«Сенімен Болашақ» РҚБ-ның «Өзіңді тап, өзегіңе орал» жұмыс бағыты аясында қыркүйек айы қазақтың көрнекті қаламгері, педагог Жүсіпбек Аймауытовтың шығармашылық мұрасына арналды.
«Жүсіпбек айлығының» қорытынды кездесуі филиалмен меморандум аясында бірлесіп жұмыс жүргізіп келе жатқан Қарағанды қаласындағы №12 жалпы білім беретін мектепте өтті. Кездесуге мектеп директоры Жазира Мейрханова бастаған ұстаздар қауымы қатысып, Жүсіпбек Аймауытовтың «Тәрбиеге жетекші» еңбегін талқылады.
Кездесуді «Сенімен Болашақ» РҚБ Қарағанды облыстық филиалының басшысы Хабиба Дақынова жүргізді.
Шараға Әлімхан Ермеков атындағы мектеп-лицейдің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері — педагог-зерттеуші Жаннат Рахимберлина және педагог-сарапшы Сымбат Ануар қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Талқылау барысында Жүсіпбек Аймауытовтың ғасыр бұрын көтерген тәрбие мәселелері бүгінгі мектеп тәжірибесімен сабақтастыра қарастырылды. Баланың көңілі мен ынтасын ескеру, қызығушылығын ояту, оның табиғаты мен психологиясына сай білім мен тәрбие беру мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Ұстаздар нақты тәжірибелерінен мысалдар келтіріп, «Тәрбиеге жетекші» еңбегіндегі ойлардың қазіргі білім беру мен тәрбие үдерісіндегі өзектілігі жөнінде пікір алмасты.
Осы кездесумен Қарағанды облыстық филиалы ұйымдастырған «Жүсіпбек айлығы» қорытындыланды. Айлық аясындағы кездесулер Жүсіпбек Аймауытов мұрасын бүгінгі қоғаммен сабақтастыра танытуға бағытталды.
Ералы ҒАНИҰЛЫ
