Біртуар тұлға

«Адамға ең қымбат нәрсе – жұрт қамы, жұрт ісі»

А.БАЙТҰРСЫНҰЛЫ

Асыл азамат Зағыпар Шакентаевтың өмір жолы туралы деректеріне көз жүгіртсек, таудай талабының арқасында білім мен елге пайдалы істер істеу жолында алдына қойған мақсаттарына қол жеткізе алған, талай белестерден өтіп, биік асуларды бағындыра білген нағыз қайратты біртуар тұлғаны көруге болады. Тұлға – интеллект, ақыл парасат иесі. Ол өткірлігімен, көргендігімен, қажымас күш – қуатымен, ақыл-парасатымен, басқаша айтқанда өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастыруымен, ұлтжандылығымен ерекшелінген жан. Ғұлама ғалым, марқұм М.Қозыбаев осылай пайымдайды.

Зағыпар табиғатынан барынша мейірімді, кішіпейіл жан болса да, шындықты бетке айтатын турашыл адам еді. Бойында адалдығы мен ақылдылығы мол ол – жанында жүрген достары, шәкірттері мен әріптестеріне жанжақты жаңашыл білімімен, адами қасиеттерімен үлгі өнеге бола білді.

Зақаңның ел алдындағы еңбегінің елеулі бір саласы – ұлағатты ұстаздық жолы. «Ұстазың – ата-анаңнан артық» деген Мұхаммед пайғамбар. Бір қарағанда қате көрінгенмен, ойлансаңыз дұрыс екеніне көзіңіз жетеді. Өйткені ата-ана баланы өмірге әкелгенімен, бағып-қаққанмен, дара тұлға етіп қалыптастыруға білімі, өресі, мүмкіндігі жетпеуі мүмкін. Ұстаз – адам етеді.

Зағыпар Шакентаев білім беру саласының көрнекті ұйымдастырушысы, ұлағатты ұстаз ретінде бойындағы бар ақыл-парасатын, білім-білігін, қажыр-қайратын өзін өсіріп тәрбилеген қазақ елінің, оның ішінде кіндік қаны тамған Арқа өңірінің өсіп-өркендеуіне қалдықсыз арнап, қазақ халқының алдындағы перзенттік парызын адал орындаған, сөзіне – берік, ісіне – мығым, адамдарға ықыласты, туысқанға мұқият жігіттің сұлтаны болатын. Парыз адамдық борышыңды өтеуден басталады. Ата-анаңа, отбасыңа, туған елің мен жеріңе адал қызмет ету ұлы парыз деп ойлаймын.

Өмір деректеріне жүгінсек, Зақаң 1956 жылы Жаңаарқа ауданы С.Сейфуллин атындағы шаруашылыққа қарасты Жаңаталап ауылында дүниеге келген. Бойында табиғат сыйлаған сабырлық, ұстамдылық, табандылық, әр құбылысқа байыппен қарау, терең бойлау сияқты асыл қасиеттері осы қасиетті Жаңаарқа топырағынан жұқса керек. Бұлай болмауы мүмкін емес еді. Өйткені елім деп еңіреген ерлердің, халқым деп аңыраған дара тұлғалардың ордасы емес пе еді киелі Жаңаарқа.

Қарағанды облысы Саран қаласындағы Абай атындағы мұғалімдер училищесін үздік бағамен бітірген талапты жас бірден Жезқазған педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орнын математика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша ойдағыдай бітіріп шыққаннан кейін, еңбек жолын Жаңаарқа ауданының Ленин атындағы орта мектебіне математика пәні мұғалімі болып бастайды. 1992 жылдан облыстық білім беру департаментінде бас инспектор, 1999-2008 жылдар аралығында Қарағанды қаласындағы № 41 орта мектеп директоры, ал 2008 жылдан 2011 жылға дейін Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданында білім бөлімібасшысының қызметтерін абыроймен атқарып, ел құрметіне бөленеді.

Мұғалімнің ісі сырттай қарапайым болып көрінгенмен, тарихтағы ең ұлы істің бірі. Қазір екі ауыз сөздің басын қосып, топтың алдында шешенсуіміз, басқа жетістік атаулыны айтпағанда, ол тек қана сөз маржанын терген, білімі түпсіз терең біздің алтын ұстаздарымыздың арқасы. Әр шыққан белесің үшін көзге көрінер-көрінбес жетістік үшін сен әр уақытта еңбегі өлшеусіз ұстазға тағзым етуің  керек деп есептеймін. Зақаң  білім беру саласының білгір жетекшісі, ұстаздардың ұстазы ретінде мінез бен ақыл жарасса адамгершілік ұтады ұстанымына сай, бірнеше буын ақылды, білімді, мінезді шәкірттер тәрбиелеп, оларды үлкен өмірге қанат қақтырды. Солардың көпшілігі бүгінде өздерін тәрбиелеп өсірген қазақ еліне пайдалы істер істеп, халқымыздың сый-құрметіне бөленуде. Ұстаз бақыты деген, артқа із қалдыру деген осы шығар. Ел ертеңіне ақ адал қызмет ететін жастарды тәрбиелеп, болашаққа сөнбес сәуле шашып кеткен ұлағатты ұстаз есімінің ғасырлар жасайтынына мен кәміл сенемін. Зақаңның болмысы мен жолы кейінгі алапат буын үшін сәулелі сабақ, ал жүріп өткен даңғылы – мәңгілік мұрат!

Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген қастерлі сөзі бар. Зақаңның өзін айналасындағы адамдардан ерекшелендіріп тұратын айрықша қасиеттерінің бірі – биік адамгершілігі болатын. Мейірім, ынсап, ақпейіл, адал еңбек – осы төртеуі кімнің бойында болса сол шын адам болады. Ол әуелі Адам еді. Анығын айтқанда, адамның жақсысы, азаматтың ардақтысы, елдің елеулісі, достың адалы да өзі еді. Әттең, бүгінде осы азамат туралы өткен шақпен сөйлейтініміз өкінішті-ақ…

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны іледі». Адам ең алдымен жақсы әке, жақсы ана тәрбиесін көріп өскен жөн. Әке, ана тәрбиесімен бойына адамгершілік, ізгілік, көпшілдік, қарапайымдылық деген асыл қасиеттерді сіңіреді. Міне, осы қасиеттер арқылы елге сыйлы болып абыройы артады. Зақаң аяулы жары, асыл ана Алуа екеуі бірнеше баланы өмірге әкеліп, жақсы тәрбиелеп, қалаған мамандықтарын алуға қамқорлық жасап, азамат етіп қалыптастырды. Көне заманнан бері атамыз қазақ «Адам – өзі мың жасамайды, ұрпағымен мың жасайды» дейді. Расында тәлімді бала, тәрбиелі қыз – адамның жасын да, атын да ұлықтап, ғасырларға ұзартады. Зақаңның өнегелі өмірі, биік адамшершілік қасиеттері, елге халыққа сіңірген еңбегі жылдан-жылға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып жасай беретініне ешқандай шүбә келтіруге болмайды!

Зақаң талантты ақындығымен, ұлық қызмет емес, ұлы қызмет иесі ұстаздығымен елінің өсіп өркендеуіне мол үлес қосты. Оның бұл еңбегі лайықты бағасын алып, ҚР Білім беру  ісінің құрметті қызметкері атағына ие болды. Оның телегей білімі мен  қайраткерлігі, адамгершілігі – кейінгі толқынға үлгі, өмірімізге шырақ.

Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ,

тарихшы-журналист