Тұрсын ЖҰМАШ: «МЕНІҢ ФИЛОСОФИЯМ»

1959 жылы Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ өңірінде дүниеге келген ақын Тұрсын Жұмаш 36 жыл ғұмыр кешті. Ол туралы кезінде Ж.Нәжімеденов, Е.Раушанов, С.Ақсұңқарұлы сияқты белгілі ақындар жоғары баға берді. Талантты ақынның 1997 жылы шыққан «Періште» жинағына енбей қалған жырларын жариялап отырмыз. Ақынның «Менің философиям» атты жыр кітабы бертініректе соңында қалған отбасының қаражатына жарық көргенін естеріңізге саламыз. Онда да алғашқы «Періште» жинағына енбей қалған көптеген өлеңдері бар. Ал, біз жариялап отырған мына өлеңдер кезіндегі Егіндібұлақ аудандық «Ленин туы» газетінің тігіндісінен алынған. Бір ескеретіні, бұрынғы «Періште» жинағынан соң ақынның отбасы осыдан бес-алты жыл бұрын шығарған «Менің философиямда» бұл өлеңдердің екі-үшеуі ғана ұшырасады.

***

Сен білмейсің

Сен білмейсің мен неге күрсінемін,

Жүрегімнің таба алмай жүрсің емін.

Күн көріс үшін жүрген табан тіреп,

Пенделерді көрем де, түршігемін.

 

Сен білмейсің мен неге үндемеймін,

Көңілде қандай сыр бар біл демеймін.

Сен мені ұқпайсың, ұға алмайсың

Құлшынсаң да сол үшін күнде мейлің…

 

Сен білмейсің мен неге байқалмаймын

Тірі жанға қатты сөз айта алмаймын.

Өкпелеткен адамға күле қарап,

Жыр жазғанда сейіліп қайтар қайғым…

 

Сен білмейсің мен неге сабырлымын

Мені іздеп көктемде сабылды кім?!.

Ағыл-тегіл жауатын ақ жаңбырдай

Көңілімнен, жаным-ау, ағылды мұң.

 

Егіндібұлақ аудандық «Ленин туы» газеті

22.11.1986 жыл.

 

Әлемдегі карта алдындағы ой

Әлемдік картаға тұрмын қарап,

Өмір неткен күрделі, қырғын қабақ…

…Өкінішім бар менің жиырма миллион

Өтінішім бар менің бір мың парақ.

 

Цивилизация оралды қонып… Айдан

Жер жүрегі жаралы, толы майдан…

…Жарып алсаң әлемді… карта сызар,

Табылады адамның қолы қайдан?!

 

Ару күннің қабағы айдан ашық…

Шындығынан кетесің қайда қашып?!

…Мен тұрмын әлемдік карта алдында,

Соғыстарға қарсы бір майдан ашып!

 

Қарап тұрам сәбидің көзіменен

Ақыл-дария болғанда төзім екен…

…Тыныштықты сұраймын Адамзатқа

Мазасыздық сұраймын өзіме мен!..

 

Жоқ қой менің әскерім, атағым да,

Жоқ қой менің… алты атарым да!

Күлге айналып кетпесін деген оймен,

Мен тұрамын гүлдердің қатарында.

 

Эфирлерден хабарлар тарап ізгі,

Мұхиттар жалғап жатыр арамызды…

Көрсетпейді, бірақ та, карта бізге,

Жүректегі қан жоса жарамызды.

 

Көрсетпейді баланы нансыз қалған

Аналардың жүрегі қан сыздаған…

Тоқашқа тойып алған тоғышардай,

Мен қалай қайғысыз боп қамсызданам?!

 

Сенім бар Әлемге көзқарасымда

Тілегімді сен қабыл аласың ба?!

Жұдырықтай жүрегім шырылдайды,

Иран менен Ирактың арасында.

 

Жаңа жыл кешіндегі ой

Жаңа жылдың кешінде қиялдаймын,

Ескі жылды ойлаймын, қия алмаймын.

Алабұртып көңілім, алабұртып,

Көздің жасын жасырын жия алмаймын.

 

Қуаныш та, қайғы да алмасады,

Өмір солай жаңа жыл боп жалғасады.

Өмір солай – гүлдеп тұрған алма ағашты

Күндердің күнінде қар басады.

 

Бір ойдан соң, бір ой кеп мазалайды

Ойлаймын өмір жайлы, қаза жайлы.

Күйемін қылығына алдамшының,

Қуанамын ойласам таза жайлы.

 

Өмір, маған қабақ шытып қарамашы,

Жақсылармен жүрейін араласып.

Жақсы жырлар жазайын ғұмыр берші

Биік төрге самғайын тұғыр берші.

22.11.1986 жыл.

