Қарағанды облысында жыл басынан бері 22 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты. Өңірде жаңа мамандықтарды меңгеруге, кәсіп бастауға және әлеуметтік осал азаматтарды еңбекке тартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда.
Еңбек нарығы уақыт өткен сайын өзгеріп, оған жаңа технологиялар мен қоғамдағы экономикалық үдерістер ықпал етіп келеді. Қарағанды облысында халықты жұмыспен қамтуға бағытталған шаралар да осы өзгерістерге бейімделіп, азаматтарға жұмыс табумен қатар жаңа дағдыларды игеруге мүмкіндік беріп отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ғалымжан Спабеков облыстағы еңбек нарығының қазіргі ахуалы мен жұмыспен қамту бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтты.
Бүгінде Қарағанды облысындағы жұмыссыздық деңгейі 4 пайызды құрайды. Бұл республика бойынша орташа көрсеткіштен төмен. Жыл басынан бері өңірде жұмыспен қамту шараларымен 28 мыңнан астам адам қамтылса, олардың 22 мыңнан астамы тұрақты жұмысқа орналастырылған. Жұмысқа орналасқандардың жартысынан көбін жастар құрайды.
Тұрғындар жаңа кәсіпорындарда жаңадан ашылған жұмыс орындарына ғана емес, қолданыстағы бос жұмыс орындарына да орналасып жатыр. Бұл ретте жастарға, мүгедектігі бар адамдарға және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға ерекше көңіл бөлінуде.
Жұмысқа орналасуға қажетті дағдылары жеткіліксіз азаматтар үшін қысқа мерзімді кәсіптік курстар ұйымдастырылған. Сонымен қатар тұрғындар SkillsEnbek платформасы арқылы онлайн білім алып, еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа дағдыларды меңгере алады.
Өз кәсібін бастағысы келетіндерге де қолдау бар. «Бастау Бизнес» жобасы аясында жыл басынан бері 2 404 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып шыққан. Ал әлеуметтік осал санаттағы азаматтар кәсіп ашуға арналған мемлекеттік гранттарға үміткер бола алады. Бүгінде облыста 164 грант берілген.
«Біз азаматтарға тек жұмыс табуға ғана емес, сонымен қатар өз ісін ашуға қажетті дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береміз», – деді Ғалымжан Спабеков.
Еңбек нарығына қайта оралуға мүмкіндік беретін жобалардың қатарында «Алтын жас» бағдарламасы да бар. Жоба аясында биыл 702 зейнеткер жұмысқа орналасқан. Бұл тәжірибелі мамандардың еңбек әлеуетін сақтауға және олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне де ерекше назар аударылып отыр. Сегіз айдың ішінде облыста мыңнан астам адам жұмысқа орналасқан. Жұмыс берушілер қызметкерлердің жеке қажеттіліктерін ескере отырып, арнайы жұмыс орындарын құруда. Биыл осындай 11 арнайы жұмыс орны жасалып, қажетті құрал-жабдықтарды сатып алу, монтаждау және орнатуға жұмсалған шығындар жұмыс берушілерге өтелген.
Мұндай жұмыс орындарына есту қабілетінен толық айырылған, көру қабілеті бұзылған және тірек-қимыл аппараты аурулары бар азаматтар орналасты.
Жаңа бастамалардың бірі – шілде айынан бастап іске қосылған JOB COACH жобасы. Оның ерекшелігі – азаматқа жұмыс іздеу кезінде ғана емес, жұмысқа орналасқаннан кейін де қолдау көрсету. Яғни мамандар жаңа қызметкердің жұмыс орнына бейімделуіне көмектеседі.
Қарағанды қаласында бұл бағыттағы жұмыстарды Qoldau тең мүмкіндіктер орталығы жүзеге асырады. Мұнда азаматтар мамандардан кеңес алып, қажетті қолдау ала алады. Орталықта арнайы дайындықтан өткен қызметкерлермен қатар ымдау тілі маманы мен психолог жұмыс істейді. Сондай-ақ көру қабілеті және тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған арнайы жабдықталған компьютерлік жұмыс орындары бар.
Жаңа мамандықтарға сұраныс артады
Технологияның қарқынды дамуы еңбек нарығының сипатын да өзгертіп жатыр. Әсіресе жасанды интеллекттің кеңінен қолданылуы бірқатар кәсіптердің мазмұнына әсер етпек.
Еңбек министрлігінің болжамына сәйкес, алдағы жылдары жасанды интеллекттің ықпалымен 14 мамандықтың жойылуы, ал 500-ден астам мамандықтың айтарлықтай өзгеруі мүмкін.
Бұл – еңбек нарығындағы өзгерістерге алдын ала дайындалып, кәсіби білім мен дағдыларды үнемі жаңартып отырудың маңызын көрсетеді. Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда бір мамандықты меңгеру жеткіліксіз болуы мүмкін. Еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу үшін жаңа технологияларды игеріп, кәсіби қабілетті тұрақты түрде жетілдіру қажет.
Қарағанды облысында қолға алынып жатқан жұмыспен қамту шаралары да осы міндеттермен үндеседі. Жұмысқа орналастыру, кәсіптік оқыту, кәсіпкерлікті қолдау және ерекше қажеттілігі бар азаматтарға жағдай жасау – өңірдегі еңбек саясатының негізгі бағыттарының бірі болып отыр.
Еңбек нарығы өзгерген сайын оған қойылатын талап та өзгереді. Сондықтан бүгінгі басты міндет – тек жұмыс орындарын көбейту емес, сол орындарға қажетті мамандарды даярлау және тұрғындардың жаңа жағдайға бейімделуіне мүмкіндік жасау.
Ерболат ЕРБОЛҰЛЫ
