«Бүгінде асабалар мәдениеті жоғалып барады. Той жүргізушілердің арасында арзан әзіл айтып, қонақтарды ыңғайсыз жағдайға қалдыратындар бар. Кейбір тойларда шариғатқа қайшы іс-әрекеттер де орын алып жатады. Біз осыны реттеуіміз керек. Қазақтың тойы – тәрбие мен мәдениеттің ошағы болуы тиіс. Сондықтан той өткізу мәдениетін жүйелейтін уақыт келді.
Қазақтың дәстүрінде қаралы жиын – аза тұтуға, марқұмның өмірден өткенін еске алуға арналған. Бірақ соңғы кезде мұндай жиындарда түрлі саяси ұрандар айтылып, қаралы үйдің қайғысын ескерместен, басқа мақсаттарды көздейтіндер көбейіп кетті. Бұл – дұрыс емес. Біз қаралы жиындардың өткізілу тәртібін реттеуіміз керек.
Жастарымыз жат ағымдардың жетегінде кетіп жатыр. Бұл – үлкен қауіп. Сондықтан еліміздегі медреселердегі білім сапасын күшейтіп, діни ағартушылық жұмыстарын жүйелеу қажет. Мемлекет діни оқу орындарын қатаң бақылауға алып, білім беру стандарттарын жетілдіруі тиіс».
«Әdilет» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы
Бекзат Алтынбековтің
Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінен
Қазақ үшін той – қуаныштың ғана емес, ұлттың салт-дәстүрі мен мәдениетінің көрінісі. Сондықтан той үстіндегі әрбір рәсім, айтылған сөз бен көрсетілген сый-құрмет халықтың талғамы мен тәрбиесін аңғартады. Алайда соңғы жылдары қазақ тойының мазмұны мен мәдениеті төңірегіндегі пікірлер жиілей түсті. Дәстүр мен заманауи үрдістің арақатынасы, ысырапшылдық, асабалардың жауапкершілігі, әзілдің шегі мен жалпы қоғам талғамы – бүгінде көпшілікті толғандыратын мәселеге айналып отыр. Осы мәселе өткен аптада қаламызда «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің қолдауымен облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің ұйымдастыруымен өткен «Той мәдениеті: дәстүр мен талғам» атты дөңгелек үстелде кеңінен талқыланды.
Басқосуда қазақ тойының бүгінгі келбеті, салт-дәстүрдің сақталуы, асабалардың жауапкершілігі, анайы ойындар мен әзілдің шегі, ысырап және қоғам талғамы төңірегінде пікірлер ортаға салынды.
Облыстық «Ortalyq Qazaqstan» газетінің бас редакторы Ерсін Мұсабеков қазіргі той мәдениетіне қатысты мәселені ашық көтеру қажеттігін айтты.
– Бүгінгі қазақ тойы қандай деңгейге жетті? Даму үстінде ме, әлде кері кетіп бара ма? Шынын айтқанда, қазіргі тойларымыздың кейбір көрінісі ұлттық құндылықтарымызға балта шабатын факторлардың біріне айналып бара жатқандай. Той үстіндегі бейәдеп әзілдер, анайы ойындар және басқа да келеңсіз құбылыстар қоғамды алаңдатпай қоймайды, – деді ол.
Дөңгелек үстелде асабалардың мәдениеті мен жауапкершілігі де ерекше сөз болды. «ӘDILЕТ» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков той жүргізушілеріне қойылатын талапты күшейту қажеттігін алға тартты.
– Асабаға қойылатын талап жоғары болуы керек. Тойдың берекесін қашыруға, адамды кемсітуге болмайды. Ойнаймын деп от басып, әзіл айтамын деп елді әжуа ету дұрыс емес. Әзіл айтылса, орнымен айтылуы қажет. Ал адамның ар-намысын қорлайтын әрекетке жол берілмеуі тиіс. Мұндай келеңсіздіктердің бір себебі – жүргізушілердің кәсіби және мәдени дайындығының жеткіліксіздігі, – деді Бекзат Алтынбеков.
Ал филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов мәселенің екінші қырына назар аударды. Оның пікірінше, той мәдениетін тек тыйым мен заң арқылы өзгерту қиын.
