Металлургия майталманы

Өндіріс енжарлықты көтермейді. Қызығы да, шыжығы да мол бұл салада тек ер мінезді, темірдей төзімді және құрыш білекті мамандардың еңбек ететіні содан. Осындай кадрлардың арқасында өнеркәсіп алға басады, ел экономикасы өркендейді. Балқаш мыс балқыту зауытының шихта дайындау цехының басшысы Алмас Сыздықбек өмірін металлургияға арнаған жандардың бірі. Өмірбаянына үңілсеңіз, кәсібіне деген адалдықтың жарқын үлгісін көресіз.

Алмас Жолдасбекұлы – әке жолын жалғаған металлургтер әулетінің өкілі. Оның жастық шағы өзгерістерге толы күрделі кезеңге тұспа-тұс келді. Ол уақытта еңбекқорлық, табандылық және қиындыққа мойымау ерекше бағаланатын. 1994 жылы Алмас Балқаш тау-кен металлургия комбинатына, жөндеу-механикалық зауытқа жұмысқа келді. Ол кезде алдында ондаған жылдарға созылатын тынымсыз еңбек пен жүздеген күрделі өндірістік міндеттерді шешуге деген жоғары жауапкершілік күтіп тұрғанын әлі білмейтін. Сол күннен бастап мыс балқыту зауытымен тағдыры тығыз байланды. Мұнда ол балқытушы болып еңбек жолын бастады. Қайнаған агрегаттардың жанындағы жұмыс оған өндірісті нұсқаулық бойынша ғана емес, оның ішкі мәнін түсіну арқылы меңгеруді үйретті.

Кейін заманауи өндіріс терең инженерлік білімді талап ететінін түсінген ол Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ техникалық университетіне оқуға түсті. «Түсті металдар металлургиясы» мамандығы бойынша инженер-металлург дипломын алып, мол практикалық тәжірибесін іргелі теориялық біліммен ұштастыра білді.

Кейін ауысым шебері, аға шебер, учаске бастығының орынбасары, ұсату-шихта учаскесінің бастығы, мыс балқыту цехының бастығы болғанда алған білімі кәдеге жарады. Қазір ол шихта дайындау цехына басшылық етеді.

Бұл цехты металлургиядағы үлкен жолдың бастауы деп бекер атамайды. Дәл осы жерде болашақ балқыманың негізі қаланып, бүкіл технологиялық тізбектің тұрақтылығына әсер ететін шикізат сапасы қалыптасады. Бұл – еңбекті мінсіз ұйымдастыруды, дәлдікті және жоғары жауапкершілікті талап ететін күрделі өндірістік механизм.

Алмас Сыздықбектің басшылығымен ұжым өндірістік үдерістерді жетілдіру, өнеркәсіптік қауіпсіздікті нығайту, өндіріс мәдениетін арттыру және ресурстарды тиімді пайдалану бағытындағы міндеттерді табысты орындап келеді.

Металлургияда кездейсоқ адам болмайды. Мұнда жұмысты қалай болса солай істемейсіз. Әр күн тәртіпті, білімді және жауапкершілікті талап етеді. Мені осы мамандыққа көп жылдан бері тартып келе жатқан да – осы. Мен әрқашан басшы әрбір операцияны түсініп, жұмысшылардың қандай қиындықтарға тап болатынын білуі керек деп есептедім. Сонда ғана дұрыс шешім қабылдап, ұжымның сеніміне ие болуға болады, – дейді кейіпкердің өзі.

Алмас Жолдасбекұлы өзіне металлургия кәсібінің қыр-сырын үйреткен ұстаздарын ұдайы ерекше мақтанышпен айтады. Олардың қатарында Қажымұрат Қағазбаев, Бекен Ежібаев, Серік Қалиахметов, Қанат Жақыпов, Александр Қалибеков, Бақболсын Бекашпеков, Алтай Усанов және басқа да көптеген мамандар бар. Сондықтан цех басшысы атанғаннан кейін ол жас мамандарға ерекше көңіл бөледі. Оның айтуынша, жастар өндіріске жаңа біліммен, заманауи көзқараспен келеді. Аға буынның міндетиі – олардың нағыз кәсіби маман болып қалыптасуына көмектесу, тәжірибені беру, мамандықты құрметтеуге және әрбір өндірістік шешімнің бағасын түсінуге үйрету. Алмас бастаған жігіттер осы жолда күн-түн демей, тыным көрмей еңбек етіп келеді.

Манас АҚСАРЫ