Әрқайсымыз дәліздегі шу басылып, аудиторияның есігі ашылып, ішке оқытушы кіретін ерекше сәтті есімізде сақтаймыз. Сол сәтте кезекті сабақтың басталуынан әлдеқайда маңызды нәрсе орын алады. Диалогқа, ойлануға, ізденуге және жаңалық ашуға мүмкіндік беретін кеңістік қалыптасады. Бұл – білім берудің күнделікті, көзге көрінбейтін сиқыры деуге болады.
Оқытушының жоғары оқу орнындағы еңбегі сырт көзге үйреншікті, тіпті күнделікті қайталанатын жұмыс болып көрінуі мүмкін: дәріс оқу, практикалық сабақ өткізу, жұмыстарды тексеру, электрондық журналдарды толтыру, оқу-әдістемелік материалдар әзірлеу, кеңес беру, емтихан қабылдау. Алайда осы сыртқы үдерістердің ар жағында орасан зор зияткерлік әрі адами еңбек жатыр.
Оқытушы күрделі ғылыми ұғымдарды, формулалар мен теорияларды, кәсіби терминологияны, зерттеу нәтижелерін студентке түсінікті әрі мағыналы білімге айналдырады. Ол материалды жай ғана түсіндіріп қоймайды-жеке бір фактінің астарынан тұтас әлемнің заңдылығын көруге, формуладан белгілі бір заңдылықты түсінуге, кәсіби міндеттен болашақ қызметтің мазмұнын аңғаруға, ал оқу барысында жіберілген қателіктен даму мүмкіндігін табуға көмектеседі.
Студенттерді кеше ғана назар аудармаған сұрақ туралы ойлануға жетелеу – нағыз сиқыр емес пе? Болашақ инженерге нақты есептеудің әсемдігін сезіндіру, болашақ дәрігерге адам алдындағы жауапкершілікті ұғындыру, болашақ ғалымға ғылыми ізденістің құндылығын түсіндіру, ал кез келген болашақ маманға кәсібилік тек біліммен шектелмейтінін, сонымен қатар ойлау, талдау және шешім қабылдай білу қабілетін қажет ететінін көрсету – оқытушы еңбегінің мәні осында.
Нағыз университет оқытушысы ақпаратты жай ғана жеткізбейді. Ол жас адамның мамандығына, ғылымға және қоршаған ортаға деген көзқарасын қалыптастыратын өзіндік интеллектуалдық бағдар береді.
Жоғары оқу орны студентінің өзіндік өмірлік тәжірибесі, қалыптасқан көзқарастары, қызығушылықтары және болашаққа қатысты жоспарлары бар. Сондықтан оқытушының міндеті — оның жадын белгілі бір көлемдегі ақпаратпен ғана толтыру емес.
Әр шебердің өз құралдары болады. Ал оқытушының құралдары ерекше, өйткені олардың көпшілігін өлшеу немесе көзбен көру мүмкін емес.
«Қызықты ой екен. Ал оны әрі қарай дамытып көрсек қалай болады?» деген бір ауыз сөз студенттің алғашқы зерттеу жұмысына бастау болуы мүмкін. «Сен бұдан да жақсы нәтижеге қол жеткізе аласың» деген сөз өзіне деген сенімін жоғалта бастаған адамға қайтадан күш беруі ықтимал. Ал «Қателесуден қорықпа» деген қарапайым сөз студентке қатені жеңіліс ретінде емес, таным мен дамудың табиғи бөлігі ретінде қабылдауға мүмкіндік беретін орта қалыптастырады.
Мықты оқытушы әрдайым дайын жауап бере бермейді. Кейде ол дұрыс сұрақ қояды. Сол сұрақ сабақ аяқталғаннан кейін де студенттің санасында жалғасын тауып, оны ақпарат іздеуге, фактілерді салыстыруға, талдауға және өз тұжырымын жасауға жетелейді.
Нағыз оқытушы үнсіз отырғандарды да байқайды. Ол сұрақтарға бірінші болып жауап беретін белсенді студентті ғана емес, өз ойын ұзақ тұжырымдайтын, қателесуден қорқатын немесе өзінің қабілетін танытудың жолын әлі таба қоймаған студентті де көре біледі.
ХХІ ғасыр оқытушысының басты міндеті – ақпараттық технологиялармен бәсекелесу емес, студентке оларды саналы әрі тиімді пайдалануды үйрету. Бүгінде студент кез келген сұраққа бірнеше секунд ішінде жауап таба алады. Дәл осы жағдайда оқытушының рөлі бұрынғыдан да арта түседі. Оқытушы енді тек білімнің қайнар көзі ғана емес, сонымен қатар орасан зор ақпарат кеңістігінде дұрыс бағыт-бағдар беретін жол көрсетушіге айналады.
Айнұр КИШЕНОВА,
аға оқытушы
Жанат АЗИМБАЕВА,
аға оқытушы, педагогика ғылымдарының кандидаты
«Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университеті» КеАҚ Орыс тілі және мәдениеті кафедрасы
