Кейінгі жылдары елде әйел мен бала құқығын қорғауға баса көңіл бөліне бастады. Заң талаптары күшейтіліп, ол үшін тағайындалатын жаза ауырлады. Сонымен қатар, қылмыстың салдарымен ғана күреспей, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға назар аударыла бастады. Бұл бағыттағы заңнамаға өзгерістер енгізілуде. Мәселен, былтыр Президенттің тапсырмасымен Қылмыстық және Әкімшілік кодекстерге түзетулер енгізілді. Соған сәйкес, былтырғы 1 шілдеден бастап полиция тұрмыстық құқық бұзушылықтарды тіркеудің арыз беру сипатынан анықтау сипатына көшті. Яғни, қазір әкімшілік іс нақты дерек негізінде қозғалады.
Былтыр полиция бөлімшелеріне ел бойынша тұрмыстық жанжал туралы 99 мың хабарлама түсті. Сол арқылы 79 мыңнан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылса, мыңға жуық азаматқа қатысты қылмыстық іс қозғалды.
– Бұрын жыл сайын құқық бұзушылықтар туралы 100 мыңға жуық сигнал түскен болса, 70 пайызға жуық жағдайда полиция жәбірленушілердің арыз жазудан бас тартуына байланысты шара қолдана алмайтын. Арыз беру сипатынан анықтау сипатына көшкеннен кейін зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық жұмыс жанданды, – дейді ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Яғни, жаңа жұмыс тәртібіне сәйкес қазір полиция әрбір отбасылық жанжал тіркелген отбасыда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталану қаупін бағалауға күш салады. Сол бойынша тиісті шараларды жүргізеді.
Бұл мақсатта былтыр тамыздан бастап 18,5 мыңнан астам отбасы мүшелері арнайы сауалнамадан өтті. Нәтижесінде, 884 отбасыда құқық бұзушылықтың қайталану қаупі жоғары екені анықталды. Өз кезегінде құқық бұзушыларға өз еркімен психокоррекциялық курстардан өту ұсынылды.
Алкогольді ішімдік ішуге қатысты заң талабы күшейтілді. Бұл жәбірленушілердің қауіпсіздігі үшін жасалып отыр. Яғни, полицияның өтінішімен соттар құқық бұзушылардың алкогольді ішуіне тыйым салуға байланысты 15 мың ерекше талап қойды. Тәртіп сақшылары бұл азаматтарды қатаң бақылауда ұстайды. Жалпы, осы қорғау нұсқамасын бұзғаны үшін барлығы 2770 агрессор мен мінез-құлыққа қойылатын ерекше талаптарды орындамағаны үшін 5926 адам қамауға алынды.
Қазір Үкімет тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі саясатты қайта қарау жөніндегі Жол картасын іске асыруда. Өңірлерде өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау бойынша мобильді топтар құрылды. 2023 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында учаскелік инспекторлар қолайсыз жағдайдағы отбасыларға 67 343 тексеру жүргізіп, арнайы әлеуметтік көмекке мұқтаж 2349 отбасыны анықтады. 2024 жылдың қаңтар айында осындай 325 отбасы анықталды.
Ана мен балаға дағдарыс орталықтары көптеп көмек көрсетуде. Былтыр Ішкі істер министрлігі тарапынан дағдарыс орталықтарына 7 мыңнан астам әйел жіберілді. Олардың 6 мыңға жуығының баласы бар. Сондай-ақ, былтыр 11,7 мыңнан астам әйел полицияға жүгінді. Тергеуден кейін 9 мың адам әкімшілік жауапкершілікке тартылса, 19 адам қылмыстық жаза арқалады. Кейінгі жылдары енгізіліп жатқан өзгерістердің нәтижесінде әйелдерге жасалатын жәбірленушілік деректері азайып келеді. Мәселен, соңғы 6 жылда әйелдердің құқықтарына қол сұққан қылмыс саны екі есе азайды.
Қарағанды облысында да бұл бағытта ілгерілеу бар. Облыста бірнеше отбасыларды қолдау орталығы жұмыс істейді. Мәселен, биыл Қарағанды, Балқаш және Саран қалаларында отбасыларды қолдау орталықтары жұмысын бастады. Отбасы институтын нығайтуға бағытталған бұл орталықтар бір терезе қағидаты бойынша арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Мамандар әлеуметтік-тұрмыстық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-педагогикалық, әлеуметтік-еңбек, әлеуметтік-мәдени, әлеуметтік-экономикалық және әлеуметтік-құқықтық қызметтер, барлығы 8 арнайы қызмет түрін ұсынады. Бұл орталықтарда арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж отбасылар, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасылар және отбасының әлеуметтік әл-ауқатын анықтау әдістемесіне сәйкес төтенше дағдарыс деңгейіне жататын отбасылар қамтылады.
Былтыр мемлекеттік тапсырыс негізінде Қарағанды, Балқаш, Теміртау қалалары мен Қарқаралы, Бұқар жырау, Шет және Осакаров аудандарында осындай жеті орталық халыққа қызмет көрсетті. Ал, Қарағандыдағы жаңа орталық Чкалов көшесі, №7 үйде орналасатын болады.
Манас АҚСАРЫ