***

Оқ астында қаламын Таудан ұшқан,

Аз болмайды өлімді жауда құшқан…

Қанымда туыс болып ойнақтайды,

Сәуірде қайта туған Ауғанстан!..

 

Ғасырдың қарсы алып тұрам таңын,

Африканың тыңдаймын ерлік әнін!

Ливияға көз қырымды саламын да,

Жағдайын сөз етемін Шри-Ланканың!

 

Пиногеттің жүрегінен табыл оғым,

Зұлымды басы болып шабыл оның!

Мен сенемін бостандық келеріне,

Отанына Ұлы Ақын Паблоның!

 

Құлағыма шалынса таныс құран,

Жетем ұшып… демеймін алыс тұрам.

Көз жасын құрғатып Арабтардың,

Бүгінгі ұранымен таныстырам!

 

Құбылмалы өмір ғой контрасты,

Көңілім кемерінен толқып асты…

…Көкірегім қарсы айырылып кетеді де,

Атқылаймын бандасын контрастың.

 

Құйылып кетпесін деп у басына,

ҚараймынКастроның Кубасына

Кім біледі… Құрбандар көз жасыма

Теңіз боп үйірілген су қасына.

 

Шындықтың шаба алмайды балта басын

Көтеріп кім жатыр Мальта басын?!

Туысқанмын бәрімен, сондықтан да,

Бес бересім бар деймін алты аласым!

 

Сенім болса… қашады жасып қайғы

Батыста, соны кейбір… бас ұқпайды.

Мен білемін арайлап таң атқанда

Күн керіліп тұрады… Асықпайды!

 

Өмір деген жарқыраған айдын алып

Тереңіне кетеді қай күн алып…

Қара суға мен қалай семірейін,

Жүрегіме әлемдік қайғыны алып.

 

Маған әлем тағдырын табыстаған

Табыстарға… мен қалай қалыс қалам…

Космодромдар барына қуанам да,

Полигондар барына намыстанам!

10.12.1987. «Ленин туы»

***

Сарыарқаға ұқсас бір мінезім бар…

 

Өмірімді алам кейде қиындатып,

Жүрем сосын көп ойдан миым қатып,

Мені мәңгі жалғандыққа қарсы қойған,

Ақын-тағдыр не деген қиын бақыт?!.

 

Ақын-тағдыр… Не дедім, не деп кеттім,

Не десем де дарыным демеп кеткін.

Сертте тұрар семсер де мен, серің де мен,

Қызарар реті жоқ, демек, беттің.

 

Қиын болса өмірім… көріп бағам,

(Қиындықты майданда көріпті ағам)

Жығылсам, жыр жолында жығылайын,

Жығылғанша жырымды өріп бағам.

 

Жығыламын мен неге жүріп өтем,

Шын ақынның болмайды жыры бөтен…

Өмір-өзен ілесіп ағынына,

Жолымдағы жолсыздықты сырып өтем.

 

Өмірімді алам кейде асықтырып,

Көрсеткенде біреулер пасық қылып…

Найзағайдай кенеттен шатыр етем,

Егіліп, езіліп, жасып тұрып.

 

Өмірімді алам кейде қиындатып,

(Одан алар жоқ сияқты сыйым да түк.)

…Сарыарқаға ұқсас бір мінезім бар,

Дауылдатып алатын құйындатып.

12.09.1987 жыл

 

Жиырма беспен қоштасамын…

 

Шынымен жиырма бестен астым ба,

Ауылы жақсы орда бұзар жастың да.

Қыздарға да хат жазбайтын болдым мен,

Ойлайтыны олар емес бастың да…

 

Ой ағысын басқа арнаға бұрғызып,

Ойлайтыным олар емес… бұл қызық!

…Қалғып бара жатсам болды өлең-қыз,

Төсегімнен алады кеп тұрғызып…

 

…Айтады ол дарынымның барлығын,

Айтады ол жер үстінің тарлығын…

Құлағыма сыбырлайды алдыңда,

Күтіп тұр деп қиын сапар қарлы күн…

 

Адал бол – деп сыбырлайды ол маған,

«Адал бол – деп – әлі ешкім болмаған!»

Өлеңменен көтересің дейді ол,

Көңіліңді достарыңа толмаған…

 

…Қорғасындай ойларменен алысып,

Тал бойымды аралайды қан ысып…

Жиырма беспен күліп тұрып қоштастым,

Отызбенен көңілсіздеу танысып.

12.09.1987

Элегия

Мөлдір тамшы тұнады кірпігіңде,

Аққайыңның секілді бүршігінде.

Мен көктемді сағынып жүргенімді,

Сездің ғой сен ақпанның бір түнінде.

 

Адамдарға болмадым жалған ғашық,

Бір бақытым кетсе де алдан қашып.

Ақын деме сен мені жылап тұрсам,

Ақын емен өмірде көрген жасып.

