Эквадордың Гуаякиль қаласында кадеттер арасында өткен әлем чемпионатында жерлесіміз Еркен Бекәлі орасан зор табысқа қол жеткізгені туралы жазған болатынбыз. Ол дүбірлі додада 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынап, қола медаль иеленіп, ел мерейін үстем еткен. Жалпы, 59 елден 457 спортшы қатысқан бұл дүниежүзілік бәсекеде Қазақстан құрамасы әлем чемпионаттары тарихындағы ең үздік нәтижеге қол жеткізгенін де атап өткен жөн.
Ел намысын абыроймен қорғаған жас спортшының бұл жеңісі елеусіз қалған жоқ. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев халықаралық жарыста жоғары нәтиже көрсеткен Еркен Бекәліге арнайы автокөлік кілтін табыс етті. Ал оның жеңісінің артында тұрған бапкері Ерсайын Омаровтың еңбегі де лайықты бағаланып, ақшалай сертификатпен марапатталды.
Осы үлкен жетістік – жас спортшының табандылығы мен бапкер сүзгіден өткізген маңдай тердің ортақ жеңісі. Жерлестеріміз Еркен Бекәлі мен Ерсайын Омаровты айтулы жетістіктерімен шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы байрақты бәсекелерде де көк Туымызды көкте желбіретіп, биік белестерді бағындыра берулеріне тілектеспіз.
Қалижан БЕКҚОЖА,
Ақадыр кенті
