Қарағанды облысында жол құрылысы, бұрынғы жолдарды жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Дегенмен, әттеген-айы, да жоқ емес. Бір жері жөнделіп жатса екінші жағы бүлініп жатыр. Айыппұл салынып жатса да, жөнге келер түрі жоқ.
Жақында Қарағанды облысы бойынша экология департаменті қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін жол мекемесінен 1 миллиард теңгеден астам айыппұл өндіріп алды. Табиғаттың бұзылуына қарсы мекеме Citic Construction Co. LTD филиалы жүргізіп жатқан Қарағанды – Балқаш тас жолының құрылысы жоспардан тыс тексеру жүргізген болатын.
Тексеру барысында анықталғандай кәсіпорынның экологиялық рұқсатсыз, жол құрылысы үшін пайдалы қазбаларды өндірумен айналысқаны анықталды. Аталған заң бұзушылық үшін департамент кәсіпорынға 1,2 млрд теңге көлемінде айыппұл салды.
Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының қаулысымен департаменттің айыппұлды мәжбүрлі түрде өндіріп алу туралы талап арызын сот толығымен қанағаттандырды.
Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр да келіп ұзындығы 363 шақырымды құрайтын «Қарағанды – Балқаш» автожолын қайта жаңғырту жұмыстарының барысымен танысқан болатын. Қазіргі сәтте мердігер компания жол жабынының жоғарғы қабатын төсеп жатыр.
«ҚазАвтоЖол»ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Ерлан Жұмағұлов автожолдың тұтас бойында айналып өтетін жер жоқ екенін және көлік қозғалысы қалыпты жағдайда жүріп жатқанын баяндады.
Роман Скляр «Қарағанды – Балқаш» автожолының «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізін дамыту үшін маңызы зор екенін айтып, жол-құрылыс жұмыстарының қарқынын төмендетпеуді және жолды реконструциялауды жыл соңына дейін аяқтауды тапсырды.
Әрине, құрылыс жүріп жатыр. Жыл соңында бітер-бітпесі белгілі болады.
Ал қалааралық жолдарға келсек, бұл жолдардың да жетісіп тұрғаны шамалы.
Жалпы биыл республикалық, облыстық және жергілікті маңызы бар мың шақырымнан астам жолды жөндеу жоспарлануда.
Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаев бейінді ведомство басшыларынан кабинеттерде отырмауды, әр учаскеде жұмыстардың сапасын бақылауды талап етіп те жатыр.
Сондай-ақ, облыс әкімі жөндеуден кейін ауыр жүк таситын көліктер бұзатын жолдарға назар аударды. Ол тұрғындар тарапына айтылып жатқан шағымдарда негіз бар деп санайды.
Негіз бар. Мысалы Қарағанды қаласының тұрғыны Қасымхан Ғалым:
– Түнде ауыл жақтан келе жатып, алдыңғы сол жақ дөңгелегімізді осы бір шұңқырға ұрдық. Красная поляна ауылындағы көпірдің дәп үстінде. Алдымда келе жатқан Данияр көкем де осыған ұрып, дөңгелегін жарып, дискісін майыстырып алды. Құдай қағып, жай жылдамдықпен өттік. Әйтпегенде… Мына шұңқырды күрекпен бір-екі қазып жіберсе, су көлкілдеп шығайын деп тұр. Тереңдігін айтамын. Бетіндегісі жаңбырдікі ғой. Жалғыз бұл ойық болса жақсы дер едік. Қарағандыдан Жезқазғанға дейін дәп осындай мың қырық ойық-тесік бар.
Жаз бойы «ҚазАвтоЖол» қай жолды жамады?
Шіркін-ай деймін де, халықтың обалын кім ойлайды? Ел-жұрт көлігінің несиесін төлей ме? Әлде ай сайын ақшасын сайманға сала ма?
Шұңқыр жамауға шамасы жетпесе, онда жетіскен екенбіз…
Өстіп-өстіп қадірің қашады-ау, Қазавтожол! – деп наразылығын білдірді.
Ал облыс әкімі жауапты тұлғаларға шүйліккені бар, жиында.
– Біз бір қолымызбен жасаймыз, екінші қолымызбен бұзамыз! Бұған жол бермеу керек. Қалалар мен аудандардың әкімдері – бұл сіздердің жауапкершіліктеріңіз, сіздерден сұраймын. Көлік және автомобиль жолдары басқармасы, кабинеттерде отырудың қажеті жоқ! Барлық қызметкерлер жолдарды араласын. Далада жұмыс жасаңыздар және көлік инспекциясы және полициямен бірге бақылаңыздар. Бұл жолдар мейлі республикалық, облыстық немесе қалалық болса да. Ол маңызды емес, барлығын тексеріңіздер. Оның барлығы бізге қарайды, біздің тұрғындар сол жолмен жүреді, – деді облыс басшысы.
Өңір басшысы жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен тығыз жұмыс істеуді тапсырды. Ол барлық жол құрылысы жобалары мерзімінде және сапалы іске асырылуы тиіс екенін атап өтті.
Биыл 461 шақырым республикалық автожолдарды жөндеу жоспарланған. «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалының өкілі Қазақстанның Даму Банкінің қарыздық қаржыландыруы бойынша трассалардың проблемалық учаскелерін Павлодар, сондай-ақ Нұра – Астана бағытында қабылдайтынын хабарлады. Оның айтуынша, қазір осы жобалар бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов облыстық маңызы бар 178 шақырым автожолда жөндеу жасалып жатқаны туралы баяндады.
Абай ауданында Жартас – Долинка жолының учаскесін қайта жаңарту жалғасуда. Ұзындығы 9 шақырым Үштөбе – Құрылыс автожолының учаскесін қайта жаңарту басталды.
Ұзындығы 19 шақырым Саран – Шахтинск автожолына күрделі жөндеу жалғасатын болады.
Қалалар мен аудандарда 393 шақырым автожол жөнделеді. Облыс орталығында жөндеу жұмыстармен 143 км қамтылған. Жол жабынының сапасы мен беріктігі үшін жаңа технологиялар мен материалдар пайдаланылады. Қарағандыда алғаш рет бутанал типіндегі арнайы полимер қолданылды, ол жоғары температурада асфальттың икемділігін айтарлықтай жақсартады.
Тағы бір мәселе, туризмді дамытамыз деп отырған Қарқаралының жол жөндеу жұмыстарының мардымсыз болып тұрғандығы.
Мысалы Қарағанды қаласының түрғыны Жанат Жаңқашұлы:
– Бес ауыл һәм бір мәселе. Мына жол қайда апарады деп ойлайсыздар? Ауылдарды құрдымға апарады. Осы қара жолдың бойында бес ауыл жатыр. Бәрі де қазақтың қасиетті ауылдары. Бұл ауылдар Қарағандының ең шалғай ауылдарының бірі. Қарағанды мен Татанның арасы 380 шақырым. Оның 140 шақырымы осындай ойдым-ойдым, сары лайы шыққан жол. Облыстың төрінде, Қарағанды шәрінде отырған атқамінерлер мұндай жол барын білмеуі де мүмкін. Өйткені көнбіс халық үн-түнсіз жүгін артып, қалаға көшіп жатыр. Сұрастырсақ «жол жаман» деп біреуі де арызданбаған. Билік өзі біліп істер деген далбаса үміті ғана бар. Ауыл әкімдері жоғарыға айтқан да шығар. Бұл жағдайдан Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев хабардар ма, хабарсыз ба, білмейміз. Қазіргі уақытта Бүркітті мен Бақты елдімекені арасында 500 метрдей жерге асфальт төсепті. Ол неге бел ортадан басталып жасалып жатқан жұмыс екенін түсінбедік. Әсілінде бір елдімекеннен екінші елдімекенге қарай төсеуші еді. Бұл ары қарай созылатын жұмыс па, әлде осы жол ортасына ғана жайылған кілемдей болатын асфальт па, анығын білмедік. Білетініміз Татан ауылына толарсақтан саз кешіп, дүниеден баз кешіп жеткендігіміз, – деген жанайқайын жеткізді.
Сонымен қатар, жолды ақша табу бизнесі деп ойлағандардың да айласы іспе аспай қалғандай. Жыл басында 28 миллион теңгеге іс жүзінде жоқ жолды жөндеуге арналған конкурс жойылды. Ақтоғай ауданы прокуратурасының наразылығы бойынша ауданның Экономика және қаржы бөлімінің жалпы сомасы 328 миллион теңгеден асатын іс жүзінде жоқ «Ақжарық-Аппаз» тасжолын жөндеуге ашық конкурс өтпей қалды.
«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңның 60-бабының 1-тармағына сәйкес объектілер мен олардың кешендерінің құрылысы жобалық (жобалық-сметалық) құжаттама бойынша жүзеге асырылады. Осы норманы бұза отырып, экономика бөлімі құрылыс жобасы жоқ жаңа тасжол салуға әрекеттенген болып шықты. Ақтоғай ауданы прокуратурасының қадағалау актісі бойынша бұл конкурс жойылды.
Жыры бітпеген жолдың бойында адам жанын түршіктірер апаттар да көбейген. Жаңалықтардан апаттан «төрт адам өлді», «бір адам қайтыс болды» дегенді оқып, көргенге етіміз үйреніп кеткендей.
Сапада керек-ау, бірақ, жол жыры қашан аяқталады? Бұл біздің бітпес тақырыбымызға айналғандай…
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