алыс.

Көл жиегін

Қоршайды толы қамыс.

 

Қос қанатын

Қомдаған сұңқар өлең,

Сарыарқаны

Бетке алып қолымнан ұш…

 

ҚАЗДАР ҚАЙТҚАНДА….

 

Қаздар қайтып барады сары күзге еріп,

Топ боп ұшып аттандың жалғыз келіп.

Бәйшешек бүр жарғанда ораларсың,

Біздің жақта жатқанда қар, мұз еріп.

 

Қарауытып етекте Сауыр шыңым,

Қоштасуды көліңмен ауырсындың.

Туған жерге тастаған белгің шығар,

Қанатыңнан үзілген қауырсының.

 

Шақырғандай жұлдыздар шамдай жанып,

Сағынарсың Сауырды шалғай барып.

Құс жолымен қалықтап ұштың кетіп,

Шоғырланған Үркерді маңдайға алып.

 

Қайтқан қаздың жел есіп қанатынан,

Аспан асты шарбы бұлт, ала тұман.

Мұнар сәуле төгіліп дидарынан,

Ай қиылып қарайды жаңа туған…

 

САРЫН

 

Жапырақ тұр үзілмей сабағынан,

Бір ән бітсе, бастайсың жаңа бір ән.

Өткен күннің оқисың шежіресін,

Қабат-қабат көңілдің парағынан.

 

Жаза алмайсың басқаша өткеніңді.

Жазғырасың бостан бос текке кімді.

Өткен күннің іздері сол емес пе,

Шимайлаған әжімдер беттеріңді.

 

Өткенімді басқаша жаза алмаймын.

Тарқамаған думаны базардаймын.

Жылдар мені ертерек есейтті ме,

Алдасам да өзімді аз алдаймын…

 

Бірі бітсе тоқимын бастап өрмек.

Біз асатын Белес пен Асқар бөлек.

Өткен күнге оралу үшін қалқам,

Бәрін қайта басынан бастау керек.

 

Көңіл шіркін аса ма кемерінен?

Ең бастысы жақсыны көре білген!

 

ЕСІЛ МЕН НҰРА

 

Тулайды толқын, көсілген құла.

Кертілген белдер, кесілген жыра.

Сарыарқадағы егіз аруым,

Еркелей ағар Есіл мен Нұра.

 

Арқаның жосып төсінде құлан.

Кілкиді баяу Есіл мен Нұра.

Ақ моншақ жырын жазады саған,

Толқының тербеп өсірген ұлан!

 

Көгілдір айдын көк арай билеп,

Күміс су салар көгалға ирек.

Сары ала қаз сырғиды жүзіп,

Көлбеңдей ұшар көкала үйрек.

 

Ерейментаудың нұр құшар басы,

Жерұйық мекен ырыс әр тасы.

Ескек толқынды Есіл мен Нұра,

Сарыарқа белдің күміс алқасы.

 

Су алар сұлу жанары тұнық,

Барады Нұра даланы тіліп.

Орманды ойпат, ерменді қыр мен,

Еркелей Есіл ағады күліп.

 

Кеудемнен саған көшірген бұл ән,

Кетер ме көркің есімнен, сірә.

Айдында айдың сәулесі жүзіп,

Есіле ағар Есіл мен Нұра.

 

ҮРКЕР ӨЛЕҢ…

 

Жал құйрығы таралып күлтеленген,

Күрең тайдай көсілген күлтөбеден.

Жүрегімнің түбінен сәуле шашып,

Бұлт астынан жылт етер үркер өлең.

 

Нұрын төксе себелеп күн төбеден,

(Уақыттың өтеуін кім төлеген)

Жұбатады жанымды жабырқасам,

Жүрегімнің тамшысын сүртер өлең.

 

Көкжиекті күмбезбен бүркеп әлем,

Жыр жазады өнерге іңкәр өрен.

Қырандардың соңынан қанат қағып,

Сар далада самғайды сұңқар өлең…

 

***

Жақсылыққа жаратқан баста мені.

Қалар дейсің жүрегім басқа нені.

Жарлауыттан жол салған жалғыз едім,

Жабы мінген жамандар жасқап еді.

 

Қонасың ба, қолыма ақ көгершін.

Берекет пен басыма бақ берерсің.

Отырам да оңаша кезем кейде,

Орам-орам ойлардың тәтті елесін.

 

Асу белі Алтайдың толған шынар.

Тұман түссе жолаушы жолдан шығар.

…Қарашада туыппын қараша үйде,

Қарайтыным қайырылып содан шығар.

 

Ез оңа ма, етекпен есі кеткен…

Ер кенелер еңбегін несібе еткен.

Тәңіріне тәуба айтар арғы беттен,

Тәуекелдің теңізін кешіп өткен…