Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындармен диалог орталығында кездесіп, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қарағандылықтар абаттандыру бойынша, ТКШ проблемаларын шешу жолдарын ұсынды және жосықсыз құрылыс салушыларға шағымданды.
Әкімге Мұқанов көшесіндегі «Батыр» ТК құрылысына қаражат салған қарағандылықтар жүгінді. Бірақ сот шешімімен ол үй бұзылған болатын. Құрылыс салушы үлескерлерге Сатыбалды көшесіндегі «Алтын» тұрғын үй кешенінен пәтер беремін деп уәде еткен. Алайда, бұл үйдің құрылысы ұзаққа созылып кетті, дейді шағымданушылар.
– Біздің қатарымызда 40-қа жуық адам бар, екі жыл бұрын ақша салдық, көбісі несие алған. Құрылыс салушы бізді түкке тұрғысыз уәделермен тойдырды. «Алтын» ТК құрылысы өткен жылы басталуы тиіс еді. Бірақ болашақ үйдің орнында коммуникациялар өтетіні белгілі болды. Қала әкімдігі құрылыс салушының жағдайына түсіністікпен қарап, құрылыс жоспарын өзгертті, ТК аумағы ығыстырылды. Бірақ соған қарамастан, әлі де жұмыстар басталған жоқ. Біз облыс әкімінің жағдайды бақылауға алуын сұраймыз деген. Өңір басшысы құрылыс иесінің қатысуымен кездесу ұйымдастыруды тапсырды. Біздің жағдайымыз айқындалып, ақшамызды қайтарамыз немесе баспана аламыз деп үміттенеміз, – дейді үлескерлердің бастамашыл тобының мүшесі Зарина Садықова.
Кездесуде әлеуметтік қамсыздандыру, бизнеске жәрдемдесу мәселелері де көтерілді.
Саяжай қауымдастықтарының өкілдері Федоров саяжайларына баратын жолды асфальттауды, автобустың жұмысын реттеуді сұрады.
Ермағанбет Бөлекпаев бейінді ведомстволардың басшыларымен бірге жергілікті тұрғындардың мәселелерін тыңдады. Қосымша қарауды қажет ететін сұрақтар бақылауға алынды.