Қарағандыда Қазақстан халқы тілдері күніне орай «Тіл-FEST» облыстық фестивалі өтті. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келетін айтулы мереке биыл да тілдің қоғамдағы орнын айқындап, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін мазмұнды шарамен жалғасты.
5 қыркүйекте Қарағанды қаласының Орталық мәдениет және демалыс саябағында өткен фестивалге облыстың қала-аудандарынан келген қатысушылармен қатар, қала тұрғындары мен қонақтары жиналды. Бір күнге саябақ түрлі тіл мен мәдениетті тоғыстырған үлкен мерекелік алаңға айналды.
Фестивалдің басты ерекшелігі – тіл мен өнерді, ұлттық дәстүр мен заманауи форматты бір арнаға тоғыстыруында. Мұнда тіл тек ресми қарым-қатынас құралы ретінде емес, халықты жақындастыратын, мәдениетті сақтап, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін рухани көпір ретінде көрініс тапты.
Мерекелік шараның концерттік бағдарламасында Қарағанды облысының белгілі өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдары өнер көрсетіп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Ұлттық әуендер мен заманауи музыкалық шығармалар қатар орындалып, өнер арқылы тіл мен мәдениеттің сабақтастығы айқын аңғарылды.
Ал «Қазақша сөйлейік!» Talk&Play интерактивті алаңы фестивальдің мазмұнын одан әрі жандандыра түсті. Мұнда қатысушылар мемлекеттік тілде еркін пікірлесіп, түрлі тренинг пен сөйлесу клубтарына қатысты. Еркін форматта ұйымдастырылған алаң қазақ тілін күнделікті өмірде қолдануға деген қызығушылықты арттырып, тілдік кедергілерді еңсеруге мүмкіндік берді.
Тіл үйрену тек оқулықпен шектелмейді. Оны қарым-қатынас барысында қолданып, қателесуден қорықпай сөйлеу арқылы меңгеру әлдеқайда тиімді. Фестивальдегі интерактивті алаңның негізгі мақсаты да осы ұстаныммен үндесті.
Шара аясында ұлттық өнімдер мен қолөнер бұйымдары да назардан тыс қалған жоқ. «Qazaq Brand Market» жәрмеңкесінде отандық шеберлердің төл өнімдері, ұлттық нақыштағы бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Бұл алаң арқылы көрермендер жергілікті шеберлердің еңбегімен танысып қана қоймай, ұлттық мәдениеттің заманауи сипатта қалай жаңғырып келе жатқанын көрді.
Фестиваль барысында мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға белсенді атсалысып, өңірдің қоғамдық-мәдени өміріне үлес қосып жүрген азаматтарға арнайы естелік сыйлықтар мен алғыс хаттар табысталды. Бұл – тілдің дамуына үлес қосып жүрген жандардың еңбегін бағалап, өзгелерге де үлгі көрсетуге бағытталған маңызды қадам.
Жалпы, «Тіл-FEST» фестивалі тіл мерекесін тек белгілі бір күн аясындағы шара емес, қоғамды біріктіретін ортақ құндылық ретінде таныта білді. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, Қазақстан халқының тілдерін сақтау мен дамыту, түркі халықтарының тілдік мұрасын дәріптеу секілді бағыттар мерекелік бағдарламадан өзара сабақтастық тапты.
Тіл – халықтың жады, мәдениеті мен рухани болмысының өзегі. Ал оны құрметтеу – бір ғана ұлттың емес, елдегі әр азаматтың ортақ міндеті. Осы тұрғыдан алғанда, Қарағандыда өткен «Тіл-FEST» фестивалі көптілді әрі көпмәдениетті қоғамдағы өзара құрмет пен достықты нығайтып, мемлекеттік тілдің беделін арттыруға бағытталған игі бастамалардың бірі болды.
Ерік РЫМҒАЛИЕВ