– Кейбір асабалардың ең үлкен кемшілігі – адамның деңгейі мен ортасын ескере алмауы. Қоғамдағы сұранысты да жоққа шығара алмаймыз. Нарық белгілі бір дәрежеде сол сұранысқа қарай жұмыс істейді. Сондықтан мұндай құбылысты тек заң шығарып немесе тыйым салу арқылы түбегейлі шешу қиын. Ең алдымен қоғамның талғамы өзгеруі керек, – деді ғалым.
Тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор, «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Жамбыл Жұмабеков бүгінгі қазақ тойын қоғамның өзгеруімен сабақтастыра қарастыру қажеттігін айтты.
– Қазіргі той – қоғамның айнасы. Ежелгі дәстүрлі қоғамда той ауылдық, әулеттік, туыстық сипатта болды. Ол туыстық байланысты бекітетін маңызды рәсім еді. Бүгінде оның сипаты өзгерді. Қазақ тойы бірнеше тарихи кезеңнен өтті. Кеңестік кезеңде көптеген салт-дәстүр өзгеріске ұшырады. Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық дәстүрге қайта бет бұрдық. Алайда жаһандану мен модернизация қатар келді. Сондықтан бүгінгі қазақ тойын дәстүр мен заманауи мәдениеттің тоғысынан туған гибридтік құбылыс деп қарастыруға болады, – деді тарихшы.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша жауапты маманы, мешіт ұстазы Жүсіп Шұғайұлы тойдағы ысырап мәселесіне тоқталды.
– Алланың берген нығметі көп. Денсаулық, уақыт, мал-мүлік – барлығы аманат. Оларды орнымен пайдалану қажет. Шектен шығу мен ысырапқа жол берілсе, жақсы ниетпен жасалған іс те өз мәнін жоғалтуы мүмкін. Бұл мәселе тек тойға ғана қатысты емес. Өлім-жітім, ас беру рәсімдерінде де ысырапшылдық кездеседі. Кейде адамдар сауап алу мақсатымен әрекет етеді, алайда шектен тыс шығын жасау ысырапқа айналып кетеді, – деді Жүсіп Шұғайұлы.
Ал шоумен, асаба Диас Қайрат тойдағы келеңсіз ойындардың пайда болуына сұраныстың да әсері бар екенін жасырмады.
– Әрине, асабалардың да артық кететін кезі болады. Танымал болу, әлеуметтік желіде көп қаралым жинау үшін арнайы ойын ойлап тауып, жұртшылықтың назарын аударуға тырысатындар бар. Бірақ сұраныс болмаса, мұндай ойындар да болмас еді. Кейде той иесіне қарапайым әрі мәдениетті ойындар ұсынылғанда, оны қызықсыз деп қабылдайды. Сондықтан барлық жауапкершілікті тек асабаға арту дұрыс емес. Айыппұл мен тыйым мәселені толық шешпейді. Бұл – қоғам талғамына байланысты мәселе, – деді ол.
Басқосуда айтылған пікірлер бір мәселеге келіп тоғысты: той мәдениетін өзгерту үшін ең алдымен қоғамның талғамы мен жауапкершілігін көтеру қажет. Той – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның мәдени келбетін көрсететін орта. Сондықтан ұлттық дәстүрді дәріптей отырып, адамның ар-намысын қорлайтын ойындардан, орынсыз әзілден және ысыраптан бас тарту – уақыт талабы.
Дөңгелек үстелді қорытындылаған Ерсін Мұсабеков көтерілген мәселелер мен ұсыныстар назардан тыс қалмайтынын айтты.
– Бүгін айтылған пікірлер мен ұсыныстардың барлығын жинақтап, алдағы уақытта нақты тұжырымдама немесе қарар қабылдау мәселесін қарастыруымыз керек. Қажет болса, осы бағытта қоғамдық ұйым құру туралы да ойлануға болады. Қоғам белсенділерінің, өнер адамдарының және айтары бар азаматтардың пікіріне сүйене отырып, бұл мәселені жүйелі түрде жалғастыру қажет, – деді ол.
Қазақ үшін той – қуаныштың ғана емес, тәрбиенің де алаңы. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деп, даңғаза мен дарақылыққа ұрынбай, «тойдың төресі – өнегелі орта» екенін естен шығармасақ, дәстүр де, талғам да өз биігінде қалар еді.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ
Суреттерді түсірген Жангелді Әбдіғалым
