Қазақ поэзиясында әр буын өз үнімен, өз танымымен, өз көркемдік ізденісімен келеді. Әдебиетке жаңа қадам басқан ақынның шығармашылық болмысын бағалағанда оның тақырып ауқымынан гөрі сол тақырыпты қалай игергеніне, жүрек сүзгісінен өткізіп, қандай көркемдік жүйеге айналдыра алғанына назар аударған жөн. Осы тұрғыдан келгенде Таңсәуле Әгенқызының 2025 жылы «Гласир» баспасынан жарық көрген «Бозмұнар» атты тұңғыш жыр жинағы – қазіргі қазақ поэзиясындағы жас буынның өзіндік үнін танытатын елеулі еңбек. Жинақта жеке сезім мен жалпыұлттық таным, туған жерге деген сағыныш пен азаматтық ой, анаға деген махаббат пен тарихи жады, нәзік лиризм мен өршіл рух өзара сабақтасып жатады.
«Бозмұнардың» ішкі құрылымына назар аударсақ, жинақтың идеялық-көркемдік әлемі төрт арнаға тоғысатынын аңғарамыз. Бірінші бөлім – «Тамыр алғам сенде тудым, түледім», екінші бөлім – «Менің жырым – ерлік рух дастаны», үшінші бөлім – «Дала сарыны», төртінші бөлім – «Тарау-тарау тағдырдай жолдарым-ай». Бұл атаулардың өзінен-ақ ақын поэзиясының негізгі өзегі көрінеді: тамыр, рух, дала, тағдыр. Яғни, ақын үшін адам тағдыры туған жерден, ұлттық жадтан, тарихи санадан және жеке сезімнен бөлек өмір сүрмейді.
Таңсәуле поэзиясына ең етене сезімнің бірі – сағыныш. Бұл сағыныш бір ғана ғашықтық сезімнің шеңберінде қалмайды. Ол ауылды сағыну, туған жерді аңсау, ата-әжені еске алу, анаға деген іңкәрлік, өткенді ойлау, ұлттық рухты іздеу сияқты сан тараулы психологиялық күйден тұрады. Мәселен, ақынның туған жер туралы толғанысынан туған:
Көп болды қарлы Алтайға бармағалы,
Туған жер жырым болып жалғанады.
Сағындым ата-әжемді, бала досты,
Самалға үнін қосқан сары даланы, – деген жолдарда табиғат пен адамның ішкі әлемі тұтасып кетеді. Бұл жолдардағы «туған жер» – географиялық мекен ғана емес, адамның балалық шағы, ата-әже мейірімі, балалық достық, табиғат үні тоғысқан рухани кеңістік. Сондықтан Таңсәуленің сағынышы – өткенді аңсаудың қарапайым көрінісі емес, адамның өзінің рухани бастауларына қайта оралуға ұмтылысы.
Ақынның ауыл туралы жырларында да осындай ішкі тұтастық бар. «Ауыл» ұғымы оның поэзиясында туған жер ғана емес, туған ел, қараорман жұрт, сүйеніш, рухани мекен мағынасын жинақтайды:
Арылмас құтым – ауыл,
Қараорман жұртым – ауыл.
Арқамды сүйетұғын,
Қазағым ұлтым – ауыл! – деп толғанады. Бұл жерде ақын ауылды жеке адамның туған мекені деңгейінен көтеріп, ұлттық ұғымға айналдырады.
Таңсәуле Әгенқызы поэзиясының ерекшелігі – нәзік сезім мен азаматтық ойдың бір-біріне қарама-қарсы қойылмауында. Керісінше, ақынның лирикалық «мені» белгілі бір сәтте ұлттық «бізге» ұласып кетеді. «Қазағым» өлеңінің:
Өткелі жоқ өзендерді,
Асуы жоқ кезеңдерді
Іркілместен кесіп өткен, – деген жолдарында ақын ұлттық тарихты, кең даланы, халықтың рухын біртұтас поэтикалық бейнеге жинақтайды. Ақынның қазағы – тарихи сынағынан өткен, кең даланы мекен еткен, рухы биік ел. Бұл өлеңде ұлттық идея құрғақ ұран түрінде емес, дала, қыран, шынар, туған жер, тіл мен діл сияқты символдық бейнелер арқылы беріледі. Ақынның «Тілім, ділім – бар байлығым» деуі де ұлттық болмыстың негізін тіл мен діл тұтастығынан көретінін аңғартады.
Жинақтың екінші бөліміне «Менің жырым – ерлік рух дастаны» деген атаудың берілуі кездейсоқ емес. Бұл – ақынның өзінің шығармашылық табиғатына берген өзіндік бағасы іспетті.
Сол қыранның өрлігінен үндескен,
Менің байтақ ұлы далам, тұрағым, – деп «Рух жаңғырығы» өлеңінде қыран бейнесі арқылы ақын өзінің ішкі серпілісін көрсетеді. Ал:
Мені әркез алға қарай бастайтын,
Қанымдағы рух атты бір ағын, – деген жолдарда «рух» ақынның ішкі қозғалысын анықтайтын тірекке айналады.
Таңсәуле поэзиясының маңызды қыры – тарихи тұлғаларға көркемдік тұрғыдан үн қатуы. «Дала сарыны» өлеңінде Әлихан Бөкейхан тұлғасы арқылы ақын дала, елдік, көсемдік, ұлттық қызмет ұғымдарын сабақтастырады. Ал «Қасымның жолы» өлеңінде Қасым Аманжоловтың тағдыры туған жер кеңістігімен тұтасып бейнеленеді. Қызыларай, Қарқаралы, қыстау, дала, «Қасым құдығы» секілді нақты кеңістік белгілері ақын тағдырын ұлттық жадтың бір бөлшегіне айналдырады.
Жинақтағы күрделі туындылардың бірі – «Ахметтің түсі – Шәкәрімнің қазасы» атты «егіз өрім» балладасы. Бұл шығармада Ахмет Байтұрсынұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлының тағдыры бір тарихи кеңістікте тоғыстырылады. Бірінші өрімде Ахметтің түсі арқылы Шәкәрімнің қазасы алдын ала сезіледі. Екінші өрімде Шәкәрімнің өз тағдыры суреттеліп, жеке қасірет ұлттық трагедия деңгейіне көтеріледі. Ақын:
Ал, сол жендет, Шәкәрімге ғана емес,
Күллі Алаштың рухына оқ атты, – деп тарихи оқиғаның мағынасын кеңейтеді. Шығарманың соңында Шәкәрім қаны тамған жерден көктеген шынар Тәуелсіздік рухының символына айналады. Осылайша ақын өткен тарихты бүгінгі тәуелсіздік ұғымымен байланыстырады. Бұл – тарихи материалды жай баяндау емес, тарихи оқиғаны қазіргі ұлттық сана тұрғысынан қайта пайымдау демекпіз.
Таңсәуле шығармашылығындағы ана тақырыбы да ерекше мәнге ие. Ана – ақын үшін тек лирикалық кейіпкер емес. Оның дүниеге келуінің, өмірге бейімделуінің ғана емес, ақын болып қалыптасуының рухани бастауы.
Сондықтан ана бейнесі Таңсәуле поэзиясында мейірімнің, өмірдің, тәрбиенің, ұлттық сабақтастықтың және ақындықтың символына айналады.
Таңсәуле өлеңдерінде табиғат жеке пейзаж ретінде ғана қолданылмайды. Табиғат көбіне лирикалық кейіпкердің ішкі психологиялық күйін жеткізеді. Мәселен, «Күзгі сазда»:
Сары жапырақ сағыныш,
Теректерден үзіліп, – деген бейнелеу арқылы күз бен сағыныш бір ұғымдық кеңістікке енгізіледі. Мұнда жапырақтың үзілуі – уақыттың өтуін, қаздардың қайтуы – алыстауды, күзгі саз – көңілдің мұңын ишаралайды. Сөйтіп табиғат пен адам психологиясы өзара астасады.
Жалпы, жинақтың атауы да ақындық әлемді танудың кілті іспетті. «Бозмұнар» – бір жағынан табиғаттың көмескі, тұманды қалпын елестетсе, екінші жағынан ақынның поэзиясындағы сағыныш, мұң, арман, алыстағы елес секілді психологиялық реңктермен үндеседі. Алайда бұл мұң – торығудың мұңы емес. Ол – өткенге үңіліп, одан рух іздейтін, сағыныштан серпіліс табатын мұң. Сондықтан «бозмұнарды» Таңсәуле поэзиясындағы мұнардың ар жағында туған жер, балалық шақ, ана, махаббат, тарихи жады және арман тұр.
Таңсәуле Әгенқызының «Бозмұнар» жинағы – жас ақынның алғашқы шығармашылық ізденістерін ғана көрсетпейді, оның ақындық дүниетанымының негізгі бағыттарын айқындайтын көркем тұтастық. Ақынның поэзиясында нәзік сезім мен өршіл рух, жеке тағдыр мен ұлттық тағдыр, табиғат пен адам психологиясы, өткен тарих пен бүгінгі сана өзара сабақтасып жатады. Таңсәуле үшін өлең – сезімді ғана жеткізетін құрал емес. Өлең – туған жерді танудың, өткенді еске алудың, анаға тағзым етудің, ұлттық рухты жаңғыртудың, адамдық болмысты таразылаудың тәсілі.
Таңсәуле Әгенқызының ақындық болмысы әлі де толысып, көркемдік тәжірибесі тереңдей түсетіні анық. Бірақ осы алғашқы жинақтың өзінен-ақ оның поэзиясының негізгі арқауы – тамырдан нәр алған сағыныш, туған жерден басталған сезім, тарихтан қуат алған рух және жүректен туған жыр екені айқын аңғарылады. Сондықтан «Бозмұнарды» қазіргі қазақ поэзиясына келген жаңа буынның сыршыл да серпінді үндерінің бірі ретінде бағалауға негіз бар.
Жұпар Рысқұлқызы ЖАҚАН,
Қарағанды облысының тілдерді дамыту
жөніндегі басқармасы жанындағы
Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі
