Қазақстанға шаруалардың жаппай қоныс аударуы

2026 жылы Қазақстанның алты далалық облысының аумағына және Сібірге шаруалардың жаппай қоныс аударуы басталғанына тура 120 жыл толады. Бұл үдеріс тарихта Столыпиннің аграрлық реформасы деген атпен белгілі. Патша үкіметі жүргізген бұл реформаның жүзеге асырылуы өлкенің әлеуметтік-экономикалық және демографиялық ахуалының өзгеруіне әкелді. Өңірдің инфрақұрылымы да айтарлықтай өзгерді. Жаңа отырықшы елді мекендер мен қалалар пайда болды. Жергілікті халық үшін жер тапшылығы мәселесі туындай бастады. Жер мәселесінің шиеленісуі кейін 1916 жылғы көтеріліске алып келген себептердің бірі болды. Айта кетейік, биыл осы қайғылы оқиғаның басталғанына да 110 жыл толып отыр.

XIX ғасырдың 60-90-жылдары Ресей империясы Қазақстан аумағында жүргізген әкімшілік-аумақтық реформалар метрополия үшін шаруаларды кең көлемде қоныс аударуға қолайлы жағдай қалыптастырды. Егер бұған дейін қазақ өлкесіне негізінен әскери қызметшілер, казактар, шаруалардың жекелеген топтары мен жер аударылғандар қоныстанса, енді Ресей империясының еуропалық бөлігінен шаруаларды жаппай көшіру үдерісі басталды. Олардың қатарында орыстар, украиндар, белорустар және империя құрамындағы басқа да көптеген отырықшы, мұсылман емес және түркі емес халықтардың өкілдері болды.

Шаруаларды қоныстандыру қазақтарды ғасырлар бойы мекендеп келген, ең шұрайлы әрі құнарлы жерлерінен жаппай ығыстыру есебінен жүзеге асырылды. Өйткені қоныс аударушы шаруа сортаң, тастақты немесе шөлейт жерлерде егіншілікпен айналыса алмайтыны анық еді. Қазақ қоғамындағы ықпалды ру басыларымен, болыс басқарушыларымен және ауыл старшындарымен алдын ала кеңесу немесе келіссөз жүргізу іс жүзінде болған жоқ. Осы кезеңде Шыңғыс хан ұрпақтарының құқықтық мәртебесі де біртіндеп қарапайым халықпен теңестіріліп, олар жергілікті халықтың шектелген құқықтары мен мүдделерін бұрынғыдай қорғай алмайтын жағдайға жетті. Соңғы және жоғарыда аталған реформалардың нәтижесінде Кіші және Орта жүздегі сұлтан-билеушілер мен аға сұлтандар қызметтері жойылды. Қазақ халқы жергілікті басқару жүйесінің орта және жоғары буындарында іс жүзінде өте аз өкілдік етті. Шаруа және уезд бастықтары, әскери губернаторлар, сондай-ақ Дала және Түркістан өлкелерінің генерал-губернаторлары қызметтерін негізінен метрополиядан келген, еуропалық халықтардың өкілдері атқарды. Бұл кезеңге дейін қазақ халқының ірі көтерілістерінің көбі қарулы күшпен қатал басып-жаншылған еді. Көптеген қала мен ірі ауылдық елді мекендерде әскери гарнизондар, Ресей казактарының бөлімдері, сондай-ақ полиция және жандармерия бөлімшелері орналасты.

Қазақ халқының жер, дін және патша өкіметінің өзге де саясатына қарсы шыққан наразылық қозғалысының өкілдері, әдетте, сотсыз және тергеусіз дерлік басқа облыстарға, Ресейдің ішкі губернияларына, соның ішінде шалғай Шығыс Сібірге жер аударылды. Қазақтар арасынан сайланған, олардың бұзылған жер құқықтарын белсенді түрде қорғай бастаған Мемлекеттік Дума депутаттары тек алғашқы екі шақырылымда, яғни 1906-1907 жылдары ғана өкілдік етті.

Империялық саясат тұрғысынан халық тығыздығы төмен, сирек қоныстанған өлке аумағына шаруаларды жаппай қоныстандыруға ықпал еткен бірқатар себептер мен жағдайлар болды. Біріншіден, 1861 жылы Ресейде басыбайлылық құқық жойылып, шаруалар крепостнойлық тәуелділіктен толық босатылды. Алайда олардың басым бөлігі іс жүзінде жерсіз немесе аз жерлі күйде қалды. Бұған қоса, олар жергілікті банктердің қызметі арқылы помещиктердің жерін сатып алуға міндеттелді. Бұл жағдай шаруалардың толастамаған толқулары мен бүліктеріне себеп болды. Осындай жарылыс қаупі жоғары ахуалды бәсеңдету үшін патша үкіметі шаруаларды Қазақстан аумағына және оған іргелес Сібір өңірлеріне жаппай қоныс аударуға кірісті. Екіншіден, Ресей империясы қоныс аударушы шаруалар есебінен жаңадан қосылған қазақ өлкесінде өзіне сенімді әлеуметтік тірек қалыптастыруды көздеді. Қазақтардың бірінен соң бірі жалғасқан көтерілістері империяны осындай шараларға баруға итермеледі. Үшіншіден, осындай қоныс аудару саясаты арқылы патша өкіметі қазақтарды отырықшы, егіншілікке негізделген өмір салтына көшіруді де көздеді. Мұндай жағдайда едәуір көлемдегі жер босап, өңірдің көшпелі әрі жауынгер байырғы тұрғындарын бақылауды күшейтуге мүмкіндік туатын еді. Төртіншіден, патша өкіметінің шаруалар арқылы жергілікті халықты христиандандыру және орыстандыру саясатын жүргізу жоспары болды. Ақырында, қоныс аударушы шаруалар отарланып жатқан өңірді алып Ресей империясының ірі астықты аймағына айналдыруы тиіс еді. Айта кетейік, бұл тұрғыда казактардың отарлау саясаты күтілген экономикалық нәтиже бермеді. Әскери қызмет атқарған казактар әскери гарнизондарды, саны өсіп келе жатқан шенеуніктер мен қала тұрғындарын азық-түлікпен толық қамтамасыз ете алмады. Олар өздеріне тиесілі жерлердің едәуір бөлігін әртүрлі сословие өкілдеріне, соның ішінде жергілікті қазақтарға, қоныс аударушы шаруаларға, көпестер мен мещандарға жалға беріп отырды. Ресейдің ішкі губернияларында жаңа жерге қоныс аударған шаруалардың еркін әрі молшылықтағы өмірі туралы қауесеттер тарап, сол жаққа көшіп барғандардың көтеріңкі көңіл-күймен жазылған хаттары да келіп жатты. Бұл жағдай Оралдың арғы бетіндегі шет аймақтарға қарай бағытталған көші-қон ағынының едәуір күшеюіне ықпал етті.

1904-1905 жылдары Қазақстан аумағы бірнеше қоныс аудару ауданына бөлінді: Торғай-Орал, Ақмола, Семей, Сырдария және Жетісу аудандары. Қоныс аудару басқармаларына қоныс аудару қорын одан әрі толықтыру үшін жердің жаңа «артық» телімдерін анықтау міндеті жүктелді. Мұндай қорларды қалыптастыру кезінде жергілікті байырғы халықтың мүдделері көбіне ескерілмеді. Қазақтардың жер пайдалану нормалары едәуір қысқартылды. Қоныс аударушы шаруалар болыстарға біріктірілді. Қазақ болыстарының аумағына орналасқан олар тікелей уезд басшылығына, кейіннен шаруа бастықтарына бағынды.

1906 жылғы 9 қарашада Ресей Министрлер кеңесінің төрағасы П.А.Столыпин шаруаларды Ресейдің азиялық бөлігіне жаппай қоныс аудару туралы шешім қабылдады. Отандық ғалым Г.Дахшлейгердің дерегіне сәйкес, 1917 жылға қарай өлкеге шамамен 2 миллион шаруа қоныс аударылып, қазақтардан тартып алынған жер көлемі шамамен 45 миллион десятинаға жеткен.

Ресей мемлекеті қоныс аударушы шаруаларға жаңа жерде «орнығып, тұрмысын түзеуіне» көмек көрсетті. Мәселен, келгеннен кейін әрбір шаруа отбасына егін егуге және азық-түлік алуға ақшалай несие берілді. Ал жеке қора-жай мен үй салу үшін шаруаларға орман материалдары тегін таратылды. Осы мақсатта қоныс аудару аудандарында арнайы ағаш қоймалары құрылды. Мұндай қоймалар, мысалы, Петропавл, Омбы және Ақмола секілді ірі қалалар мен станцияларда болды. Бір отбасына 200-ден аспайтын құрылыс бөренесі және 50 сырғауыл беру нормасы белгіленді. Монша салуға 20 бөрене, ал қырман мен астық бастыруға арналған құрылыстарға 60 бөренеге дейін берілді.

Үйлер мен шаруашылық құрылыстарын шаруалардың өздері салды. Алғашқы кезде жергілікті қазақтардың үлгісімен олар шымнан («пласт») үй тұрғызды. Кейінірек беріктігімен, жылуды жақсы сақтау қасиетімен және өртке төзімділігімен ерекшеленетін саманнан немесе саз-балшық пен сабан аралас материалдан үйлер сала бастады.

Ауқатты шаруалар бірден темір шатырлы, берік әрі сапалы үйлер тұрғызды. Құрылысқа жарамды ағаш болған жағдайда үйлерді бөренеден де салды. Сатылған кезде шымнан салынған үйлердің бағасы 200 рубльге дейін, ал саман және саз-балшық пен сабаннан тұрғызылған үйлер 400 рубльге дейін жетті.

Мемлекет тарапынан айтарлықтай көмек көрсетілгеніне қарамастан, алғашқы жылдары шаруалар бірқатар қиындыққа тап болды. Үй-жай салуға қажетті бөренелер мен сырғауылдар дер кезінде берілмеді. Соның салдарынан кейбір қоныс аударушы отбасылар жертөледе, үңгір тәрізді баспаналарда, лашықтар мен қораларда бірнеше ай ғана емес, тіпті бірнеше жыл бойы тұруға мәжбүр болды. Олардың арасында ауру-сырқау мен өлім-жітім де жиі кездесті.

Кей жағдайда қоныс аударушылар қыс мезгілінде бұрыннан тұратын жергілікті тұрғындардың үйлерінен пәтер жалдады. Ал үй иелері көбіне жалдау ақысын қымбаттататын. Сондықтан қоныс аударушылар мемлекет берген несиенің бір бөлігін баспана жалдауға жұмсады.

Шаруалар таңдап алған кейбір жер телімінің топырағы да әрдайым сапалы бола бермеді. Кей елді мекеннің маңында орман немесе шабындық алқаптар болмады, ал кейбір учаскеде тіпті ауызсу жетіспеді. Осыған байланысты мемлекет гидротехниктер бөліп, олар қоныс аударушылар үшін шамамен әр 15 шаруашылыққа бір құдықтан келетіндей есеппен құдықтар қазды. Сонымен қатар жергілікті топырақ пен климат жағдайларын білмеу де қоныс аударушыларға белгілі бір қиындықтар туғызды.

Кейде егін қатты құрғақшылықтан күйіп кетсе, кей жағдайда үсіктен жойылатын. Егістікке шегіртке («кобылка») де үлкен зиян келтірді. Оларды қолмен жинап, жою әрекеті әрдайым нәтиже бере бермеді. Кейбір жағдайда бірнеше жыл қатарынан қайталанған өнімсіздік жергілікті әкімшілікті шаруаларды жаңа жер телімдеріне көшіруге мәжбүр етті. Жаңа қоныстағы қиындықтарға төзе алмаған кейбір шаруалар туған жерлеріне қайтуға мәжбүр болды. Кейін қоныс аударушылар легі күшейген кезде шаруаларға жер телімдері таңдау мүмкіндігінсіз ұсыныла бастады. Осылайша олар біртіндеп жерді өз қалауымен таңдау құқығынан айырылды. Алайда ең ауыр кезең ашаршылық жылдары болды. Мәселен, 1891 жылы шаруалар жаңа қоныстарын жаппай тастап, қалаларға көшті. Бір ғана Омбы қаласының өзіне ауылдық жерлерден келген осындай 6 мыңға жуық мәжбүрлі қоныс аударушы жиналды.