 

Іске аспай жатса егер ойға алғаным,

Керегі не күй шертіп, той барғаным.

Көктем іздеп ақпанда қар көшкенде,

Адастырмай мені осы қойды арманым.

 

Көктем келер деген бір үмітпенен

Ақпанда да ақын боп күліп келем.

…Сағындырған көктемім, көз ілдірші,

Түндер бойы түрлі ойдан ілікпеген.

16.01.1985 жыл

 

Жырақта жүргенде

Келеді таң атып, арайланып,

Келеді жер деген шар айналып.

Төгеді тағы да күн шуағым,

Мен болсам бір сәтке тыншымадым.

Сен мені Сағындырып жүрші жаным…

Сен осылай жүрші мені сағындырып.

Жырақта жүрсең де жанымды ұғып,

Алып ұшпа сезімді бағындырып,

Сен мені, мен сені табындырып,

Өмір бойы жүрейік сағындырып.

16.07.1985 жыл

 

Басқа қыз

Басқа көктем,

Басқа жаз, басқа күзбен,

Мөп-мөлдір моншақтарды тасқа тізген.

…Мен шынымен бақытты болар ма екем,

Отау тіксем қайтадан басқа қызбен?

 

Жалғыз жүрсем емес қой пенделігім,

Жұртқа сыйлар өлең көп менде бүгін.

Қыр астында қалмайды шын дарындар,

Шын дарындар өлмейді, сембе, гүлім.

 

Көктем іздеп көңілім желікпеген,

Мен өмірге өлең боп еніп келем.

Басқа қызға, білмеймін саған ба әлде,

Бақытым боп келер деп, сеніп келем.

10.07.1982 ж.

Туған жер

Қазақтың кең өлкесі

Менің туған мекенім,

Туған ана ыстық қой,

Сен де, жерім, сол секілді екенсің!

О, арайлым,

Дүниеден сен деп қана өтемін!

Зеңгір көгің, байқаймын

Құс мекені екенін.

Кербез тауың, сал көлің –

Олардағы ерлік пен тереңдікті

Маған мирас етеді.

Кең байтағым

Дүниеден сен деп қана өтемін!

14.01.1978 жыл.

Бәрі мүмкін

Өтіп жатыр сенсіз күндер, апталар,

Мен сарғайдым күтіп сенен хат-хабар.

Он жыл оқып мектеппен де қоштастық,

Өтіп жатыр, емес уақыт тоқталар.

 

Сенсіз уақыт өтіп жатыр байқалмай,

Жүрмін Саған жүрек сырын айта алмай,

Әлде мені сырттай сынап жүрсің бе,

Жүрсің бе әлде сол сертіңнен қайта алмай.

 

Хат жазуға жүрсің бе әлде ерініп,

Кеттің бе әлде басқа жанға беріліп?

Бәрі мүмкін білмеген соң мен үшін,

Әр күнімді жалғай береді тек үміт.

 

Ойламап ем кетеміз деп айрылып

Енді қалдым жарты жолда қайрылып.

Мүмкін әлі ойланарсың…

Мүмкін әлі ораларсың қайрылып!

14.01.1978 жыл.

 

Владимир Высоцкий

Сен шындықты көтердің биік етіп,

Гитараңның көрген жоқ күйі кетіп.

…Владиға тапсырып жүрегіңді,

Өмірден жүрдің-ау жиі кетіп…

 

Көше сенің болғанда Байқоңырың –

Сахнадан шықты үні қай Торының?

Өз орныңды өмірдегі білуші едің,

Үңірейіп тұр бүгін қайта Орының…

 

Шындықтың құйылғанда тасқын әні –

Жанарыма мөлдіреп жас тұнады…

…Владимир Семенович! Қарсы ал тұрып,

Құшағы гүлге толы Москваны!

10.12.1987 жыл.

 

Джордано Бруноның монологы

Тұрмын ба жылы ұшырап көздеріңе,

Тарихтан таныспын ғой өздеріңе.

«Жер – Ана дөңгелейді Күнді айналып…»

Отқа жақты мені олар, күлге айналып,

Қайта тудым…От болып, тіл байланып!

 

Арамызда түсініксіз байланыс бар,

Лап берсем мені Адам қайдан ұстар?..

Қызықпаймын Адамның денесіне,

Өртенгендер алады мені есіне!

 

Жасаған қылмыстарым тіркеулі ме?

Мен өртеймін Түрмені, Шіркеуді де.

Мен өртеймін Даланы, Орманды да,

Тау мен Құмды, Музейді, Қорғанды да.

 

Мен өртеймін Аққуды, Қыранды да,

Мен өртеймін Библия, Құранды да.

Ақындарды өртеймін жыр аулаған,

Тырналарды өртеймін тыраулаған…

 

Қателесіп кетуі бір Адамның,

Қажет болып ол үшін тұр-ау маған!

Қара түнек етер ем мен жер үстін,

Қызығына батар ем мен Жеңістің!

 

Саманта

Саманта, батады маған қайғың,

Тағдыры үшін жерімнің алаңдаймын.

Сәби-жүрек күрсінсе құрыстырып,

Мен сол үшін кінәлі адамдаймын.

 

Сені көрем түсімде, елесің бе,

Ақ көгершін жылайды сенесің бе?

Ақ көгершін сен болып тіл қатады,

Оттың ізі бар оның денесінде.

 

Ақ көгершін от шалған қанаттарын,

Қағады да, жылайды жаратқаным,

Көремін мен одан соң ракетаның,

Жұлдыздарға көтеріліп баратқанын.

 

Көтеріліп барады жұлдыздарға,

Құлау үшін өлім боп шың-құздарға.

Не деймін мен Саманта, не айтамын,

Ақ бесікте тербелген ұл-қыздарға.

 

Кіп-кішкентай жүрегің дүрсілдейді,

Дүрсілдейді, бірақ та, күрсінбейді.

Кіп-кішкентай жүректің бейбіт үшін

Мәңгі соғып тұрарын білсін дейді.

 

***

Нұрлы күнді күзетіп отырамын…

Адамзат өмірі – құмырсқалар илеуіне ұқсайды.

Ю.Фучик

Америка,

Болды ғой шатағың көп,

Қорқытасың айдан бізді атамын деп

Нұрлы күнді күзетіп –

Көк шалғында,

Көкке қадап көзімді жатамын көп

 

Құмырсқалар

Қыбыр-қыбыр қозғалыста,

Көзім –көкте, жүрегім – толғаныста…

Рейган мырза –

Алдайды туған халқын,

Соғысқа емес –

Дайындық деп қорғанысқа!

 

Көк шалғында

отырмыз, қыр басында,

Күбірлейді ақын жүрек құрдасым да…

Күн сәулесі ақырын дірілдейді

Гүл терген – Сұлу қыздың сырғасында!

 

Көк шалғында –

Өмір бар – сенген бізге,

Жапырақтар көктеп тұр, семген күзде,

Қаруыңды таста да, соғысқұмар,

Көк шалғыннанКөктемді сен де ізде!

 

Көк шалғында еңбекқор құмырсқалар,

Бір-бірімен бармайды ұрысқа олар!

Мен соларға қызығып қарай берем,

Рейган мырза,ойланшы… дұрыс болар!

 

Ойланшы сен, Америка, дұрыс болар,

(Қыбыр-қыбыр қозғалыста құмырсқалар)

…Көк шалғында өлмеген өмір, бар да,

Қол алыссақ ерлерше, ұлы іс болар!

 

Көрген елміз, көргеміз… дарақыны,

Есімізде фашизмнің қара түні,

Жиырма миллион – жүректің жалыны деп,

Мәңгілік от, адамдардың баратыны!

 

Мәңгілік от – мәңгілік бұл! Білесің бе?

Жеңісім де, осымда күресім де!

Майдангер әкемнің көз жұмарда,

Өшпесін от дегені жүр есімде.

 

Өшпесін от – өшпесін мәңгілікке,

Жол берейін, адамдар, қан-бүлікке

Сенбеймін мен, сенбеймін Ақ үйдегі,

Президентке, актерге, әңгүдікке!

 

Жарыққа шық, соғысқұмар жасырынба,

Қолыңдағы автомат – ғашығың ба?

Соғыс деген болмасын соңғы сөзің,

Атом иісі бұрқыраған ғасырымда!

 

Жаттығулар, жарылыстар… тұншығамын

Алмасыншы тауысып Күн шыдамын.

Көк шалғында өлмеген өмір барда,

Сақтап соны қалуға құлшынамын.

 

Емес қой бұл менің жалған қайғым,

Есім кіріп Қауіптен қалғандаймын.

Жер-Анамның өкпесі боп ауа жұтып,

Жүрегі боп соқсам деп армандаймын!

 

Миллиондаған жүректе тоғысып ән,

Адамзат аумасыншы қонысынан

Сақтау керек, адамдар, нұрлы күнді,

Жиырмасыншы ғасырдың соғысынан.

 

Жиырма миллион, жиырма миллион…

Доллар емес… фермерім!

Білем саған атом қызық, ермегің…

Жиырма миллион – Арман өлді ең асқақ,

Жиырма миллион –Адам өлді ең керім!

Сөзімді ұқшы, адам болсаң, сен менің!

 

Хиросима,Нагасаки, Отырарым –

Қасіретім, Қасиетті топырағым,

Күйбің-күйбің тірлікті қоямын да,

Нұрлы күнді күзетіп отырамын,

Нұрлы күнді күзетіп отырамын.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *