Header Banner

Таңғы жаттығу

Қарағандыда «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында ұйымдастырылған спорттық челлендж жалғасып жатыр. Тамыз айы бойы қала тұрғындары күн сайын танымал спортшылар мен тәжірибелі жаттықтырушылардың жетекшілігімен таңғы жаттығуға қатысып, күнін сергектікпен бастау дәстүрін қалыптастыруда.

Өткен жексенбіде жауған жаңбыр да салауатты өмір салтын ұстанушылардың жігерін жасыта алмады. Ересектер мен балалар таң атпай Орталық саябаққа жиналып, Спорт күнін бірге атап өтті. Олар үшін жаппай таңғы жаттығуды танымал каратэшілер Валерий Бокий мен Дана Дукуева, сондай-ақ мәнерлеп сырғанаудан ҚР спорт шебері Татьяна Шумская өткізді.

– Бізде тамыз айы толығымен спортқа арналған. Күн сайын таңертең танымал спортшылармен бірге жаттығу өтеді. Оған кез келген адам қатыса алады. Бұл өте пайдалы: бар болғаны 15–20 минут қимылдап, бүкіл күнге жетерлік сергектік пен күш-қуат аласыз, – дейді акцияға қатысушы, таэквондодан екі дүркін әлем чемпионы Максим Фу.

Спорт күні облыстың барлық өңірінде кең көлемде аталып өтті. Қалалар мен аудандарда жаппай жаттығулар мен түрлі спорттық жарыстарды қамтыған 40-қа жуық іс-шара ұйымдастырылды.

Қарағандыда таңғы жаттығулар енді Орталық саябақтан ту тұғыры орналасқан алаңға көшті. Жаттығулар жұмыс күндері сағат 07:30-да, ал демалыс күндері 08:00-де өтеді.

Бүгінгі таңғы жаттығуды дзюдодан әлем және Азия чемпионы, белгілі спортшы Максим Раков өткізді. Ал келесі жаттығулар кешенін танымал дзюдошы Қайрат Ағыбаев пен жекпе-жек өнерінің шебері, Азия чемпионатының қола жүлдегері Жандос Мадехиянов таныстырады.

Ерік РЫМҒАЛИЕВ