Қоныс аударушы шаруалардың негізгі шаруашылық кәсібі егіншілік болды. Әрбір ер адамға орта есеппен 15 десятинаға дейін жер берілді. Кейін қоныс аударушы шаруалар қожалықтарының едәуір бөлігі салыстырмалы түрде ауқатты жағдайға жетті. Бұған, ең алдымен, мемлекет тарапынан көрсетілген қаржылық және материалдық қолдау әсер етті. Қоныс аудару мекемелері ауылшаруашылығы қоймаларын ұйымдастырды. Онда шаруалар несие есебінен немесе банктер алдындағы арнайы міндеттемелер негізінде әртүрлі ауылшаруашылығы құралдарын, тұқым, тұрмыстық бұйымдар ала алды. Мұндай қоймалар Петропавлда, Омбыда, Атбасарда, Ақмолада, Павлодарда, Есілкөл станциясында, сондай-ақ басқа қалалар мен ірі елді мекендерде ашылды. Өздеріне тиесілі жерлердің құнары төмендеген жағдайда шаруалар қазақтардың жерін өте арзан ақыға қосымша жалға алатын. Мәселен, 1 десятина жерді жалға бергені үшін қазақтар небәрі 5-7 тиын ғана алатын.

Теміржол салынғанға дейін қоныс аударушылардың көпшілігі өздерімен бірге жұмыс аттары мен өгіздерін ала келетін. Кейін теміржолмен қатынау мүмкіндігі пайда болған соң, малды жергілікті жерден, қазақтардан сатып ала бастады. Шаруалар жерді өгізбен жыртып, бидай, қарабидай, сұлы, тары және басқа да дәнді дақылдардың түр-түрін өсірді. Мұндай егіншілік тәжірибесі олардың бұрынғы тұрғылықты жерлерінде де болған. Егіншілік негізінен экстенсивті сипатта жүргізілді: бірнеше жыл пайдаланылғаннан кейін жер не парға қалдырылды, не мүлде игерілмей тасталды.

Шаруалар ірі қара мен жылқы, сондай-ақ аз мөлшерде қой мен ешкі өсірді. Олардың арасында шошқа өсіру де кең тараған еді. Отырықшы халық түйені салыстырмалы түрде аз ұстады. Түйелер егіншілік жұмыстарында пайдаланылса, Орал облысында жүк тасуға қолданылып, арбаға жегілді.

Ара шаруашылығы Семей облысының Өскемен және Семей уездеріндегі орыс шаруаларының тұрмысында елеулі орын алды. Шаруашылықтың бұл түрі өлкеде XIX ғасырдың 20-жылдарында пайда болды. Шаруалар ара өсіру ісін казактар мен бұрыннан қоныстанған тұрғындардан үйренді. Мәселен, 1883 жылы Өскемен уезінде шамамен 4,8 мың омарта болса, 1900 жылы олардың саны 23,8 мыңға жетті. Павлодар уезіндегі кейбір шаруалар да аз мөлшерде ара шаруашылығымен айналысты. Ал Ақмола облысында ара шаруашылығы Көкшетау уезінің шаруалары арасында біршама дамыды. Жетісу және Сырдария облыстарының шаруалары да бал өндірумен айналысты.

Шаруалар балық аулаумен барлық өңірде дерлік айналысты, алайда оның көлемі казактармен салыстырғанда аз болды. Бұған Ертіс пен Жайық өзендерінің жағалауларының, сондай-ақ кейбір көлдің негізінен казактардың пайдалануында болуы себеп еді. Шаруалар көбіне даладағы көптеген көл мен өзендерде балық аулады. Ол үшін қазақтардан балығы бар көлдерді аз ғана ақыға жалға алып отырды.

Әрбір шаруа қожалығының бақшасы болды. Ашық су көздерінен алыс орналасып, тек құдық суын пайдаланатын шаруашылықтар да бақша өсірді. Олар картоп, қырыққабат, сәбіз, шалғам және қияр екті. Көкөністер шаруалардың күнделікті тағамында маңызды орын алды. Ал өнімді сату мақсатында бақша өсірумен негізінен қала маңындағы тұрғындар айналысты.

Қарбыз, қауын және күнбағыс өсірумен көбіне Өскемен және Семей уездерінің шаруалары айналысты. Бұл дақылдар әрі өз қажетіне, әрі сатуға арналды. Мәселен, 1900 жылы осы дақылдар шамамен 1,4 мың десятина жерге егілді. Жиналған өнім кейін салдармен Омбы бағытына қарай жеткізілді. Оның негізгі тұтынушылары Семей, Омбы және Петропавл қалаларының тұрғындары болды.

Зығыр мен қарасора өсірумен Ақмола және Семей облыстарының шаруалары айналысты. Зығыр мен қарасорадан мата тоқу Қазақстанның барлық өңірінде едәуір таралды. Бұл кәсіп негізінен шаруаларға тән болды. Осы материалдардан кенеп пен армяк матасы дайындалып, олар шаруалардың өз қажетіне пайдаланылды, сондай-ақ сатуға және қазақтар мен казактар арасында айырбас жасауға шығарылды.

Патша үкіметі қазақ жерлерін жаппай тартып алуға бағытталған саясат жүргізгеніне қарамастан, шаруалар мен қазақтар арасында белгілі бір шаруашылық және мәдени байланыстар қалыптасты. Қазақ тілінің шаруалардың тіліне ықпалы айтарлықтай болды. Көптеген шаруалар бала кезінен қазақ тілінде еркін сөйлеп, оны күнделікті қарым-қатынаста жиі қолданды. Өз кезегінде қазақ халқы арасында да орыс тілін үйренуге деген үрдіс байқалды.

Шаруалар қазақтардан жерді қолдан суару тәсілдерін үйренді. Олар «қар тоқтату» әдістерін меңгеріп, арық қазуды үйренді, жылқы мен қойды көбірек ұстай бастады. Кейбір шаруашылықтарда жүк тасуға пайдаланылатын түйелер де пайда болды. Сондай-ақ шаруалар қазақтардан малды, соның ішінде қыс мезгілінде де, табында ұстау тәсілін үйренді.

Қазақтар шаруаларға су көздерін табуға да көмектесті. Мәселен, Ақмола облысының Омбы уезіне қоныс аударушыларға қазақтардың қалай көмектескені туралы деректе былай делінеді: «Алғашқы қоныс аударушылар суды қайдан табарын білмей, шөлден қырылып қала жаздады. Қоныс аударушылардың айтуынша, сусыздықтан бірнеше бас ірі қарасы өлген. Қырғыздарға (қазақтарға – авт.) рақмет… олар көмекке келіп, учаскеден шамамен 15 шақырым жердегі Сұрғынкөл ауылы маңындағы көлді көрсетті. Омбы уезі Голубов болысының Сабайғар-Шілік учаскесі».

Қазақстан аумағында да, оған іргелес Ресей губернияларында да шаруалардың көп малын бағатын бақташылардың міндетін көбіне қазақтар атқарды. Қазақтар баққан мал, әдетте, жоғалмайтын. Олар даладағы жылқы ұрыларын да, олардың әрекет тәсілдерін де жақсы білетін. Ал шаруалар денсаулық пен өмірге қауіп төндіретін мұндай жұмысқа аз ғана ақы үшін бара бермейтін. Қазақтар ертеден-ақ малды табында бағып ұстаудың қыр-сырын жақсы меңгерген еді.

Орыс шаруаларының үлгісімен қазақтар да жаппай шөп шабуға, астық сақтайтын қоймалар мен жел диірмендерін салуға көшті. Дала тұрғындары қырыққабат пен картоп өсіруді үйренді. Мәселен, Перовск уезінде қазақтар өздері өсірген қырыққабатты орыс халқына да сатқан. Семей облысының оңтүстік уездерінде қоныс аударушылардың ықпалымен қазақтар қарбыз бен қауын өсіре бастады.

Зиябек Ермұханұлы ҚАБЫЛДИНОВ,

ҚР ҰҒА академигі