АСТАНА. KAZINFORM – Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету – Орталық референдум комиссиясы қызметінің басты ұстанымы. Осы ретте, Орталық сайлау комиссиясы ғимаратында өткен жиында мүмкіндігі шектеулі жандарға қатысты дауыс беру мүмкіндіктері айтылды.
Референдум дайындау науқаны шеңберінде мүгедектігі бар адамдар үшін жағдайларды қамтамасыз ету туралы қаулы қабылданған.
«Қаулыға сәйкес жергілікті атқарушы органдарға референдум учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға жағдай жасау жөнінде қажетті шаралар қабылдау тапсырылды. Дауыс беруге арналған үй-жайларды жарақтандыру жөніндегі нұсқаулықта үй-жайлардың физикалық қолжетімділігін қамтамасыз ету, тактильді көрсеткіштерді, дауыс беруге арналған кабиналарды, құлақ аспаптары бар компьютерлерді орнату және тағы да басқа міндетті шаралар жазылған», — деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Анастасия Шегорцова.
Ол қаулының іске асырылуы Орталық референдум комиссиясының бақылауында екенін атап өтті. Сондай-ақ, учаскелердің дайындығы бойынша мониторинг жұмыстарына үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері тартылған.
Бұған дейін мүгедек адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету бойынша Ортсайлауком жанындағы жұмыс тобының кеңейтілген отырысы өткізілген. Онда зағип азаматтар үшін бұл референдумның барлық учаскелерін Брайль шрифті бар арнайы трафареттермен, сондай-ақ бюллетеньдердің аудио нұсқасымен қамтамасыз ету қажеттілігі, қажет болған жағдайда есту қабілеті бұзылған азаматтарды ымдау тілі маманымен байланыстыру үшін интернетке қол жеткізу қажеттілігі, кресло-арбаларды пайдаланатын мүгедектігі бар адамдар үшін – маневрлік қозғалысқа арналған арнайы кең кабиналардың болуы, барлық ақпараттық стендтерді кресло-арбаларды пайдаланатын азаматтар үшін қолжетімді биіктікте үлкен қаріппен орналастыру сияқты ұсыныстар айтылған.
Айтпақшы, Брайль шрифтін меңгерген зағиптар үшін 2359 ғана трафарет шығарылмақ. Барлық учаскелерде сұраныс болмайтындықтан ОСК басшылығы үнемдеуге көшкен. Себебі, бұл шаруаға бюджет қаржысы жұмсалады екен.
Белгілі болғандай, дауыс беруге арналған бір трафареттің жобалық құны 20,5 теңгені, ал Брайль шрифтімен 1270 теңгені құрайды. Бұрын мұндай бюллетеньдерді өндіруге 13,1 миллион теңге жұмсалған, ал алдағы дауыс беруде бұл шығыстар 2,9 миллион теңгеге дейін қысқартылмақ.
АЭС бойынша референдум: Мүмкіндігі шектеулі дауыс берушілерге бар жағдай жасалады (inform.kz)