30 мамырда ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров Ресейдегі TikTok әлеуметтік желі өкілдігінің бас директоры Сергей Соколовпен кездесті, — деп хабарлайды.
Кездесу барысында министр қонақтарды ведомствоның қызметімен қысқаша таныстырып, бүгінде TikTok жастар аудиториясы ғана емес, интернет кеңістігіндегі ең ірі әлеуметтік платформалардың біріне айналғанын атап өтті. Қазір ТikTok — қолданушыларды қамту ауқымы жағынан Instagram және Facebook әлеуметтік желілерімен қатар тұратын танымал платформа.
Асқар Омаров Қазақстанда тикток-хаустар болып біріккен танымал отандық блогерлердің белсенділігі артып келе жатқанын атап өтті.
Сергей Соколов ТikТоk платформасын бүкіл әлемде 2 миллиардтан аса адам қолданатынын, оның ішінде Қазақстанда ТikТоk-тың 7 миллионнан аса қолданушысы бар екенін атап өтті. 4 жыл ішінде ТikТоk өз қолданушыларына ойын-сауық, пайдалы әрі мазмұнды контент ұсына бастаған.
Сонымен қатар, ол танымдық контентті күшейту туралы ұсынысты қолдап, Қазақстанда тарих, туризм, мәдениет, білім және ғылым, театрлар мен мұражайлар туралы мазмұнды контент қалыптастыратын жаңа бірлескен жобаларды іске асыруды ұсынды.
Бұдан бөлек, осы кездесуге ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Динара Закиева да қатысты. Өз тарапынан ол балалар мен жастардың мәдени, құқықтық және цифрлық сауаттылығы саласындағы бірлескен жобаларды іске асырудың маңызын айтты.
Шара қорытындысы бойынша тараптар өзара тығыз қарым-қатынас пен ынтымақтастықты нығайтуға ниет білдірді.