Біздің көрнекті тарихи тұлғаларымыз ұлықтауға әбден лайық.
Олардың есімін ел жадында сақтау – перзенттік парызымыз әрі
жалпыұлттық болмысымызға тән қасиет.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың
Ұлттық құрылтай отырысындағы сөзінен
Елдің еңсесін тіктеп, болашаққа үлкен сеніммен қарауына алғышарттар жасайтын фактор – сол елдің өткеннен, сонау ғасырлар қойнауынан осы заманға жеткен рухани мұра, құндылықтары. Оны білу, танысу, өзгеге айту бар да, сол құпиясын ішіне бүккен, тылсым сырға толы, ғасырлар бойы сол халықтың, ұлттық болмыс-бітімін қалыптастырған аса бай қазына бар. Бұл жерден маңызды мәселе – Жаратушының әмірі дейміз бе, әлде біз біле бермейтін бір заңдылық дейміз бе, әйтеуір, сол мол мұраны, тарихи құбылыс, тұлғаларды зерттейтін танымал зерттеушілердің ерте ме, кеш пе, жұртты таң қалдыратындығы…
Кезінде ұлы Абайға бата берген, Құнанбаймен сыйлас болған, рухы қазірде Меккеде дамылдап жатқан, көзі тірісінде Жақсы деген атқа ие болған Жанқұтты биге қатысты деректер іздеп жүргенімізде, сол ұлы би бата беріп, ақ жол тілеген және бір жампоз бабамыз Қасқар биге қатысты ізденісімізге дем берген бір материалға тап болдық. «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақалада Мәшһүр Жүсіп ғұламаның елжірей отырып Бекасыл әулиеге байланысты естелігі келтіріліпті. Бекасылдай ұлы перзент туралы мақаламыз бірнеше басылымда жарияланды. Солар арқылы әйгілі Қасқар биді зерттедік. Бекасыл әулиенің ұрпағы Ержан ғалыммен сол тұста таныстық. Өзі басы-қасында болған конференцияларға қатыстық. Кітаптарын алдырып, оқып шықтым. Ғылыми зердесіне, сұңғылалығына тәнті болдым. Ғалымның аса ірі ғылыми жаңалығы Шыңғыс қағанға арналған еңбегіне қатысты осы дүниені газетке ұсындым.
Адамзат баласының тарихында болатын түрлі оқиға, құбылыстарды бүгінгі күн тұрғысынан зерделеп пайымдасақ, бірер жайтқа шүбәсіз иланып, ден қоятының анық: ол – әбден пісіп, тарихи-қоғамдық қажеттіліктер шарықтау шегіне жеткен уақыт аясында танымал тұлғаның тарих сахнасына шығатыны. Әдетте тарихты халық жасайды деп жатамыз. Халық көсемін туғызады. Көшбасшы ел көңілінен шықса ғана көсемге айналады, әрісі түркі, берісі қазақ сияқты еркін, дегдар, арда халық тек ақылы, ерлігі тең түскен тұлғаның ғана соңынан ерген. Ондай тұлға өз халқына сенгендіктен ғана, алапат міндет-мақсаттарды алдына қойып, атқа мінген. Демек, жеке тұлға мен көпшілік (халық, ұлт) бір ұғымға айналғанда ғана аса ауқымды мақсатты жүзеге асыра алған.
Негізгі айтпақ ойымызды осы мәселенің ауқымынан туындатсақ, көркемөнерде оның кім екенін, ғылыми зерттеу, танымдық, тарихи зерделеулерде біршама азды-көпті дүниелер жарияланса да, жұмбақ сыры осы бертінге дейін ашыла қоймаған тұлға – Шыңғыс хан екеніне ден қоямыз.
Біздің ойымызша, ол алуан түрлі пікірлерге арқау болып келе жатқан өте күрделі, қарама-қайшылығы мол тұлға. Негізінен жұртшылыққа мәлім осынау пікірді тағы да қайталап отырған себебіміз мынада. Адамзат өмірінде қандай да бір оқиға болса, ол әу басында бірден сол өз уақытының заңы, идеологиясы бойынша, әсіресе әлгі оқиға, құбылыстың тууына себепкер болған жақтың насихаты бойынша жария етіледі, оған таңданудың қажеті жоқ, себебі «…идеология – шын мәнінде, адамдар санасының ақиқатқа қатынасын анықтайтын және қабылдайтын саяси, құқықтық, адамгершілік, этикалық-философиялық идеялар мен көзқарастардың жүйесі» десек, оның қаншалықты дәрежеде кеңестік кезеңдегі тоталитарлық тәртіп аясында өзгеріске түскені, сол жүйеге қызмет еткені қазірде баршаға аян. Саясат, идеология өз дегенін істеді, КСРО империясындағы озат ойлы небір оқымысты, ғалымдар, заманынан озып туған тұлғалар, бодандықтың қамытын киюге мәжбүрленді, еркіндігінен айырылды, оның бәрін тізіп шығудың, тереңірек айтудың қажеті шамалы. Айтпағымыз: ерте не, кеш не, тағдырдың сыйы ма, әлде адамның еркінен тыс бір құдіреттің күші ме, шындық ашылатыны, дүниенің мәңгілік, жалғанның өткінші екені – бәрі де ақиқатқа жүгінеді, жалпақ жұртқа жария болады… Жоғалтқаны көп, тапқаны аз жұртпыз. Ғаламның өзіндей көне философияға жүгінсек, адам – дүниенің, мәңгіліктің туындысы, пенде – жалғанның, күнделікті тіршіліктің жемісі. Адам өмірі ақиқат, адалдық, әділеттілік, имандылық ұғымдарының ұштасуынан тұрады, ал пенденің өмірі күнделікті күнкөрістің қамымен байланысып жатады. Материалдық өмір – уақыттың еншісі. Ол – бүгін бар, ертең жоқ. Рухани өмір – мәңгілік.
Осынау терең мәні бар ұғымдарды түйсінген, «Менінен» гөрі, «Бізі» басым ғалым ғана ақиқатты аңғартуға тырысады. Ол үшін бұлтартпайтын дәлелдер қажет, темірдей мықты қисын, бұлжымайтын айғақтар керек. Сол көне заманда ғұмыр кешкен, бүкіл іс-әрекеті бір жақты бағаға ие болған, туған жері бұлдырлау деректермен мәлімделген, аса қарама-қайшылыққа толы көзқарастардың нысанына айналған Шыңғыс хан (қаған) туралы Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгенге дейін мейлінше мол қара күйе жаққан аса қуатты идеологиялық машинадан бөлек, мейлінше шындыққа тақау, озық пікір айтуға тырысушылық белгілері жекелеген ғалымдар тарапынан болған-ды, алайда олар өте аз еді…
Шыңғыс хан туралы көркем шығармалар дегенде, ең алдымен, кеңестік кезеңде жарияланған В.Ян, И.Калашников т.б. авторлардың романдарын және қазақ қаламгерлерінен І.Есенберлин, Д.Досжанов, М.Мағауин, С.Сматаев, Ә.Кекілбаев т.б. авторлардың дүниелерін айтуға болады. Бұлардың бәрі де тікелей Шыңғыстай әйгілі әміршінің өмір жолына арналмаса да, оның ұрпақтарының өмір жолына, біразы атақты қағанның өмірінің бір сәттік кезеңіне арналған. Олардың көбі кеңестік кезеңде жарық көрді, сондықтан да көптеген жайтты астарлап, ишарат, емеурінмен жеткізуге тырысты. Соңғы кезеңде қыруар деректерді саралап, бірнеше томдық тарихи-танымдық кітапты қаламгер, ғалым М.Мағауин жарыққа шығарды.
Қазірде тәуелсіздіктің арқасында Шыңғыс хан, оның заманы, қоғамдық-саяси көзқарасы, өмір жолы туралы ғылыми дәйектен ауытқымай, мейлінше мұқият, жан-жақтылықты, нақтылықты мұрат етіп, елеулі еңбек етіп жүрген ғалым, саясаттану ғылымының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, танымал қайраткер, ҰҚК отставкадағы генерал-майоры, Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Ержан Исақұлов десек ешкім дау айта қоймас. Зияткерлік деңгейі жоғары, қазақ және орыс тілдерінде қиналмай еркін жаза білетін, ізденімпаз, тәжірибелі, дәлелсіз пікір айтпайтын және ой-толғамдары барынша бұлтартпас қисынға алғышарттар жасайтын осынау азамат туралы белгілі ғалым, танымал тұлға, қайраткерлер аса жоғары баға беріп, оң пікірлерін білдірсе де, мүмкін, періште емес, пенделігіміз шығар, ол кісінің тындырған ісіне аздаған болса да күмәнмен қарағанымызды жасырғымыз келмейді. Анығын айтайық, ішке түйген сол үстірттеу пікіріміздің жетегінде жүргенімізде қолымызға алдымен қазақ тілінде, сәл кейінірек 2023 жылы орыс тілінде жарияланған 45,5 баспа табақ «Шыңғыс хан» атты кітабы түсіп, оны оқып, өзімізше сараптама жүргізгенімізде жоғарыдағы аздаған шүбәміздің қалай жоғалғанын байқамай, кәдімгідей қысылдық, мүмкін, аздаған ағаттау ойымыздың жөн емес екенін ұққанымыздан болар, осынау шағын дүниені жаздық…
Біздің ойымызша, Ержан Бекбауұлының ғылыми жұмыспен айналысып, осынау киелі де күрделі ілімді таңдап алуына айрықша әсер-ықпал етіп, алғышарттар жасаған жайт, бәрінен бұрын, оның санасы сара, табиғаты таза болмысында және сол қасиет, сипаттары арқылы берісі өз халқының, арысы әлемдік тарихтың ең бір даулы, шытырман, сырын ішіне бүккен түйткілді қырларына үңіліп, батыл байлам, салыстыра зерттеулер дер едік. Себебі салыстыру, түптеп келгенде, таным көкжиегін кеңітіп қана қоймай, тарихты қозғаушы халықтың, оның көшбасшыларының болмыс-бітіміне, табиғатына зерделеу жүргізуге мүмкіндік береді. Тұтас түріктің өз ұлтының қадір-қасиетінің сыры дегдарлығы мен тектілігінде, бекзаттығында екендігіне көзі жеткен зерттеуші ғылымның қия шыңына талмай шығу үшін тәуекел деп бел байлағаны бірден аңғарылады. Сондай-ақ Ержан Бекбауұлын жігерлендіріп, ұлтының өткен тарихын, асқақтығын насихаттауға бастаған ұлы күш Бекасыл әулиенің біздің заманымызға, иісі жас буын өкілдеріне қалдырған өсиеті болса керек. Бекасыл Биболатұлы туралы бірнеше рет жетекші оқу орындарында, ірі қалаларда өткізілген ғылыми конференциялар, онда жасалған терең мазмұнды баяндамалар жасаған әйгілі ғалым, қайраткер,тұлғалар, олардың осынау ұлы әулие, көреген, дана, саясаткер, энциклопедиялық білім иесі жайлы айтқан тұжырымды пікірлері туралы бұл жазбада айтып жатпай-ақ қояйық. Ондай пікірлер Мәшһүр Жүсіптен бастап, қазірге дейін толастар емес. Бекасылдай әмбебап тұлғаның есімін мәңгілік есте қалдыру ісінің басы-қасында Ержан Бекбауұлының жүргенін жұртшылық жақсы біледі. Қазақтың ғана емес, бүкіл түрік жұртының мақтанышы, әлемдік тарихтағы аса ірі ғұламалардың бірі Бекасыл әулиені Е.Исақұлов халқының жалпыадамзаттық тұлғасына жататыны үшін насихаттап жүр дегеніміз орынды.
Ержан Бекбауұлының нақты, ғылыми саралаудан өткен, аса ірі де маңызды, әрі өзекті мәселелерге қатысты әділ ой-толғамдарын, соларға қатысты еңбектерін тізіп шықпай-ақ қояйық, тек жоғарыда айтылған «Шыңғыс хан» кітабы туралы айтсақ та көп нәрсеге көзіміз жетеді. Ол сонау Ираннан осыдан шамамен 700 жылдай бұрын жазылған Рашид әд-Диннің «Жамиғат ат-тауарих» атты әйгілі еңбегін алып келіп, ол еңбектің қазақ тіліне аударылуының басында болды. Нәтижесінде араб, парсы, шағатай тілдерінің маманы Зәріпбай Оразбайдың тапжылмай екі жыл отырып, ана тілімізде сөйлеткен нұсқасының зерттелуінің жетекшісі, шыққан кітаптың негізгі авторы болды. Парсының әйгілі ғалымы Рашид әд-Диннің еңбегін аудару, оның Еуропа елдері мен орыс тіліне бұрындары аударылған нұсқасымен мұқият салыстыра қарастыру (қаншалықты күрделі де қиын іс екенін пайымдай беріңіз) Ержан Бекбауұлына XXI ғасырда аса ірі, ешкім күтпеген тосын жаңалықты ашуға мүмкіндік берді. Тың жаңалық. Пендешілігімізден шығар, кейбір азаматтың, аталас, руына қарай бұрып, бұл жаңалыққа суықтау қарай бастағаны да жасырын болмаса керек. Алайда ғылым саяси ұпай жинау емес, нағыз ғалымнан бұлтартпас шындықты ешкімнің бет-жүзі, ағайын-туыстығына қарамай тура айтқандарды ғана қалайды, тек сондай тұлғаларға ғана киелі есігін ашады. Бұрын да, бүгін де бар бұл ереже, ертең де бола береді…
Ғалым өз зерттеулерінде Шыңғыс ханның өмірі жайлы, туып-өскен жері, іс-әрекеті – бәрі Иран оқымыстысының еңбегінде айқын жазылса да, еуропацентризмге, патшалық Ресей және оның заңды мұрагері болған кеңестік биліктің сұрқия саясатының нәтижесінде қалай бұрмаланғанын, қандай өзгеріске ұшырап, өрескел түзетілгенін тайға таңба басқандай дәлелдеген. Шыңғырған шындықты анық айтқан. Ұзақ уақыт бойғы қажымас еңбектің арқасында Шыңғыс ханның қазіргі Шығыс Қазақстан облысы Ертіс-Бұқтырма алқабында туғанын, мұғулдың моңғолға айналып кеткенін (Рашид әд-Дин еңбегінде моңғол деген сөз мүлде жоқ), Ұнанның Бұқтырма, Кируланның Қара Ертіс, Тугланың Күршім екенін, Шыңғыстың бабалары бұрын Зайсан мен Семей аралығында ғұмыр кешкеніне ғылыми дәйектерді келтіре отырып, дәлелдеп шыққан. Бұл жерде Е.Исақұловтың бұрынырақта жарияланған «Лингвистические парадоксы» мақаласын да атаған орынды. Қазірде шетелдік зерттеуші Мари Фавероның «Золотая Орда. Как степная империя изменила мир» атты кітабы талқылау үстінде. Есімізге қазіргі Моңғолияның өкілі, философ, профессор С.Молор Эрдэнэнің Шыңғыс хан моңғол емес, Моңғол бір ұлттың атауы емес, біз ол атаудың мәнін білмейміз, Шыңғыс Орта Азияның орталығынан шыққан және оның бүгінгі моңғол халқымен еш байланысы жоқ екенін мәлімдеуі – бәрі де ғалым Е.Исақұловтың батыл болжамдарының нағыз ақиқатқа жататындығын дәлелдей түскендей ойға жетелейді.
Зерттеуші Е.Исақұлов кітабындағы тарихи деректер қасиетті Алтайды бұрындары кімдер мекендегенін, олардың өзіндік өркениетті қалыптастырғанын, қай кезеңнен бастап Алтайдың түріктер үшін алтын бесік болғанын ғылыми дәлдікпен дәлелдеп шыққан. Ғалым еңбегінің маңыздылығы сонда, ол батыл да терең зерттеулерге жол ашып тұр және ол Президент Қ.Тоқаевтың «Қазақстан – Жошы ұлысының, Алтын Орданың тікелей мұрагері» деген толғамды пікірін қуаттай түседі.
Осымен тәмамдадық. Халқының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған азаматты елі ЖОҚШЫ деп атаған. Ғалым, зерттеуші Е.Исақұлов сол атқа лайық. Жоғыңыз табыла берсін, зерделі азамат!
Мәуен ХАМЗИН,
филология ғылымының докторы,
профессор, «Құрмет» орденінің иегері
