ҰСТАЗДАРДЫҢ ҰСТАЗЫ

Ұстаздық – кәсіп  емес, жұлдызды жаратылыс – деген  екен данышпан оқымыстылар. Жұмаш мұғалім Ахметов  «Восток» совхозы Қарынши   ауылындағы Калинин атындағы № 7 мектепте көп жылдары ұстаздық қызмет атқарды.  Жігерлі, жанжақты білімді  маман, ауыл балаларына  біліммен бірге адамгершілік, еңбекқорлық, мейірімділік пен достыққа адалдық сияқты  тамаша қасиеттерді бойларына дарытуға тырысты.

Мектеп оқушыларымен бірге болып, олардың оқудан тыс уақыттарын қоғамдық жұмыстар мен бірге әртүрлі үйірмелер ашып, дүние танымдарын, жеке ойлау қабілеттерін, күнделікті өмірде керек болатын жақсы тағылымдарды бойларына дарытуға жол ашты. Мектепте шахмат, дойбы, футбол, баскетбол, ұзындықтан, биіктіктен секіру, турникке тартылу, ал қысты күні шаңғы жарыстарын да бірге жүріп үйретті. Жұмаш мұғалім өзінің тарих, география сабақтарында карта мен глобусты айналдырып, жер шарының түкпір-түкпіріне саяхат жасатып, қызықтыра оқытатын. Қатал мінезді, білімді ұстаз бірнеше рет Қазақ ҚСР Халық ағарту ісінің,Оқу министрлігінің, облыстық, аудандық білім басқармаларының Құрмет грамоталарымен, Алғыс хаттарымен марапатталған.

Тәжірибелі, жоғары санатты ұстаз Жұмаш Ахметов сабақтарында    жаңашыл ұстаз-педагогтардың тиімді әдістерін пайдалана білді. Оқытудағы іс тәжірибелері үздік деп танылып, аудан мұғалімдері арасында беделді болды. Сабақтарында қолдан жасалған көрнекі құралдары мен әртүрлі  суретті альбомдары оқушылар мен ұстаздардың қызығушылықтарын туғызып, шеберлігін әрбір сабақтарында  пайдалана білді. Аудандық, облыстық педагогикалық  түрлі оқуларға қатысты. Ізденімпаз  ұстаздың мектептегі сабақ беру іс — тәжірибелері бірнеше рет озық деп танылып, «Еңбек ардагері» медалін де кеудесіне жарқырата тақты. «Ұстаз сабақты түсіндіруімен ғана емес, шәкіртінің жүрек лүпілін түсіне білуімен де мәңгі есінде  қалады» дегендей, бірнеше оқушылары жоғары мемлекеттік қызмет атқарса, «Болмасаң да ұқсап бақ» — демекші, ұстаздық қызметті таңдағандары да көптеп саналады.

Сол кездегі мектеп директоры Оқу ісінің үздігі Мағауия Мақышев әдебиет пен қазақ тілі пәнінен дәріс берді. Қарамағындағы ұстаздардың білімдерін өте бағалай білетін, жаңашыл, білікті басшы болды. Біздің мектебіміз аудан бойынша оқу-тәрбие процесінде алдыңғы қатардағы оқу орыны болды. Директордың орынбасары  Халит Кәкібаев, орыс тілінің маманы Зекен Кенжебекова, химия, биология сабағынан Төлеу Арбабаев, математика, геометриядан Машуда Баядилова, бастауыш кластаста Нескен Түсіпова, Рәш, Раушан мұғалімдер сабақ берді.

«Алдыңғы жақсы, артқы жасқа тәлім айтпаса, ел болғаны қайсы?» деген  кемеңгер жазушы М.Әуезовтың дуалы ауызынан шыққан асыл ғибратты сөзі тегіннен тегін айтылмаған шығар?!

«Ана – үйдегі  ырыс, береке» дегендей, атаның қас-қабағына қараған, көп балалы жаны шуақты, мейірімді ана, әже Нұрбану Адамқызы сыйлы құдағи. Ашық жарқын, бауырмал ата мен ананың жоғары білімді балалары  Думанмен келіні Айнұр, қызы Бәзила әке жолын қуған ұстаздар. Адамға адамның нұрлы шапағаты түсіп, бір-біріне көмек көрсетіп отыруы заңды құбылыс десек,  әрбір тұлғаның өмірлік еңбек жолы,  өнегелі істері де ерекше.

Өмірден  көргені мен түйгені көп, абыз ақсақал  90 жастан асса да шәкірттерімен жақсы араласып, ризашылықпен  есімдерін ұмытпай атап жүретін, үлкен жүректі өнегелі ұстаздардың ұстазының  биік тұлғасы міне, осындай. Жақсы жайсаңдармен бірге жүріп, көпті көрген иман жүзді ата мен әже немерелер мен шөберелерді қызықтап, Алланың берер ғұмырын жасай берсін  демекпіз.

 

 

Рымтай  ШӨКЕЙҚЫЗЫ,

Журналистер одағының  мүшесі.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *