Экология басты назарда

Биыл Қарағанды қаласына –  90 жыл. Осы мерейлі датаға байланысты қалалық кітапханалар желісі 90 жылдыққа 90 кездесу ұйымдастыруда. Экология тақырыбына арналған кезекті кеш «Қарағанды қаласының орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ-не қарасты №1 балаларға қызмет көрсету кітапхана- филиалында өтті.

Оқушылармен өткен кездесуге табиғат жанашыры Сәкен Келдібаев келді. Кітапхана меңгерушісі Әсел Еркінқызы балаларды экология тақырыбындағы кітаптармен таныстырды. Сонымен қатар, арнайы көрме ұйымдастырылды.

–  Қонаққа қаламыздың экологиясы үшін тер төгіп жүрген Сәкен ағамыз келіп отыр. Қазіргі уақытта заңсыз әрі сансыз ағаштар көптеп кесілуде. Осының бәрін Сәкен ағамыз жіті бақылауда ұстайды. Себепсіз бір тал кесілмеуі үшін шырылдап жүрген азамат, – дей келе, Әсел Тезекбаева сөз кезегін кеш қонағына берді.

Бұдан төрт жыл бұрын Екібастұздан Қарағандыға қарай ат басын бұрған Сәкен ағамыздың 30 жылы жерге арналған. Агроном, Кеңес дәуірінде екі кеңшарда директор болған. Бүгінде зейнетке шыққанымен «білгенімді жастарға үйретсем» деген жан.

– Алдымен балалар, әр адам өз елінің, өзі тұрып жатқан қаланың тазалығына атсалысуы керек. Кейінгі кезде заңсыз тал кесу көбейді. Бірақ, оған біз жол бермеуіміз керек. Бірнеше мекемеге осылай беймезгіл өсіп тұрған ағашты кескені үшін айып салынды. Олар оны қаржылай да әр тал үшін он түп егіп те өтейді.

Сонымен қатар, қалада экологиялық ахуал қиын. Қысты күні көк түтін. Ол неден? Әрине, арзан, піспеген көмірді қолданғаннан. Естеріңізде болсын, экология басты назарда болуы керек.

Көктем келерде торғайлар алдымен ұшып келіп хабар береді. Қараторғайға ұя жасауымыз керек. Оларды тамақтандыруға тиістіміз. Қараторғай ол тек қана құс емес, ол табиғаттың санитары. Бірнеше жыл бақыладым. Солар туралы жазылған ктаптарды оқыдым. Содан білемін. Талды құртатын құртты жояды, зиянды жәндіктерді жейді. Сондықтан да, қараторғайларды сақтауымыз керек, – деген Сәкен ағамыз кітапхананың жас оқырмандарына табиғат туралы, экология жайында біраз мағұлыматтар айтып берді.

Жиын соңында Сәкен Келдібаев Ұлт құндылықтарды сақтау мен насихаттауға бағытталған «Қазақ күнтізбесін» жиналғандарға тарту етті.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *