ТАЛАНТТЫҢ ТАЛТҮСІ

Бүгінгі әңгіме кейіпкері Базаргүл Үмбетованы білгеніме қырық жылға жуық уақыттың жүзі айналған екен. Ол кезде, 1987 жылдың көктемінде бұлаңдаған бойжеткен, құрбыларының тілімен айтқанда, Базико болатын, Базаргүл Сейітжанқызы атанғаны кейін.  

Осыдан аттай алты жыл бұрын, шырайлы Шымкенттегі қадірлі достың мерейтойына орай жазылған «Әмбебап Әбдімәлік мен білетін» деген эсседе  Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіндегі, 5-6 жыл бұрын үзіліп қалған оқуымды жалғастыру үшін барғанымда кейінгі курстас қыз-жігіттермен қалай танысқанымды егжей-тегжейлі айтып: «Қарағандыдан – мен, Жезқазғаннан – Базаргүл Үмбетова, Торғайдан – Базаргүл Ахметова, Семейден – Дәулет Тілеубердиев. Павлодар, Көкшетау, Қостанай, Целиноград (қазіргі Астана солай атанған облыс орталығы болатын), Петропавлдан мүлде ешкім жоқ», – деп көрсеткен екенмін.  Ол кезде жиырма жасқа да толмаған Базаргүл – Базико Жезқазған облыстық телерадиокомпаниясының редакторы   қызметін атқарып жүрген-ді. Мектептен шыққанына үш жылға да толмаған қаршадай қыздың білімге ұмтылысы, мамандық игеруге деген құштарлығы түсінікті, мені өзін ысылған, «өмір көрген» журналистермен тең дәрежеде ұстағаны тәнті етіп еді. Базаргүл өзі ғана үздік оқып қоймай, қатар жүрген, бірге тұрған құрбы-достарын қанаттандырып, дипломдарына сай білім алып шығуына барынша ықпал жасады. Бір Сарыарқаның түлектері болғандықтан, сегіз жас үлкендігімді алдыға салып, оның ширақтығына ризашылықпен «менің қарындасымдай болыңдар!» деп, басқа қыздардың алдында мақтанып та қоятынмын.

Университетті тәмамдап шыққаннан кейін сирек кездесіп жүрдік. 1997 жылы мемлекеттің аумақтық құрылымын оңтайластыру желеуімен елдің біраз облыстары мен аудандары таратылғаны белгілі. Жезқазған облысы жабылып, әкімшілік бөлініске қараған қалалар мен аудандар Қарағандыға берілді. 1998 жылы аумағы кеңейген облыстың жаңа қалаларымен, аудандарымен танысу үшін «Орталық Қазақстан» газетінің бір топ журналисі Жезқазған – Ұлытау өңіріне сапар шектік. Бұрын облыстық мәртебесі бар мекемелердің бәрі, соның ішінде газет, телевидение, радио да қалалық деңгейге түсіп, ықшамдалғанын білсем де, Базаргүлді Жезқазғаннан кезіктірермін деп үміттендім. Сөйтсем, ол облыс тараған бетте Қазақстан ұлттық телеарнасының «Астана» студиясында комментатор болып ауысып кеткен екен. Кейін «Қазақстан РТРК» АҚ  «Астана» радиосында жауапты редактор, шеф редактор, директордың орынбасары, бас редактор, Qazir.kz порталының бас редакторы лауазымында қызмет атқарғанын сыртынан біліп, жекелеген хабарларын көріп, тілектес болдым. Еңбек пен білім жолын қоса өрістетіп, Орта-Азия университетінің заң факультетін бітіріп алыпты. Осы мерзім ішінде «Перзент парызы» (2013), «Журналист жолы» (2018) кітаптарын шығарған Базаргүлдің кәсіби қызметіне орай иеленген атақ-мәртебесі де осал емес: Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері, еліміздегі Ақпарат саласының үздігі.

Жезқазған Ұлытау атауымен қайта құрылған облыстың орталығы болған соң, Астанада, Кәсіподақтар  медиаорталығының сарапшысы қызметінде жүрген Базаргүл «ULYTAU» телерадиокомпаниясының креативті директоры лауазымына шақырту алып, кіндік қаны тамған, бал дәурені өткен, алғашқы еңбек жолын бастаған қалаға оралған екен. Ширек ғасыр бойы «Дидар» қалалық телеарнасы атанып, жергілікті жұртқа қалтқысыз қызмет көрсеткен мекемені бұрын Базарбай (тегі – Әлеуханов) досым басқарса, қазір Базаргүл қарындасым үйіріп отыр.

Мемлекеттің бас қаласында, көркем мегаполисте жайлы қонысы, жақсы қызметі бар адамның жер ортасына жақындағанда (қаншалықты туған жері болса да) шалғайдағы облыс орталығына қоныс аударуы оңай шешім емес. Базаргүл бір хабарының кейіпкері, елдің ақпарат саласына еңбегі сіңген азамат Кенжеболат Махмұтұлының аузына «… «Көлден» «шөлге» алып келген ана тілінің мүддесі еді» деген сөз салады. Базаргүл де тура сол сияқты, Астанадан Жезқазғанға ұлтының, жерлестерінің мүддесі үшін, ел алдындағы перзенттік парызын өтеуге келді және қазір осы мақсатын толық мүмкіндігінде атқарып жүр.

Қазір ел ішінде «Алпыс – тал түс» деген қанатты сөз пайда бопты. Кәсіби біліктілігі мен іскерлік тәжірибесі әбден толысқан, дәстүрлі журналистика мен жаңа медианы бүге-шігесіне дейін меңгерген курстас досым, Сарыарқалық қарындасым, «ULYTAU» телерадиокомпаниясының креативті директоры Базаргүл Сейітжанқызы қазір жас жөнімен ғана емес, талантымен, қабілет-қарымымен де талтүсінде тұр. Сондықтан, еліміздің әлеуметтік-экономикалық көркеюіне, ұлттық журналистиканың дамуына оның қосатын сүбелі үлесі әлі алда. Бұған шүбәсіз сеніңіздер!

Ермек БАЛТАШҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер одағы және Журналистер конгресі сыйлықтарының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері