Қарағандыда биылғы Халықаралық шахмат күні мерекесі ардагер шахматшылырымыз үшін екі ірі оқиғамен аталып өтті.
Алдымен, 19 шілде күні «Сенат-опен» ашық кубогы республикалық турнирінің «Орталық» аймағы бойынша жартылай финалы болып өтті. Бұл ғаламат турнирге Қарағанды, Ұлытау облыстары мен Елорданың сайдың тасындай іріктелген ойыншылары, әрқайсысынан 25 әуесқой шахматшы қатысты. Дүбірлі додаға қарағандылық ардагерлер арасынан облыстық кеңес жанындағы «Ардагер-2012» шахмат клубы мен «Қармет» АҚ көмір және болат департаменті ардагерлері командасынан 14 ойыншымызды үкілеп қостық. Өкініштісі, облыстық іріктеу жарысында алдына жан салмаған серкеміз Геннадий Пак шетелде дем алуына байланысты қатыса алмады. Соған қарамастан өзге ойыншыларымыз қатардан қалмай финалға өту үшін барын салды. Бірақ, жарыстың аты жарыс, оның үстіне ел жүрегінің өкілдерімен сайысқа түсу оңайға түспеді. Нәтижесінде үміт артқан ойыншымыз Сергей Игнатьев 9 ойыннан 7 ұпай жинап,тағы да үшінші жүлделі орынннан көрінді. Қарағандылықтар арасынан тағы 4 ардагеріміз (С.Могила, С. Корабельников, П.Руденко және Н. Примаков) 31 тамыз күні Елордада өтетін финалдық жарысқа жолдама алып, сертификаттармен марапатталды.
Атап өту керек, Қарағанды шахмат мектебінің түлектері, үзеңгілес қарсыластарымыз: 86 жасар жезқазғандық кенші Әзірбек Молдағалиев пен қазір Астанада тұратын 78 жасар дәрігер Төлеген Оразбеков те финалға өткеніне қуана қол соқтық.
***
Ертеңінде шахматшылардың кездесуі Металлург күні мерекесіне орай болатшылыр мекені -Теміртауда жалғасты. Дәстүрлі жолдастық матч Шахмат күні мерекесіне тұспа-тұс келді. Бұл жолы «Қармет» АҚ болат және көмір департаменті ардагерлер шахматшылары 10тақтада екі ойын ойнап, өзара бәсеке қызды. Болатшылар командасы әдеттегідей ағайынды Христофор, Кристина және Ирина Попандопулолармен нығайтылды. Үміт артар жас ойыншылар 6 ойында 4,5 ұпай жинап, өз командасының жеңісін қамтамасыз етті. Жолдастық матчқа күні кеше өткізілген «Сенат-опен» республикалық турнирінің жартылай финалына қатысқан әккі ойыншылар да (С.Игнатьев, С.Могила, Б.Хауия, Н.Примаков, О.Селезнев) шақырылған еді, олар жарты күнге созылған марафонға қарамастан дәстүрлі кездесуден бас тартқан жоқ.
Кездесуге қатысушыларға металлургтердің «Самғау» кәсіподағының жүлделері тапсырылды.
Аман Жанғожин,
облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы,
«Ардагер-2012» шахматшылар командасының жетекшісі.